You are here

Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактiнi Қазақстан Республикасының орындауы туралы баяндаманы бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 2 қарашадағы N 1035 Қаулысы
 
 
      Қазақстан Республикасы 2005 жылғы 21 қарашада ратификациялаған Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактiнiң 16-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI :
      1. Қоса берiлiп отырған Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактiнi Қазақстан Республикасының орындауы туралы баяндама бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi белгiленген тәртiппен Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактiнi Қазақстан Республикасының орындауы туралы баяндаманы Бiрiккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысына жiберсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң     
2007 жылғы 2 қарашадағы
N 1035 қаулысымен 
бекiтiлген    
Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы
халықаралық пактiнi Қазақстан Республикасының орындауы туралы
Баяндама
      Осы баяндама Қазақстан Республикасы 2005 жылғы 21 қарашада ратификациялаған Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактiнiң 16-бабына сәйкес ұсынылды.
      Кiрiспе
      1. Осы баяндаманы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi (бұдан әрi - Еңбекминi) мүдделi министрлiктердiң, ведомстволардың, Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталықтың, Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия және Отбасы iстерi және гендерлiк саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның қатысуымен дайындады. Баяндамада Пактiде көрсетiлген құқықтарды жүзеге асыру жөнiндегi барлық шаралар мүмкiндiгiнше көрiнiс тапты. Қазақстан Республикасының экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтарға қатысты негiзгi нормативтiк құқықтық актiлерiне талдау жасалды.
      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактiнiң ұлттық заңнама алдында басымдығы бар, өйткенi Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 3-тармағына сәйкес:
      "Республика бекiткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады".
      3. Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактiнi жүзеге асыру құқығы құзыретiне мынадай мемлекеттiк және консультативтiк-кеңесшi органдар:
      1) Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Адам құқығы жөнiндегi комиссия ие болады;
      2) Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгi Зияткерлiк меншiк құқығы комитетi;
      3) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi;
      4) Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлiгi;
      5) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгi;
      6) Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi;
      7) Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi;
      8) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгi;
      9) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi;
      10) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлiгi;
      11) Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрлiгi;
      12) Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Отбасы iстерi және гендерлiк саясат жөнiндегi ұлттық комиссия;
      13) Адам құқықтары жөнiндегi ұлттық орталық (Қазақстан Республикасындағы Адам құқығы жөнiндегi уәкiлеттi орган).
      4. Жалпы сипаттағы деректер
      Қазақстан 2724,9 мың шаршы километр аумақты алып жатыр.
      Қазақстан халқының саны 2007 жылғы 1 сәуiрге жедел деректер бойынша 15 437 607 адам, оның 8 148 566 (52,8 %) қала халқы және 7 289 041 (47,2 %) ауыл халқы болды. 2007 жылғы 1 қаңтардағы халық санымен салыстырғанда жалпы өсiм 40 700 адамды құрады.
      Осы кезеңде Қостанай, Шығыс Қазақстан және Солтүстiк Қазақстаннан басқа елдiң барлық өңiрлерiнде халықтың өсiмi байқалды. Республика халқының ең жоғары өсiмi 2007 жылғы қаңтар-наурызда 34 772 адамға жеттi.
      2007 жылғы қаңтар-наурызда Адамдардың хал-жағдайлары актiлерiн жазу органдарында 77 803 баланың тууы тiркелген. Қалалы мекендердегi және ауылдық жерлердегi бала туу саны өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда тиiсiнше 11,5 % және 10,1 % көбейiп, тиiсiнше өмiрге 42 034 және 35 769 бала келген.
      2007 жылғы I тоқсанда қайтыс болған адамдардың саны 43 031 адам, оның iшiнде қалалы мекендерде - 25 069 адам және ауылдық жерлерде - 17 962 адам болды. Еңбекке қабiлеттi жастағы қайтыс болғандардың үлес салмағы жалпы қайтыс болғандардың 40,2 % құрады. Еңбекке қабiлеттi жастағы еркектердiң өлiмi осы санаттағы әйелдердiң өлiмiнен 2,9 есе артық.
      15 және одан жоғары жастағы экономикалық белсендi халықтың үлес салмағы 8 030 600 адам, оның iшiнде жұмыспен қамтылғандар - 7 418 100 адам, ал жұмыссыздар - 612 500 адам, яғни жұмыссыздық деңгейi 7,6 % болды. Жұмыспен қамтылғандар құрылымындағы жалдамалы қызметкерлердiң саны 4,9 млн. адамға (барлық жұмыспен қамтылғандардың 54%), өзiн өзi жұмыспен қамтығандар - 2,6 млн. адамға (34,6 %) жеттi.
      2007 жылғы бiрiншi тоқсанда жұмыссыздардың саны 624 000 адам болды және өткен жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда 28 600 адамға қысқарды. Жұмыссыздардың жалпы саны iшiнде сан жағынан жұмыссыз әйелдердiң қатары - 368 300 адам немесе 59 % басымдығы сақталып отыр. Бұл еркектерге қарағанда, 112 600 адамға (44%) артық. Жұмыссыздардың арасында жас құрылымы бойынша 25-39 жастағы адамдардың үлес салмағы басым - 42,6%, ал 40-54 жастағылар - 27,6%, 15-24 жастағы жастар - 24,3% (151 600 адам) болды. Жастар жұмыссыздығы деңгейi 11% болып қалыптасты.
      Бiр қызметкерге шаққандағы атаулы орташа айлық жалақы соңғы он жыл iшiнде тұрақты артып келедi және 2007 жылғы I тоқсанда 47 306 теңгенi құрады. Нақты жалақының өткен жылдың сәйкес кезеңiне арақатынасы 120% құрады.
      Iшкi жалпы өнiм 2007 жылғы наурызда 2 531,8 млрд. теңгенi құрады. 2007 жылғы сәуiрде тұтыну бағаларының индексi өткен жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда 107,7%, ал өнеркәсiп өнiмiн өндiрушiлердiң индексi - 107,6% болды.
      Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгiнiң мәлiметтерi бойынша жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыс (бағалау бойынша) 2007 жылғы наурызда 22 585 теңгеге жеттi.
       5. Саяси және құқықтық жүйелер
      Конституция
      Қазiргi қолданыстағы Конституция - тәуелсiз Қазақстанның 15 жылғы өмiрiндегi екiншi Ата Заң. Осының алдындағы Конституция 1993 жылғы 28 қаңтардан 1995 жылғы 30 тамызға дейiн қолданылды. 1993 жылға дейiн Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасының Конституциясы болды.
      Қолданылып жүрген Конституция 1995 жылғы 30 тамыздағы референдумда қабылданған болатын.
      1998 жылғы 7 қазанда оған өзгерiстер, атап айтқанда, Парламент депутаттары мен Президент өкiлдiгiнiң мерзiмiн ұлғайтатын өзгерiстер енгiзiлген болатын. Сондай-ақ, түзету енгiзу нәтижесiнде Президенттiкке сайлануға және мемлекеттiк қызметшi лауазымына тұруға жоғарғы жас шектеуi алынып тасталды.
      "Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы Заңына сәйкес Конституцияға тағы да бiрқатар өзгерiстер мен толықтырулар, атап айтқанда:
      мемлекеттiң қоғамдық бiрлестiктердi, оның iшiнде саяси партияларды қаржыландыруына рұқсат берiлдi (бұрын бұған конституциялық тыйым бар болатын);
      ең ауыр жаза - өлiм жазасы берiлетiн қылмыстардың саны азайтылды;
      тұтқындауға санкция беру функциясы ендi сотқа берiлдi (бұрын бұл функцияларды прокуратура органдары атқаратын);
      ел Президентiнiң өкiлеттiк мерзiмi жетi жылдан бес жылға дейiн азайтылды;
      Президенттiң өз мiндеттерiн атқару кезiнде саяси партияларға мүшелiгiн тоқтата тұруы туралы конституциялық ереже алынып тасталды;
      Парламенттiң төменгi (Мәжiлiс) және жоғары (Сенат) палаталарындағы орындардың саны көбейтiлдi;
      Парламенттiң жоғары (Сенат) палатасына Президент тағайындайтын депутаттардың саны көбейтiлдi;
      Парламенттiң төменгi палатасы (Мәжiлiс) депутатының императивтiк мандаты енгiзiлдi, осыған байланысты партиялық тiзiмi бойынша өзi сайланған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған жағдайда, немесе осы партияның қызметi тоқтатылған жағдайда Мәжiлiс депутаты өзiнiң мандатынан айрылады;
      жергiлiктi өкiлеттi органдар - мәслихаттардың өкiлеттiк мерзiмi көбейтiлдi.
      Конституция адамның негiзгi құқықтары мен еркiндiктерiне кепiлдiк бередi (II бөлiм). Конституцияны Президенттiң ұсынысы бойынша Парламент өзгерте және толықтыра алады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Конституциясына Президенттiң өзiнiң бастамасымен, Парламенттiң немесе Үкiметтiң ұсынысымен Президент қабылдаған шешiм бойынша өткiзiлетiн республикалық референдуммен өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. Егер Президент Конституцияға енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулардың жобасын Парламенттiң қарауына беруге шешсе, онда жоба республикалық референдумға шығарылмайды. Бұл жағдайда, Парламент шешiмi Конституцияда белгiленген тәртiппен қабылданады. Егер Республика Президентi Конституцияға енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын керi қайтарса, онда Парламент Парламенттiң әр палатасы депутаттарының жалпы санының бестен төртiнен кем емес көпшiлiк даусымен Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заңды қабылдауға құқылы. Мұндай жағдайда Президент бұл заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, ол республикалық референдумға қатысу құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, өттi деп есептеледi. Егер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың кемiнде үштен бiрiнде және астанада дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы олар үшiн дауыс берсе, Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар қабылданды деп есептеледi.
      Президент
      Қазақстанда президенттiк басқару нысаны қалыптасқан.
      Қазақстан Республикасының Президентiн жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды.
      Бiр адам қатарынан екi реттен артық Қазақстан Республикасының Президентi болып сайлана алмайды. Бiрақ бұл ереже Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентiне қолданылмайды.
      Президент мемлекеттiң сыртқы және iшкi саясатының негiзгi бағыттарын айқындайды; Парламент сайлауын тағайындайды; референдум өткiзу туралы шешiм қабылдайды; заңдарға, халықаралық шарттар мен ратификацияланған грамоталарға қол қояды.
      Президенттiң заң шығаруға бастамашылық құқығы бар.
      Президент Парламент Мәжiлiсiнде өкiлдiгi бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейiн келiсiм беру үшiн Мәжiлiстiң қарауына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң кандидатурасын енгiзедi; Парламент Мәжiлiсiнiң келiсiмiмен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiн қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдiң ұсынуымен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрылымын айқындайды, Республиканың Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады; сыртқы iстер, қорғаныс, iшкi iстер, әдiлет министрлерiн қызметке тағайындайды; Үкiмет мүшелерiн қызметтен босатады; Үкiмет мүшелерiнiң антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкiмет отырыстарына төрағалық етедi; Үкiметке заң жобасын Парламент Мәжiлiсiне енгiзудi тапсырады; Үкiметтiң, Республика Премьер-Министрiнiң, облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкiмдерi актiлерiнiң күшiн жояды не қолданылуын толық немесе iшiнара тоқтата тұрады.
      Президент Парламент Сенатының келiсiмiмен Ұлттық Банкiнiң Төрағасын, Бас Прокурорды және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасын қызметке тағайындайды, оларды қызметiнен босатады.
      Президент Орталық сайлау комиссиясының Төрағасының және екi мүшесiн, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң Төрағасын және екi мүшесiн бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды.
      Президент Парламент Палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен кеңескеннен кейiн Парламенттi немесе Парламент Мәжiлiсiн тарата алады.
      Президент Республика Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкiмет отырыстарына төрағалық етедi.
      Президент Қауiпсiздiк Кеңесiн және өзге де консультативтiк-кеңесу органдарын, сондай-ақ Қазақстан халқының Ассамблеясын және Жоғарғы Сот кеңесiн құрады.
      Президент республика азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерiн шешедi, азаматтарға рақымшылық жасайды, мемлекеттiк наградалармен марапаттайды, құрметтi, жоғары әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендер, дипломатиялық дәрежелердi, бiлiктiлiк сыныптарын бередi және Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған өзге де өкiлеттiктердi атқарады.
      Президенттiң Парламент қабылдаған заңдарға вето, Үкiметтiң және атқарушы билiк органдарының барлық нормативтiк актiлерiнiң күшiн жою не тоқтата тұруға құқығы бар, ол Қазақстан аумағында орындалуы мiндеттi Жарлықтар мен өкiмдер, ал 1995 жылғы Конституцияда көзделген жағдайларда - заң күшiне ие заңдар мен жарлықтар шығара алады.
      Президенттiң басқа да өкiлеттiктерi "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Конституциялық Заңында айқындалған.
      Президенттi лауазымынан Парламент мемлекеттiк сатқындық жағдайында ғана шеттете алады. Бұл мәселе бойынша ақырғы шешiм, айыптаудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы соттың қорытындысы мен белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталуы туралы Конституциялық Кеңестiң қорытындысы болған кезде, әр палата депутаттарының көпшiлiк дауысымен (жалпы санының кемiнде төрттен үшi) қабылданады.
      Президент өзiнiң мiндеттерiн сырқатқа байланысты жүзеге асыруға тұрақты қабiлетсiз болған кезде мерзiмiнен бұрын қызметiнен босатылуы мүмкiн.
      Парламент
      Парламент екi палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.
      Сенатты әрбiр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және астанадан екi адамнан сайланатын депутаттар құрайды. Сенат депутаттарын жергiлiктi өкiлеттi билiк органдары - мәслихаттар депутаттары сайлайды. Сенаттың он бес депутатын ұлттық-мәдени және басқа да елеулi қоғамның мүдделерiн ескере отырып, Президент тағайындайды.
      Мәжiлiс бiр жүз жетi депутаттан тұрады. Тоқсан сегiз депутатты сайлау жасырын дауыс беру арқылы жалпыға ортақ, тең және төте дауыс беру негiзiнде жүзеге асырылады. Мәжiлiстiң тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Партиялық тiзiм негiзiнде депутат мандатын бөлiп таратуға дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемiнде жетi процент даусын жинаған саяси партиялар жiберiледi. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiсi депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.
      Парламент депутаттарының өкiлеттiгi орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшiне енген шешiмi бойынша депутат iс-әрекетке қабiлетсiз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
      Парламент депутаты Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен, оған қатысты соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген, Қазақстан Республикасында азаматтығын жоғалтқан жағдайларда өз мандатынан айрылады.
      Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты конституциялық заңға сәйкес өзiн сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған, конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметiн тоқтатқан кезде өз мандатынан айрылады.
      Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкiлеттiгi Қазақстан Республикасы Президентiнiң шешiмi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
      Парламент және Парламент Мәжiлiсi депутаттарының өкiлеттiгi тиiсiнше Парламент немесе Парламент Мәжiлiсi таратылған жағдайларда тоқтатылады.
      Парламент заңдарды қабылдайды, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi, республиканың халықаралық шарттарына ратификациялайды және күшiн жояды.
      Палаталардың бiрлескен отырысында Парламент:
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзедi;
      Үкiметтiң және Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есептерiн бекiтедi. Үкiметтiң республикалық бюджеттiң атқарылуы туралы есебiн Парламенттiң бекiтпеуi Парламенттiң Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiргенiн көрсетедi;
      Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң даусымен бiр жылдан аспайтын мерзiмге заң шығару өкiлеттiгiн беруге хақылы;
      соғыс және бiтiм мәселелерiн шешедi;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынысы бойынша бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындауға Республика Қарулы Күштерiн пайдалану туралы шешiм қабылдайды;
      Конституцияда Парламентке жүктелген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Заң шығару бастамасы құқығы Қазақстан Республикасының Президентiне, Парламент депутаттарына берiледi және ол тек қана Мәжiлiсте жүзеге асырылады.
      Парламент Республика Президентiнiң қарсылығын туғызған заңдар немесе заң баптары бойынша Палаталардың бөлек отырысында мәселелердi алдымен Мәжiлiсте, кейiннен Сенатта дәйектi қарау жолымен қайталап талқылау мен дауысқа салуды, қарсылық жiберiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде жүргiзедi. Бұл мерзiмнiң сақталмауы Президент қарсылығының қабылданғанын бiлдiредi. Егер Мәжiлiс пен Сенат бұрын қабылданған шешiмдi әр Палатадағы депутаттардың жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен қолдаса, Президент бiр айдың iшiнде заңға қол қояды. Егер Президенттiң қарсылықтары ең болмағанда Палаталардың бiреуiнде еңсерiлмесе, заң қабылданбаған немесе Президент ұсынған редакциямен қабылданды деп есептеледi. Бұл орайда, Президенттiң конституциялық заңдарға қатысты қарсылықтарын Парламент әр Палатадағы депутаттардың жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен еңсередi.
      Сенат Жоғарғы сот Төрағасын және Республика Жоғарғы сотының судьяларын (Президенттiң ұсынуымен) сайлайды және қызметiнен босатады, Президенттiң Ұлттық Банктiң Төрағасын, Бас прокурорды және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасын тағайындауына келiсiм бередi.
      Мәжiлiс өкiлеттiгiнiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуына байланысты, Мәжiлiс уақытша болмаған кезеңде конституциялық заңдар мен заңдарды қабылдау жөнiндегi функцияларды атқарады.
      Парламенттiң қарауына енгiзiлген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қабылдау және оларды қарау, Палата депутаттары санының басым көпшiлiк даусымен Республика Президентiнiң Республика Премьер-Министрiн тағайындауға келiсiм беру тек қана Мәжiлiстiң құзыретiне жатады.
      Мәжiлiс депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң бастамасымен, Мәжiлiс депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Мәжiлiс Үкiметке сенiмсiздiк бiлдiруге құқылы. Президент Парламент Палаталарының Төрағасымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейiн Парламент пен Мәжiлiстi тарата алады.
      Парламенттi ұйымдастыру мен оның қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы»"Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 16 қазандағы Конституциялық Заңымен айқындалады.
      Үкiмет
      Үкiметтi Қазақстан Республикасының Президентi құрады, ол Президенттiң алдында жауапты және Парламентке есеп бередi.
      Премьер-Министрдi Президент Парламент Мәжiлiсiнiң келiсiмiмен тағайындайды.
      Парламент Үкiмет Бағдарламасын тыңдайды және оны мақұлдайды не қабылдамайды.
      Үкiмет мүшелерi Республика заңдарын орындамаған жағдайда, Парламент Палаталарының әр қайсысы дербес, екiншi Палатаның қатысуынсыз, есептi тыңдау нәтижелерi бойынша, Палата депутаттары санының басым көпшiлiк даусымен Үкiмет мүшелерiн қызметiнен босату туралы Республика Президентiне мәлiмдеме қабылдауға құқылы. Егер Республика Президентi бұндай мәлiмдеменi қабылдамаса, бiрiншi мәлiмдеме жасалған күннен бастап алты ай өткен соң Үкiмет мүшелерiн қызметiнен босату туралы мәселенi Палата депутаттары санының басым көпшiлiк даусымен Республика Президентiне екiншi рет қоюға құқылы. Бұл жағдайда Президент Үкiмет мүшесiн қызметiнен босатады.
      Президент өзiнiң жеке бастамасымен Үкiмет өкiлеттiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдауға және оның кез келген мүшесiн қызметiнен босатуға құқылы. Премьер-Министрдi қызметiнен босату бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгiнiң тоқтатылғанын бiлдiредi.
      Үкiметтiң құзыретi, оны ұйымдастыру мен қызмет тәртiбi "Қазақстан Республикасының Үкiметi туралы" 1995 жылғы 18 желтоқсандағы Конституциялық заңмен айқындалады.
      Конституциялық Кеңес
      Конституциялық Кеңес 1995 жылғы Конституцияға сәйкес құрылды және Президент қол қойғанға дейiн Парламент қабылдаған заңдардың республика Конституциясына сәйкестiгiн қарайды; республиканың халықаралық шарттарының Конституцияға сәйкестiгiн ратификациялауға дейiн қарайды; Конституция нормаларына ресми түсiнiк бередi; Республика Президентiн, даулы жағдайда Парламент депутаттарының сайлауын өткiзудiң және республикалық референдум өткiзудiң дұрыстығы туралы мәселенi шешедi; Парламент пен оның Палаталары қабылдаған қаулылардың республика Конституциясына сәйкестiгiн қарайды; Конституцияда айқындалған өзге де өкiлеттiктердi орындайды.
      Конституциялық Кеңес бұл мәселелердi Президенттiң, Премьер-Министрдiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң сұрауымен ғана қарайды.
      Конституциялық Кеңес адамның және азаматтың Конституцияда бекiтiлген құқықтары мен бостандықтарына қысым келтiредi деп танылған заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi жояды және оларды қолдануға болмайды.
      Конституциялық Кеңес өкiлеттiк мерзiмi алты жыл жетi мүшеден тұрады. Кеңес мүшелерiн екi-екiден Сенат пен Мәжiлiс, екi мүшесi мен төрағаны Президент тағайындайды.
      Соттар мен сот әдiлдiгi
      Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады. Жоғарғы сот пен жергiлiктi соттар Қазақстан Республикасының соттары болып табылады.
      Жоғарғы сот мүшелерiн қоспағанда, барлық судьяларды Президент тағайындайды. Жоғарғы сот Қазақстан Республикасының ең жоғары сот органы болып табылады.
      Жоғарғы соттың Төрағасы мен Жоғарғы соттың судьяларын Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуымен Сенат сайлайды.
      Соттың Конституцияда бекiтiлген құқықтары мен бостандықтарына қысым келтiредi деп танылған заңдарды немесе өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға құқығы жоқ.
      Соттардың және Жоғарғы Сот Кеңесiнiң мәртебесi, қалыптастыру тәртiбi мен олардың жұмысын ұйымдастыру»"Қазақстан Республикасындағы соттар мен судьялардың мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 20 желтоқсандағы Конституциялық заңмен айқындалады.
      Прокуратура
      Прокуратура заңдардың, Президент Жарлықтарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәл және бiрыңғай қолданылуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады, сотта мемлекеттiң мүддесiн бiлдiредi, және заңдарда белгiленген шектерде қылмыстық қудалауды жүзеге асырады.
      Республика прокуратурасы төмен тұрған прокурорлар жоғары тұрғандарына және Президент бес жыл мерзiмге тағайындайтын Бас прокурорға бағынысты орталықтандырылған бiрыңғай жүйенi құрайды. Прокуратура тек Президентке ғана есеп бередi.
      Прокуратураның мәртебесi, ұйымдастыру мен олардың қызмет тәртiбi "Қазақстан Республикасындағы прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 21 желтоқсандағы Конституциялық заңымен айқындалады.
      Жергiлiктi билiк органдары
      Жергiлiктi мемлекеттiк басқаруды жергiлiктi өкiлдiктi және атқарушы органдар жүзеге асырады, олар тиiстi аумақтағы iстiң жай-күйi үшiн жауапты.
      Жергiлiктi өкiлдiктi органдар - мәслихаттарды халық жалпыға ортақ, тең және төте сайлау құқығымен бес жыл мерзiмге сайлайды.
      Мәслихаттардың қарауына: жоспарларды, аумақтың экономикалық және әлеуметтiк даму бағдарламаларын, жергiлiктi бюджеттi және олардың орындалуы туралы есептердi бекiту; жергiлiктi әкiмшiлiк-аумақтық орналасу мәселелерiн шешу; жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының мәслихат құзыретiне кiретiн мәселелер жөнiндегi есептерiн қарау, және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де өкiлеттiктер жатады.
      Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi және тиiстi аумақта атқарушы билiктiң жалпымемлекеттiк саясатының жүргiзiлуiн қамтамасыз етедi.
      Жергiлiктi атқарушы органдардың қарауына: экономикалық және әлеуметтiк даму бағдарламаларын, жергiлiктi бюджеттi әзiрлеу, коммуналдық шаруашылықты басқару; Конституцияда және заңнамада айқындалған өзге де өкiлеттiктер жатады.
      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкiмдерiн қызметке тиiсiнше облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының келiсiмiмен республика Президентi тағайындайды.
      Мәслихат депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң бастамасымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселе қойылуы мүмкiн. Бұндай жағдайда мәслихат депутаттары жалпы санының басым көпшiлiгiнiң даусымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiруге және оны қызметiнен босату туралы тиiсiнше Президенттiң не жоғары тұрған әкiмнiң алдына мәселе қоюға құқылы. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана әкiмдерiнiң өкiлеттiктерi жаңадан сайланған Президент өз қызметiне кiрiскенде тоқтатылады.
      6. Адам құқықтарын заңнамалық және институционалдық қамтамасыз ету
      Қазақстан тәуелсiздiк алған жылдары iшiнде заңнаманы жетiлдiру және оны бiздiң елiмiз ратификациялаған адам құқықтары туралы халықаралық құжаттармен сәйкестiкке келтiру жөнiнде үлкен жұмыс атқарылды. Президент жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл, Қазақстан Реcпубликасы Президентiнiң жанындағы Отбасы iстерi және гендерлiк саясат жөнiндегi ұлттық комиссия сияқты құқық қорғау мекемелерi құрылды.
      Адам құқықтары жөнiндегi комиссия - әлемде кеңiнен тараған ұлттық құқық қорғау мекемелерi үлгiлерiнiң бiреуi болып табылады. Бiздiң елiмiзде бұл орган республика Президентiнiң Жарлығымен 1997 жылы құрылған болатын. Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2003 жылғы 19 наурыздағы Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Адам құқықтары жөнiндегi комиссия туралы ережеге сәйкес Комиссияның қызметiнiң негiзгi бағыты болып Қазақстанда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлi болу конституциялық өкiлдiгiн атқаруда Мемлекет Басшысына көмек көрсету болып табылады. Комиссия адам құқықтары саласындағы мемлекеттiк саясатты жетiлдiру және құқық қорғау тетiктерiнiң тиiмдiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар дайындайды. Комиссияға түсетiн жолданулар ең алдымен адам құқықтары туралы жағдайды зерттеуге, заңнамалық базадағы және мемлекеттiк органдардың құқық қолдану тәжiрибесiндегi кемшiлiктердi табуға қажет.
      Комиссияның негiзгi қызметi өзiнiң аса маңызды функциясы - Қазақстанда адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлi болуды атқаруда Мемлекет Басшысына көмек көрсету болып табылады.
      Консультативтiк-кеңесшi саяси орган бола отырып, Комиссия мемлекеттiк органдармен, соттармен, прокуратурамен, полициямен, сондай-ақ қазақстандықтардың заңды құқықтары мен мүдделерiн қорғау iсiнде өзiнiң табиғи әрiптестерiне айналған үкiметтiк емес ұйымдармен бiрлесе отырып әрекет етедi.
      Адамның құқықтары мен бостандықтары саласындағы мемлекеттiк билiк органдарының қызметiн бақылау мен қадағалауды жүзеге асырушы органдар жүйесiнде омбудсмен институты маңызды орынға ие.
      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл (әрi қарай - Уәкiл) институты қоғамның дамуының, оның демократиялануы мен елдегi адам құқығы идеясының қалыптасуы нәтижесi iспеттi болды. Жаңа мемлекеттiк органды құру алдында осы институтты таныту, уәкiл институтының мемлекеттiк басқаруды жетiлдiруге әсерiн талдау және жобалау жөнiнде сан салалы жұмыс жүргiзiлдi.
      Сондай-ақ, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Отбасы iстерi және гендерлiк саясат жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды.
      Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 2-бабы 1-тармағына сәйкес азаматтық заңнама ол реттейтiн қатынастарға қатысушылардың теңдiгiн тануға, мүлiкке қол сұқпаушылыққа, келiсiм бостандығына, адамның жеке iсiне кiмнiң болса да өздiгiнен араласуына жол бермеуге, азаматтық құқықтарын кедергiсiз жүзеге асыру қажеттiгiне, бұзылған құқықтардың қалпына келтiрiлуiн қамтамасыз етуге, оларды сотпен қорғауға негiзделедi.
