-A A +A

«Патенттік сенім білдірілген өкілдерді мемлекеттік тіркеу және аттестаттау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2014 жылғы 13 ақпандағы
№ 92 қаулысымен   
бекітілген     

«Патенттік сенім білдірілген өкілдерді мемлекеттік тіркеу және
аттестаттау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты

1. Жалпы ережелер

      1. «Патенттік сенім білдірілген өкілдерді мемлекеттік тіркеу және аттестаттау» мемлекеттік көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).
      2. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.
      3. Мемлекеттік қызметті Министрліктің Зияткерлік меншік құқығы комитеті (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші), оның ішінде «электрондық үкіметтің» веб-порталы www.e.gov.kz және «Е-лицензиялау»: www.elicense.kz (бұдан әрі – Портал) арқылы көрсетеді.

2. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі

      4. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі:
      1) көрсетілетін қызметті берушіге құжаттар топтамасы тапсырылған кезден бастап:
      аттестаттау емтиханы 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жүргізіледі;
      патенттік сенім білдірілген өкілді тіркеу туралы куәлік (бұдан әрі – куәлік) өтініш келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде беріледі.
      2) құжаттар топтамасын тапсыру үшін күтудің рұқсат берілген ең ұзақ уақыты – 10 (он) минут;
      3) қызмет көрсетудің рұқсат берілген ең ұзақ уақыты – 10 (он) минут.
      Портал арқылы өтініш берген кезде:
      аттестаттау емтиханы 30 (отыз) жұмыс күні ішінде жүргізіледі;
      куәлік өтініш келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде беріледі.
      5. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны – электрондық (ішінара автоматтандырылған) және (немесе) қағаз түрінде.
      6. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – аттестаттау емтиханын тапсыру қорытындылары бойынша оң шешім және қағаз жеткізгіште берілетін патенттік сенім білдірілген өкілді тіркеу туралы куәлікті беру не осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 10-тармағында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.
      Портал арқылы өтініш берген кезде – патенттік сенім білдірілген өкілдердің аттестаттаудан өту орны мен мерзімі және патенттік сенім білдірілген өкілді тіркеу туралы куәлікті беру туралы хабарлама көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетінде» көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолымен куәландырылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» жіберіледі не осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 10-тармағында көзделген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.
      7. Мемлекеттік қызмет ақылы негізде көрсетіледі.
      Мемлекеттік баж заңды мәні бар әрекеттер жасаған және (немесе) көрсетілетін қызметті берушінің құжаттарды беретін жерде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасы кодексінің 539-бабында белгіленген төлемнің мөлшерін және күнін растайтын төлем құжаттарын беретін Қазақстан Республикасының банк мекемелері арқылы:
      патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттау үшін – айлық есептік көрсеткіштің 1 500 (бір мың бес жүз) пайызы;
      қағаз жеткізгіште куәлікті бергені үшін – портал арқылы куәлік алу жағдайларын қоспағанда, республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және мемлекеттік бажды төлеу күніне қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 100 (жүз) пайызы төленеді.
      Мемлекеттік баж төлемнің мөлшері мен күнін растайтын төлем құжатын беретін банк мекемелері арқылы төленеді.
      Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға электрондық сұрау салу портал арқылы берілген кезде төлем электрондық үкіметтің төлем шлюзі (бұдан әрі – ЭҮТШ ) арқылы жүзеге асырылады.
      Мемлекеттік баж төлеуге қажетті банк деректемелері осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына 1-қосымшада көрсетілген.
      8. Жұмыс кестесі:
      1) көрсетілетін қызметті берушінің – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетілген қызмет көрсетусіз кезек күту тәртібімен көрсетіледі.
      2) порталдың – тәулік бойы (жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда).
      9. Көрсетілетін қызметті алушы (не сенімхат бойынша оның өкілі) өтініш берген кезде мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі:
      көрсетілетін қызметті берушіге:
      патенттік сенім білдірілген өкілдердің аттестаттаудан өтуі үшін:
      1) мемлекеттік немесе орыс тілдерінде аттестаттауға рұқсат беру туралы өтініш;
      2) фотосуреті бар жеке іс парағы;
      3) жоғары білім туралы диплом көшірмесі;
      4) зияткерлік меншік саласындағы жұмыс өтілін растайтын еңбек кітапшасының немесе еңбек шартының көшірмесі не қабылдау және шығару туралы бұйрықтардан үзінді көшірмелер;
      5) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі немесе паспорты (жеке басын сәйкестендіру үшін);
      6) патенттік сенім білдірілген өкілдерді аттестаттау үшін мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат.
      Құжаттарды көрсетілетін қызметті алушы өзі немесе сенімхат бойынша оның уәкілетті өкілі ұсынған кезде құжаттардың түпнұсқалары салыстырылғаннан кейін қайтарылады.
      Осы бөліктің 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттар аттестаттау емтиханына келген кезде көрсетілетін қызметті алушы ұсынатын олардың түпнұсқаларымен салыстырылады.
      аттестаттау емтиханынан оң нәтижемен өткен жағдайда куәлік алу үшін:
      1) еркін нысанда толтырылатын куәлікті алуға өтініш;
      2) аттестаттау емтиханын тапсыру қорытындылары бойынша оң шешім;
      3) куәлікті беру үшін мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат.
      порталға:
      патенттік сенім білдірілген өкілдердің аттестаттаудан өтуі үшін:
      1) көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылатын электрондық құжат түріндегі сұрау салу;
      2) фотосуреті бар жеке іс парағының электрондық көшірмесі;
      3) жоғары білім туралы дипломның электрондық көшірмесі;
      4) зияткерлік меншік саласындағы жұмыс өтілін растайтын еңбек кітапшасының немесе еңбек шартының электрондық көшірмесі не қабылдау және шығару туралы бұйрықтардан үзінді көшірмелер;
      5) ЭҮТШ арқылы жүзеге асырылған патенттік сенім білдірілген өкілдерді аттестаттау үшін мемлекеттік баж төлемі туралы ақпарат не электрондық құжат түріндегі түбіртек.
      аттестаттау емтиханынан оң нәтижемен өткен жағдайда куәлік алу үшін:
      1) еркін нысанда толтырылатын куәлікті алуға көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрау салу;
      2) аттестаттау емтиханын тапсыру қорытындылары бойынша оң шешімнің электрондық көшірмесі.
      Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден Портал немесе уәкілетті тұлғалардың ЭЦҚ куәландырылған электрондық құжаттар нысанында мемлекеттік қызмет көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесі арқылы алады.
      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, көрсетілетін қызметті берушіге мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заңмен қорғалатын құпияны құрайтын, ақпараттық жүйелерде қамтылатын мәліметтерді пайдалануға көрсетілетін қызметті алушының жазбаша келісімін алады.
      Ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды көрсетілетін қызметті алушылардан талап етуге жол берілмейді.
      Көрсетілетін қызметті алушы барлық қажетті құжаттарды:
      көрсетілетін қызметті берушіге тапсырған кезде (қолма-қол не пошта байланысы арқылы) – қағаз жеткізгіште өтініштің көшірмесіне құжаттар топтамасының қабылданған күні мен уақытын көрсете отырып, көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде тіркелгені туралы белгі жасау оның қабылдануын растау болып табылады;
      портал арқылы тапсырған кезде – көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетінде» мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу күні көрсетіле отырып, мемлекеттік қызмет көрсету үшін сұрау салуды қабылдау туралы мәртебе көрсетіледі.
      10. Мына:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес көрсетілетін қызметті алушының кәсіпкерлік қызметпен айналысуына тыйым салынуы;
      2) көрсетілетін қызметті алушының зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органның және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкері, сондай-ақ оның жақын туысы, жұбайы (зайыбы) болуы;
      3) зияткерлік меншік саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес патенттік сенім білдірілген өкілдер тізілімінен көрсетілетін қызметті алушыны алып тастау;
      4) заңда белгіленген тәртіппен қылмыс жасағаны үшін өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болуы мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартудың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздемесі болып табылады.

3. Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша
көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды
адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану
тәртібі

      11. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану:
      шағым көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 13-тармағында көрсетілген мекенжай бойынша не Министрлік басшысының атына мына мекенжай бойынша беріледі: 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Орынбор көш., № 8-үй, 13-кіреберіс, № 925-кабинет, байланыс телефоны: 8 (7172) 74-07-37.
      Шағым жазбаша нысанда пошта арқылы не жұмыс күндері көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің кеңсесі арқылы қолма-қол беріледі.
      Шағымды қабылдаған адамның тегін және аты-жөнін, берілген шағымға жауап алудың мерзімі мен орнын көрсете отырып, көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің кеңсесінде тіркелуі (мөртаңба, кіріс нөмірі мен күні) шағымның қабылдануын растау болып табылады. Тіркелгеннен кейін шағым жауапты орындаушыны айқындау және тиісті шаралар қабылдау үшін көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің басшысына жіберіледі.
      Көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Қарау нәтижелері туралы дәлелді жауап көрсетілетін қызметті алушыға пошта байланысы арқылы жіберіледі не көрсетілетін қызметті берушінің немесе Министрліктің кеңсесінде қолма-қол беріледі.
      Портал арқылы өтініш берген кезде шағымдану тәртібі туралы ақпаратты бірыңғай байланыс-орталығының 1414 телефоны бойынша алуға болады.
      Шағым портал арқылы жіберілген кезде көрсетілетін қызметті алушыға «жеке кабинеттен» өтініш туралы ақпарат қолжетімді болады, ол көрсетілетін қызметті берушінің өтінішті өңдеуі (жеткізу, тіркеу, орындау туралы белгі жасау, шағымды қарау немесе қараудан бас тарту туралы жауап) барысында жаңартылып отырады.
      Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағымдана алады.
      Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралады.
      12. Көрсетілген мемлекеттік қызметтің нәтижелерімен келіспеген жағдайларда, көрсетілетін қызметті алушының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағымдануға құқығы бар.

4. Мемлекеттік қызмет көрсету, оның ішінде электрондық нысанда
көрсетілетін қызмет ерекшеліктерін ескере отырып қойылатын өзге
де талаптар

      13. Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары көрсетілетін қызметті берушінің www.intellkaz.kz интернет-ресурсының «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімінде орналастырылған.
      14. ЭЦҚ болса, көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті портал арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар.
      15. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдың «жеке кабинеті», сондай-ақ Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс-орталығы арқылы қашықтықтан қол жеткізу режимінде алуға мүмкіндігі бар.
      16. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша анықтама қызметінің байланыс телефондары: 8 (7172) 74 07 54, 74 09 69. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс-орталығы: 1414.

«Патенттік сенім білдірілген өкілдерді 
мемлекеттік тіркеу және аттестаттау»  
мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына
қосымша                  

Мемлекеттік баж төлеу үшін қажетті банк
деректемелері

      Бенефициар – ҚР Қаржы министрлігінің СК Астана қаласы бойынша
Салық департаментің Есіл ауданы бойынша салық басқармасы
      БСН – 081240013779
      ЖСК – KZ24070105KSN0000000
      БСК – KKMFKZ 2 A
      Бенефициар Банкі – «ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық
комитеті» ММ
      КБЕ - 11
      Бюджеттік сыныптама коды (БСК) – 108118