      Азаматтық процессуалдық кодексiнiң 5-бабына сәйкес азаматтық сот өндiрiсiнiң мiндеттерi азаматтардың, мемлекеттiң және ұйымдардың бұзылған немесе даулы құқықтарын бостандықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерiн қорғау, заңдылық пен құқықтық тәртiптi нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады.
      1997 жылғы 16 шiлдеде қабылданған Қылмыстық кодекстiң мiндеттерi: жеке адам мен азаматтың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн, ұйымдардың меншiгiн, құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүддесiн қылмыстық қол сұғудан қорғау, бейбiтшiлiктi және адам қауiпсiздiгiн қорғау, сондай-ақ қылмыстың алдын алу болып табылады.
      Қылмыстық-процессуалдық кодекстiң 8-бабы 2-тармағына сәйкес қылмыстық iстер жөнiндегi заңмен белгiленген өндiрiс тәртiбi жеке адам мен азаматты негiзсiз айыптаудан және соттаудан, құқықтары мен бостандықтарының заңсыз шектелуiнен қорғауды қамтамасыз етуге тиiс, кiнәсiз жан заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда - оның шұғыл және толық ақталуын, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртiптiң нығаюына, қылмыстың алдын алуға, құқыққа құрметпен қарауды қалыптастыруға жәрдемдесуге тиiс.
      Қазақстан Республикасының қылмыстық-орындаушылық заңнамасының мақсаты әлеуметтiк әдiлеттi қалпына келтiру, сотталғандарды түзеу, сотталғандар ғана емес, сонымен қатар өзге адамдардың да жаңа қылмыс жасауының алдын алу болып табылады. Осы мақсаттарға сәйкес қылмыстық-орындаушылық заңнама мiндетi жазаны өтеудiң тәртiбi мен жағдайларын реттеу, сотталғандарды түзеу жолдарын айқындау, олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғау, олардың әлеуметтiк бейiмделуiне көмек көрсету болып табылады.
      7. Адам құқықтарын насихаттау және оларды хабардар ету
      Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы бiлiм беру жөнiндегi 2006-2007 жылдарға арналған Ұлттық iс-шаралар жоспары (әрi қарай - Ұлттық жоспар) бекiтiлдi.
      Қазақстан Республикасы БҰҰ Бас Ассамблеясы ұсынған адам құқықтары саласындағы Бүкiлдүниежүзiлiк бағдарламаның мақсаттарын қолдайды, және адам құқықтары саласындағы бiлiм беру адам құқықтарын жүзеге асыру iсiне үлкен үлес қосады деп атап көрсетедi.
      Адам құқықтары жөнiндегi комиссияның 2004/71 қарарымен Бүкiлдүниежүзiлiк бағдарламаның бiрiншi кезеңi (2005-2007 жылдар) шеңберiнде бастауыш және орта бiлiм беру жүйесiне баса назар аударылады. Осыған сәйкес Қазақстан Республикасы орта мектептер жүйесiндегi адам құқықтары саласындағы бiлiм беру мәселелерi бойынша зерттеу жүргiзу және Ұлттық жоспарды әзiрлеу жөнiнде өзiне мiндеттеме алды.
      Бұл бағдарламаның адам құқықтары саласындағы бiлiм беру процесiндегi алғашқы бағдарлама емес екенiн атап өту керек. Адам құқықтары мәселелерi бойынша ағарту саласындағы бастамаларға жәрдемдесу мақсатында БҰҰ 1995-2004 жылдарға арналған Адам құқықтары саласындағы бiлiм берудiң он жылдығы сияқты халықаралық iс-шаралардың нақты шеңберi қабылданған болатын, бұл шаралар ұлттық деңгейде адам құқықтары саласындағы бiлiм беру мүддесiнде кең ауқымды, тиiмдi және тұрақты стратегияларды әзiрлеуге және жүзеге асыруға жәрдемдестi.
      Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi (бұдан әрi - БҒМ) Ұлттық жоспарды әзiрлеу барысында сарапшылар мен әлеуметтiк ұйымдарды тарта отырып жалпы орта бiлiм беру мектептерiндегi адам құқықтары саласында бiлiм беру жағдайына Ұлттық зерттеу жүргiздi. Осыған орай адам құқығы бойынша бiлiм мониторингiне арналған индикаторлар әзiрленген болатын. Олардың арасында: адамның негiзгi құқықтары туралы оқушылардың хабардар болу көрсеткiшi, адам құқығын оқытуға бөлiнетiн сағаттардың саны, адам құқықтары жөнiндегi оқулықтармен және көмекшi құралдармен жабдықталу көрсеткiштерi және т.б. бар.
      Жүргiзiлген зерттеу жиынтығы орта мектептегi адам құқықтары саласындағы бiлiм беру жөнiндегi жалпы жағдайды көруге мүмкiндiк бердi.
      Әртүрлi сыныптарда адам құқықтары саласындағы бiлiм беруге арналған сағаттардың саны айына төрт сағаттан бес сағатқа дейiн, бұған қосымша факультативтер, сынып сағаттары, мектептен тыс шаралар өткiзiледi.
      Сұрау салу нәтижелерi оқушылардың (96%) мектепте өз құқықтарын анағұрлым тереңiрек зерттеуге ынталы екенiн көрсеттi. Құқықтары бұзылған жағдайда кiмге баруды бiлетiн балалардың пайызы төменгi сыныптардан жоғары сыныптарға қарай көбейедi (43%-тен 58%-ке дейiн).
      Адам құқықтары мәселелерi бойынша балалардың бiлiмiн қалыптастыруда және практикалық көмек көрсетуде ата-аналар мен отбасының рөлi зор, өйткенi оқушылардың көпшiлiгi адам құқықтары жөнiндегi ақпаратты өз ата-аналарынан алады, және құқықтары бұзылған жағдайда да олар өзiнiң ата-анасына барады.
      Зерттеу нәтижелерiн кеңiнен талқылау, сондай-ақ әзiрленген ұйғарымдар мен ұсыныстар адам құқықтары саласындағы бiлiм берудi жетiлдiруге, адам құқықтарын оқытудың маңыздылығын ескере отырып, азаматтану және құқықтық саладағы басқа да пәндердi оқытуды түзеуге жәрдемдеседi. Ұлттық зерттеу жобасын талқылау мақсатында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлмен, үкiметтiк емес ұйымдармен бiрлесе отырып, ОБСЕ Орталығын қолдау жөнiнде бiрқатар шаралар өткiзiлдi.
      Республикадағы адам құқықтары саласындағы бiлiм беру ахуалын, ондағы оң өзгерiстердi атап өту маңызды. Адам құқықтары бiлiм берудiң барлық жүйесi шеңберiнде және бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнде енгiзiлуде және iске асырылуда.
      Ұлттық жоспар мақсаттар мен басымдықтарды, сондай-ақ жүргiзiлген ұлттық зерттеу нәтижелерi бойынша айқындалған оларды iске асыру жөнiндегi iс-шараларды қамтиды. Ұлттық жоспарда 8 басымдық көзделген, олар адам құқықтары саласындағы бiлiм берудiң Бүкiлдүниежүзiлiк бағдарламасында ұсынылған, орта мектепте адам құқықтары саласындағы бiлiм беру компоненттерiн ескере отырып қалыптастырылды.
      Ұлттық жоспардың мақсаттарына жету қысқа мерзiмге 2006-2007 жылдарға арнаған, бұл Бүкiлдүниежүзiлiк бағдарламаның бiрiншi кезеңiн (2006-2007 жж.) iске асыру қажеттiгiнен туындайды. Ұлттық жоспарды iске асыру қорытындылары бойынша қол жеткен жетiстiктердi бағалау және Бүкiлдүниежүзiлiк бағдарламаның келесi кезеңдерiн iске асыру жоспарын әзiрлеу жоспарлануда.
      Ұлттық жоспардың негiзгi мақсаттары: адам құқығы мәдениетiн оқытуды жетiлдiру, адам құқықтары саласындағы бiлiм берудiң негiзгi әдiстерi мен принциптерiн жалпы ұғынуға қол жеткiзу, ұлттық және халықаралық деңгейдегi адам құқықтары саласындағы бiлiм беруге баса назар аудару, адам құқықтары саласындағы бiлiм берудi дамыту және жетiлдiру iсiнде барлық мүдделi тараптардың өзара iс-әрекетi мен ықпалдастығын ұлғайту, сондай-ақ адам құқықтары саласында бiлiм берудiң қолданыстағы оқу бағдарламаларын жетiлдiру болып табылады.
      Ұлттық жоспардың iс-шараларын iске асыру өзiнiң құқығын белсендi де сауатты пайдалануға қабiлеттi оқушының адам құқықтары мәдениетiн қалыптастырудан, оқушылардың құқықтану деңгейiн арттырудан, балалар арасындағы қылмыстың азаюынан, сондай-ақ құқықтық тұрғыдағы оң құбылыс көрiнiстерiнен байқалады. Алайда, адам құқықтары саласындағы бiлiм берудi жүйелi жетiлдiру мен оқушыларды адам құқығын құрметтеу рухында тәрбиелеу жөнiндегi жұмыс үлкен қиындықтармен байланысты, және оларды ұзақ та мақсатты жұмыс жүргiзу арқылы ғана мүмкiн болатынын ұмытпау керек.
      Қойылған мiндеттердi iске асыру мақсатында осы процеске қатысушылардың барлығының: мемлекеттiк органдардың, халықаралық ұйымдардың, үкiметтiк емес сектордың, сондай-ақ педагогикалық қызметкерлер мен оқушылардың өздерiнiң де тығыз ынтымақтастығы қажет.
      Осылайша, Ұлттық жоспар Қазақстан Республикасындағы орта бiлiм беру шеңберiнде адам құқықтары саласындағы бiлiм берудi жетiлдiруге бағытталған бiрiншi кезектегi, жоспарлы нақты бiрқатар әрекеттердi қамтиды. Ұлттық жоспарды iске асыру шеңберiнде оқушылардың құқықтық мәдениетiн қалыптастыруға жәрдемдесетiн бiрқатар iс-шаралар:
      2006-2007 жылғы оқу жылынан бастап республика мектептерiнде құқықтық пәндер республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жарыстарының тiзбесiне енгiзiлдi;
      2006 жылғы 30 қарашадан 20 желтоқсан аралығында орта жалпы, бастауыш кәсiптiк және орта кәсiптiк бiлiм беру ұйымдарында заңгерлiк жоғары оқу орындары мен колледж студенттерiнiң»"Құқықтық бiлiм - оқушыларға" республикалық акциясы мен Адам құқығы, Адам құқықтарының жалпыға ортақ Декларациясы күндерiне арналған басқа да арнаулы iс-шаралар өткiзiлдi;
      БҒМ веб-сайтында»Адам құқықтары бойынша бiлiм беру рубрикасы жасалған;
      адам құқықтары саласындағы бiлiм беру мәселелерi жөнiнде арнаулы материалдар даярланып, мерзiмдi журналдар мен газеттерде: "Внешкольник Казахстана", "Қазақстан тарихы", "История Казахстана: преподование в вузах и школах", "Учитель Казахстана", "Қазақстан мұғалiмi",»"Қазақстан мектебi",»"Столичное образование" және т.б. беттерiнде жарияланды.
      Бiлiм берудiң мiндеттi мемлекеттiк стандарттарына сәйкес жалпы бiлiм беру мектептерiнде қоғамдық-құқықтық пәндердiң циклы оқытылады: бастауыш сыныптарда - "Ана тiлi", "Әлемтану", жоғарғы сыныптарда - "Тарих" (51 сағ.), "Қазақстан тарихы" (51 сағ.), "Қоғамтану негiздерi" (68 сағ.), "Құқықтану негiздерi" (68 сағ.). Халықаралық сайлау жүйелерi қоры жасаған "Азаматтануға кiрiспе" бағдарламасы бойынша арнайы курстар енгiзiлуде.
      2005-2006 оқу жылынан бастап республика мектептерiнде "Гуманитарлық құқықты зерттей отырып" (ГҚЗ) аймақтық жобасы жүзеге асырылуда, оның негiзгi мiндеттерiнiң бiрi - Халықаралық гуманитарлық құқық (ХГҚ) туралы бiлiмдi тарату. Берiлген бағдарлама гуманитарлық құқық пен негiзгi адам құқықтарының бұзылуларын шектеуге және алдын алуға бағытталған, оқушылардың дүниеге көзқарасының қалыптасуына жәрдемдеседi, белгiлi бiр проблеманың түрлi аспектiлерiн зерттеуге және оны дұрыс талдауға үйретедi. Курсты оқу барысында оқушыларда қазiргi заманғы әлеуметтiк және саяси оқиғаларға деген қызығушылық және оларды түсiну дамиды, олар ағымдағы оқиғалар мен гуманитарлық акцияларды халықаралық құқық тұрғысынан бағалауды үйренедi, халықтың әлеуметтiк шетiн топтарына қолдау көрсетуi тиiс қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiмен танысады.
      ХГЗ пилоттық жобасы Алматы, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының 30 жалпы бiлiм беру мектептерiнде жүзеге асырылуда. ХГЗ жобасын үйлестiру және әдiстемелiк қамтамасыз ету Бiлiм беру жүйесiнiң ғылыми-педагогикалық кадрларының бiлiктiлiгiн жоғарылату республикалық институтына және педагогикалық кадрлардың бiлiктiлiгiн жоғарылату облыстық институттарына жүктелген. Қазiргi кезде ХГЗ оқу құралы Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрiнiң 2007 жылғы 15 ақпандағы»Бiлiм беру ұйымдарында "2007-2008 жылдары қолдануға рұқсат берiлген оқу басылымдарының тiзiмiн бекiту туралы" бұйрығына ендi.
      Ұлттық жоспардың iс-шараларын iске асыру игi нәтиже беруге тиiс, бұл өзiнiң құқығын белсендi де сауатты пайдалануға қабiлеттi оқушының адам құқықтары мәдениетiн қалыптастырудан, оқушылардың құқықтану деңгейiн арттырудан, балалар арасындағы қылмыстың азаюынан, сондай-ақ құқықтық тұрғыдағы оң құбылыс көрiнiстерiнен байқалады. Алайда, адам құқықтары саласындағы бiлiм берудi жүйелi жетiлдiру мен оқушыларды адам құқығын құрметтеу рухында тәрбиелеу жөнiндегi жұмыс үлкен қиындықтармен байланысты және оларды ұзақ та мақсатты жұмыс жүргiзу арқылы ғана мүмкiн болатынын ұмытпау керек.
I БӨЛIМ
1-бап
      1 . Барлық халықтар өзiнiң мемлекеттiк құрылысын өздерi шешуге құқылы. Осы құқық бойынша олар өз елiнiң саяси мәртебесiн еркiн белгiлеп, оның экономикалық, әлеуметтiк және мәдени дамуын еркiн түрде қамтамасыз етедi.
      2. Барлық халықтар алдына қойған мақсат-мұраттарына жету жолында халықаралық ынтымақтастықтан туындайтын, өзара тиiмдiлiк қағидаттар мен халықаралық құқыққа негiзделген қандай да болсын мiндеттемелерге нұқсан келтiрместен, өз елiнiң табиғи байлықтары мен ресурстарын еркiн игере алады. Бiрде-бiр халықты меншiгiндегi тiршiлiк етуге қажеттi заттардан үш уақытта айыруға болмайды.
      3. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттердiң бәрi, соның iшiнде өзiн-өзi басқарушы емес және қамқорлығындағы аумақтарды басқаруда жауапты мемлекеттер де, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерiне сәйкес, мемлекеттiк құрылысын өзi шешу құқығын жүзеге асыруын көтермелеуге және ондай құқықты құрметтеуге тиiс.
      8. Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабына сәйкес Қазақстан президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет болып табылады. Республиканың суверенитетi оның барлық аумағына тарайды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабына сәйкес мемлекеттiк билiктiң бiрден бiр бастауы халық болып табылады. Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi. Қазақстанда билiктi ешкiм де иемденiп кете алмайды. Билiктi иемденiп кетушiлiк заң бойынша қудаланады. Халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар. Республика Үкiметi мен өзге де мемлекеттiк органдар мемлекет атынан оларға берiлген өкiлеттiктерi шегiнде ғана билiк жүргiзедi. Республикада мемлекеттiк билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау принципiне сәйкес жүзеге асырылады.
      9. Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады. Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгiне де қызмет етуге тиiс. Меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi. Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте болуы мүмкiн.
      10. Қазақстан Республикасы Конституциясының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтық принциптерi мен нормаларын құрметтейдi, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршiлiк қарым-қатынас жасау, олардың теңдiгi мен бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпау, халықаралық дауларды бейбiт жолмен шешу саясатын жүргiзедi, қарулы күштi бiрiншi болып қолданудан бас тартады.
II БӨЛIМ
2-бап
      1. Осы Пактiге қатысушы әрбiр мемлекет дербес түрде және халықаралық көмек пен ынтымақтастық ретiнде, атап айтқанда, экономикалық және техникалық салаларда, осы Пактiде танылған құқықтарды барлық тиiстi тәсiлдермен, атап айтқанда, заңнамалық шаралар қабылдауды қоса алғанда, бiрте-бiрте толық жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшiн қолда бар ресурстардың барынша ауқымды шегiнде шаралар қабылдауға мiндеттенедi.
      2. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер Пактiде жарияланған құқықтар нәсiлге, түр-түске, жынысқа, тiлге, дiнге, саяси немесе өзге наным-сенiмдерге, ұлттық немесе әлеуметтiк шығу тегiне, мүлiктiк жағдайға, сондай-ақ туылуы немесе өзге де жағдаяттарға қарамастан, қандай да болмасын кемсiтусiз жүзеге асырылатынына кепiлдiк беруге мiндеттенедi.
      3. Дамушы елдер адам құқықтарын және өз халық шаруашылығын тиiстi есепке ала отырып, өздерiнiң азаматтары болып табылмайтын адамдарға да осы Пактiде танылған экономикалық құқықтарды қандай ауқымда беруге кепiлдiк бере алатынын айқындай алады.
      11. Қазақстан Республикасында азаматтардың экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтарын қамтамасыз ету саласында мынадай заң актiлерi қолданылады: Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi (жалпы және ерекше бөлiмдер), Қазақстан Республикасының Еңбек кодексi , Қазақстан Республикасының " Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы", " Жеке кәсiпкерлiк туралы ", "Қазақстан Республикасындағы банктер мен банк қызметi туралы ", " Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы", " Табиғи монополиялар туралы ", " Сауда қызметiн реттеу туралы ", " Демпингке қарсы шаралар туралы ", " Мәдениет туралы ", " Дене шынықтыру және спорт туралы ", " Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы ", "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы ", " Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы", " Қазақстан Республикасында мүгедектiгi бойынша , асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы", " Балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар туралы", " Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы ", " Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек туралы", " Ұлы Отан соғысының қатысушыларына , мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы", " Жерасты және ашық кен жұмыстарында, еңбек жағдайлары ерекше зиянды және ерекше ауыр жұмыстарда iстеген адамдарға берiлетiн мемлекеттiк арнайы жәрдемақы туралы", " Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы туралы", " Психиатриялық жәрдем және оны көрсеткен кезде азаматтардың құқықтарына берiлетiн кепiлдiктер туралы", " Арал өңiрiндегi экологиялық күйзелiс салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы", " Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы", " Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы ", " Әскери қызметшiлердiң және олардың отбасы мүшелерiнiң мәртебесi және оларды әлеуметтiк қорғау туралы", " Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы", " Тұрғын үй қатынастары туралы ", " Халықтың көшi-қоны туралы " заңдар қолданылады.
      Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қадағалауды жүзеге асыру мақсатымен адамның және азаматтың нұқсан келтiрiлген құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтiру жөнiнде өз құзыретi шегiнде өкiлеттiктер берiлген Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 19 қыркүйектегi Жарлығымен Қазақстанда Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл лауазымы белгiлендi. Бұл институт адамдардың бұзылған құқықтарын қосымша қорғауға мүмкiндiктер беретiн ұлттық құқық қорғау мекемесi болып табылады.
      Уәкiл мекемесi бес жылдан берi жұмыс iстеп келедi.
      Құқық бұзушылықтар туралы өтiнiштердi қарау, оларда көрсетiлген фактiлердi тексеру және құқық бұзылған жағдайда, оны қалпына келтiру омбудсмен қызметiнiң негiзгi бағыттары болып табылады. Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2002 жылғы 19 қыркүйектегi N 947 Жарлығымен бекiтiлген Уәкiл туралы ереженiң 17-тармағына сәйкес Уәкiл өз қызметiн жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ шетелдiк азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың өздерiнiң Конституцияда және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында кепiлдiк берiлген құқықтары мен бостандықтарын ұйымдар мен лауазымды адамдардың бұзатын әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдарын қарайды. Яғни, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiнiң 2-бабы 3-тармағына сәйкес ресми сипатта әрекет ететiн адамдар әрекеттерiн тексеруге Уәкiлдiң құқығы бар субъектiлер болып табылады. Бұл ретте, Уәкiл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактiлерi туралы деректердi келiп түскен өтiнiштер негiзiндегi сияқты, егер осы бұзушылықтар туралы оған ресми көздерден немесе бұқаралық ақпарат құралдарынан мәлiм болса, өз бастамасымен де тексередi.
      Өтiнiштерде көрсетiлген фактiлердi тексеру кезiнде Уәкiл заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) шағымды қарау үшiн қажеттi деректердi лауазымды адамдардан немесе ұйымдардан сұратуға;
      2) мемлекеттiк органдардың, өзге де ұйымдардың басшылары мен басқа да лауазымды адамдарының кiдiртпей қабылдауына;
      3) Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ шетелдiк азаматтардың, азаматтығы жоқ адамдардың шағымдарын қарау нәтижелерi бойынша, сондай-ақ олардың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар туралы ақпаратты басқа жолмен алған кезде, Парламент палаталарынан осы мәселелер бойынша парламенттiк тыңдау өткiзу туралы өтiнуге;
      4) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуымен байланысты мән-жайларды тиiсiнше анықтау бойынша қорытынды дайындау үшiн сараптамалық және консультациялық жұмыстарды орындауға ұйымдар мен мамандарды келiсiм шарт негiзiнде тартуға;
      5) адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөнiнде шаралар қабылдауға;
      6) қызметтiк куәлiгiн ұсынуы бойынша мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың, аумағына және ғимараттарына, оның iшiнде әскери бөлiмдер мен құрамалар кiруге және болуға, сондай-ақ бас еркiнен айыру орындарында болуға және оларда ұсталатын адамдармен кездесiп әңгiмелесуге;
      7) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртiптiк немесе әкiмшiлiк өндiрiстiк не қылмыстық iс қозғау туралы қолдаухатпен уәкiлеттi мемлекеттiк органдарға немесе лауазымды адамдарға өтiнiшпен баруға;
      8) жүргiзiлген тексерулердiң нәтижелерi бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында ресми хабарламалар жариялауға құқығы бар.
      Мекеме қызмет еткен уақыттан берi 8758 жазбаша және өтiнiш келiп түссе, омбудсменге барлығы 49133 адам шағым бiлдiрген. Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқық бұзушылықтарға мегзейтiн шағымдардың саны әжептәуiр азайды. Егер 2003 жылдың iшiнде зейнетақы, жәрдемақы, материалдық көмек, өтемақы төлеу кезiнде, әлеуметтiк жеңiлдiктер беруге, мүгедектер мен әскери қызметшiлердiң құқықтарына қатысты және өзге де әлеуметтiк қамсыздандыру мәселелерiне қатысты құқық бұзушылықтар туралы өтiнiштердiң қатары 12,88% (саны жағынан өтiнiштердiң екiншi тобы) болса, 2007 жылғы соңғы екi тоқсанда мұндай шағымдардың қатары 7% аспады. Еңбек құқықтарына қатысты шағымдардың саны қысқарды (5,22%-тен 2,8%-ке дейiн), денсаулық сақтауға қатысты (1,77%-тен 0,9 %-ке дейiн) қысқарды. Сонымен қатар, тұрғын үй құқықтарына байланысты шағымдардың өсуi байқалды (5%-тен 12,7%-ке дейiн), бұл негiзiнен урбанизацияға және астананың көшуiне байланысты.
      Уәкiл мекемесi қызмет еткен уақыт iшiндегi шағымдар сипатының өзгеруiн мына диаграммадан аңғаруға болады:
Өтiнiштер сипатының өзгеруi
(қағаз мәтiнiнен қараңыз)
      Уәкiл оң шешетiн шағымдардың саны өндiрiске қабылданған шағымдардың 18%-тiнен 31%-тiне дейiн құрайды (2003 жылы - 18%, 2004 жылы - 20%, 2005 жылы - 26%, 2006 жылы - 31%).
      Азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтiру жөнiндегi Уәкiл ұйғарымдарының орындалуы және осыған байланысты лауазымды адамдарды жазалау жөнiнде тұрақты мониторинг жүзеге асырылады.
      Уәкiлдiң пiкiрi бойынша қоғамдық үлкен маңызы бар жағдайларда ол өзiнiң өтiнiшiн тiкелей Президентке, Парламентке немесе Қазақстан Республикасының Үкiметiне жолдауға құқылы. Мекеме қызмет еткен уақыт iшiнде жерге меншiк құқығына, жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандары болып табылатын адамдардың құқығына, зейнеткерлердiң құқығына, Байқоңыр қаласы тұрғындарының тұрғын үй құқығына, шетелдiк кәсiпорындарда және шетелдiң қатысуы бар кәсiпорындарда iстейтiн адамдардың құқықтарына қатысты, сондай-ақ "Балаларды қорғау туралы" Конвенцияға қосылу және шетелдiң бала асырап алуына қатысты ынтымақтастық туралы" және "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары бойынша, Қазақстан Республикасында өлiм жазасын түпкiлiктi жою мәселесi жөнiнде 12 өтiнiш дайындалған. Бұған қоса, Уәкiл Тараз қаласындағы N 2 қарттар мен мүгедектер үйiндегi қарттар мен мүгедектердiң құқығын бұзушылық фактiсi мен N 1 балалар үйiнiң жер учаскесiн алып қою фактiсi бойынша өтiнiш жiбердi. Өтiнiштердегi Уәкiл көтерген мәселелер көбiнесе, оң шешiмiн тапты.
      12. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Республиканың азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мiндеттер атқарады. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс.
      Конституцияның 14-бабына сәйкес заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге де жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды.
      13. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабы 4-тармағына сәйкес Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттер атқарады. Конституцияның осы ережесiн iске асыру үшiн 1995 жылғы 19 маусымда " Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы " Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, ол шетелдiктердiң негiзгi құқықтары мен мiндеттерiн, олардың Қазақстан Республикасына келу, болу және оның аумағында жүрiп тұру және Қазақстан Республикасынан кету тәртiбiн айқындайды. Атап айтқанда, Заңның 3-бабы Қазақстан Республикасындағы шетелдiктер тегiне, әлеуметтiк, мүлiктiк жағдайына, нәсiлiне, ұлтына, жынысына, бiлiмiне, тiлiне, дiнге көзқарасына, айналысатын кәсiбiнiң түрiне және сипатына қарамастан бәрi тең деп белгiлейдi.
3-бап
      Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер Пактiде көзделген барлық экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтарды ерлер мен әйелдердiң тез пайдалануы құқығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
      14. Конституцияның 14-бабына сәйкес "Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге де жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды.".
      Бұл норма бiлiм алуда және кәсiптiк даярлықта, қоғамдық-саяси, мәдени және басқа да барлық қызмет салаларында әйелдерге еркектермен тең мүмкiндiктер берiлуiне кепiлдiк бередi.
      Ол сондай-ақ, " Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы " Конституциялық Заңға, Еңбек кодексiне, " Неке және отбасы туралы ", "Азаматтардың денсаулығын қорғау туралы", " Бiлiм туралы ", " Мемлекеттiк қызмет туралы " заңдарға, Қылмыстық және Қылмыстық iс жүргiзу кодекстерiне, Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы кодекске және қоғамдық қатынастар саласын реттейтiн басқа да нормативтiк құқықтық актiлерге енгiзiлдi.
      Үкiметтiң 2003 жылғы 27 қарашадағы N 1190 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы гендерлiк саясат тұжырымдамасы мақұлданды. Ол бiздiң елiмiздегi гендерлiк саясаттың - ерлер мен әйелдердiң билiк құрылымдарына тепе-тең қатысуына қол жеткiзу, әйелдiң экономикалық тәуелсiздiгiне, өзiнiң бизнесiн дамытуға және қызметте өсуiне теңдей мүмкiндiктердi қамтамасыз ету, отбасындағы құқықтары мен мiндеттерiн теңдей жүзеге асыруға жағдай жасау, жыныстық белгiсi бойынша қысымнан бостан болу негiзгi бағыттарын айқындады.
      Гендерлiк саясатты iске асыру мақсатында Президенттiң 2005 жылғы 29 қарашадағы N 1677 Жарлығымен Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған гендерлiк теңдiк стратегиясы әзiрленiп бекiтiлдi. Стратегия мемлекеттiң гендерлiк саясатын iске асыруға бағытталған негiз қалаушы құжат, мемлекет пен қоғам тарапынан оны iске асырудың және мониторингтi жүзеге асыру құралы, демократияның қалыптасуының маңызды факторы болып табылады. Қазақстан Республикасының Үкiметi, Қазақстан Республикасының Президентiне тiкелей бағынысты және есеп беретiн мемлекеттiк органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкiмдерi өз қызметтерiнде Стратегияны басшылыққа алуға және оны iске асыруға қажеттi шараларды қабылдауға, сондай-ақ қабылданатын мемлекеттiк, салалық (секторалдық) және өңiрлiк бағдарламалардың (жоспарлардың) Стратегиямен үйлесiмдiлiгiн қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
      Елiмiзде Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы кеңесу органы ретiнде Президенттiң 2006 жылғы 1 ақпандағы N 56 Жарлығымен құрылған Отбасы iстерi және гендерлiк саясат жөнiндегi ұлттық комиссия жұмыс iстейдi.
      Көрсетiлген Комиссияның негiзгi мiндетi:
      1) басымдықтарды айқындау, Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi даму стратегиясы, Қазақстан Республикасындағы 2006-2016 жылдарға арналған гендерлiк теңдiк стратегиясы мен Қазақстан қатысушы болып табылатын отбасы және гендерлiк теңдiк мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттар контексiнде өңiрлiк ерекшелiктердi ескере отырып отбасына, әйелдер мен ерлердiң теңдiгiне қатысты кешендi мемлекеттiк саясатты қалыптастыру және iске асыру жөнiнде ұйғарымдар әзiрлеу;
      2) отбасы мүддесiн қорғау, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық Декларациясын, Қазақстан Республикасындағы 2006-2016 жылдарға арналған гендерлiк теңдiк стратегиясын iске асыру мәселелерi жөнiнде мемлекеттiк органдармен және азаматтық қоғам институттарымен бiрлесiп әрекет ету;
      3) гендерлiк теңдiктiң жай-күйi мәселелерiн талдау және мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасындағы гендерлiк саясаттың негiзгi бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұйғарымдар әзiрлеу;
      4) мыналарға:
      экономикалық салада гендерлiк теңдiкке қол жеткiзуге, әйелдер арасындағы кәсiпкерлiктi одан әрi дамытуға, әйелдердiң еңбек рыногындағы бәсекеге қабiлетiн арттыруға;
      отбасы мүшелерiнiң еңбек қызметiн үйдегi мiндеттерiмен және бала тәрбиесiмен ұштастыруына жағдай жасауға;
      отбасы институтының нығаюына, отбасы қатынастарында гендерлiк теңдiкке қол жеткiзуге;
      ерлердiң, әйелдердiң және балалардың денсаулығын, оның iшiнде репродуктивтiк денсаулықты сақтау және нығайту, өмiр сүру сапасын арттыру жөнiндегi шаралар кешенiн әзiрлеуге;
      отбасында және жұмыс орнындағы қысым көрсетудi жою және ерлерге, әйелдерге және балаларға қатысты зорлықпен күресудiң халықаралық тәжiрибесiн енгiзуге;
      халыққа гендерлiк бiлiм беруге және ағартуға;
      отбасы жағдайының, қоғамның экономикалық, әлеуметтiк, саяси және мәдени өмiрiндегi гендерлiк теңдiктiң нақты жағдайын талдау мақсатында ғылыми зерттеулер жүргiзуге, ақпараттық базаны қалыптастыруға жәрдемдесу;
      5) мемлекеттiк органдардың, халықаралық ұйымдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң Комиссия құзыретiне енетiн проблемалар жөнiндегi ұсыныстарын қарау, Қазақстан Республикасы Президентiне тиiстi ұйғарымдар әзiрлеу;
      6) мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының отбасы және гендерлiк теңдiк мәселелерi жөнiндегi Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнiнде Мемлекет Басшысына ұйғарымдар мен ұсыныстар дайындау;
      7) Қазақстандағы отбасы және гендерлiк теңдiк жағдай аспектiлерiн неғұрлым толық көрсету мақсатымен бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара бiрлесiп әрекет ету;
      8) отбасы мәселелерi және гендерлiк теңдiктiң сақталмауына қатысты азаматтардың өтiнiштерiн, бұқаралық ақпарат құралдарының хабарларын қарау;
      9) отбасы және гендерлiк теңдiк мәселелерi жөнiндегi тұжырымдамаларды, мемлекеттiк, салалық (секторальдiк) бағдарламаларды әзiрлеуге қатысу;
      10) отбасы және гендерлiк теңдiк жағдайды жақсартуға бағытталған заңнамалық және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi дайындауға және қарауға қатысу;
      11) гендерлiк-құқықтық сараптамаға бастамашылық ету және жүргiзу;
      12) мемлекеттiк және халықаралық ұйымдармен ынтымақтасу, халықаралық ұсыныстарды iске асыру жөнiнде ұсыныстар дайындау, отбасы және гендерлiк теңдiк жағдайы мәселелерi жөнiндегi конференцияларға, семинарларға қатысу болып табылады.
      Ерлер мен әйелдердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың құқықтың механизмдерiн қамтамасыз ету мақсатымен жоғарыда аталған Гендерлiк теңдiк стратегиясы шеңберiнде "Ерлер мен әйелдердiң тең құқықтары мен тең мүмкiндiктерi туралы" және "Тұрмыстық қысым туралы" заң жобалары әзiрленуде. Бұған қоса, Қазақстан Республикасы әйел құқықтары жөнiндегi негiз қалаушы халықаралық шарттарға: Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық түрлерiн жою туралы БҰҰ Конвенциясына, "Әйелдердiң саяси құқығы туралы" және "Күйеуге шыққан әйелдiң азаматтығы туралы" БҰҰ Конвенцияларына қатысушы болып табылады.
4-бап
      Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер, осы немесе өзге мемлекет осы Пактiге сәйкес қамтамасыз етiп отырған құқықтарды пайдалануға қатысты, осы мемлекет бұл құқықтарға тек заңмен белгiлеген, аталған құқықтар табиғатына үйлесетiн, және демократиялық қоғамдағы жалпы әл-ауқатты жақсартуға жәрдемдесу мақсатындағы шектеулердi ғана белгiлей алатынын таниды.
      15. Конституцияның 39-бабына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн. Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтар мен бостандықтарын қандай да бiр түрде шектеуге жол берiлмейдi. Ешбiр жағдайда құқықтары мен бостандықтары Конституцияның 10, 11, 13-15-баптарында, 16-бабының 1-тармағында, 17-бабында, 19-бабында, 22-бабында, 26-бабының 2-тармағында көзделген шектелуге жатпайды.
5-бап
      1. Осы Пактiде ешбiр қағида қандай да бiр мемлекетке, қандай да бiр топқа немесе қандай да бiр адамға осы Пактiде танылған кез келген құқықтар немесе бостандықтарды жоюға, не болмаса оларды осы Пактiде көзделгеннен көп мөлшерде шектеуге бағытталған қандай да болмасын iс-әрекетпен айналысуға немесе қандай да болмасын iс-әрекет жасауға құқық бередi деп түсiндiрiлмеуге тиiс.
      2. Қайсыбiр елдерде заң, конвенциялардың, ережелердiң күшiмен не болмаса әдет-ғұрыптар арқылы танылған немесе қолданыстағы қандай да болмасын негiзгi адам құқықтарын аталған Пактiде мұндай құқықтар танылмайды немесе танылған күннiң өзiнде кең ауқымда танылады деген сылтаумен ешбiр шектеуге немесе кемсiтуге жол берiлмейдi.
      16. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасында мынадай:  азаматтық алған ( 10-бап ); азамат шетел мемлекетiне берiлген жағдайларда; Республика шегiнен тыс жерлерде азаматтарды қорғау және қамқоршылық көрсету ( 11-бап ); құқықтық субъектiлiгiн тануға қатысты; құқықтары мен бостандықтарын сотпен қорғау жөнiндегi; бiлiктi заңгерлiк көмек алуға қатысты ( 13-бап ); әркiмнiң заң мен сот алдындағы теңдiгi; тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге де жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге қатысты ( 14-бап ); өмiр сүру құқығы ( 15-бап ); жеке бостандығы құқығы ( 16-бап , 1-тармақ); адамның қадiр-қасиетiне қол сұқпау ( 17-бап ); өзiнiң ұлтын, партиялық және дiни қатыстылығын айқындау және көрсету; ана тiлi мен мәдениетiн қолдану; қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн таңдау ( 19-бап ); ар-ождан бостандығына қатысты ( 22-бап ); меншiкке, оның iшiнде мұрагерлiк құқығы (16-бап, 2-тармақ) жөнiндегi негiздемелер бойынша адамның құқықтары мен бостандықтарын ешбiр жағдайда шектеуге болмайды.
      "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 5 желтоқсандағы Заңының 4-бабына сәйкес көмекке өтiнiш берген адам, оған адвокат заңгерлiк көмек көрсету үшiн тегiн, сондай-ақ қылмыстық iс бойынша қорғаушы ретiнде тағайындалған, қорғалушы өзiне адвокат таңдамаған немесе таңдай алмаған жағдайды қоспағанда, адвокатты еркiн таңдайды.
      Адвокаттар сенiмгерлерге олардың өтiнiшi бойынша:
      1) алимент өндiру туралы, асыраушысының қайтыс болуы, жұмыспен байланысты мертiгу немесе денсаулығының өзге де зақымдануына iстi жүргiзу кезiнде бiрiншi инстанция соттарындағы қуғыншыларға; 2) Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, соларға теңестiрiлген адамдарға, мерзiмдi қызметтегi әскери қызметшiлерге, I және II топтағы мүгедектерге, жасына байланысты мүгедектерге, егер олар кәсiпкерлiк қызмет мәселелерiне байланысты болмаса; 3) азаматтарға зейнетақы және жәрдемақы тағайындау туралы өтiнiш жазу кезiнде; 4) азаматтарға оңалту мәселелерi бойынша консультациялар беру кезiнде заңгерлiк көмектi тегiн көрсетедi.
      1997 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекс кез келген сипаттағы кемсiтушiлiкке негiзделген қинау үшiн қылмыстық жауапкершiлiк белгiлейдi ( 341-бап ). Адвокаттар мен азаматтарды қорғау және оларға заңды көмек көрсету жөнiндегi басқа да адамдардың заңды қызметiне кедергi келтiру қылмыстық заңмен қудаланады.
III БӨЛIМ
6-бап
      1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әр адамның өз еркiмен таңдап алған немесе өз еркiмен келiскен еңбегiмен күнкөрiс жасау мүмкiндiгi құқығын қамтитын еңбек етуге құқығын мойындайды және осы құқығын қамтамасыз етуге тиiстi қадамдар жасайды.
      2. Бұл құқықты толық жүзеге асыру мақсатында осы Пактiге қатысушы мемлекеттер қабылдауға тиiстi шараларға адамның негiзгi саяси және экономикалық бостандықтарына кепiлдiк беретiн жағдайдағы кәсiби-техникалық оқыту мен дайындық бағдарламалары, экономикалық, әлеуметтiк және мәдени даму мен толық тиiмдi еңбекке қол жеткiзудiң жолдары мен тәсiлдерi кiредi.
      17. Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабына сәйкес әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар. Ерiксiз еңбекке соттың үкiмi бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi.
      Әркiмнiң қауiпсiздiк пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегi үшiн нендей бiр кемсiтусiз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға құқығы бар.
      Азаматтардың өздерiнiң конституциялық еңбек бостандығы құқықтарын iске асыру процесiнде туындайтын еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексiмен (бұдан әрi - Кодекс) реттеледi. Кодекстiң 6-бабына сәйкес әркiмнiң еңбектi еркiн таңдауға немесе еңбекке қандай да болмасын кемсiтусiз және мәжбүрлеусiз еркiн келiсуге, өзiнiң еңбек қабiлетiне иелiк етуге, кәсiп немесе қызмет түрiн таңдауға құқығы бар.
      Кодексте жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиiс. Бұған қоса, жеке, ұжымдық еңбек шарттарда ақысы жұмыс уақыты қалыпты ұзақтығындай төленетiн, жұмыс уақытының қысқа ұзақтығы көзделуi мүмкiн ( 77-бап ).
      Халықты жұмыспен қамту саласындағы саясат елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының жетекшi басымдықтары қатарына көтерiлген.
      Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк саясат азаматтардың, оның iшiнде әйелдердiң, жастар мен мүгедектердiң лайықты еңбекке деген мүмкiндiктерiн ұлғайтуға және конституциялық құқықтарын iске асыруға, жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғауға, жұмыс таңдауға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бағытталған.
      Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халық саны 1997-1999 жылдары тұрақты төмендеген болса, 2000 жылдан берi тұрақты түрде артып келедi.
      Ел экономикасының тұрақты дамуы жағдайында 2002-2006 жылдары еңбек рыногында халықтың экономикалық белсендiлiгiнiң өсуi, экономика салаларында жұмыс iстейтiндердiң қатарының көбеюi және жұмыссыздық деңгейiнiң төмендеуi байқалады.
      Халықтың экономикалық белсендiлiк деңгейi 1997 жылғы 68,8%-дан 2006 жылы 69,7% дейiн көтерiлдi, экономикалық белсендi халықтың саны 7,4 млн. 8,0 млн. дейiн көбейдi.
      Экономиканы қайта құрылымдау, шағын және орта кәсiпкерлiктiң дамуы жеке меншiк кәсiпорындар мен жеке бизнес саласында iстейтiндердiң үлес салмағының көбеюiне жәрдемдеседi. 2006 жылы жұмыс iстейтiндердiң iшiнде 5,7 млн. адам немесе 77% жеке меншiк нысанындағы кәсiпорындар мен жеке тұлғаларда жұмыс iстедi. Жұмыспен қамтылған адамдардың жартысынан астамы (3,8 млн. адам) - еркектер де, 48,6% (3,6 млн. адам) - әйелдер.
      Жұмыспен қамтылған әйелдердiң саны 2002-2006 жылдары 3,2 млн. адамнан 3,6 млн. адамға дейiн өстi.
      Бұл орайда, жыл бойынша жұмыс iстейтiн әйелдердiң қатары басым, яғни 56,3% (1813,7 мың адам) 2002 жылы 63,3 % (2275,6 мың адам) көбейсе, жұмыспен өзiн өзi қамтыған әйелдер саны 43,7% (1408,8 мың адам) 36,7% (1318,9 мың адам) төмендедi.
      Жастардың жұмыспен қамтылуында да осындай жағдай: жыл бойынша 46,8 %-дан (431,4 мың адам) 50,7% (620,4 мың адам) көбейсе, жұмыспен өзiн өзi қамтыған жастар саны 53,1% (489,7 мың адам) 49,3% (603,7 мың адам) төмендедi.
      Халықтың жұмыспен қамтылу деңгейi осы кезеңде 90,7 %-дан 92,2%, оның iшiнде әйелдер бойынша 88,8%-дан 90,8% дейiн көбейдi.
      Еңбек рыногында жұмыспен өзiн өзi қамтыған халық санының қысқаруы байқалады. Жұмыспен қамтылған адамдар арасындағы жұмыспен өзiн өзi қамтыған халық саны 2,6 млн. адам яғни 35,5% құрайды. Бұл 2002 жылмен салыстырғанда 51,8 мың адамға кем (1,9 %). Олардың басым көпшiлiгi ауыл шаруашылығында, бөлшек сауда, халыққа көлiк және басқа да қызметтер көрсету салаларында iстейтiн дербес қызметкерлер болып табылады.
      Еңбек рыногындағы конъюнктураға әсер ететiн факторлардың бiрi жұмыссыздық болып табылады. Оның деңгейi жыл сайынғы төмендеуiмен сипатталады. Мәселен, жұмыссыздық деңгейi 1,7 есе - 1997 жылғы 13,0%-дан 2006 жылы 7,8%-ке төмендедi. Жұмыссыз халықтың саны 2006 жылы 625,4 мың адам болды және 10 жыл iшiнде 342,4 мың адамға (54,7%) азайды.
      Жұмыссыздардың әжептәуiр саралануы жыныс-жас құрылымында байқалады. Әйелдер еңбек рыногындағы бәсекелестiк қабiлетi төмендер қатарында қалып отыр. 2006 жылғы жұмыссыз еркектердiң үлесi 42%, ал әйелдер 58,8% құрады. Жұмыссыз әйелдердiң саны 362,9 мың адам болды, бұл еркектердiң санынан 100,3 мың адамға (38,2%) артық.
      Елдегi әйелдердiң жұмыссыздық деңгейi 2002 жылғы 11,2%-тен 2006 жылы 9,6%-ға, оның iшiнде жастар жұмыссыздығы - 17,3%-дан 12,1%-ға төмендедi. Сонымен қатар, қабылданып отырған әйелдер жұмыссыздығының деңгейi еркектер жұмыссыздығының деңгейiнен (6,4%) жоғары болып отыр.
      Жастардың еңбек рыногында бейiмделу проблемасы да сақталып отыр. Жалпы жұмыссыздар санының азаюына қарамастан олардың арасындағы жастардың (15-24 жас аралығындағы) үлес салмағы әжептәуiр қалпында қалды. 2006 жылы жұмыссыз жастардың саны 169,0 мың адам болды немесе жалпы жұмыссыздардың 27%. Бұл 2002 жылға қарағанда, 24 мың адамға (12,4%) азайған.
      Жұмыссыз халықтың сапалық құрамы олардың бiлiм деңгейiне қарай сараланады. Жоғары бiлiмi бар адамдардың үлес салмағы 2006 жылы барлық жұмыссыздардың 18,6 % (116,3 мың адам). Бұл орайда, жұмыссыздардың арасында жалпы орта бiлiмдi адамдар саны басым - 37,5 % (234,4 мың адам) және орта кәсiби бiлiм барлар - 25,3 % (158,2 мың адам). Жұмыссыз әйелдердiң бiлiм деңгейi еркектерге қарағанда әлдеқайда жоғары.
      Соңғы бес жылда ұзақ мерзiмдi жұмыссыздық деңгейiнiң төмендеуi байқалады. Еркектердiң ұзақ мерзiмдi жұмыссыздық деңгейi 2,9 %, ал әйелдерде - 5,1 % болып қалыптасты, (2002 жылы - тиiсiнше 4,4 % және 7,7 % болған едi).
      Еңбек рыногындағы ахуалдың жақсаруына бiрқатар: кедейлiкпен және жұмыссыздықпен күрес (2000-2002), кедейлiктi азайту жөнiндегi (2003-2005), әлеуметтiк реформаларды одан әрi тереңдету; халықты жұмыспен қамту (2005-2007) жөнiндегi бағдарламалардың қабылдануы ықпал еттi.
      2002-2006 жылдары жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасуға жәрдем сұрап 1445,2 мың адам барған, оның iшiнде 732,8 мың әйел, оның iшiнде ауыл тұрғындары - 245,5 мың адам.
      860,1 мың адам, оның iшiнде 384,9 мың әйел жұмысқа орналастырылған, оның iшiнде 118,1 мың адам ауылдық жерлерде тұрады.
      Жұмысқа орналастыру бойынша анағұрлым жоғары көрсеткiш Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында, ал ең төменгi көрсеткiш - Павлодар, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласында байқалды.
      Қоғамдық жұмыстарға 652,8 мың адам, оның iшiнде 381,6 мың әйел қатысты.
      Ел Президентiнiң Жолдауына сәйкес әлеуметтiк көмек саясаты "әлеуметтiк топтардың мұқтажымен" емес "жұмысқа қабiлеттi азаматтардың жұмыс iстейтiндер қатарына енуi үшiн дайындығы" шеңберiнде қалыптасу қажет. Азаматтарды қолдаудың мемлекеттiк жүйесi оларды қайта оқуға және жаңа кәсiп алуға ынталандыратындай болуға тиiс.
      Халықты жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберiнде кәсiптiк оқытудан, бiлiктiлiгiн арттырудан және қайта даярлаудан басымдықты тәртiппен өту құқығына нысаналы топтарға енетiн жұмыссыздар ие болады. Оқытудан өтiп жұмысқа орналастырылғандардың iшiнде әрбiр үшiншi адам - ауылдық жердiң тұрғыны. Нысаналы топтарға оралмандар да енедi. "Халықтың көшi-қоны туралы" 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 29-3-бабы 1.2-тармағына сәйкес оралмандарға жұмысқа орналасуға, бiлiктiлiгiн арттыруға және жаңа кәсiптi игеруге көмек көрсетiледi.
      2002-2006 жылдары 127,9 мың жұмыссыз оқуды тәмамдаған, оның iшiнде жұмысқа орналастырылғаны - 90,9 мың адам, оның iшiнде әйелдер - 45,0 мың.
      Жыл сайын елiмiзде шамамен 230 мың жұмыс орны құрылады.
      2005-2006 жылдары 14,9 мың әлеуметтiк жұмыс орындары ұйымдастырылып, оларға нысаналы топтардағы 15,1 мың адам жұмысқа орналастырылды.
      2005-2006 жылдары оқу орындарының шамамен 7,0 мың түлегi Жастар практикасына қатысты, олардың iшiнде 1,9 мың адам - тұрақты жұмысқа орналастырылды.
      Мүгедектердi жұмыспен қамтуға жәрдемдесуде кәсiптiк оңалту бағдарламаларының, мүгедектердiң әлеуметтiк мәртебесi мен әлеуметтiк қорғалуының, еңбек ету машығының және бiлiгiнiң маңызы ерекше. 2005 жылдың 13 сәуiрiнде қабылданған "Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау" Заңымен мүгедектер үшiн жұмыс орындарының арнаулы квотасын белгiлеу көзделедi.
      2002-2006 жылдары жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасуға жәрдем сұрап 8,0 мың мүгедек барған, оның iшiнде 3,3 мыңы әйелдер, ауыл тұрғындары - 2,0 мың адам болса, оның iшiнде - 611 әйел адам. Квота есебiнен 315 мың адам, оның iшiнде 1,3 әйел жұмысқа орналастырылған, оның 1,1 мың адам ауылдық жерлерде тұратын болса, оның iшiнде 291 әйел бар.
      Қоғамдық жұмыстарға 3,9 мың жұмыссыз мүгедек қатысты.
      2002-2006 жылдары зейнеткерлiк жұмыссыздар қатарындағы жас алдындағы 5,2 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның iшiнде - 2,8 мыңы әйелдер, село тұрғындары - 1,1 мың адам болса, оның iшiнде - 510 әйел адам.
      Мемлекет Басшысының кәсiптiк даярлауға және еңбек ресурстарын дамытуға басым назар аудару туралы тапсырмасын ескере отырып, Еңбек кодексiнде кадрларды даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiнде баптар көзделдi, оларда бiрiншi рет оқытудың тәртiбi мен нысандары, жұмыс берушi мен қызметкердiң құқықтары мен мiндеттерi, оқытылған адамдарды жұмысқа орналастыру кезiндегi мемлекеттiк кепiлдiктер берiлген.
      Қазiргi уақытта Қазақстан Республикасында техникалық және кәсiптiк бiлiм берудi дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның жобасы әзiрленуде.
      Сондай-ақ, техникалық және қызмет көрсету кадрларын даярлау және қайта даярлау жөнiндегi өңiраралық кәсiптiк орталықтарын құру жөнiндегi жұмыс жалғасуда. Оның бiреуi - мұнай газ саласына мамандар даярлау үшiн 2005 жылы Атырау қаласында құрылды. Бұл орталықта Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстарынан, сондай-ақ жұмыс күшi артық өзге де өңiрлерден кадрларды даярлау және қайта даярлау жүзеге асырылатын болады.
      2009 жылға дейiн отын-энергетика саласы бойынша Павлодар облысында, өңдеу саласы бойынша - Оңтүстiк Қазақстан және машина жасау саласы бойынша - Шығыс Қазақстан облысында құрылатын болады.
      Сонымен бiрге 2007 жылғы 16 ақпанда Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктi жою комитетi Қазақстанның Әйелдерге қатысты кемсiтушiлiктiң барлық түрiн жою туралы конвенцияны орындауы туралы баяндамасы қаралғанын атап кетемiз, оның 11 "Жұмыспен қамту" және 13 "Әлеуметтiк және экономикалық жәрдемақылар" баптары бойынша ақпарат берiлген.
7-бап
      Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әркiмнiң әдiлеттi және қолайлы еңбек жағдайына ие болу құқығын таниды, оған атап айтқанда:
      а) барлық еңбеккерлерге, кем дегенде:
      i) құндылығы бiрдей еңбектерi үшiн ешбiр айырмашылықсыз әдiл жалақы мен бiрдей сыйақы алуын және де, атап айтқанда, әйелдер үшiн еңбек жағдайы бiрдей еңбегi үшiн бiрдей еңбекақы алатын ер адамдар пайдаланатын еңбек жағдайынан кем болмауына кепiлдiк берiлуiн;
      ii) осы Пактiнiң қаулыларына сәйкес өздерi мен отбасы мүшелерiн қанағаттанарлықтай тiршiлiк жасауын қамтамасыз ететiн сыйақы;
      b) қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына жауап беретiн еңбек жағдайы;
      с) еңбек өтiлi мен бiлiктiлiгiнiң негiзiнде ғана жұмыста тиiстi жоғары сатыларға көтерiлуi үшiн бәрiне бiрдей мүмкiндiк берiлуi;
      d) тынығу, бос уақыт және жұмыс уақытының орынды шектелуi, мерзiмдi ақылы еңбек демалысы, сонымен қатар, мереке күндерiнде iстеген жұмысы үшiн сыйақы алу құқығы кiредi.
      18. Кодекстiң 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы еңбек туралы заңнамасының принциптерi:
      1) адамның және азаматтың еңбек саласындағы құқықтарының шектелуiне жол бермеу;
      2) еңбек бостандығы;
      3) кемсiтушiлiкке, мәжбүрлi еңбекке және балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiне тыйым салу;
      4) қауiпсiздiк және гигиена талаптарына жауап беретiн еңбек жағдайларына құқығын қамтамасыз ету;
      5) өндiрiстiк қызмет нәтижесiне қарағанда қызметкердiң өмiрi мен денсаулығының басымдығы;
      6) еңбегi үшiн жалақының ең төмен мөлшерiнен кем емес әдiлеттi сыйақы алу құқығын қамтамасыз ету;
      7) демалыс құқығын қамтамасыз ету;
      8) қызметкерлердiң құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң теңдiгi;
      9) қызметкерлер мен жұмыс берушiлердiң өздерiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн бiрлесу құқығын қамтамасыз ету;
      10) әлеуметтiк әрiптестiк;
      11) еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау мәселелерiн мемлекеттiк реттеу;
      12) қызметкерлер өкiлдерiнiң Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру құқығын қамтамасыз ету болып табылады.
      Кодекстiң 7-бабына сәйкес әркiмнiң өзiнiң еңбек саласындағы құқығы мен бостандықтарын iске асыруға теңдей мүмкiндiктерi бар. Ешкiмдi де жынысына, жасына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, мүлiктiк және лауазымдық жағдайына, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне, азаматтық, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына қарай қандай да болмасын кемсiтуге болмайды. Кодекс күшi Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдiктерге және Қазақстанда өзiнiң еңбек қызметiн жүзеге асырушы азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
      Еңбекақыны мемлекеттiк реттеудегi анағұрлым басым бағыттардың бiреуi Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес мемлекет кепiлдiк беретiн жалақының ең төмен мөлшерiн белгiлеу болып табылады (Конституцияның 28-бабы ).
      Айлық жалақының ең төмен мөлшерi - бұл бiлiктiлiктi талап етпейтiн қарапайым (онша күрделi емес) еңбек адамына еңбек нормаларын (еңбек мiндеттерiн) қалыпты жағдайларда және жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы кезiнде орындағанда берiлетiн, Кодекспен бiр айға белгiленген кепiлдi ең төмен ақша төлемдерi. Айлық жалақының ең төмен мөлшерi жыл сайын тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңмен белгiленедi және ол қосымша ақылар мен үстеме ақыларды, өтемақы төлемдерiн, сыйлықақылар мен басқа да ынталандыру төлемдерiн қамтымайды әрi жұмыс iстеген уақытына барабар төленедi (Кодекстiң 122-бабы ).
      Орындалатын жұмыстың саны, сапасы мен күрделiлiгi жалақының деңгейiн анықтаудың критерийi болып табылады.
      Қызметкердiң айлық жалақысының мөлшерi қызметкердiң бiлiктiлiгiне, орындалатын жұмыстың саны мен сапасына, күрделiлiгiне, сондай-ақ еңбек жағдайларына қарай белгiленедi. Жұмыс уақытының белгiлi бiр кезеңiне белгiленген еңбек нормаларына (еңбек мiндеттерiн) толық орындаған қызметкердiң айлық жалақысының мөлшерi Қазақстан Республикасы Заңымен белгiленген айлық жалақының ең төмен мөлшерiнен кем белгiленбеуге тиiс (Кодекстiң 121-бабы).
      Қызметкерлерге қойылатын бiлiктiлiк талаптары мен белгiлi бiр жұмыс түрлерiнiң күрделiлiгiн жұмыс берушi жұмыстар мен жұмысшылар кәсiптерiнiң, бiрыңғай тарифтiк-бiлiктiлiк анықтамалығының (БТБА), жұмысшылар кәсiптерiнiң тарифтiк-бiлiктiлiк сипаттамаларына басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшiлердiң бiлiктiлiк анықтамалығы негiзiнде белгiлейдi.
      Орындалатын жұмыстарды белгiлi бiр күрделiлiкке жатқызуды және қызметкерлерге бiлiктiлiк разрядтарын беру жұмыстар мен жұмысшылар кәсiптерiнiң БТБА, жұмысшылар кәсiптерiнiң тарифтiк-бiлiктiлiк сипаттамаларына, басшылардың, мамандардың және басқа да қызметшiлердiң бiлiктiлiк анықтамалығына, сондай-ақ қызметкерлердiң жекелеген санаттары үшiн белгiленетiн үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
      Көрсетiлген анықтамалықтарды, жұмысшылар кәсiптерiнiң тарифтiк-бiлiктiлiк сипаттамаларын әзiрлеудi, қайта қарауды, сынамадан өткiзудi, бекiтудi және қолдану тәртiбiн еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган айқындайды. Әртүрлi экономикалық қызмет түрлерiнiң басшылары, мамандары мен ұйымның басқа да қызметшiлерi лауазымдарының үлгiлiк бiлiктiлiк сипаттамаларын тиiстi қызмет саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiм бойынша әзiрлейдi және бекiтедi (Кодекстiң 125-бабы ).
      19. Қызметкерлерге еңбекақы уақыт бойынша, кесiмдi немесе еңбекақы төлеудiң өзге де жүйелерi бойынша төленедi. Еңбекақы жеке және (немесе) ұжымдық еңбек нәтижелерi үшiн жүргiзiлуi мүмкiн. Қызметкерлердiң өндiрiс тиiмдiлiгiн арттыруға деген материалдық мүдделiлiгiн арттыру үшiн жыл iшiндегi жұмыс қорытындысы бойынша сыйлықақы беру, сыйақы беру жүйелерi мен және басқа да материалдық ынталандыру нысандары енгiзiлуi мүмкiн.
      Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес еңбекақы төлеу саласында басқа да мемлекеттiк кепiлдiктер: демалыс және мереке күндерiндегi жұмысқа ақы төлеу, жұмыс уақытынан тыс уақыттағы жұмысқа ақы төлеу, жалақының уақытында төленуi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершiлiгi көзделген (Кодекстiң 128 , 129-баптары ), Кодекстiң 128-бабына сәйкес мереке және демалыс күндерi еңбекақы төлеу қызметкердiң күнделiктi (сағаттық) ставкасына қарай, екi еседен кем емес мөлшерде жүргiзiледi.
      Қазiргi уақытта, қызметкер мен жұмыс берушi арасындағы еңбек қатынастары кәсiптiк бiрлестiктер мен жұмыс берушiлер арасында салалық келiсiмдер жасау жолымен реттелуi мүмкiн, осыған орай қосымша әлеуметтiк кепiлдiктер белгiленуi мүмкiн.
      Еңбекақы төлеу саласында жүргiзiлiп отырған мемлекеттiк саясат нәтижесiнде құқықтық база құрылды, ол нарықтық экономика жағдайында ұйымдарға еңбекақы төлеу мәселелерiн өздерiнiң ұйымдық-құқықтық нысанына қарай әлеуметтiк сұхбат барысында ұжымдық шарттар мен салалық келiсiмдер қабылдау арқылы шешуге мүмкiндiк бередi.
      Осылайша, Қазақстан Республикасында еңбекақы деңгейi орындалатын жұмыстың санына, сапасына және күрделiлiгiне қарай, еңбек жағдайлары үшiн берiлетiн қосымша ақылар мен үстемеақыларды (оның iшiнде мереке күндерiндегi жұмысы үшiн), ынталандыру төлемдерiн ескере отырып, қандай да болмасын, оның iшiнде жыныстық белгiсi бойынша кемсiтушiлiксiз айқындалады.
      Ерлер мен әйелдер жалақысы арасындағы айырмашылық гендерлiк белгiсi бойынша емес, қызметкерден белгiлi бiр бiлiктiлiк деңгейi мен даярлықты талап ететiн лауазымына, орындалатын жұмысына (санына, сапасына және соңғы нәтижесiне) қарай болады.
      Жалпы республика бойынша 2006 жылғы әйелдердiң санын есептелген жалақы мөлшерi бойынша таратып бөлу, әйелдердiң басым көпшiлiгi (383370 адам немесе жалпы әйелдер санының 32%) 15001 теңгеден 25000 теңгеге дейiнгi шектерде жалақы алатынын көрсеттi. Олардың басым бөлiгi бiлiм беру саласында (148229 адам немесе осы салада iстейтiн әйелдер санының 33,4%) және денсаулық сақтау саласында (94504 адам немесе осы салада iстейтiн әйелдер санының 45,2%) iстейдi. Сөйтiп, көрiп отырғанымыздай, әйелдер мен ерлердiң еңбекақысы арасындағы айырмашылық көбiнесе экономиканың әйелдер көп араласпайтын (құрылыс, көлiк, байланыс) салаларында байқалады.
      Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Үкiметi негiзiнен әйелдер жұмыс iстейтiн бюджеттiк сала (бiлiм беру, денсаулық сақтау және әлеуметтiк қызметтер) қызметкерлерiнiң еңбекақы деңгейiн арттыру жөнiнде жұмыс жүргiзуде.
      Бұған қоса, Кодекспен еңбекақы төлеудiң ең төмен стандарты (ЕТТС) ұғымы мен оны белгiлеу механизмi енгiзiледi.
      ЕТТС ауыр (ерекше ауыр) жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) жұмыстарда iстейтiн қызметкердiң жұмыс барысында зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiне ұшырайтын әл-ауқаты мен қуатын қалпына келтiру үшiн қажеттi тамақ өнiмдерiнiң, тауарлар мен қызметтердiң ең төмен жиынтығын қамтитын жалақының ең төмен мөлшерi болып табылады.
      Бұл ретте, ЕТТС салалық келiсiмдерде айқындалатын және Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы Заңымен белгiленетiн салалық коэффициенттердi арттыратын, салалық келiсiммен айқындалатын және Қазақстан Республикасы Үкiметi бекiтетiн айлық ең төмен жалақы мөлшерi есебiнен айқындалады.
      Осылайша, ЕТТС еңбек қатынастары тараптарының мүдделерiн бiрлесе отырып келiсудiң нәтижесi болып табылады. Бүгiнгi күнi бұл мәселелердi салалық келiсiмдер жасау арқылы салалық реттеу мүмкiндiгi көзделген, бұл салалық деңгейде қолданылып та жүр.
      20. Жеке еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушiнiң актiлерiнде көзделген жұмыс орындарындағы қауiпсiздiк және еңбектi қорғау жағдайлары Кодекстiң 34-тарауында көзделген деңгейден төмен болмауға тиiс. Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптарды барлық жұмыс берушiлер мен қызметкерлер араларында еңбек қатынастары туындаған кезде орындауға мiндеттi.
      Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау саласындағы негiзгi принциптер:
      өндiрiстiк қызмет нәтижелерiне қарағанда қызметкердiң денсаулығы мен өмiрiнiң артықшылығы;
      қызметкерлердiң қауiпсiздiк және еңбектi қорғау талаптарына сәйкес еңбек жағдайларына құқығына мемлекеттiң кепiлдiк беруi болып табылады.
      Жұмыс берушi қауiпсiз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және алдын алу жұмыстарын жүргiзу және өндiрiстiк жабдықтар мен технологиялық процестердi анағұрлым қауiпсiздерiмен алмастыру арқылы жұмыс орындары мен технологиялық процестердегi қатерлердiң алдын алу жөнiнде шаралар қабылдауға мiндеттi.
      Кәсiптiк оның iшiнде адам өлiмiмен аяқталған жазатайым оқиғалардың соңғы он жыл iшiндегi жиiлiк динамикасы мен сипатына (көздерi) қатысты ақпарат төмендегi диаграммаларда көрсетiлдi:
(Кестенi қағаз мәтiнiнен қараңыз)
      21. Кодексте демалыс уақытының мынадай түрлерi көзделген: жұмыс күнi (жұмыс ауысымы) iшiндегi үзiлiстер - тынығу және тамақтануға арналған үзiлiс; ауысым iшiлiк және арнайы үзiлiстер; күн сайынғы (ауысымаралық) демалыс; демалыс күндерi (апта сайынғы үзiлiссiз демалыс); мереке күндерi; еңбек демалысы.
      Кодекстiң 101-бабына сәйкес қызметкерлерге, егер өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде, еңбек, ұжымдық шарттарда, жұмыс берушiнiң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, ұзақтығы жиырма төрт күн жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.
8-бап
      1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер:
      а) әрбiр адамның, өзiнiң экономикалық және әлеуметтiк мүдделерiн жүзеге асыру және қорғау үшiн кәсiптiк одақтарды құру және осындай ұйымдарға өзiнiң таңдауы бойынша, сол тиiстi ұйымның ережесiн бұзбау шартымен ғана кiру құқығын; аталған құқықты пайдалану заң бойынша көзделген және демократиялық қоғамдағы мемлекеттiк қауiпсiздiк немесе қоғамдық тәртiп мүдделерiн немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн қажеттiлерiнен басқа ешбiр шектеулерге жатпайды;
      b) кәсiптiк одақтардың ұлттық федерациялар немесе конфедерациялар құру құқығын және де соңғылардың халықаралық кәсiподақ ұйымдарын ашу немесе соларға қосылу құқығын;
      с) кәсiптiк одақтардың өз жұмыстарын кедергiсiз және заң бойынша көзделген және демократиялық қоғамдағы мемлекеттiк қауiпсiздiк немесе қоғамның тәртiп мүдделерiн немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшiн қажеттiлерiнен өзге қандай да бiр болмасын шектеулерсiз жұмыс жүргiзу құқығын;
      е) әр елдiң заңдарына сәйкес жүзеге асырылған жағдайдағы ереуiлдерге шығу құқығын қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
      2. Осы бап қарулы күштер, полиция немесе мемлекет әкiмшiлiгi құрамына кiретiн адамдар үшiн бұл құқықтарды пайдалануға заңды шектеулер енгiзуге кедергi жасамайды.
      3. Осы баптағы ешбiр қағида қауымдастықтар бостандығы мен ұйымдастыру құқығын қорғауға қатысты Халықаралық еңбек ұйымының 1948 жылғы Конвенциясына қатысушы мемлекеттерге аталған Конвенцияда көзделген кепiлдiктерге нұқсан келтiретiн заңнамалық актiлерiн қабылдау немесе заңды осы кепiлдiктерге нұқсан келтiретiндей етiп қолдану құқығын бермейдi.
      22. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсiпкерлер мен еңбеккерлердiң өздерiнiң кәсiпкерлiк қызметiн үйлестiру, ортақ мүлiктiк мүдделерiн қорғау, еңбек құқықтарына уәкiлеттiк етуге және оларды қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту, сондай-ақ әлеуметтiк, мәдени, ғылыми, бiлiм алу, қайырымдылық, басқарушылық мақсаттарға қол жеткiзу; азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау; даулар мен таластарды шешу; азаматтардың рухани және өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыру; азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру мәдениетiн және спортты дамыту; заңгерлiк көмек көрсету мақсатында, сондай-ақ қоғамдық игiлiктердi және өз мүшелерiнiң (қатысушыларының) игiлiгiн қамтамасыз етуге бағытталған өзгеде мақсаттарда бiрiгуге құқығы бар.
      Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы Заңымен қауымдастықтар бостандығы және ұйымдасу құқығын қорғауға қатысты ХЕҰ 1948 жылғы Конвенциясы ратификацияланды. Бұл Конвенция барлық еңбекшiлер мен кәсiпкерлердiң өздерiнiң таңдауы бойынша ұйым құру немесе алдын ала рұқсат алмай-ақ осындай ұйымға кiру құқығын белгiлейдi, сондай-ақ мемлекеттiк билiк тарапынан қандай да болмасын араласусыз, ұйымдар қызметi бостандығының бiрқатар кепiлдiктерiн айқындайды.
      Республика Конституциясының 5-бабының 2-тармағына сәйкес барлық қоғамдық бiрлестiктер заң алдында тең.
      Қоғамдық бiрлестiктердiң заң алдындағы теңдiгi мемлекеттердiң қоғамдық бiрлестiктердiң жарғыларына, оларды тiркеу және олардың қызметiн тоқтату тәртiбiне қоятын талаптар теңдiгiнен көрiнiс табады. Олардың барлығы өзара қарым-қатынастарында болсын, сондай-ақ қоғамдық-саяси және шаруашылық қызметiнде өздерiнiң құқықтарын жүзеге асыру кезiнде мемлекеттiк органдармен қарым-қатынастарда тең болады.
      1996 жылғы 31 мамырдағы "Қоғамдық бiрлестiктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабына сәйкес, әрбiр қоғамдық бiрлестiктiң, оның қызметiнiң мәнi мен мақсаты, мүшелiгi (қатысуы), мүшелiкке ие болудың және мүшелiктен айырылудың шарты мен тәртiбi, қоғамдық бiрлестiк мүшелерiнiң (қатысушыларының) құқықтары мен мiндеттерi, қоғамдық бiрлестiктiң ұйымдық құрылымы және т.б. мәселелер ескерiлетiн өз жарғысы болады. Жарғыда қоғамдық бiрлестiктiң қызметiне қатысты, Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн өзге де ережелер көзделуi мүмкiн.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабы 2-тармағына сәйкес мемлекеттiң қоғамдық бiрлестiктердiң iсiне және қоғамдық бiрлестiктердiң мемлекеттiң iсiне заңсыз араласуына жол берiлмейдi.
      1993 жылғы 9 сәуiрдегi " Кәсiподақтар туралы " Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрi - Заң) сәйкес барлық кәсiподақтарға теңдей құқықтық мүмкiндiктер берiледi. Кәсiптiк одақтың құрылуына кедергi жасау, сондай-ақ оның қызметiне қарсы әрекет жасау заң бойынша қудаланады.
      Кәсiподақтарға мүше болу азаматтардың заңдарда кепiлдiк берiлетiн еңбек ету, әлеуметтiк-экономикалық, саяси, жеке құқықтары мен бостандықтарына қандай да бiр шек қойылуына әкеп соқтырмайды. Еңбекшiлердiң жұмысқа қабылдануын, жұмыста жоғарылауын, сондай-ақ жұмыстан босатылуын олардың белгiлi бiр кәсiподақта болуы, оған кiруi немесе одан шығуы себебiмен байланыстыруға тыйым салынады.
      Кәсiби одақтың заңды тұлға ретiндегi құқықтық қабiлетi тiркеу сәтiнен бастап туындайды.
      Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 110-бабына сәйкес заңды тұлғалар ерiктi түрде қауымдастықтарға (одақтарға) бiрлесе алады.
      Негiзгi мақсаты - еңбекшiлердiң мүдделерiн қорғауды қамтамасыз ету болып табылатын Қазақстан Республикасы Кәсiподақтар Федерациясы, Қазақстанның Еңбек конфедерациясы, Ерiктi кәсiподақтар конфедерациясы Қазақстан Республикасындағы кәсiподақтар бiрлестiктерiн бiлдiредi.
      Қазақстан Республикасының Кәсiподақтар федерациясы 1997 жылғы қаңтарда Азаматтық кодекске сәйкес қоғамдық бiрлестiктер - заңды тұлғалар одағы мәртебесiне ие болды. Федерацияға 26 республикалық салалық кәсiптiк одақ, 14 облыстық кәсiподақ кiредi. Кәсiподақтар мүшелерiнiң саны 2 млн. 45 мың адам болып отыр.
      Қазақстанның Ерiктi кәсiподақтар конфедерациясына 1 салалық кәсiподақ, 9 облыстық кәсiподақ бiрлестiгi кiредi.
      Қазақстан Республикасы Кәсiподақтар Федерациясы, Қазақстанның Еңбек конфедерациясы, Ерiктi кәсiподақтар конфедерациясы ұйымдасқан құрылымды бiлдiредi және олардың қызметкерлер құқықтарын қорғау үшiн жеткiлiктi уәкiлеттiктерi бар, қызметкерлердiң мүддесi үшiн мемлекеттiк органдарда, қоғамдық және өзге де ұйымдарда, оның iшiнде шетелдерде өкiлдiктi жүзеге асырады, өз бiрлестiктерiнiң мүшелерiне практикалық және консультациялық көмек көрсетедi.
      Кодекстiң 298-бабы бойынша егер бiтiмгерлiк рәсiмдер арқылы ұжымдық еңбек дауын шешуге қол жеткiзiлмесе, сондай-ақ жұмыс берушi бiтiмгерлiк рәсiмдерден жалтарған не ұжымдық еңбек дауын шешу барысында қол жеткiзiлген келiсiмдi орындамаған жағдайларда қызметкерлер ереуiл өткiзу туралы шешiм қабылдай алады.
      Ереуiл өткiзу жөнiндегi шешiм қызметкерлердiң (олардың өкiлдерiнiң) жиналысында (конференциясында) ұйым қызметкерлерi жалпы санының кемiнде жартысы болғанда қабылданады және жиналысқа (конференцияға) қатысушылардың кемiнде үштен екiсi сол үшiн дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледi.
      Ереуiлге қатысу ерiктi болып табылады. Ешкiмдi ереуiлге қатысуға немесе ереуiлге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеуге болмайды. Қызметкерлердi ереуiлге қатысуға немесе ереуiлге қатысудан бас тартуға мәжбүрлейтiн тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.
      Ереуiлдi ұйымдастыру немесе оған қатысу қызметкердiң еңбек тәртiбiн бұзуы деп қаралмайды және Кодексте көзделген тәртiптiк ықпал ету шараларының қолданылуына әкеп соқпайды.
      Ереуiл кезiнде қызметкердiң жұмыс орны (лауазымы), әлеуметтiк сақтандыру бойынша жәрдемақы төлемiне құқығы, еңбек өтiлi сақталады, сондай-ақ еңбек қатынастарынан туындайтын өзге де құқықтарына кепiлдiк берiледi.
      Ереуiлдi жалақының төленбеуiне немесе уақтылы төленбеуiне байланысты өткiзуден басқа жағдайларда, ереуiлге қатысушы қызметкерлердiң ереуiл кезiндегi жалақысы сақталмайды.
      23. Әскери қызметшiлер, ұлттық қауiпсiздiк, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi және судьялар, Қазақстан Республикасы Конституциясының 23-бабының 2-тармағына сәйкес партияларға және кәсiби одақтарға мүше болуға, кез келген саяси партияларды қолдауға тиiс емес.
      Олардың мемлекет органдарының жүйесiндегi ерекше құқықтық мәртебесi, функцияларының және қызметiнiң ерекшелiгi осы конституциялық шектеудiң қажеттiлiгiн туғызады.
      "Құқық қорғау органдары" терминi негiзгi функциясы заңдылықты және құқықты қорғау, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қылмыскерлiкпен күресу болып табылатын мемлекеттiк органдарды бiлдiредi.
      Құқық қорғау органдарының қызметкерлерiне iшкi iстер, қылмыстық-атқару жүйесi, қаржы полициясы органдарында, мемлекеттiк өртке қарсы қызметте, кеден органдарында, Қазақстан Республикасы прокуратура органдарында қызметте жүрген, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес құқық қорғау қызметiн жүзеге асырып жүрген адамдар жатады.
9-бап
      Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның, әлеуметтiк қамсыздандыруды қоса алғанда, әлеуметтiк жағынан сақтандыру құқығын таниды.
      24. Зейнетақы жүйесiн реформалаумен байланысты республикада мыналар жұмыс iстейдi:
      - ынтымақты зейнетақы жүйесi - 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн
        зейнетке шыққан зейнеткерлерге, сондай-ақ 1998 жылғы 1
        қаңтардағы жағдайы бойынша алты айдан кем емес еңбек стажы
        бар жалпы белгiленген зейнеткерлiк жасқа жеткен адамдарға
        мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен негiзделген;
      - аралас зейнетақы жүйесi - бұл санатқа ынтымақты зейнетақы
        тағайындау үшiн қажеттi стажы бар, бiрақ сонымен бiр
        мезгiлде өзiнiң еңбек қызметi кезiнде (1998 жылдан бастап)
        жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жiберген зейнеткерлер
        жатады;
      - жинақтаушы зейнетақы жүйесi - жүзеге асырылып жатқан
        жарналар мен зейнетақы төлемдерi, азаматтардың өз қарттығын
        материалдық қамтамасыз етуге жеке жауапкершiлiгi арасындағы
        тiкелей қарым-қатынасын белгiлеуге негiзделген.
        Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 30 қарашадағы N 1241 қаулысымен бекiтiлген Әлеуметтiк реформаларды одан әрi тереңдетудiң 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес 2005 жылдан бастап зейнетақымен қамсыздандыру жүйесi көп деңгейлi болды:
      - бiрiншi деңгей (негiзгi) - мемлекет кепiлдiк беретiн
        әлеуметтiк төлемдердi алуға конституциялық құқықтарын iске
        асыруды қамтамасыз ететiн, республикамыздың барлық
        азаматтарына арналған мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемi;
      - екiншi деңгей (мiндеттi) - 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн
        еңбек стажы болған жағдайда ынтымақты жүйеден (мемлекеттiк
        бюджет) және мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен
        жинақтаушы зейнетақы қорларынан берiлетiн зейнетақылар;
      - үшiншi деңгей (қосымша) - ерiктi және ерiктi кәсiптiк
        зейнетақы жарналары есебiнен берiлетiн зейнетақылар.
        Ынтымақты зейнетақы жүйесiндегi басты мiндеттердiң бiрi - зейнетақылы тиiмдi арттыру.
      Ынтымақты зейнетақы жүйесiнен берiлетiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн арттыру жыл сайын зейнетақы заңнамаларының нормаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен жүргiзiледi.
      Соңғы жылдары зейнетақы төлемдерiн арттыру инфляция деңгейiнен iлгерiлеп жүзеге асырылды.
      Мәселен, 2005 жылы зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi 7,7%, 2006 жылы 8%, ал 2007 жылы 8% индекстелдi.
      Азаматтардың зейнетақы мен жәрдемақыға құқығын уақытында iске асыруды қамтамасыз ету үшiн 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу "айма ай" принципi бойынша жүзеге асырылады ("Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне әлеуметтiк қамсыздандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 4 шiлдедегi Заңы ).
      Жедел деректер бойынша 2007 жылғы 1 сәуiрдегi жағдайы бойынша ынтымақты зейнетақы алушылардың саны 1632,4 мыңнан астам адамды құрайды. 2007 жылғы 1 сәуiрдегi жағдай бойынша зейнетақы төлемдерiнiң орташа мөлшерi 10852 теңгенi, базалық зейнетақы төлемдерiн ескергенде 13852 теңгенi құрайды.
      Әлеуметтiк қамсыздандырудың үш деңгейлi құрылымын енгiзу зейнетақымен қамсыздандыру жүйесiне ғана емес және халықты әлеуметтiк қатерлер туындаған кездегi әлеуметтiк қорғау жүйесiне де әсерiн тигiздi.
      Бүгiнгi күнi республикада:
      мемлекет кепiлдiк беретiн базалық әлеуметтiк төлемдерден;
      мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудан;
      келешекте әлеуметтiк төлемдерге айналатын азаматтардың ерiктi жинақтарынан тұратын әлеуметтiк қорғау жүйесi қолданылады.
      Еңбек қабiлетiн жоғалтқан немесе асыраушысынан айрылған жағдайда еңбек стажы мен жалақысына қарамастан азаматтардың тиiстi санатына берiлетiн мүгедектiгi және асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақылар базалық әлеуметтiк төлем болып табылады.
      Әлеуметтiк реформаларды одан әрi тереңдету бағдарламаларына сәйкес мемлекеттiк шағын әлеуметтiк стандарттар жүйесiн жетiлдiру басталды: әлеуметтiк нормативтер рөлi ең төмен күнкөрiс деңгейiне бекiтiлген. 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар мөлшерi ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасына қарай есептеледi.
      Ең төмен күнкөрiс деңгейi жыл сайын тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгiленедi. "2007 жылға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының заңымен ең төмен күнкөрiс деңгейi 8861 теңге мөлшерiнде белгiлендi.
      2005 жылғы 1 қаңтардан бастап "Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес республикада негiзгi мақсаты әлеуметтiк қатерлер: еңбек қабiлетiн жоғалту, асыраушысынан және жұмысынан айрылу туындауы нәтижесiнде жоғалтқан табыс бөлiгiн өтеу жолымен халықты әлеуметтiк қорғаудың қосымша нысандарын құру болып табылатын мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесi енгiзiлдi.
      Мемлекет Басшысының 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан халқына "Жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан" Жолдауына сәйкес 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға жүктi болуы, босану және ана болу кезеңiн қосымша мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру енгiзiлетiн болады. Сонымен қатар, жүктiлiгi, босануы және бiр жасқа толғанға дейiнгi бала күтiмi жөнiндегi демалыс кезiнде жұмыс iстейтiн әйелдердiң зейнетақы жинақтарын көбейту үшiн жаңадан енгiзiлген әлеуметтiк қатерлер бойынша берiлетiн әлеуметтiк төлемдерден жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналары ұсталатын болады.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2007 жылғы 28 ақпанда айтылған Жолдауын iске асыруда қазiргi уақытта "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне әлеуметтiк қамсыздандыру және еңбек мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Парламентке жолданды.
      Осы Заңның жобасымен 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап:
      1) зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн ескерiлетiн табысты шектеудi 15 еселенгеннен 25 еселенген айлық есептiк көрсеткiшке (бұдан әрi - АЕК) дейiн көбейту;
      2) мемлекеттiк базалық зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнен 40% деңгейiне арттыру;
      3) зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн тұтыну бағалары индексiнiң болжамды өсiмiнен екi процентке iлгерiлеп индекстеудi жүзеге асыру;
      4) зиянды және ауыр өндiрiстерде жұмыс iстеген адамдар үшiн 8 АЕК мөлшерiнде N 2 тiзiм бойынша мемлекеттiк арнайы жәрдемақы енгiзу;
      5) жұмысшы әйелдер үшiн жүктi болуын, босануын және бiр жасқа толғанға дейiн бала күтiмi жағдайларында мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруды енгiзу көзделедi.
      "Халықтың көшi-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 29-2-бабының 1-тармағына сәйкес халықты әлеуметтiк қорғау мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган оралмандарға:
      Қазақстан Республикасы заңнамасына немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес зейнетақы төлемiн;
      Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты жәрдемақы төлемiн;
      "Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес арнаулы мемлекеттiк жәрдемақы төлемiн қамтамасыз етедi.
      Сонымен қатар, жоғарыда көрсетiлген Заңның 29-3-бабы 1-тармағына сәйкес, жергiлiктi атқарушы органдар оралмандардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тегiн медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн алуын, "Мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес мемлекеттiк атаулы көмек көрсетiлуiн қамтамасыз етедi.
      Әлеуметтiк саладағы проблемалар, бұдан бұрын мемлекет әлеуметтiк салаға арналған (бiлiм беру, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру және т.б.) шығыстардың басым бөлiгiн өз мойнына алуымен, және әдетте бұл жеңiлдiктермен азаматтардың материалдық әл-ауқаты ескерiлмей, барша халықтың қамтылуымен түсiндiрiлсе, нарықтық қарым-қатынастарға ауысқан кезде, әлеуметтiк саладағы құқық қорғау проблемасы да күрделене түстi, өйткенi көптеген қызметтерге халықтың кедей тобының қолы жетпейтiн жағдайға жеттi. Өтiнiштерге қарағанда, мүгедектердiң құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөнiндегi тиiмдi механизмдердiң iс жүзiнде болмауы, мемлекеттiк органдардың әрекетсiздiгi мен енжарлық ұстанымы олардың шағымдарын шешуге кедергi келтiретiн маңызды проблемалар болып табылады. Уәкiлеттi органның атына "Ауғанстандағы соғыс ардагерлерiнiң Қарағанды облыстық ұйымы" қоғамдық ұйымынан протездiк-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекшi құралдармен қамтамасыз ету мәселелерi көтерiлген өтiнiш келiп түстi. Бұған қоса, кемтар балалар құқықтарының бұзылуын дәлелдейтiн өтiнiштердiң түсуi жалғасуда.
      Институт жұмыс iстеп тұрған кезеңде, мүмкiндiктерi шектеулi адамдардың құқықтарын сақтау мониторингiн жүзеге асыру мақсатында Уәкiл Қазақстанның барлық өңiрлерiн аралайды.
      Интернат-үйлер қызметiндегi негiзгi проблема - қаржыландыру көлемiнiң аздығы болып табылады, ал ол өз кезегiнде мекемелердi жиһазбен, арнайы қондырғылармен, төсек-орын жабдығымен және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге керi әсер етедi.
      Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл интернат-үйлерге барған кезде жасырын сауалнама жүргiзiледi, оның барысында өздерiнiң құқықтары мен бостандықтары бар екенiн интернат-үйлердiң қамқорлығындағылардың 95% бiлетiнi, ал 5% - жауап беруге қиналатындығы белгiлi болды. 70% - өздерiнiң құқықтары бар екенiн мекеме қызметкерлерiнен, 25% - бұқаралық ақпарат құралдарынан, қалғандары - басқа да дерек көздерiнен бiледi екен.
      Қазақстан Республикасы Үкiметi соңғы жылдары қабылдаған бiрқатар шаралар зейнетақы және әлеуметтiк төлем алушылардың өмiр сүру жағдайының жақсаруына мүмкiндiк бердi. 2006 жылы Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлге зейнетақы, жәрдемақы, материалдық көмек, өтемақы, әлеуметтiк жеңiлдiктер, мүгедектер және әскери қызметшiлердiң құқығы, сондай-ақ басқа да әлеуметтiк қамсыздандыру мәселелерi жөнiндегi өтiнiштердiң саны (өтiнiштердiң жалпы санынан 6,45%) азайған.
      2007 жылы әлеуметтiк қамсыздандыру және әлеуметтiк жәрдем шығыстары IЖӨ 4,0% құрайды (IЖӨ 12 464,1 млрд. теңгенi, әлеуметтiк қамсыздандыру және әлеуметтiк жәрдем шығыстары 503,4 млрд. теңгенi құрады).
      Осыдан 10 жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда (Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгiнiң "Қазақстандағы халықтың өмiр сүру деңгейi" деректерi, 20-парағы бойынша 1997 жылы - әлеуметтiк қамсыздандыру шығыстары IЖӨ 1,6% құраған) әлеуметтiк қамсыздандыру шығыстары өскен. Бұл зейнетақы және әлеуметтiк төлем алушылардың өмiр сүру деңгейiн арттыру жөнiнде қабылданған шараларды көрсетiп отыр.
      2007-2009 жылдары зейнетақы және әлеуметтiк қамсыздандыру мәселелерi жөнiндегi қолданыстағы заңнаманы жетiлдiру жөнiндегi жұмыс жалғасатын болады.
10-бап
      Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер:
      1. Қоғамның табиғи және негiзгi ұясы болып табылатын отбасына, әсiресе, жаңа шаңырақ көтерген тұста және жас балаларына қамқорлық жасау мен олардың тәрбиесiне жауапкершiлiк жүктелген кезде, мүмкiндiгiнше барынша кең ауқымды қорғау мен жәрдем көрсетiлуi қажет екендiгiн таниды. Неке екi жақтың өзара еркiн келiсiмi бойынша қиылуы тиiс.
      2. Аналарға, бала туғанға дейiнгi және одан кейiнгi тиiстi уақыт iшiнде айрықша қамқорлық көрсетiлуi тиiс. Жұмыс iстейтiн аналарға осы мерзiм iшiнде ақылы демалыс немесе әлеуметтiк қамсыздандыру бойынша жеткiлiктi жәрдемақылық демалыс берiлуi тиiс.
      3. Барлық балалар мен жасөспiрiмдерге шығу тегiне байланысты немесе өзге бiр белгiсi бойынша қандай да болмасын кемсiтусiз қорғау мен жәрдемнiң ерекше шаралары қабылдануға тиiс. Балалар мен жасөспiрiмдер экономикалық және әлеуметтiк қанаудан қорғалуы тиiс. Олардың еңбегiн имандылығы мен денсаулығына немесе қалыпты өсiп-жетiлуiне зиян келтiретiн немесе өмiрiне қауiп төндiретiн салаларда пайдалану заң жүзiнде жазалануға тиiс. Бұдан басқа, мемлекеттер жас мөлшерi шегiн белгiлеуге тиiс, ал одан жасы төмен баланың ақылы еңбегiн пайдалануға заң бойынша тыйым салынады және жазаға тартылады.
      25. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабына сәйкес неке мен отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттiң қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың табиғи құқығы әрi мiндетi болып табылады. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
      Көрсетiлген конституциялық ережелер 1998 жылдың 17 желтоқсандағы "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында ары қарай өрбiтiледi. Осы заңның 2-бабы неке және отбасының мынадай: еркек пен әйелдiң неке одағының ерiктiлiгi; ерлi-зайыптылардың отбасы құқықтарының теңдiгi; балаларды отбасында тәрбиелеудiң артықшылығы, олардың өсiп-жетiлуiне және әл-ауқатты болуына қамқорлық жасау; отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабiлетсiз мүшелерiнiң құқықтары мен мүдделерiнiң басым қорғау қағидаттарын айқындайды.
      Мемлекеттiк азаматтық хал актiлерiн жазу органдарында қиылған неке ғана танылады. Некеге тұруы кезiнде және отбасылық қатынастарда әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық тiл және дiни белгiлерi бойынша азаматтардың құқықтарын шектеудiң кез келген нысандарына тыйым салынады. Азаматтардың неке-отбасы қатынастардағы құқықтары тек заң негiзiнде және отбасы мүшелерiнiң денсаулығын, адамгершiлiгiн, құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, сондай шамада ғана шектелуi мүмкiн.
      Некеге тұру шарттары некеге тұрып жатқан ер адам мен әйелдiң ерiктi келiсiмi және олардың неке жасына жетуi болып табылады.
      Кодекстiң 188-бабына сәйкес бiр жарым жасқа дейiнгi баласы бар жұмысшы әйелдерге (бала асырап алған әйелдерге, еркектерге) тынығуға, тамақтануға, баланы (балаларды) тамақтандыруына әр үш сағат сайын мынадай ұзақтығы төмендегiдей:
      1) бiр баласы барларға - әрбiр үзiлiсi отыз минуттан кем емес;
      2) екi немесе одан да көп баласы барларға - әрбiр үзiлiсi бiр сағаттан кем емес арнаулы үзiлiстер берiледi.
      Баланы (балаларды) тамақтандыру үшiн берiлген үзiлiстер жұмыс уақытына есептеледi. Әйелдерге (бала асырап алған әйелдерге, еркектерге) үзiлiс уақытында орташа жалақысы сақталады.
      Кодекстiң 193-бабына сәйкес әйелдерге жүктiлiгi және босануы жөнiнде босанғанға дейiн жетпiс күнтiзбелiк күнге, босанғаннан кейiн елу алты (ауыр босанған немесе екi немесе одан да көп бала туған жағдайда - жетпiс күн) күнтiзбелiк күнге демалыс берiледi. Демалысты есептеу сомалап жүргiзiледi және демалыс әйелдiң ұйымда жұмыс iстеу ұзақтығына қарамастан, жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен жүктiлiгi және босануы жөнiндегi жәрдемақы төлене отырып, нақты пайдаланған күндерiнiң санына қарамастан толық берiледi. Жүктiлiгi және босануына байланысты берiлетiн жәрдемақының мөлшерi орташа жалақы есебiнен төленедi.
      Жаңа туған нәрестелердi тiкелей перзентханадан асырап алған әйелге (еркекке) бала асырап алған күннен, сәбидiң дүниеге келген күнiнен бастап елу алты күн толғанға дейiнгi кезеңге (ата-анасының бiреуiне) демалыс берiлiп, оның ұйымда жұмыс iстеу ұзақтығына қарамастан жұмыс берушiнiң қаражаты есебiнен жәрдемақы төленедi.
      Жүктiлiгi және босануы жөнiндегi демалыстан басқа әйел, өзiнiң өтiнiшi бойынша бала үш жасқа толғанға дейiн оған күтiм жасау жөнiнде жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс алуына болады. Қосымша демалыс уақыты iшiнде оның жұмыс орны (қызметi) сақталады.
      Жаңа туған нәрестелердi тiкелей перзентханадан асырап алған әйелдiң өтiнiшi бойынша (еркек) сәби үш жасқа толғанға дейiн оған күтiм жасау үшiн жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс берiлiп, осы кезеңде оның жұмыс орны (қызметi) сақталады. Бұл демалысты сәби үш жасқа толғанға дейiн кез келген уақытта толық немесе бөлiп пайдалануға болады.
      Бұған қоса, Қазақстандағы ана мен баланы әлеуметтiк қолдаудың қазiргi заманғы жүйесi:
      - бала тууына байланысты берiлетiн бiржолғы мемлекеттiк жәрдемақы төлемiн (15 еселенген айлық есептiк көрсеткiш (АЕК) мөлшерiнде, бұл 2007 жылы 16380 теңгенi немесе 136,5$ құрайды);
      - табыс деңгейiне және жұмыспен қамтылу мәртебесiне қарамастан бала бiр жасқа толғанға дейiн барлық отбасыларға оның күтiмiне байланысты берiлетiн ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақы төлемiн (ай сайынғы жәрдемақы мөлшерi бала санына байланысты 3,0 АЕК-тен (3276 теңге, 27,3$) 4,5 АЕК-ке дейiн (4914 теңге 41,0$);
      - аз қамтылған отбасылардағы 18 жасқа дейiнгi балаларға айына 1 АЕК мөлшерiнде жәрдемақы берудi (1092 теңге, 9,1$);
      - көп балалы аналарға берiлетiн ай сайынғы арнайы мемлекеттiк жәрдемақы төлемiн (4259 теңге, 35,5 $);
      - атаулы әлеуметтiк көмек көрсетудi қамтиды.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2007 жылғы 28 ақпандағы Жолдауына сәйкес 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
      бала тууына байланысты жәрдемақы 30 АЕК-ке дейiн (35 040 теңге, 292$);
      бала күтiмi жөнiндегi жәрдемақы мөлшерi 2 АЕК-ке артады, яғни жәрдемақы мөлшерi 5 АЕК-тен (5840 теңге, 48,7$) 6,5 АЕК-ке дейiн (7592 теңге, 63,3$) өзгеретiн болады.
      2008 жылғы 1 қаңтардан бастап жүктiлiктi, тууды және ана болуды әлеуметтiк сақтандыруды енгiзiлу көзделген. Осыған байланысты, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыруға қатысушы адамдарға бала күтiмiне байланысты орташа айлық еңбекақысының 40% мөлшерiнде жәрдемақы төлемi жүргiзiледi.
      Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексiнiң 30-бабына сәйкес он алты жасқа толған адамдармен жеке еңбек шартын жасасуға жол берiледi. Ата-анасының немесе қорғаншысының, қамқоршысының жазбаша келiсiммен:
      1) жалпы бiлiм беретiн оқу орнында орта бiлiм алған жағдайда, он бес жасқа толған азаматтармен;
      2) оқудан бос уақытында денсаулығына зиян келтiрмейтiн және оқу процесiн бұзбайтын жұмысты орындау үшiн он төрт жасқа толған оқушымен;
      3) он төрт жасқа толған оқушылармен, кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерттiк ұйымдарда, цирктерде, денсаулығына және адамгершiлiк қасиеттерiнiң дамуына нұқсан келтiрмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға жеке еңбек шарты, 2) тармақшада айқындалған шарттарды сақтай отырып жасалуы мүмкiн.
      Мұндай жағдайларда кәмелетке толмаған тұлғамен қатар, еңбек шартына оның ата-анасының бiреуi, қорғаншысының, қамқоршысының немесе асырап алушының бiреуi қол қояды.
      Кодекстiң 179-бабына сәйкес 18 жасқа толмаған адамдардың еңбегiн ауыр қол еңбегi мен еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауiптi жұмыстарға, сондай-ақ оларды орындау денсаулығына және адамгершiлiк қасиеттерiнiң дамуына нұқсан келтiруi мүмкiн жұмыстарда (ойын бизнесi, түнгi көңiл көтеру мекемелерiнде, алкогольдi, темекi өнiмдерiн нашақорлық өнiмдердi, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндiру, тасымалдау және сату) пайдалануға жол берiлмейдi.
      Кодексте он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шарттары мiндеттi алдын ала медициналық тексеруден кейiн ғана жасалады деп көзделген.
      Олар үшiн жұмыс уақытының ұзақтығы:
      1) он төрт жастан он алты жасқа дейiнгi қызметкерлер үшiн - аптасына 24 сағаттан аспайтын;
      2) он алтыдан он сегiз жасқа дейiн - аптасына 36 сағаттан аспайтын;
      3) бiлiм беру ұйымдарының, оқу жылы iшiнде оқуын жұмыспен ұштастырып жүрген он төрт жастан он алты жасқа дейiнгi оқушыларына - күнiне 2,5 сағат, он алты жастан он сегiз жасқа дейiнгi оқушыларына - күнiне 3,5 сағат.
      Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 26 желтоқсандағы Заңымен Халықаралық Еңбек Ұйымының (әрi қарай ХЕҰ) балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiне тыйым салу және жедел жою туралы Конвенциясы ратификацияланды.
      Осы Конвенцияны ратификациялаумен байланысты Қазақстан Республикасы қабылдаған мiндеттемелердi iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi жұмыс берушiлер мен кәсiподақ, сондай-ақ үкiметтiк емес ұйымдар өкiлдерiн тарта отырып Қазақстанда балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiн жою жөнiндегi iс-шараларды айқындады.
      2005 жылы ХЕҰ балалар еңбегiн жою жөнiндегi үш жылдық бағдарламасын (ИПЕК) iске асыру басталды. 2005 жылғы 26 желтоқсанда балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiн жою жөнiндегi ХЕҰ өңiрлiк жобасы шеңберiндегi және Қазақстан Республикасында ХЕҰ N 182 Конвенциясын iске асыру жөнiндегi Бiрлескен жұмыс жоспары бекiтiлдi.
      Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрiнiң 2006 жылғы 31 наурыздағы N 73-ө бұйрығымен Балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерiмен күресу жөнiндегi Үйлестiру кеңесi құрылды.
      Қазiргi уақытта жоба шеңберiнде балалар еңбегiнiң ең нашар түрлерi жөнiнде халықтың хабардар болуын арттыру, Қазақстандағы оның ауқымы мен ерекшелiктерi жөнiнде шынайы деректер алу үшiн зерттеу және осы ақпаратты барлық мүдделi адамдар мен ұйымдардың арасында тарату жөнiнде жұмыс жүргiзiлуде.
11-бап
      1. Осы пактiге қатысушы мемлекеттер әркiмнiң өзi және отбасының жеткiлiктi тамақтануын, киiмi мен баспанасын қамтитын, жеткiлiктi тұрмыс деңгейiнде өмiр сүру және тұрмыс жағдайын үздiксiз жақсарту құқығын таниды. Қатысушы мемлекеттер, бұл ретте еркiн келiсiмге негiзделген халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенiн тани отырып, осы құқықтың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшiн тиiстi шаралар қабылдайды.
      2. Осы пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның аштықтан бостандығы негiзгi құқығын тани отырып, жеке өзi және нақты бағдарламалардың жүргiзiлуiн көздейтiн халықаралық ынтымақтастық тәртiбiнде:
      а) техникалық және ғылыми бiлiмдi кезiнен қолдану жолымен азық-түлiктi өндiру, сақтау және тарату әдiстерiн жақсарту, табиғи ресурстарды неғұрлым тиiмдi игерiп, пайдалану үшiн тамақтану принциптерi мен аграрлық жүйенi жетiлдiру немесе реформалау туралы бiлiмдi тарату үшiн;
      б) азық-түлiк өнiмдерiн экспорттаушы, сонымен қатар импорттаушы елдердiң қажеттiлiктерiне сәйкес және олардың проблемаларын ескере отырып, дүниежүзiлiк азық-түлiк қорының әдiл бөлiнуiн қамтамасыз ету үшiн қажеттi шаралар қабылдауға тиiс.
      26. Көрсетiлген бап "жеткiлiктi өмiр сүру деңгейi" ұғымының пайдаланылуын қарастырады.
      Өмiр сүру деңгейi - физикалық, рухани және әлеуметтiк қажеттiлiктердiң даму деңгейiн, олардың қанағаттандырылу деңгейiн, сондай-ақ, осы қажеттiлiктердi дамыту және қанағаттандыру үшiн қоғамда жасалған жағдайды бейнелейтiн күрделi кешендi әлеуметтiк-экономикалық санат болып табылады.
      Сөйтiп, өмiр сүру деңгейi мемлекеттiң сапалы бiлiм алу қызметтерiне, әлеуметтiк және зейнетақымен қамсыздандыруға, медициналық қызметтерге қол жетiмдiлiктi қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамда мәдениеттi және ақпараттық кеңiстiктi дамыту үшiн жағдай жасауға жол ашу арқылы қатысуын қарастырады.
      Соңғы төрт жылда бiлiм беруге арналған шығыстар 3 еседен астам артты, егер 2004 жылы республикалық бюджеттiң бiлiм беруге арналған шығыстары 39,4 млрд. теңгенi құраса, 2006 жылы 101,9 млрд. теңге бөлiндi, ал 2007 жылы 127,4 млрд. теңге сомасында көзделген.
      2005 жылдың 1 қыркүйегiнен бастап бюджеттен бiлiм беру несиелерiнiң есебiнен бiлiм беруге арналған гранттардың мөлшерiн 50% арттыру жолымен студенттердi оқытуды қаржыландырудың бiрыңғай жүйесi, сонымен катар осы несиелердiң қайтарылуына мемлекет кепiлдiгiн қамтамасыз ете отырып, екiншi деңгейдегi банктер арқылы студенттерге несиелендiрудiң осы заманғы жүйесi құрылды.
      Несиелердi мемлекеттiк кепiлдендiру жүйесiн iске асыру мақсатында студенттерге таяудағы 5 жыл iшiнде шамамен қосымша 2 млрд. теңге бөлiнетiн болады.
      2005 жылдың 1 шiлдесiнен бастап үздiк оқып жүрген жастарды қолдау мақсатында жоғары оқу орны студенттерiнiң, сондай-ақ орта кәсiптiк бiлiм беру ұйымдары оқушыларына берiлетiн шәкiртақы мөлшерi екi еседен астам өсiрiлдi.
      2007 жылы мемлекеттiк бiлiм беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға және күрделi жөндеуден өткiзуге, сондай-ақ мемлекеттiк орта бiлiм беру мекемелерi үшiн лингафон және мультимедиа кабинеттерiн кезең-кезеңiмен сатып алуды жүзеге асыруға мемлекеттiк бюджеттен 17,3 млрд. теңге, қалалар мен облыс орталықтарында бiлiм беру нысандарының құрылысына - 21,8 млрд. теңге бөлiнетiн болады.
      Әлеуметтiк ахуалдан хабардар бола отырып, мемлекет бұдан әрi де денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулi назар аударуға ниет етiп отыр.
      Соңғы жылдары оны қаржыландыру едәуiр арттырылды (соңғы 5 жылда 3 есеге), және саланы одан әрi дамыту перспективалары жасалған.
      Елдегi тұрақты экономикалық өсу Қазақстан Республикасының Үкiметiне халықты әлеуметтiк қорғауды дамытуға арналған шығыстарды көбейту арқылы саясаттың әлеуметтiк бағыттылығын жалғастыруға мүмкiндiк бередi.
      Қазақстандағы қазiргi қолданылып жүрген әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесi мемлекеттiң қатысуының басымдығымен ерекшеленедi. Зейнеткерлердi, мүгедектердi, асыраушысынан айрылған адамдарды, және халықтың өзге де санаттарын әлеуметтiк қамсыздандыру мемлекеттiк бюджет есебiнен жүзеге асырылып отыр. Егер әлеуметтiк қамсыздандыру және әлеуметтiк жәрдем шығыстары 2000 жылы 171,1 млрд. теңгенi құраса, ал 2007 жылы бұл мақсаттарға 503,4 млрд. теңге бағыттау қарастырылуда.
      Бұл халықтың табысының едәуiр көбеюiне жол ашады, бұған әлеуметтiк индикаторлардың өсуi: зейнетақы мөлшерi, ең төмен жалақы мөлшерi, күнкөрiстiң ең төмен деңгейi дәлел.
      Конституцияның 28-бабына сәйкес азаматтарға жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшерiне, жасына байланысты, ауырған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негiздерде әлеуметтiк қамсыздандырылуға кепiлдiк берiледi.
      Халықты әлеуметтiк қорғаудың негiзгi мiндеттерiнiң бiрi адамды конституциялық құқықтармен және ең төмен кепiлдiктермен қамтамасыз ету болып табылады.
      2006 жылдан бастап ең төмен айлық жалақының, базалық әлеуметтiк төлемдердiң - мүгедектiгi бойынша, асыраушысынан айырылған жағдайда және жасына байланысты жәрдемақылардың мөлшерiн белгiлеу үшiн әлеуметтiк базалық индикатор ретiнде ең төмен күнкөрiс деңгейi заңды түрде айқындалды.
      Бұған қоса, ең төмен күнкөрiс деңгейi өмiр сүру деңгейiн бағалау, әлеуметтiк саясат бағытын айқындау және халықты әлеуметтiк қолдау жөнiндегi шараларды жүзеге асыру үшiн қолданылады. Мәселен, атаулы әлеуметтiк көмек берудiң критерийi ретiнде кедейлiк шегi (ең төмен кедейшiлiк деңгейiнiң 40% мөлшерiнде), 18 жасқа дейiнгi балаларға жәрдемақы төлеу кезiнде азық-түлiк себетiнiң құны (ең төмен кедейшiлiк деңгейiнiң 60%) пайдаланылады.
      Ең төмен күнкөрiс деңгейiн есептеу әдiстемесiн жетiлдiру және оны халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында ҚР Еңбекминi ЮНИСЕФ және ПРООН сияқты халықаралық ұйымдармен белсендi және тығыз ынтымақтастықта жұмыс iстеуде.
      Соңғы жылдары жоғарыда аталған ұйымдар өкiлдiктерiнiң жәрдемiмен және белсендi қатысуымен ҚР Еңбек министрлiгi "Қазақстандағы әлеуметтiк салаға кешендi қадам" (2003), "Қазақстандағы кедейлiктi төмендету" (2004) сияқты бiрлескен жобаларын, "Қазақстан Республикасындағы кедейлiк және әлеуметтiк стандарттар: ең төмен күнкөрiс деңгейiн айқындау әдiстемесiн жетiлдiру тәсiлдерi" семинарын, "Қазақстан Республикасында әлеуметтiк реформаларды одан әрi тереңдетудiң 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламалары" (2004) тұсау кесерiн, "Қазақстан Республикасында әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiн жетiлдiрудiң өзектi мәселелерi", "Әлеуметтiк реформаларды одан әрi тереңдету: ең төмен әлеуметтiк стандарттар жүйесiн жетiлдiру, ана мен баланы қолдау жүйесi" (2005) семинарларын ұйымдастырып, өткiздi.
      Ең төмен күнкөрiс деңгейiн жетiлдiру жөнiнде атқарылған жұмыс нәтижелерi негiзiнде 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап:
      Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрiнiң мiндетiн атқарушы мен Қазақстан Республикасы Статистика агенттiгi төрағасының бiрлескен бұйрығымен бекiтiлген ең төмен күнкөрiс деңгейiн есептеудiң жаңа әдiстемесi қолданылады, осыған сәйкес ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң азық-түлiктiк және азық-түлiктiк емес бөлiктерi 60%-дың 40%-ға ара қатынасымен бекiтiлдi;
      азық-түлiк себетiн жан басына шаққанда күнiне 2175 ккал деңгейiндегi калорийдi тұтынуды қамтамасыз ететiн өнiмдердiң 43 түрiнен тұрады, бұл Бүкiлдүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы талаптарына сәйкес келедi.
      Ең төмен күнкөрiс деңгейiн айқындаудың әдiстемесiн жетiлдiру оның мөлшерiнiң үш есеге артуына әкелдi.
      Қазiргi уақытта ең төмен күнкөрiс деңгейiн жетiлдiру жөнiндегi жұмыстар ПРООН-мен бiрлесе отырып жасалып жатқан ғылыми зерттеулер аясында жалғасуда.
      2005 жылғы 13 сәуiрiнде "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрi - заң) қабылданды, ол мүгедектердi әлеуметтiк қорғауды қамтамасыз етудiң, олардың тiршiлiк-тынысы мен қоғаммен етене араласуы үшiн теңдей мүмкiндiктер жасаудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шарттарын айқындайды.
      Заңға сәйкес мүгедектердi әлеуметтiк қорғау әлеуметтiк көмек көрсету, медициналық, әлеуметтiк, кәсiптiк оңалту, бiлiм беру және олардың қоғам өмiрiне басқа азаматтармен бiрдей қатысуына мүмкiндiктер жасауға бағытталған өзге де шаралар арқылы қамтамасыз етiледi.
      Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысының дамуы ынталандыру Үкiмет қызметiнiң басты бағыттары болып табылады және жалпы ұлттық сипаттағы неғұрлым маңызды мiндеттердiң бiрi ретiнде танылған.
      Конституцияның 25-бабы азаматтардың тұрғын үйге қол сұқпауды белгiлейдi. Сот шешiмi бойынша болмаса, өзге жағдайда тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге кiруге, оны қарауға және тiнту жүргiзуге заңда белгiленген жағдайлар мен тәртiпте ғана жол берiледi. Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасалуда. Заңда көрсетiлген, тұрғын үйге мұқтаж азаматтар санаттарына мемлекеттiк тұрғын үй қорынан заңда белгiленген нормаға сәйкес, қол жетерлiк бағамен тұрғын үй берiледi.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2004 жылғы 11 маусымдағы N 1388 Жарлығымен 2005-2007 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы (бұдан әрi - Мембағдарлама) бекiтiлдi.
      Мембағдарламаның негiзгi мақсаты - халықтың қалың тобының тұрғын үйге деген қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ететiн тұрғын үй құрылысын дамыту проблемаларын кешендi түрде шешу, ұсыныс жағынан, соншалықты сұраныс жағынан да толыққанды теңгерiмделген тұрғын үй нарығын құру, прогрессивтi несиелендiру түрлерiн дамыту арқылы халықтың тұрғын үйдi сатып алуына және салуына жағдай жасау. Мемлекеттiң мiндетi халықтың тұрғын үйге деген қол жетiмдiлiгiн оның құнын арзандату, ипотекалық несиелердiң мерзiмдерiн ұлғайту, бастапқы жарналарды және несиелендiру мөлшерлемелерiн төмендету арқылы қамтамасыз ететiн нарықтық механизмдердi дамыту үшiн құқықтық база мен нормативтiк кесiмдер әзiрлеуден тұрады. Елбасы өзiнiң 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында Қазақстанның әлемнiң бәсекеге барынша қабiлеттi және қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттер қатарына енуiнiң негiзгi басымдықтарының бiрi ретiнде тұрғын үй құрылысын және жылжымайтын мүлiк нарығын дамыту мәселесiн атап өттi.
      Қазақстан Республикасының Статистика агенттiгiнiң ақпараты бойынша 2007 жылдың қаңтар - мамыр айлары аралығында бүкiл қаржыландыру көздерi бойынша тұрғын үй құрылысына 162,4 млрд. теңге немесе 2006 жылдың осындай кезеңiне қарағанда 162% инвестициялар бөлiнген. Пайдалануға жалпы ауқымы 3,0 млн. шаршы метр тұрғын үйлер енгiзiлдi, ол болса, өткен жылдың сондай кезеңiне қарағанда 1,56 есе артық.
      Жеке инвесторлар мен халық тарапынан жалпы ауқымы 2,8 млн. шаршы метрдi құрайтын немесе өткен жылдың бес айындағы деңгейiне қарағанда 163% салынбаған жеке тұрғын үйлердi пайдалануға енгiздi. Оның iшiнде тұрғындар 2,2 млн. шаршы метр үй салған, ол болса пайдалануға енгiзiлген тұрғын үйдiң жалпы көлемiнiң 75% құрайды.
      Мембағдарлама басталғаннан берi республикалық бюджеттен 18,9 млрд. теңге көлемiнде жолданған мақсатты трансферттер арқылы 434,0 мың коммуналдық тұрғын үй (5284 пәтер), оның iшiнде өткен жылдың есептi кезеңiнде 39,6 мың шаршы метр (532 пәтер) салынды. Коммуналдық тұрғын үйдi енгiзу жөнiндегi тапсырма республиканың тоғыз өңiрiнде мерзiмiнен бұрын орындалды.
      Тұрғын үй құрылысы 98,46 млрд. теңге көлемiнде бөлiнген несиелiк қаражат есебiнен салынуда, оның iшiнде 2007 жылы 22,0 млрд. теңге бөлiндi. 2005-2006 жылдары аралығында 1618,7 мың шаршы метр несиелiк тұрғын үй енгiзiлдi (17878 пәтер), ол болса енгiзуге көзделген тұрғын үйдiң 117% құрады. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында көлемi 57,9 мың шаршы метр несиелiк тұрғын үй салынды (724 пәтер).
      Мембағдарлама iске асырыла басталғаннан берi несиелiк тұрғын үй сатып алуға 84 өтiнiш берiлдi. Төлем қабiлеттiлiгi жөнiндегi растамаларды 45 мыңнан астам сатып алушылар табыс еттi, ол болса пайдалануға тапсырылған пәтерлерден 2,5 есе артық. Республиканың барлық өңiрлерiнде осындай тұрғын үйге деген расталған зор сұраныс байқалуда.
      Несиелiк пәтерлердi iске асырудан жергiлiктi атқарушы органдардың бюджеттерiне 47,2 млрд. теңге түстi. Олардың iшiнен 2006 жылдың 1 шiлдесiне дейiн 2004 жасалған несиелiк шарттарға сәйкес республикалық бюджетке 12,48 млрд. теңге қайтарылды.
      Елбасының 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауындағы жеке тұрғын үй құрылысын ауқымды көлемде дамыту үшiн стимулдар жасауға қатысты тапсырмаларын iске асыру мақсатында республикада жер учаскелерiн беру процедураларын жетiлдiру және республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер арқылы тұрғын үйлер салынып жатқан аудандарды инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар атқарылуда.
      Тұрғын үйдiң бiр шаршы метрi құрылысының құнын төмендету үшiн 2006 жылы республикалық бюджеттен тұрғын үйлердiң құрылысын жүргiзу кезiнде инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға және орнатуға 20 млрд. теңге бөлiнсе, үстiмiздегi жылы 30 млрд. теңге жолданып отыр.
      Қазақстан Республикасының Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң ақпараты бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiн сатып алуға 584,3 мың өтiнiш берiлiп, 174,8 мың (30%) учаске бөлiндi. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң жер учаскелерiн берудiң жеңiлдетiлген тәртiбiн көздейтiн "Жеке тұрғын үй құрылысы үшiн жер учаскелерiне құқық беру ережесiн бекiту туралы" 2006 жылғы 1 тамыздағы N 726 қаулысы қабылданды.
      Бастапқыда Мембағдарлама бойынша үш жыл iшiнде пайдалануға жалпы ауқымы 12 млн. шаршы метрдi құрайтын тұрғын үй енгiзу көзделгенiн атап өткен жөн. Бүгiнгi таңдағы iс жүзiндегi нәтижелер 14,2 млн. шаршы метрдi құрады, яғни үш жылдық бағдарламаның тапсырмасы iс жүзiнде екi жылда орындалып отыр.
      Республикада тұрғын үй құрылысын ипотекалық несиелендiру және тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйелерiн жетiлдiру жөнiндегi жұмыс жүргiзiлiп жатыр.
      "Қазақстандық ипотекалық компания" АҚ Арнайы бағдарламасына Мембағдарлама аясында берiлетiн арзан тұрғын үйдi ипотекалық несиелендiру бойынша комиссиялық салымдардың төмендетiлуiн және азаматтардың төлем қабiлеттiлiгiнiң тегiн алдын-ала сарапталуын және консультациялардың берiлуiн көздейтiн өзгерiстер енгiзiлген. Сондай-ақ, заемшыларға арналған сақтандыру шарттары мен олардың негiзiнде заемшының несие алуға қажеттi шектi отбасылық табысының ең төмен деңгейi анықталатын бiрқатар нормативтер қайта қаралды. Қолданылған шаралар азаматтардың ипотекалық несиелердi рәсiмдеуге жұмсайтын шығындарын едәуiр төмендеттi және осының арқасында халықтың Мембағдарлама шеңберiнде салынып жатқан тұрғын үйдi сатып алу үшiн ипотекалық несие алуына қол жеткiзу жөнiндегi мүмкiндiктерiн кеңейте түсiрдi.
      "Қазақстандық ипотекалық компания" АҚ ақпараты бойынша 2007 жылдың 1 сәуiрiне 31 мыңнан астам азаматқа 81,6 млрд. теңгеге жуық сомаға тұрғын үй сатып алуға ипотекалық несиелер берiлдi.
      Қаржы министрлiгi жанында құрылған жұмыс тобы "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне тұрғын үй жинақтары мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасын әзiрледi. Аталмыш заң бойынша осы жүйе арқылы тұрғын үй сатып алудың шарттары жетiлдiрiледi.
      2007 жылдың 1 мамырына қалыптасқан жағдай бойынша "Қазақстанның тұрғын үй құрылысы жинақ банкi" АҚ 34 млрд. теңгеден астам сомаға тұрғын үй құрылысы жинақтары туралы 45 мың шарттар жасасқан. Тұрғын үй құрылысы жинақтары туралы шарттардың басым бөлiгi Алматы және Астана қалаларында жасалған (тиiсiнше 15 және 11,7 %). Жилстройсбербанктiң қызметтерi Оңтүстiк Қазақстан (6,7%), Қостанай (6,7%), Павлодар (6,9%), Ақтөбе (9,0%), Шығыс Қазақстан (9,3%) облыстарында қарқынды қолданыла бастады.
      2007 жылдың 1 маусымына "Қазақстандық ипотекалық несиелердi кепiлдендiру" АҚ (бұдан әрi - Қор) 31,35 млрд. теңге тұрғын үй ипотекалық займдар сомасына 10501 кепiлдiктер бердi, оның iшiнде Компанияның Арнайы бағдарламасы бойынша - 22, 86 млрд. теңге сомасына 8965 кепiлдiк берiлдi. Осы бағдарлама бойынша берiлген кепiлдiктердiң жалпы санынан кепiлдiктердiң үлес салмағы 85,37% құрады.
      Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы шартқа қатысушы тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң қорғалуының кепiлдiктерiн белгiлейтiн "Тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы" 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заң (күшiне 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне енедi). Сондай-ақ "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заң қабылданды.
      Осы Заңдарды iске асыру үшiн Үкiметтiң 2007 жылғы 18 шiлдедегi N 606 қаулысымен жеке және заңды тұлғалардың ақшасын тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу үшiн тарту арқылы тұрғын үйлер құрылысын ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi лицензиялау кезiнде қойылатын бiлiктiлiк талаптары бекiтiлдi және Үкiметтiң 2006 жылғы 23 желтоқсандағы N 1275 қаулысымен тұрғын үй құрылысына үлестiк қатысу туралы үлгiлi шарт бекiтiлдi. қараңыз.P100607
      2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне тұрғын үйдiң жалға беру секторын дамыту мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шiлдедегi Заңы күшiне ендi. Онда республикадағы жалға берiлетiн үйлердi жалға алудың құқықтық статусы, жергiлiктi атқарушы органдардың тұрғын үйдi жалға алуының механизмi, жалға берiлетiн тұрғын үй құрылысын салықтық ынталандыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы жылжымайтын мүлiк қорларының қызмет етуiнiң құқықтық мәртебесi, ерекшелiктерi белгiленген.
      Осы Заңның негiзi жергiлiктi атқарушы органдардың олардың алдында мемлекеттiң тұрғын үй беруге мiндеттемесi бар азаматтар үшiн тұрғын үй жалдау құқығын айқындау болып табылады. Бұл ретте жергiлiктi атқарушы органға тұрғын жайды жеке тұрғын қорда және сондай-ақ жалға берiлетiн үйлерде жалдау мүмкiндiгi берiледi. Жалдау ақысының құнын төмендету мақсатында жалға берiлетiн үйлердi салушылар және меншiк иелерi үшiн нақты бiр салықтық жеңiлдiктер, инвестициялық қорлардың тұрғын үйдiң жалға берiлетiн секторын дамытуға қатысу мүмкiндiгi көзделедi.
      Осы жылдың ақпан айында жария етiлген Қазақстан Республикасы Президентiнiң Қазақстан халқына "Жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан" атты Жолдауында Мемлекеттiк бағдарлама 30% iлгерiлеп жүзеге асырылып жатқаны атап өтiлген. Сонымен қатар, Үкiмет алдына халықтың тұрғын үйге деген қол жетiмдiлiгi үшiн неғұрлым қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуi тиiс, нақты, бәсекеге қабiлеттi және ашық жылжымайтын мүлiк нарығын құру, сондай-ақ кең көлемдегi тұрғын үй құрылысы үшiн қосымша стимулдар жасау жөнiндегi мiндет қойылды. Ипотекалық несиелендiрумен байланысты қызмет түрлерiн көрсететiн сақтандыру компанияларына ынталандыру үшiн заңнамалық база құру қажет. Халықаралық жылжымайтын мүлiк рыноктарындағы үрдiстердi талдап, ең озық халықаралық тәжiрибе негiзiнде жалға берiлетiн тұрғын үй құрылысын одан әрi қаржыландырудың және жеке тұрғын үй құрылысын ынталандырудың тиiмдi аспаптарын құру қажет.
      Осы мiндеттердi шешу, сондай-ақ Үкiметтiң 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау мақсатында Индустрия және сауда министрлiгi, халықты арзан тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, әлеуметтiк бағдардағы тұрғын үй құрылысы саясатын iске асыруды көздейтiн 2008-2009 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысының жаңа бағдарламасын әзiрледi.
      Тұрғын үй қарым-қатынастары саласында да қажеттi жұмыстар атқарылуда.
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 15 маусымдағы N 553 қаулысымен 2006-2008 жылға арналған Қазақстан Республикасында 2006-2008 жылдарға арналған Тұрғын үй-коммуналдық саланы дамыту бағдарламасы (бұдан әрi - Бағдарлама) бекiтiлдi.
      Бағдарламаның мақсаты қолда бар тұрғын үй қорының тиiсiнше пайдаланылуын және ұсталуын қамтамасыз ету, онда қауiпсiз және қолайлы өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету болып табылады.
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 9 ақпандағы N 94 қаулысымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының 2006 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес, Индустрия және сауда министрлiгi "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне тұрғын үй-коммуналдық саланың мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Заң жобасын әзiрледi, бұл жоба Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2006 жылғы 28 желтоқсандағы N 1298 қаулысымен Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына енгiзiлдi.
      Заң жобасының қабылдануы тұрғын-үй-коммуналдық салаға жүйелi өзгерiстер енгiзуге, сондай-ақ коммуналдық қызмет түрлерi саласындағы қарым-қатынастарды жетiлдiруге бағытталған.
      Тұрғын-үй коммуналдық саланы дамыту бойынша құқықтық жағдайлар жасау үшiн заң жобасы мыналарды көздейдi:
      тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттiк реттеу;
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттары мен бағдарламаларын әзiрлеу, тұрғын үй қорын ұстаудың үлгiлi ережесiн, кондоминиум объектiсiн басқару органы мен коммуналдық қызмет түрлерiн көрсететiн нарық субъектiлерi арасындағы ынтымақтастық туралы үлгiлi шарттарды, Коммуналдық қызмет турлерiн көрсету ережесiн бекiту жөнiндегi құзыреттiлiгiн белгiлеу;
      тұрғын үй қатынастары саласындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару органын белгiлеу;
      кондоминиум объектiлерiн басқару түрлерiн жетiлдiру және тұрғын үй қорын тиiмдi басқару үшiн жағдай жасау;
      жергiлiктi атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының кондоминиумға қатысушылардың ортақ мүлкiне тексерулер жүргiзуi арқылы тұрғын үй қорының тиiсiнше ұсталуын мемлекеттiк бақылау;
      тұрғын жайлар (пәтерлер) меншiк иелерi кооперативтерiн құқықтарға бөлу.
      Осы заң жобасының iске асырылуы ұзақ мерзiмдi және тұрақты тұрғын үй қатынастары жүйесiн құруға, тұрғын ұй қорының жалпы күйiн жақсартуға, тұрғын үй қорын тиiмдi басқару мен оның күйiн бақылауға мүмкiндiк бередi.
      "Агроөнеркәсiптiк кешен саласындағы қолданбалы ғылыми зерттеулер" 042 республикалық бюджеттiк бағдарлама шеңберiнде егiн шаруашылығы, өсiмдiк шаруашылығы, мал шаруашылығы мен ветеринарлық медицина, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеу және сақтау салаларында мынадай негiзгi бағыттар:
      түрлi дақылдардың, жануарлар түрлерiнiң, жүйелерi мен үлгiлерiнiң және құстар кросстарының жоғары өнiмдi жаңа сорттарын жасау;
      қолдануға дайындығы жоғары дәрежедегi тамақ өнiмдер, тағамдық қоспалар мен ұлттық өнiмдер, халықтың детерминделген топтарына, балалар мен экологиялық қолайсыз аймақтардың тұрғындарын т.б. қоса алғанда арналған жалпы тұтыну құрамы мен емдiк-профилактикалық нысаны өзгертiлген жаңа ұрпақты құнарлы тамақ өнiмдерiн жасау;
      өсiмдiк және мал тектi ауыл шаруашылығы шикiзатын өңдеу және сақтау бойынша қолданыстағы технология мен технологиялық жабдықтарды жетiлдiру;
      ауыл шаруашылығы мал, құс және балықтардың әр түрлi түрлерiне арналған құрама жем мен жемшөп қоспаларын өндiру үшiн тиiмдi технологияларды жасау жөнiндегi ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргiзiлiп жатыр.
      Осы бағдарлама шеңберiнде Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң ғылыми ұйымдары келесi iс-шараларды өткiздi:
      бiлiктiлiктi көтеру, тренингтер, тағылымдамадан өту, оның iшiнде 12 - Қазақстан Республикасында, 87 - ТМД елдерiнде, 41 - алыс шет елде;
      егiн күндерiнiң конференциялары, семинар-кеңестерi, оның iшiнде 27 - халықаралық, 14 - республикалық, 106 - облыстық, 255 - аудандық
      ғылыми жетiстiктердi насихаттау, соның iшiнде 226 - теледидардан сөйлеу, 90 - радиодан сөйлеу, 1569 - ғылыми мақалаларды, тезистердi басып шығару, 267 - газет мақалаларын басып шығару;
      44 - кiтап пен жинақтар, 154 - ұсыныстар мен брошюралар басып шығарылды;
      Ғылыми жұмыстарды құқықтық қорғаудың нәтижелерi: алдын ала патент пен патентке 128 өтiнiм берiлдi, 108 оң шешiм қабылданды, 108 алдын ала патент алынады, 17 патент алынды, 24 авторлық куәлiк алынды;
      47 мыңға жуық түрлi мәдениеттердiң есебi жүргiзiлдi. Генофонд 6 мыңға жуық үлгiлермен толықтырылды. Сұрыптау үшiн 3 мың донор мен шаруашылыққа бағалы белгiлердiң көздерi бөлiндi. Берiлгендердiң компьютерлiк қоры, каталогтар және басқалар түрiнде 27 мыңы құжатталды.
      Мемлекеттiк сорт сынауға ауыл шаруашылығы өсiмдiктерiнiң 29 мың сорттары мен будандары берiлдi.
      Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу және сақтау саласында ғылыми қамтамасыз ету бойынша өсiмдiк шикiзаттарын қайта өңдеу және сақтаудың 16 технологиясы және жануарлардан алынған шикiзаттардан тамақ өнiмдерiн өндiрудiң 12 технологиясы жасап шығарылды.
      Тамақ өнiмдерiнiң 25 атауына рецептуралар жасалды.
      Қайта өңдеу өнеркәсiбi үшiн құрылғылардың 3 тәжiрибелiк үлгiсiне бастапқы шарттар мен техникалық тапсырмалар жасалды.
      Қайта өңделген және тамақ өнiмдерiне 4 технологиялық регламент, 7 технологиялық шарттар мен нұсқаулықтар мен 7 рецептура жасалды.
      Микроағзалардың 159 жинақтық мәдениетiнiң төлқұжаттық берiлгендерiнiң автоматтандырылған банкi жасалды. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсiбi мен биотехнология үшiн iс жүзiнде бағалы болып табылатын сүттен ашытушы бактериялар мен ашытқылардың мәдениеттерiне электрондық төлқұжаттар рәсiмделдi.
      Жануарлар мен балықтардың алуан түрлерi үшiн құрама жем мен азықтық қоспаларды тиiмдi өндiрудiң 4 технологиясы жасалды.
      Еттi мал өсiру саласында қазақы әулиекөл тұқымы топтарына 15 өсiрiлетiн жүйе мен 12 ұқсас топтар шегiнде генеалогиялық талдау жүргiзiлдi.
      Әулиекөл тұқымын өсiрушi 6 еншiлес шаруашылықта топтардың генеалогиялық құрылымы анықталды, түрлi жүйеге жататын 1330 сиырдың фенотиптiк көрсеткiштерi мен өнiмдiлiгi зерттелдi.
      Құс өсiру саласында Росс-308 кросының ата-аналық формадағы инкубациялық тайпалық жұмыртқалар түрiнде генетикалық материалдары әкелiндi (Венгриядан). Жұмыртқалардың ұрықтануы 91,3-94,1%, денi сау малдың туылуы 70,2-75,2 % құрады.
      Қой өсiру саласында едiлбай қойларының 4 жүйесi апробацияға дайындалған және қаракөлдi өсiруде сұрыптау үрдiсiнiң жағдайына талдау жүргiзiлген.
      Ауыл шаруашылық және азық-түлiк өнiмдерiн өндiру саласында бәсекеге қабылеттiлiктi қолдаудың әлемдiк тәжiрибесi зерттелдi. Аграрлық нарықтың тұрақтылығына әсер ететiн факторлар мен шарттар анықталды, азық-түлiктiң бәсекеге қабылеттiгi бағаланды, агроөнеркәсiптiк кешеннiң жекелеген салалары мен өндiрудiң ұлттық бәсекелiк артықшылығы негiзделдi, агроөнеркәсiптiк кешенiн экспортқа бағытталған және импортты алмастырушы салаларының өнiмдерiнiң бәсекеге қабiлеттiгiн көтерудiң стратегиялық бағыттары жасалды және олардың ұлттық және аймақтық азық-түлiк нарықтарының қызмет етуiнiң тұрақтылығына әсер ету деңгейi анықталды.
      Жоғарыда аталған шаралар табиғи ресурстарды тиiмдi игеру мен пайдалануды, сондай-ақ елдiң азық-түлiктiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi.
      Соңғы үш жыл iшiнде ауыл шаруашылық және басқа дақылдардың 170 сорты мен будандары жасалып, олар мемлекеттiк сұрып сынамасына тапсырылды.
      Американдық селекцияның швиц және голланд селекциясының голштин малдарының қатысуымен қызыл ала және қоңыр малдың жоғары өнiмдi сүттi түрлерi, меринфляйшаф немiс тұқымының қатысуымен еттi биязы жүндi қойлардың iшкi тұқымның түрi, екi қаракөл iшкi тұқымдық түрi, күшiм тұқымдас жоғары сүттi жылқының төрт желiсi және түйенiң үш желiсi алынды.
      Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсiптерi үшiн ғылыми бiлiмдердi қолдану арқылы тамақ өнiмдерiн өндiру әдiстерiн жақсарту бойынша қолданатын шаралар туралы ауыл шаруашылық өнiмдерiн өңдеу және сақтаудың, құрама жем тамақ өнiмдерiн өндiрудiң 30 технологиясы әзiрленiп, тамақ өнiмдерiнiң 40 түрi (нан, ет, сүт, дәндi және т.б.) жасалды.
      Қазақстан Республикасында адам өмiрi мен денсаулығын, тұтынушылардың заңды мүдделерiн қорғау және қоршаған ортаны қорғау үшiн тамақ өнiмдерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң құқықтық негiздерi 2007 жылғы 21 шiлдедегi халықаралық тәжiрибе нормаларына сәйкес келетiн және 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне енетiн Қазақстан Республикасы заңымен бекiтiлген.
      Халықаралық стандарттарға жақындату мақсатында 2006 жылдан бастап базалық әлеуметтiк индикатор ретiнде ең төмен күнкөрiс деңгейi алынды, оның негiзiнде әлеуметтiк төлемдер мөлшерi қайта қарастырылды. Осыған байланысты, өмiрдiң игiлiктерi мен қызметтердiң ең төмен әлеуметтiк қажеттi деңгейiн бiлдiретiн тұтыну бюджетiнiң негiзi болып табылатын ең төмен күнкөрiс деңгейi көлемiн айқындаудың әдiстемесi өзгердi.
      Орта мерзiмдiк кезеңде мәдениет, ақпарат кеңiстiгi, спорт және туризм саласындағы басым бағыттар тарихи-мәдени мұраларды сақтау, мемлекеттiк тiлдiң рөлiн нығайту, бәсекеге қабiлеттi туризм индустриясын және дене тәрбиесi мен спорттың тиiмдi жүйесiн жасау болып табылады.
      2007 жылғы 28 ақпандағы Президент Жолдауына сәйкес 2001 жылдың 7 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң N 550 Жарлығымен Қазақстан Республикасында Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы аясында мемлекеттiк, орыс және ағылшын тiлдерiн дамытуды көздейтiн "Тiлдердiң үш бiрлiгi" мәдени жобасын жүзеге асыру жөнiнде шаралар қолданатын болды.
      Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2004 жылдың 13 қаңтардағы N 1277 Жарлығымен 2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттiк бағдарламасының аясында басталған тарихи-мәдени мұра ескерткiштерiн қалпына келтiру бойынша жұмыстарды қаржыландыру жалғасатын болады.
      Спорт және туризм саласында негiзгi шығыстар Алматы қаласында 2011 жылғы қысқы Азия ойындарын өткiзу дайындығына және Қазақстан аймағында туристiк кластерлердi дамытуға бағытталатын болады.
12-бап
      1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның тәндiк және психикалық саулылығының ең жоғарғы деңгейiне қол жеткiзу құқығын таниды.
      2. Бұл құқықты толық жүзеге асыру үшiн осы Пактiге қатысушы мемлекеттер:
      а) балалардың өлi тууы мен шетiнеу санының азаюын қамтамасыз ету және балалардың салауатты дамуына жағдай туғызу;
      ә) сыртқы орта гигиенасының және өнеркәсiптегi еңбек гигиенасының барлық аспектiлерiн жақсарту;
      б) iндет, эпидемиялық, кәсiби және өзге де аурулардың алдын алу және олармен күресу;
      в) науқастанған жағдайда, баршаға медициналық жәрдем беру мен дәрiгерлiк күтiмдi қамтамасыз ететiндей жағдай жасау үшiн қажеттi iс-шараларды қамтуға тиiс.
      27. Конституцияның 29-бабына сәйкес республика азаматтарының өз денсаулығын сақтауға құқығы бар. Олар заңмен белгiленген медициналық көмектiң кепiлдi көлемiн тегiн алуға құқылы. Мемлекеттiк немесе жеке меншiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ, жеке медициналық практикамен айналысатын адамдардан ақылы медициналық жәрдем алу заңмен белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүргiзiледi.
      Денсаулықтың сақталуына мемлекет пен адамның ортақ жауапкершiлiгi, халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған бастапқы медициналық-санитариялық көмектiң басымдықты жағдайда дамуы принциптерiне негiзделген медициналық көмек көрсетудiң тиiмдi жүйесiн құру мақсатында, Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған Денсаулықты реформалау және дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы бекiтiлдi. Бұл бағдарламаға сәйкес денсаулық сақтауға жұмсалатын шығындарды 2007 жылы 2,4%, 2008 жылы - 2,7%, 2009 жылы - 2,8% және 2010 жылы - 2,9 деңгейiнде бөлу көзделген.
      Мемлекеттiк бағдарламаны iске асыру шеңберiнде баса назар бастапқы медициналық-санитариялық көмекке аударылатын бастапқы медициналық көмектi ұйымдастырудың халықаралық принциптерiне көшу жүзеге асырылады; халықтың, саланың және мемлекеттiң сұраныстарын қанағаттандыратын денсаулық сақтау жүйесiнiң оңтайлы моделi құрылады; халықтың денсаулық сақтау жүйесiнiң қызметтерiмен қамтылуының деңгейi айтарлықтай жоғарылайды, адамның өз денсаулығын сақтауы үшiн стимулдар енгiзiледi; азаматтардың медициналық көмекке деген тең қол жеткiзуi қамтамасыз етiлiп, мемлекет пен азаматтың денсаулықтың қорғалуына деген ортақ жауапкершiлiгi принципi iске асырылады; профилактикалық, сауықтыру iс-шараларының ауқымы кеңейе түседi; ана мен баланың денсаулығын нығайтуға, медициналық-демографиялық ахуалдың оңдалуына және әлеуметтiк тұрғыдан маңызды аурулардың деңгейiн төмендетуге баса назар аударылады.
      Халыққа көрсетiлетiн медициналық қызметтердiң сапасын арттыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2004 жылғы 15 желтоқсандағы N 1327 қаулысымен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi жанында Медициналық қызмет түрлерiнiң сапасын бақылау жөнiндегi комитет құрылды. Құрылған органның негiзгi функциясы ретiнде, кейiн анықталған кемшiлiктердi жою жөнiнде ұсыныстар берумен қатар, халыққа, оның iшiнде балаларға көрсетiлетiн көмектiң сапасына мониторинг жүргiзу көзделген. Денсаулық сақтау саласындағы қызмет түрлерiнiң сапасын басқарудың тиiмдi жүйесiн құру мақсатында, жүйенiң бүкiл элементтерiнiң кезең-кезеңмен және дәйектi дамуын көздейтiн медициналық көмектiң сапасын жетiлдiру тұжырымдамасы қабылданды.
      2006 жылдан бастап медициналық көмектiң сапасын халықаралық стандарттарға сай басқару жүйесi құрылды. Ол төмендегiдей үш деңгейден тұрады:
      1) 1-деңгей - аурухана iшiндегi бақылау;
      2) 2-деңгей - тәуелсiз медициналық сараптама;
      3) 3-деңгей - мiндеттi мемлекеттiк бақылау.
      Сапаны қамтамасыз ету жүйесiнiң негiзi ретiнде медициналық мекемелердiң iшкi менеджментi мен аудитi, сондай-ақ медициналық қызметке жүргiзiлетiн тәуелсiз сараптама алынды.
      Мемлекеттiк стандарттар мен аккредиттеу ережелерiн әзiрлейтiн медициналық ұйымдарды аккредиттеу жүйесi құрылды. Дәрiгерлердi практикалық қызметке жiберу жүйесiнiң халықаралық тәжiрибесiн ескере отырып, медицина мамандарының кәсiби бiлiктiлiгiн бағалаудың тұжырымдамалық тұрғыдан ең жаңа әдiстерi белгiлендi. Бұл ретте медициналық қызметкерлер мен пациенттердiң құқықтары мен жауапкершiлiгi нақты айқындалады.
      Шалғайдағы ауылды өңiрлерде тұрып жатқан балалар мен әйелдердiң жоғары бiлiктi медициналық көмекке деген қол жетiмдiлiгiн арттыру мақсатында республикада бiрқатар жылдар бойы балалар мен әйелдерге арналған жылжымалы консультациялар ойдағыдай жұмыс атқарып келедi. Аталмыш консультациялар облыстық балалар ауруханалары мен облыстық перинаталды орталықтар негiзiнде құрылған және олар педиатриялық және акушерлiк-гинекологиялық бейiндегi мамандармен жасақталған, көлiкпен, медициналық құрал-жабдықтармен және дәрi-дәрмекпен қамсыздандырылған. Жылжымалы консультациялардың мамандары бекiтiлген кестелерге сәйкес облыстың алыс аудандарына барып тұрады.
      Жоғарыда аталған проблемаларды шешу үшiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2004 жылдың 13 қыркүйектегi N 1438 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған Денсаулық сақтауды реформалау және дамыту мемлекеттiк бағдарламасы аясында тиiстi iс-шаралар көзделген.
      Ұрпақ әкелу жасындағы әйелдердiң денсаулығын сауықтыру шараларымен қоса, 2006 жылдан бастап, кейiн динамикалық бақылауға алу және анықталған науқастарды сауықтыру арқылы 18 жасқа дейiнгi жасөспiрiмдердiң денсаулығын тексеру жөнiндегi жыл сайынғы профилактикалық шаралар жүзеге асырылып келедi. Дәрi-дәрмекке деген қолжетiмдiлiгiн арттыру мақсатында 2005 жылдан бастап 5 жасқа дейiнгi балалар неғұрлым кең тараған аурулардан емханалық деңгейде емделуi кезiнде дәрi-дәрмектермен тегiн қамтамасыз етiледi. 2006 жылдан бастап диспансерлiк есепте тұрған балалар мен жасөспiрiмдердi емханалық деңгейде дәрi-дәрмектермен тегiн қамтамасыз ету үшiн қаражат көзделген. Жоғарыда аталған мемлекеттiк бағдарламаның аясында 2005 жылдан бастап балаларға арналған емдеу-профилактикалық мекемелердiң медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуын бекiтiлген нормативтерге жеткiзу жолында шаралар атқарылуда. Басымдықты тәртiппен балаларды диагностикалауға және оларға жедел көмек көрсетуге арналған құрал-жабдықтар (тыныс алу аппараттары, дәрi-дәрмек дозаторлары, диагностикалық құрал-жабдық) және жаңа туған нәрестелердi күтiп жетiлдiруге арналған құрал-жабдықтар (кювездер) сатып алынды.
      Нәрестелердiң шетiнеуi мен туу кезiндегi шетiнеу деңгейiн төмендету бойынша барабар басқарушылық шаралар қолдану үшiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң 2006 жылғы 1 наурыздағы N 38-ө өкiмiмен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымы ұсынған тiрiдей туу және өлi туу критерийлерiне көшу жөнiндегi iс-шаралар жоспары әзiрлендi.
      Iске асырылып жатқан Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға арналған денсаулық сақтау жүйесiн реформалаудың және дамытудың мемлекеттiк бағдарламасында бастапқы медициналық-санитариялық көмектi жетiлдiруге ерекше назар аударылып келедi. Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасының халқына көрсетiлетiн бастапқы медициналық-санитариялық көмектi жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы" 2005 жылғы 28 желтоқсандағы N 1304 қаулысы қабылданды. Осы қаулымен қызмет атқарып жатқан құрылымдардың бiр iзге салынуын, халқының саны 5-тен 10 мың адамға дейiн баратын елдi мекендерде халыққа медициналық-әлеуметтiк көмек көрсету орталықтарының, фельдшерлiк, фельдшерлiк-акушерлiк пунктер базасында медициналық пунктердiң құрылуын көздейтiн, халыққа бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету желiсiнiң мемлекеттiк нормативi бекiтiлдi.
      Ауыл тұрғындарының бiлiктi көмекке деген қолжетiмдiлiгiн арттыру мақсатында халқының саны 1000-нан 5000-ға дейiн адамды құрайтын селолық округтерде дәрiгерлiк емханалар ашу көзделуде. Республикада медициналық кадрлармен медициналық ұйымдарды жасақтау және оларды орнықтыру жөнiндегi шаралар қабылдануда. "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi Заңына сәйкес квота шегiнде педагогтiк және медициналық мамандықтар бойынша оқуға түскен ауыл (село) жастары қатарынан шыққан азаматтар бiлiм беру грантын беру ережелерiнде және бiлiм беру қызметтерiн көрсету туралы шарт талаптарында көзделген тәртiппен жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейiн кемiнде үш жыл ауылдық жерлерде орналасқан бiлiм беру ұйымдары мен медициналық ұйымдарда жұмысты iстеуге мiндеттi.
      Балаларға көрсетiлетiн медициналық көмектiң сапасын арттыру мақсатында республикада халықаралық, үкiметтiк, қоғамдық ұйымдармен, Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымымен бiрлесе отырып iс-шаралар атқарылуда.
      Халықты иммунитеттеу Қазақстан Республикасы медицинасының басымдықты бағыттарының бiрiне жатады. Иммуннопрофилактика жөнiндегi жұмыс негiзгi 6 бағыт бойынша жүргiзiлуде:
      1) халықты иммунитеттеу процесiн басқару (нормативтiк-құқықтық құжаттар әзiрлеу);
      2) вакциналар сатып алуға арналған бюджеттiк қаражатты қалыптастыру;
      3) қауiпсiз иммунитеттеу практикасы проблемаларын шешу (вакциналарды тасымалдау және сақтау кезiндегi "ызғарлы тiзбек", шприцтердi жинау және қайта iске жарату, мамандарды оқыту, аттестаттау);
      4) вакциналарды сатып алу процестерi;
      5) кадрларды даярлау;
      6) халықты иммунизациялау мәселелерi бойынша ағарту.
      Мемлекеттiң халықты иммунизациялау саласындағы мақсатты саясаты арқасында қазiргi таңда елде полиомиелит, сiреспе, дифтерия аурулары жойылып, көкжөтел аурулары сиретiлдi, "В" вирусты гепатитпен, iндеттi паротит ауруларының саны төмендедi. Қазақстан Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының қызылша мен қызамақ ауруларын элиминациялау жөнiндегi бағдарламасын iске асыруға кiрiстi.
      Республикада өңiрлердi вакциналармен толассыз қамтамасыз ету жұмысы жолға салынды. Қазiргi уақытта балалардың 95 пайызы вакцинациялаумен қамтылды. Ауылдарда тұратын халықты егумен дер кезiнде қамту үшiн 900 көшпелi егу бригадалары құрылды. 2005 жылдан бастап 7 мыңға жуық медициналық қызметкер даярлаудан және аттестаттаудан өттi және оларға егу жүргiзуге рұқсатнамалар берiлдi. Вакциналарды сақтауға және тасымалдауға арналған "ызғары тiзбектi" құру мәселесi шешiлдi. Егу Паспортында адамдар өмiр бойына алған егулер көрсетiледi. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "Халықты жұқпалы ауруларға қарсы егудi жақсарту жөнiндегi шаралар туралы" 2003 жылғы 23 мамырдағы N 488 қаулысы профилактикалық егулердiң жүргiзiлуiн регламенттейтiн, ұлттық егулер күнтiзбесiн бекiтетiн құжат болып табылады. Осы қаулыға сәйкес 13 жұқпалы ауруға (туберкулез, "В" гепатитi, полиомиелит, көкжөтел, сiреспе, дифтерия, қызылша, қызамақ, iндеттi паротит, құтырма, iш сүзегi, кене энцефалитi, оба) қарсы вакциналар республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен, ал 4 инфекцияға ("А" гепатитi, туляремия, күйдiргi, грипп) қарсы вакциналар жергiлiктi бюджет есебiнен сатып алынады.
      Сонымен қатар, Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлетiнiң ақпараты бойынша, денсаулық сақтау құқығының бұзылуына қатысты шағымдар жазбаша өтiнiштерде көтерiлген мәселелердiң жалпы санының 1,65% құрайды. Бұл ретте, денсаулығына тигiзген зиян үшiн өтемақы төлемеу және медициналық-әлеуметтiк сараптама комиссиясының шешiмiмен келiспеушiлiк мәселелерi, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерi қызметкерлерiнiң әрекеттерiне қатысты шағымдар барынша өзектi болып табылады.
      Шағымдарда көрсетiлiп жатқан медициналық қызметтiң сапасы жөнiнде мәселелер жиi көтерiледi. Шағымданушы П. өз шағымында Алматы қаласының "N 7 қалалық клиникалық ауруханасы" Мемлекеттiк коммуналдық қазыналық мекемесi медициналық қызметкерлерiнiң әрекетiне наразылық бiлдiредi. Мұнда 2006 жылғы 15 наурызда шағымданушының ағасы К. қайтыс болған. Сондай-ақ, шағымданушы ағасының өлiм фактiсi бойынша қылмыстық iс қозғаудан бас тартқан құқық қорғау органдарының қызметкерлерi әрекетiн де атап көрсетедi. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес К. өлiмi науқасты емдеу мен диагностикада кеткен қателiктермен тiкелей себептiк байланысты емес. Алайда, П. өзiнiң қайта жазған шағымына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi мен Қазақстан Республикасы Денсаулық министрлiгi Медициналық қызмет сапасын бақылау жөнiндегi комитеттiң хаттарын қоса берiп отыр, бұл хаттарда К. өлiмi үшiн толықтай "N 7 қалалық клиникалық ауруханасы" Мемлекеттiк коммуналдық қазыналық кәсiпорнының медициналық қызметкерлерi кiнәлi екендiгi айтылады. Аталған шағым бойынша Уәкiл Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасына қайта сұрау жолдады, онда Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлiгi мен Алматы қаласы прокуратурасы ұсынған ақпараттардың қайшылығы көрсетiлген. Бас прокуратура жүргiзген қайталама тексерулердiң нәтижелерi бойынша, өтiнiште көрсетiлген фактiлер расталмады.
      Арнайы медициналық мекемелерге орталық атқарушы органдар тарапынан тиiстi бақылаудың жоқтығын Г. шағымы дәлелдейдi. Хатта өтiнiш иесiнiң баласы мәжбүрлi емделiп жатқан Орал қаласының Арнайы емдеу профилактикалық мекемесi қызметкерлерi оның баласын емдеуге көңiл бөлмейтiндiгi көрсетiлген. Ол жиi үйге келiп, анасын ұрып-соғумен қорқытып, ақшасын алады, ал iшкi тәртiп ережелерi бойынша мәжбүрлi емделушiлерге емханадан тыс сыртқа шығуға рұқсат етiлмейдi.
      Денсаулық сақтау мәселелерi бойынша шағымдарды талдау құқық қорғау органдарының тиiстi медициналық қызмет көрсетiлмеу туралы ақпараттарды тексеру жөнiнде тиiстi шаралар қолданбай отырғанын көрсетедi; денсаулық сақтау органдары кейбiр науқастарға немқұрайлы қарайды, адамдарды уақтылы және толық тексерумен қамтамасыз етпейдi, тактикалық және емдiк-диагностикалық қателiктер мен медициналық этика мен деонтологияны бұзу жағдайлары жиi кездеседi.
      2006 жылы Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi (ҚОҚМ) Қазақстан Республикасының үш томдық Ұлттық атласын әзiрледi. Жыл сайын қоршаған ортаның жағдайы туралы Ұлттық баяндама шығарылып отырады.
      Аса өзектi экологиялық проблемалардың iшiнен:
      - Арал және Семей экологиялық қасiрет аумақтарын;
      - Каспий және Балқаш өңiрлерiн;
      - Әскери-ғарыштың полигондар аумақтарын;
      - Шөлге айналу процестерiн;
      - Жер үстi мен жерасты суларының ластануын, трансшекаралық су проблемаларын;
      - Iрi қалалар мен өнеркәсiптiк орталықтардың ауа алабының ластануын;
      - Суды кетiру жүйелерiнiң және канализациялық су тазарту құрылыстарының нашар күйiн;
      - Тарихи ластануды;
      - өндiрiстiк және тұрмыстық қалдықтардың жинақталуын атап өткен жөн.
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 14 қарашадағы N 216 Жарлығымен 2007-2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының орнықты дамуға көшуi тұжырымдамасы бекiтiлдi.
      Қазақстан Республикасы Үкiметi оны iске асыру бойынша 2007 жылдың 14 ақпанында N 111 қаулысымен 2007-2009 жылдарға арналған Iс-шаралар жоспарын қабылдады. Үстiмiздегi жылға 18 iс-шараны орындау көзделуде. Олардың 11 орындалса, 7 - орындалу барысында.
      ҚОҚМ Орнықты даму жөнiндегi кеңесте қаралған 35 салааралық көрсеткiштерден тұратын кешендi әзiрледi. Экология саласындағы мақсатты көрсеткiштер Үкiметтiң 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасында бекiтiлiп қойған.
      Бұл көрсеткiштердiң негiзiн Орнықты дамуға көшу тұжырымдамасымен бекiтiлген 12 нұсқамалық параметрлер құрайды.
      ҚОҚМ орнықты даму мәселелерiне қатысты заңнаманы жетiлдiру жөнiндегi ұсыныстар енгiздi, өндiрiс пен тұтынудың тұрақты модельдерiн енгiзудiң критерийлерi әзiрленiп жатыр.
      Су орталығын ұйымдастыру жөнiндегi жұмыс тобы құрылды, бұл мәселенi ЕурАзЭҚ жоғарғы деңгейдегi тобының отырысында талқыланды.
      ҚОҚМ жетекшi қазақстандық және шетелдiк сарапшылардың қатысуымен технологияларды серпiндi жобаларға жатқызудың әдiстемесi мен критерийлерiн әзiрлеп, оны Үкiметке жолдады.
      Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мақсатында ҚОҚМ сараптаманың, рұқсат беру жүйесiнiң және бақылаудың ажырамас бiрлiгiне негiзделетiн "экологиялық реттеу циклы" халықаралық қағидатын қолданады.
      Бiз экологиялық салаға сарапшылардың сырттан шақыртылуын (аутсорсинг) кеңiнен қолдану жөнiндегi шараларды атқарудамыз. Жобалар мен бағдарламалардың орнықты даму принциптерiне сәйкестiгiн сараптау жөнiндегi әдiстемелiк талаптар әзiрлендi.
      Рұқсат беру жүйесiн жетiлдiру шеңберiнде Экологиялық кодекске сәйкес, 2008 жылдан бастап елдiң өңiрлерi бойынша эмиссияларға квоталар енгiзiледi. Еуро Одақтың тәжiрибесi бойынша, ресурстар мен энергияны үнемдi пайдалану жөнiндегi талаптар ескерiлген кешендi экологиялық рұқсаттар енгiзiлуде.
      ҚОҚМ Экономикалық ынтымақтастық және даму жөнiндегi ұйымы Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерiне ұсынған 23 принцип (оның iшiнде - профилактикалық әдiстiң басымдығы, өндiрiстiк экологиялық бақылауды дамыту, автоматтандырылған жүйелердi құру) негiзiнде әзiрленген мемлекеттiк экологиялық бақылаудың заманауи моделiн қолданып келедi.
      Айыппұлдардың жиналуы бақылау қызметiнiң орталықты көрсеткiшi болудан қалып барады. Бiз табиғатты қорғау заңнамасына қайшы келiп жүзеге асырылатын шаруашылық қызметтi сот тәртiбiмен уақытша тоқтата тұру практикасын қолдана бастадық (осы шара 203 кәсiпорынға қатысты қолданылды). Бұл әдiс халықаралық тәжiрибеге сай келедi. Қатаң шаралардың арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткiзiлдi: 2006 жылы анықталған заң бұзушылықтардың көлемi 41 мыңнан 28 мыңға дейiн төмендедi.
      Құрамына мүдделi министрлiктер мен ведомстволардың өкiлдерi кiретiн Қоршаған орта сапасын тұрақтандыру жөнiндегi ведомствоаралық комиссия ойдағыдай жұмыс атқарып келедi. Комиссия отырыстарында депутаттармен, әкiмдiктердiң, мәслихаттардың және ҮЕҰ өкiлдерiмен бiрлесе отырып, Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторындағы экологиялық жағдай, әскери полигондардың қызметi, Iле өзенiнiң, Шығыс Қазақстан облысындағы қоршаған ортаның ластануы және басқа да көкейтестi мәселелер қаралды.
      Тәуелсiз экологиялық аудиттi қолдану практикасы кеңейiп келедi. Мәселен, қазiргi таңда "Бурабай" ұлттық паркiнiң рекреациялық әлеуетiн анықтауға, оның табиғи жүйелерiне келтiрiлетiн қатердi бағалауға мүмкiндiк беретiн экологиялық аудит жасау жөнiндегi iрi жоба iске асырылуда.
      Қоршаған ортаны қорғауды ынталандырудың жаңа экологиялық-экономикалық принциптерi әзiрленуде. Өткен жылы алғаш рет ISO 14001-ге сәйкес сертификатталған кәсiпорындарға арнап эмиссиялар үшiн жеңiлдiктi төлем ставкалары енгiзiлдi.
      ҚОҚМ мемлекеттiк тапсырыс шеңберiнде экологиялық тұрғыдан қауiпсiз тауарлар мен қызмет түрлерi өндiрiсiн ынталандыру үшiн "жасыл" сатып алулар қағидатын қолдану жөнiндегi ұсыныстар әзiрледi.
      Сондай-ақ, көмiрсутектi шикiзатты өндiрумен, өңдеумен және тасымалдаумен айналысатын кәсiпорындарды сертификаттау бойынша "Жасыл мұнай" принципiн енгiзу үшiн критерийлер әзiрлендi.
      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 2 наурыздағы N 163 қаулысымен "Балқаш-Алакөл бассейнiнiң 2007-2009 жылдарға арналған орнықты дамуын қамтамасыз ету" бағдарламасы бекiтiлдi.
      Климатты сақтау жолында жасалып жатқан халықаралық әрекеттер шеңберiнде ҚОҚМ 2007 жылдан бастап Қазақстанның Антарктикалық ғылыми-зерттеу бағдарламасына қатысуы бойынша шаралар қабылдап келедi. Ол болса келешекте бiздiң елiмiзге бұл құрлықтың табиғи ресурстарын қолдануға мүмкiндiк бередi.
      ҚОҚМ 4R. әдiсiн (атап айтқанда, қалдықтардың жинақталуын азайту, оларды екiншi рет пайдалану, қайта iске жарату, қоршаған ортаны ластан тазарту) Қазақстандағы қалдықтарды басқару iсiне енгiзу жөнiндегi жұмыстар жүргiзiлiп жатыр.
      2008-2010 жылдары Қазақстанның аумағында қалдықтарды басқарудың бiртұтас жүйесiн, сондай-ақ қалдықтарды өңдеумен айналысатын кәсiпорындар кешенiн енгiзу жөнiндегi жоба әзiрлену үстiнде.
      Қазақстанға қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру және қайта өңдеу жөнiндегi (биоотын мен электроэнергия алынатын) ең озық технологияларды тарту үшiн барынша қолайлы жағдайлар жасау режимiн енгiзу бойынша ұсыныстар әзiрлендi.
      Дүниежүзiлiк банктiң сарапшыларымен бiрлесе отырып, гидрометео қызметтердi және бүкiл әлемде ұлттық қауiпсiздiктi қамту факторы болып табылатын экологиялық мониторинг жүйесiн реформалау принциптерi әзiрлендi.
      ҚОҚМ осы жылы экологиялық ақпараты үнемi жаңартылып отыратын ситуациялық орталық құрып, ақпараттық жүйелер саласында бiртұтас саясатты жүргiзiп келедi.
      Табиғат пайдаланушылардың электронды есептiлiгi енгiзiлуде.
      Ғылыми зерттеулердiң, депутаттық сауалдарды қорытындылау нәтижесiнде үнемi жаңартылып отыратын Экологиялық проблемалар тiзiлiмi әзiрлендi.
      ҚОҚМ қоғам алдында үнемi есеп беруiнiң жүйесi ұйымдастырылды. 2007 жылдан бастап барлық өңiрлерде әкiмдiктердiң, мәслихаттардың, табиғат пайдаланушылардың, қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жүйелi түрде қоғамдық тыңдаулар жүргiзiле бастады. Бұл шараларға он мыңнан астам адам қатысты. Бұл халық пен табиғат пайдаланушылар арасында диалог орнатуға, қоғамдық бақылау мен сараптама енгiзуге, экологиялық ҮЕҰ жұмысын жандандыруға мүмкiндiк бередi, ал ол болса Орхусстық конвенцияның ережелерiне сай келедi.
      Ағымдағы жылы ҚОҚМ орталық аппаратты ISO 14001 экологиялық менеджменттiң халықаралық стандарттарына сәйкестiгiн сертификаттау жөнiндегi жұмысты аяқтайды.
      Осы жылы ҚОҚМ жаңа экологиялық талаптарға сәйкес барлық iрi табиғат пайдаланушылардың табиғатты қорғау жөнiндегi iс-шаралары жоспарларын түзеттi. Табиғатты қорғау бағдарламаларына олар бөлетiн қаражаттың көлемi үстiмiздегi жылы 1 миллиард доллардан аспақ.
      Жалпы алғанда ҚОҚМ есептерi бойынша Қазақстанда 2012 жылға дейiн қоршаған ортаны қорғауды қаржыландыру көздерiнен жұмсалатын шығындар iшкi жалпы өнiмнiң қазiргi 1,2 пайызынан 2 пайызға дейiн өспек.
      Халықаралық экологиялық тұрақтылық рейтингiне сәйкес Қазақстан қазiргi таңда 70 орынға ие болып отыр (бiр жыл бұрын елiмiз 75 орында болғантын). Көзделген жоспарлардың 2012 жылға қарай iске асырылуы жағдайында Қазақстанның экологиялық тұрақтылық индексi бойынша әлемнiң ең озық елдерiнiң қатарына енуiне нақты мүмкiндiгi бар.
13-бап
      1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның бiлiм алуға құқығын таниды. Олар бiлiм - адамның жеке басының толық кемелденуiне және қадiр-қасиетiн сезiнуiне бағытталып, адам құқықтары мен негiзгi бостандықтарына құрметтi нығайтуға тиiс екендiгiмен келiседi. Бұдан әрi, олар бiлiм баршаға еркiн қоғамның пайдалы қатысушылары болуына мүмкiндiк туғызып, барлық ұлттар мен нәсiлдiк, этникалық және дiни топтар арасындағы өзара түсiнiстiк, төзiмдiлiк пен достыққа ықпал етiп, Бiрiккен Ұлттар Ұйымының бейбiтшiлiктi қолдау жолындағы жұмысына жәрдемдесетiнiн құптайды.
      2. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер осы құқықты толық жүзеге асыру үшiн:
      а) бастауыш бiлiм баршаға бiрдей мiндеттi және тегiн болуы тиiс екендiгiн;
      b) әр түрлi нысандарда орта бiлiм алу, бұған кәсiптiк-техникалық орта бiлiмдi қоса алғанда, барлық қажеттi шараларды қабылдау жолымен, атап айтқанда, бiртiндеп тегiн бiлiм беру жүйесiн енгiзу сияқты ашық және бәрi үшiн қол жетiмдi болып жасалуы тиiс екендiгiн;
      с) жоғары бiлiм алу әркiмнiң қабiлетiне қарай барлық қажеттi шараларды қабылдау жолымен, атап айтқанда, бiртiндеп тегiн бiлiм беру жүйесi сияқты, бәрi үшiн бiрдей қол жетiмдi болып жасалуы тиiс екендiгiн;
      d) бастауыш бiлiм алмаған немесе бастауыш бiлiмнiң толық курсын аяқтамағандар үшiн қарапайым бiлiм алу, мүмкiндiгiнше көтермеленiп немесе үдетiлiп оқытылуы керек екендiгiн;
      е) барлық сатыдағы мектеп жүйелерiн дамытудың белсендi түрде жүргiзiлуi, шәкiртақының қанағаттанарлықтай жүйесiнiң орнатылуы, оқытушылар құрамының материалдық жағдайының үнемi жақсартылып отырылуы тиiс екендiгiн таниды.
      3. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер ата-аналардың және тиiстi жағдайларда, қамқоршылардың өз балаларын оқыту үшiн мемлекет билiгi құрған мектептердi ғана емес, сонымен қатар мемлекет белгiлеуi немесе бекiтуi мүмкiн бiлiм беру талаптарына жауап беретiн және өз балаларының наным-сенiмдерiне сәйкес дiни және имандылық, тәрбие берудi қамтамасыз ететiн басқа да мектептердi таңдау еркiндiгiн құрметтеуге мiндеттенедi.
      4. Осы баптың ешбiр бөлiгi осы баптың 1-тармағында баян етiлген принциптер сақталған жағдайда жеке адамдар мен мекемелердiң оқу орындарын құру және басқару еркiндiгiн кемiту және мұндай оқу орындарында бiлiм беру талаптары мемлекет белгiлеген талаптармен үйлесiмдi болуын орындамау деп түсiндiрiлмеуi тиiс.
      28. Қазақстанның бiлiм беру жүйесiнiң құрылымы ашық және әрбiр адамға формальдi бiлiм беру жүйесi аясында қажетiнше бiлiм алуға, бiлiмiн толықтыруға мүмкiндiк бередi. Адамның және Қазақстан Республикасы азаматының бiлiм алуға ажырамас құқығы Қазақстан Республикасы Конституциясында бекiтiлген (30-бап).
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабы 1-тармағына сәйкес азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуға кепiлдiк берiледi. Аталған баптың 2-тармағында азамат мемлекеттiк жоғары оқу орнында конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға құқығы бар екендiгi қарастырылған.
      "Бiлiм туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шiлдедегi Заңының 3-бабына сәйкес бiлiм беру саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi принциптерi Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының бiлiм алу құқықтарының теңдiгi, халықтың барлық бөлiгi үшiн бiлiм берудiң барлық деңгейiнiң қол жетiмдiлiгi болып табылады.
      Қазақстанда Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2004 жылдың 11 қазандағы N 1459 Жарлығымен 2005-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы бiлiм берудi дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы бекiтiлдi.
      Бағдарламада бiлiм берудi дамытудың мынадай негiзгi бағыттары көзделген:
      1. Оқу 6 жастан басталатын және жоғары сыныптардағы мектеп оқушыларын бейiндiк және кәсiби бағдарда оқыту жүйесi көзделетiн 12 жылдық орта жалпы бiлiм беруге көшу.
      2. Орта жалпы бiлiмнен кейiнгi кәсiби бiлiм жаңа деңгейiн құру.
      3. Кәсiби кадрларды даярлаудың академиялық кредиттер жүйесiне негiзделген бiртұтас үш сатылы моделiн құру - бакалавриат - магистратура - докторантура (Рh.D)
      4. Бiлiм беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесiн құру.
      Қойылған мiндеттердi iске асыру үшiн бiлiм беру жүйесiнiң әрекет етуiнiң материалдық-техникалық, нормативтiк құқықтық базасын нығайту, бiлiмге бағдарланған бiлiм беру моделiнен "құзырлылық" моделiне көшу жолымен бiлiм берудiң мазмұнын өзгерту, бiлiм беру деңгейлерiнiң құрылымына ЮНЕСКО-ның халықаралық стандартты бiлiм беру сыныптамасына сәйкес келтiру көзделуде.
      Техникалық және кәсiби бiлiм беруде басты назар кәсiби техникалық бiлiм беру ұйымдары желiсiн кеңейтуге, жұмыс iстеп жатқан ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға және жұмыс берушiмен әлеуметтiк әрiптестiктi нығайтуға бағытталады. Жеке сектордың ресурстарын осы салаға тарту шарасы ретiнде бiлiм беру бiлiктiлiк тағайындаудан ажыратылады. Нәтижесiнде елдiң әртүрлi кәсiпорындары дербес бiлiм беру бағдарламаларын ұйымдастыруға мүмкiндiк алады, ал Бiлiктiлiктi растау мен берудiң тәуелсiз республикалық орталығы даярланған кадрлардың кәсiби бiлiктiлiгiн анықтайды. Орта кәсiби бiлiмнен кейiнгi жаңа деңгейде бiрқатар мамандықтар бойынша қызмет көрсетушi және басқарушы еңбек мамандарын даярлау жүзеге асырылмақ.
      Жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру жүйесiнде, бағдарламалардың икемдiлiгiн, мобильдiлiгiн, дипломдардың халықаралық деңгейде мойындалуын және оқу процесiнiң демократизациялануын қамтамасыз ететiн, кадрларды кредиттiк технология негiзiнде даярлаудың үш сатылы моделiне бiржола көшу жүзеге асырылады. Ғылыми кадрларды даярлаудың тиiмдiлiгi арта түседi. 22 мен 28 жас аралығындағы жастар магистрдiң, философия докторының (Рh.D) академиялық дәрежесiне ие болуға, ал профильдiк докторантураны игерген жағдайда профиль бойынша (медицина, музыка, бiлiм және т.б.) докторы дәрежесiне ие болуға мүмкiндiк алады.
      Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды бiлiм беру саласында қолданудың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында бiлiм беру саласында компьютерлердi жаңарту мен Интернетке қосылған мектептер желiсiн кеңейту жөнiндегi қосымша шаралармен қатар, мұғалiмдердiң компьютерлiк сауаттылығын жоғарылату, электронды оқулықтарды және мультимедиялық оқу құралдарын әзiрлеудi жеделдету, дистанциялық оқытуды ұйымдастыру үшiн бiлiм порталын құру жоспарланып отыр.
      Бiлiм беру сапасын бағалаудың ұлттық жүйесiн құру шеңберiнде бiлiм беру сапасын iштен және сырттан бағалау жүйесi енгiзiлдi, бақылау-өлшеу аспаптары жетiлдiрiлдi.
      Оқитындардың бiлiм алу жолындағы жетiстiктерiне мемлекеттiк бақылау бiлiм алудың әрбiр сатысында жүргiзiледi.
      Бағдарламаның iске асырылуы нәтижесiнде бiлiм берудiң тиiмдi жұмыс атқаратын жүйесi қалыптастырылып, Қазақстанға әлемде лайықты орынға ие болуға мүмкiндiк беретiн, бiлiм беру мен кадрларды кәсiби даярлаудың сапалық тұрғыдан жаңа деңгейiне қол жеткiзiледi.
      Республикада баланың құқығы бойынша БҰҰ Конвенциясының 30-бабында көрсетiлген ереженi орындау бойынша шаралар қабылданып жатыр.
      Баланың өз ана тiлiн, өз халқының мәдениетiн, әдет-ғұрыптарын пайдалану құқығын қамтамасыз ету үшiн Қазақстанда қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, тәжiк және украин тiлiнде оқытатын мектептер жұмыс iстейдi.
      Бiлiм беру мекемелерiнде дербес пән ретiнде 16 ана тiлi (немiс, поляк, украин, корей, татар, түрiк, шешен, әзiрбайжан, курд, ұйғыр тiлдерi) оқытылады.
      Елдегi 79 жексенбi мектептерiнде ана тiлiн 3,5 мыңнан астам бала үйренуде (2005 жылы - 76 жексенбiлiк мектеп, балалардың саны - 3 мың балаға жуық).
      "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес әрбiр баланың өз пiкiрiн айтуға, ар-ождан бостандығына, өзiнiң қоғамдық белсендiлiгiн дамытуға құқығы бар.
      Қазақстан Республикасында мүмкiндiктерi шектеулi балаларға қатысты кемсiтушiлiктiң алдын алу шаралары қабылданып жатыр.
      Балаларды денi сау өз құрбыларының бiлiм алу ортасына кiрiктiру жөнiнде арнаулы бiлiм беру саласында жаңа үрдiстер кеңiнен енгiзiле бастады. Мүмкiндiгi шектеулi балаларды тәрбиелеу және оқыту, олардың қоғамға әлеуметтiк бейiмделуi және кiрiгуi, баланың дамуындағы кемшiлiктердi ойдағыдай түзеу және алдын алу үшiн тиiмдi жағдайларды қалыптастырудағы жаңа бағыттарды зерделеу жөнiндегi жұмыс жетiлдiрiлуде.
      Қоғамның барлық мүшелерiн жыныстық қатыстылығына қарамастан тең құқықтар және мүмкiндiктермен қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасында гендерлiк теңдiктiң 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 29 қарашадағы N 1677 жарлығымен бекiтiлдi. Ресми статистикаға сәйкес Қазақстанда қыздар бастауыш бiлiммен iс жүзiнде толық қамтылған болып табылады. Бұған қоса, Қазақстан жалпы орта бiлiм беруде гендерлiк теңдiкке (паритетке) жеткен елдер тобына жатады.
      Қазақстан Республикасында гендерлiк теңдiктiң 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясына сәйкес бiлiм беру жүйесiне тиiстi бағдарламаларды енгiзу арқылы балалар мен жастарды зорлықшыл емес мiнез-құлыққа оқытып-үйрету көзделген.
      ЮНИСЕФ-тiң қолдауымен әлеуметтiк-психологиялық қызметтiң ғылыми-тәжiрибе орталығы "Балалар мен жастарды зорлықшыл емес мiнез-құқыққа оқытып-үйрету" жобасын әзiрледi, 5-10 сынып оқушыларына арналған оқу бағдарламасы, жоспар және оқу-әдiстемелiк жинақ жасалды.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабы 5-тармағында Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделген болмаса, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, Республика азаматтары үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланатындығы айқындалған.
      Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, бiрақ республика аумағында тұратын балалар бiлiм, тiл үйрену және т.б. таңдау құқығына ие.
      Репатрианттардың (оралмандардың) бiлiм алуға конституциялық құқығын қамтамасыз ету, бiлiмге қажеттiлiгiн қанағаттандыру мақсатында оралмандардың балаларын елiмiздiң жалпы бiлiм беретiн мектептерiнде оқыту жөнiнде белгiлi бiр жұмыстар жүргiзiледi.
      2006-2007 оқу жылында республикамыздың жалпы бiлiм беретiн оқу орындарында 47 841 шәкiрт-репатриант, оның iшiнде жалпы бiлiм беретiн мектептердiң 16518 - бастауыш, 25 101 - негiзгi, 6205 - жоғары сатыларында, 17 бала кезiнен мүгедек оқиды. Шәкiрт - репатрианттардың басым бөлiгi: Оңтүстiк Қазақстан облысында - 8180, Алматы облысында - 8027, Қарағанды облысында - 5498, Ақмола облысында - 6622, Жамбыл облысында - 4685, Павлодар облысында - 1301 тұрады. Облыстық бiлiм беру департаменттерiнiң деректерi бойынша қазiргi кезде репатриантардың, бала кезiнен мүгедек 17 балаларынан басқа, барлық мектеп жасындағы балалары (47841) оқытумен қамтылған.
      Республикамыздың орта жалпы бiлiм беру ұйымдарында жақын және алыс шетелдерден: Өзбекстаннан, Түркiменстаннан, Тәжiкстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден, Украинадан, Грузиядан, Иран Республикасынан, Қытайдан, Монғолиядан, Түркиядан, Пәкiстаннан, Сауд Арабиясынан, Ауғанстаннан келген оралман-шәкiрттер үшiн - бiлiмдерiндегi оқулықтарды жою және бiлiм беру бағдарламаларына олардың бейiмделуi мақсатында қосымша сабақтар, консультациялар жүргiзiледi, арнайы көшпелi бағдарламалар көзделген.
      Ислам Республикасы Пәкiстаннан, Ауғанстаннан және Ираннан келген репатрианттардың ересек халқы үшiн кириллицаны, қазақ және орыс тiлдерiн үйрену курстары ұйымдастырылған.
      Оралман-балалар келген күнiнен бастап олармен белгiлi оқу-тәрбие жұмыстары жүргiзiледi. Тiлдi жақсы игеру үшiн мектептерге "Тiл дамыту", "Тiл мәдениетi", "Сөз өнерi" қосымша арнайы курстары енгiзiлуде. Қызығушылықтары бойынша үйiрмелер, қазақ және орыс тiлдерi бойынша факультативтiк сабақтар ұйымдастырылуда. Кештер, танымдық ойындар, туған өлкенiң тарихын, қазақ халқының әдет-ғұрыптарын зерттеу бойынша әңгiмелесу секiлдi сыныптан тыс iс-шаралар жүргiзiледi. Репатрианттардың балалары мектептiң қоғамдық өмiрiне белсендi қосылады, көркемөнер, көрiнiс-конкурстарға және пәндiк олимпиадаларға қатысады, спортпен шұғылданады.
      Оралмандардың балаларын киiм, аяқ-киiм және оқу құралдарымен қамтамасыз ету жөнiнде шаралар қабылдануда. Барлық балалар тегiн оқулықтармен және тамақтанумен қамтамасыз етiлген.
      "Қамқор" қайырымдылық акциясының шеңберiнде республикамыздың бiлiм беру мектептерiнiң жанынан ұйымдастырылған қорлар, облыстық Қызыл Крест және Қызыл Жарты ай Қоғамдары, кедейлерге арналған аймақтық қорлар оралмандардың балаларына үнемi атаулы көмек көрсетедi.
      Мысалы, Алматы қаласында Жалпыға мiндеттi оқу қоры есебiнен 232 оралман-оқушы үшiн 186 мың теңге сомаға киiм, аяқ-киiм, оқу құралдары сатып алынды, 211 оралман-шәкiрт тегiн тамақтанумен қамтамасыз етiлген.
      Павлодар облысында оралмандардың барлық балалары оқулықтармен тегiн қамтамасыз етiлген. Оларды тынықтыруға және сауықтыруға Жалпыға мiндеттi оқу қорынан 803 844 теңге бөлiнген. 400 оралман-оқушыға: 354840 теңге сомаға - киiм, 283 100 теңге сомаға - аяқ-киiм, 165 904 теңге сомаға - оқу құралдары сатып алынды. Облыстарда дәстүрлi түрде "Оралмандар күнi" өткiзiледi.
      Кадрлардың бiлiктiлiгiн арттыру және қайта даярлау бойынша бiлiм беру қызметтерi 45 жоғары оқу орындарында iске асырылады. Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетiнде Инженер кадрларды және техникалық пән оқытушыларын қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру республикалық орталығы, А.Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттiк университетiнде - бiлiктiлiктi арттыру факультетi, А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттiк университетiнде - Кадрларды қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру Өңiрлiк салааралық институт, С. Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттiк агротехникалық университетiнде - бiлiктiлiктi арттыру институты, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында - Үздiксiз бiлiм беру институты, Қазақ ұлттық аграрлық университетiнде - аграрлық бейiндегi кадрларға жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру және бiлiктiлiгiн арттыру институты және т.б. жұмыс iстейдi.
      Қазақстанда қосымша бiлiм беру қоғамдық бiрлестiктерде, үкiметтiк емес ұйымдарда, оқыту, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру курстарында және т.б. жүзеге асырылады.
      Бұл негiзiнен, бұрын алған бiлiктiлiктi сақтап және арттыруға, сондай-ақ технологиялардың, бiлiм және құндылықтардың құбылмалы әлемi туралы өзiнiң танымына кеңейтуге мүмкiндiк беретiн оқудың әртүрлi нысандары. Бұл көбiнесе бiр мезгiлде жұмыспен ұштастырылған оқу.
      "Бiлiм барлығы үшiн" принципiн iске асыру ең көп дәрежеде заңсыз сектордың кәсiптiк бiлiм берудi ұйымдастырудың барлық деңгейi және түрлерi: өндiрiстегi, оқу орталықтарындағы, курстардағы және басқа құрылымдардағы оқу арқылы мүмкiн болады.
      Техникалық және қызмет көрсету еңбегi кадрларын және орта буындағы мамандарды даярлау 830 оқу орындарында (кәсiби мектептер, колледждер) және оқушыларының жалпы құрамы 600 мыңға жуық адамды құрайтын 1,5 мыңнан астам түрлi оқыту курстары, орталықтарында жүзеге асырылады.
      Оқушыларының жалпы құрамы 450525 адамды құрайтын 510 колледжде 216 мамандық бойынша кадрларды даярлау жүзеге асырылуда.
      320 бастапқы кәсiби бiлiм беру орындарында 138 мамандық бойынша даярлау жүргiзiлуде. 2006 жылы оқушылардың саны 108175 адамды құрады.
      Кәсiби бiлiм беру жүйесiн дамып келе жатқан ұлттық экономиканың практикалық мұқтаждықтарына сәйкес келтiру мақсатында "мемлекет - оқу орындары - жұмыс берушi" арасындағы өзара әрекеттестiктiң жаңа моделiн құру жөнiндегi жұмыс жалғастырылып келедi.
      Атырау қаласындағы мұнай-газ саласы, Павлодар облысындағы отын-энергетикалық саласына арнап техникалық және қызмет көрсетушi еңбек мамандарын даярлау және қайта даярлау жөнiндегi өңiраралық кәсiби орталықтар құрыла бастады.
      Кәсiби даярлықтың, бiлiктiлiктi тағайындау және растау сапасын бағалаудың тәуелсiз жүйесi енгiзiлiп жатыр. Оны республикалық бiлiктiлiктi растау және беру орталығы жүргiзедi.
      Ерекше назар техникалық бiлiмнiң дамытылуына аударылып келедi. Бiлiм министрлiгi бiрқатар жоғары оқу орындарын, колледждердi өзгерту, қайта профильдеу және бiрiктiру жолымен, сондай-ақ техникалық және қызмет көрсетушi еңбек кадрларын даярлау және қайта даярлау жөнiндегi өңiраралық кәсiби орталықтары негiзiнде жоғары техникалық мектептер ашуды жоспарлап отыр.
      Жоғары техникалық мектеп - техникалық бiлiм берудiң бiрнеше деңгейлерiнiң:
      1 деңгей - жоғары бiлiктi жұмысшыларды даярлау;
      2 деңгей - бiлiктiлiгi орта инженерлердi даярлау;
      3-деңгей - жоғары бiлiктi инженерлердi даярлауға арналған интеграцияланған оқыту бағдарламаларын iске асыратын жоғары техникалық оқу орны.
      Техникалық және кәсiби, орта және жоғары бiлiмнен кейiнгi бiлiм берудiң интеграцияланған бағдарламаларының оқыту мерзiмдерi әртүрлi болмақ. Жоғары техникалық мектепке абитуриенттердi iрiктеу кезiнде тек қана олардың бiлiм деңгейi ғана емес, сондай-ақ кәсiпке деген бейiмдiлiгi де анықталмақ.
      Бүгiнгi таңда Қазақстанның жоғары бiлiм беру жүйесiн дамытудың негiзгi мiндеттерi ретiнде:
      - қоғамның, мемлекеттiң және жеке тұлғаның жоғары сапалы бiлiм беру қызмет түрлерiне деген сұранысын қанағаттандыру;
      - ел экономикасының серпiндi секторлары үшiн адами капитал, зияткерлiк, ғылыми-техникалық элита қалыптастыру;
      - бiлiмдер, әзiрлемелер мен технологиялар құру және оларды трансферттеу, қазақстандық және әлемдiк ғылым арасында интерфейс қалыптастыру;
      - жоғары оқу бiлiмге деген қол жетiмдiлiктi және оның инвестициялық тартымдылығын күшейту;
      - мемлекетiмiзге деген халықаралық көзқарасты қамтамасыз ету көзделген.
      Республикада 175 жоғары оқу орны, оның iшiнде 68 мемлекеттiк, 107 - мемлекеттiк емес оқу орны жұмыс iстейдi.
      Студенттердiң жалпы құрамы 768,4 мың адамды құрайды. Оның iшiнде: күндiзгi бөлiмдерде - 375835, сырттай бөлiмдерде - 390422, кешкiлiк бөлiмдерде - 2417 адамды, мемлекеттiк гранттар есебiнен оқып жатқан студенттердiң құрамы - 112606 адамды, ақылы негiзбен оқып жатқандардың саны - 652419 адамды құрайды.
      Жоғары оқу орындарындағы профессорлық-мұғалiмдiк құрамның саны 42 788 адамнан тұрады. Жоғары оқу орындарының профессорлық-мұғалiмдiк құрамының 36 % дәрежеленген.
      10 мың адамға шаққандағы студенттердiң жалпы құрамы 715,2; келтiрiлген құрамы - 315,6 адамды құрайды.
      Қазақстан неғұрлым икемдi бiлiм беру бағдарламаларын iске асыруға мүмкiндiк беретiн әлемде ортақ танылған кадрларды даярлаудың үш деңгейлi моделiне: бакалавриат - магистратура - докторантура - Ph.D көштi.
      Мемлекеттiк бiлiм беру тапсырыс жүйесi Қазақстанның жоғары бiлiмдi қаржыландыру саласындағы елеулi жетiстiгi болып табылады. Ол жоғары бiлiмдi қаржыландырудың маңызды принципi - бiлiм беру қызмет түрлерiн жеткiзушiнi емес, оларды алушыларды қаржыландыру принципiн бекiттi. Бұл шара мемлекеттiк қаржының тиiмдi қолданылуы дәрежесiн арттыруға мүмкiндiк бердi.
      Жоғары бiлiмдi мамандарды даярлауға арналған мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы жоғары технологиялы және ғылымды қажетсiнетiн өндiрiстерге бағдарланған және ол 2006 жылы 32490 грантты құрады. Бұл ретте ол конкурстық негiзде 97 жоғары оқу орындары арасында орналастырылды.
      Жоғары бiлiмге деген қолжетiмдiлiктi арттыру, дарынды жастарға мемлекет тарапынан қолдау жасау және халықтың әлеуметтiк жағдайын жақсарту үшiн жекелеген азаматтар топтары үшiн жеңiлдiктер ескерiлген: ауыл жастары үшiн мемлекеттiк тапсырыста ауылдың әлеуметтiк-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтарға 30% квота, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын қазақ ұлтты тұлғалар үшiн - 2 % квота; I және II-топтағы мүгедектер, бала кезiнен мүгедектерге, мүгедек балаларға - 0,5 % квота; жетiм балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға - 1 % квота көзделген.
      Студенттердiң және магистранттардың шәкiртақысы қазiргi таңда 6 434 теңгенi құрайды.
      Мемлекеттiк бiлiм беру гранттарының құнын жоғары оқу орнының статусы мен рейтингiне қарай саралап белгiлеу механизмi әзiрленуде.
      Жылына 3 мың қазақстандық студенттердiң әлемнiң жетекшi жоғары оқу орындарында "Болашақ" халықаралық бағдарламасы бойынша оқиды.
      "Болашақ" бағдарламасының аясында ең үздiк студенттерге республикалық бюджеттен әлемнiң оқу үшiн қаражат бөлiнiп отырады.
      2006 жылдан бастап ғылыми зерттеулер жүргiзу үшiн, оның iшiнде шетелдiк жоғары оқу орындарында тағылымдама алу үшiн жоғары оқу орындарының үздiк мұғалiмдерiне конкурстық негiзде бiр жылға "Жоғары оқу орнының ең үздiк оқытушысы" мемлекеттiк гранты тағайындалады.
      Уәкiлеттi органға жолданған шағымдардың жалпы санының 0,41 % бiлiм алу құқығына қатысты шағымдар құрайды. Шағымдар мүмкiндiгi шектеулi адамдардың жоғары бiлiм алу мәселелерi мен бiлiм беру мекемелерiнiң лауазымды тұлғаларының әрекеттерiне қатысты болды.
      Мәселен, өтiнiш иесi И. өз шағымында саңыраулар мен нашар еститiн балаларға арналған N 6 арнаулы орта бiлiм беру мектебiн саңырау балаларға арналған N 1 Алматы арнаулы мектеп-интернатымен бiрiктiру жолымен кешкi бөлiмi бар саңыраулар мен нашар еститiн балаларға арналған "N 1 арнаулы мектеп-интернат" мемлекеттiк мекемесiне қайта ұйымдастыру жөнiндегi жергiлiктi атқарушы органдардың әрекетiне шағымданады. И. екi жыл бойына есту жөнiндегi мүгедек балалардың Қазақстан Республикасы Конституциясы кепiлдiк берген орта бiлiм алу құқығы бұзылып жатыр деп есептейдi. Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы жүргiзген арнаулы мектептердiң қызметiн тексерудiң нәтижесiнде бiрқатар заң нормаларын бұзушылықтар анықталды. Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк заң бұзушылық туралы кодексiнiң 235-бабы 1-тармағы және 323-бабы 1-тармағына сәйкес анықталған заң бұзушылықтар бойынша N 1 Арнаулы мектеп-интернаты мемлекеттiк мекемесi директорының мiндетiн атқарушыға қатысты әкiмшiлiк заң бұзушылық туралы хаттама жасалды.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабы 2-тармағында сәйкес тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды.
14-бап
      Егер әрбiр осы Пактiге қатысушы мемлекет қатысушылар құрамына кiрген кезде өз метрополиясына қарасты аумақта немесе оның юрисдикциясына қарасты басқа аумақтарда мiндеттi тегiн бастауыш бiлiм берудi белгiлей алмаған жағдайда, ол екi жыл iшiнде, ақылға сыйымды жылдар бойында бiртiндеп қолға алынатын, жылдар саны көрсетiлуi тиiс, жалпыға бiрдей мiндеттi тегiн бiлiм беру принципiн жүзеге асыру iс-шараларының егжей-тегжейлi жоспарын жасауға және қабылдауға мiндеттенедi.
      29. Пактiге қосылу кезiнде Қазақстанда мiндеттi тегiн бастауыш бiлiм беру болған. Қазiргi кезде мектеп жасына дейiнгi балалар жалпы санының 27,6% мектепке дейiнгi ұйымдармен қамтылған. Ауылдық балаларды қамту 38,7% қамтылған қалалық балалармен салыстырғанда 12,4% ғана құрайды. Бес-алты жастағы балалардың жалпы санынан 78% мектепке дейiнгi дайындықтан өтедi.
      Мектепке дейiнгi бiлiм берумен қамту көрсеткiштерiн жақсартуға 2006 жылы құрылған 651 мектепке дейiнгi тәрбие беру ұйымдары, оның iшiнде 108 балабақша және 543 мектепке дейiнгi шағын-орталықтар есебiнен қол жеттi. Бүгiн елiмiзде 724 шағын-орталық бар.
      Орта жалпы бiлiм саласында бiлiм беру қызметтерiнiң қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ету, бiлiм беру сапасын арттыру, мектептердiң материалдық-техникалық базасын нығайту, 12 жылдық орта жалпы бiлiм беруге көшу дайындығы бойынша дәйектi және жүйелi жұмыстар жүргiзiледi.
      Бүгiнгi күнi республикада 8067, оның iшiнде 7934 - мемлекеттiк, 133 - мемлекеттiк емес жалпы бiлiм беретiн мектептер жұмыс iстейдi.
      12 жылдық жалпы орта бiлiм беруге көшу жөнiндегi Iс-шаралар жоспары бекiтiлдi, оны iске асыру бiлiм беру қызметтерiнiң қол жетiмдiлiгiн және сапасын арттыруға, халықаралық бiлiм беру бiрлестiгiмен жақындасуды қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi.
      Негiзгi мектептердiң шәкiрттерiн бейiн алды даярлау және жоғары сыныптарда бейiндi оқыту тұжырымдамасының жобасы әзiрленген.
      Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегiнен 69 мектеп бейiндi оқытудың мазмұнын, нысанын және әдiсiн мақұлдау бойынша тәжiрибелiк алаңдар кестесiмен жұмыс iстей бастады.
      Тәжiрибелiк сыныптарда жұмыс iстеу үшiн мұғалiмдердi даярлау жүзеге асырылуда. Педагогикалық кадрлардың бiлiктiлiгiн арттырудың 2005-2007 жылдарға арналған жоспары Республикалық және облыстық бiлiктiлiктi арттыру институттарының базасында 30 мыңдай мұғалiмнiң бiлiктiлiгiн арттыруды көздейдi.
      Жаңа буын оқулықтары шығарылды, балама оқулықтар енгiзiлуде, әдеби оқулықтарды сараптау жүйесi жұмыс iстейдi. Халықтың осал буындарындағы балалар мемлекет есебiнен толығымен оқу кiтаптарымен қамтамасыз етiлген.
      Материалдық-техникалық базаны нығайту және бiлiм беру желiлерiн дамыту жүргiзiлуде. Бiлiм беру мектептерi (физика, химия, биология кабинеттерi) үшiн бiлiм беру процестерiне қажеттi оқу құрал-жабдықтары мен аспаптардың үлгi тiзбесi бекiтiлген.
      Апатты жағдайдағы мектептер саны қысқартылды, мектептердегi төрт ауысымдық сабақтар жойылды. Бiлiм беру ұйымдарында шәкiрттердiң қажеттiлiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн модульдiк мектептер құрылысының нұсқасы қаралуда. Алғашқы бағалау бойынша 2009 жылы концессия арқылы осы тектес мектептердi салу жолымен бiлiм беру ұйымдарындағы қажеттiлiктiң 100% атқарылуын қамтамасыз етуге болады.
      Бiлiм беру жүйесiнiң ең маңызды мiндетi дарынды балалар мен жастарды дамыту болып табылады. Балалар мен жасөспiрiмдердi тәрбиелеу мiндетiн iске асыру үшiн республикада 586 мектептен тыс ұйымдар жұмыс iстейдi.
      "Дарын" республикалық ғылыми-тәжiрибелiк орталығы құрылған, оның қызметi дарынды балаларды анықтау, дамыту және қолдау жүйесiн жетiлдiруге бағытталған. Оның қызметiнiң нәтижелерi туралы мынаны айтуға болады. Қазақстанның дарынды оқушыларынан топтасқан құрама командасы 2006 жылы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 251 медаль: оның iшiнде 55-алтын, 89-күмiс және 107-қола медаль жеңiп алды.
      "Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2001 жылғы 7 ақпандағы N 550 Жарлығын жүзеге асыру мақсатында "Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi 2007-2008 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2007 жылғы 14 ақпандағы Қаулысы қабылданды.
      Аталған Iс-шаралар жоспарына мектептерде қазақ тiлiн оқытудың сапасын жоғарылату, оқулықтар шығаруға қазақ тiлiнiң мамандарын дайындау және оларды материалдық ынталандыру мәселелерi енгiзiлген.
      Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының "Бiлiм беру туралы", "Тiлдер туралы" заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2004 жылғы Қазақстан халқына жолдауына сәйкес және БҒМ 2004 жылғы 19 наурыздағы бұйрығы негiзiнде республиканың 19 мектебiнде 3 тiлде оқыту бойынша тәжiрибе жүргiзiлуде. Тәжiрибеге 822 оқушы қатысуда: қазақ тiлiнде бiлiм алатын сыныптарда - 453, орыс тiлiнде бiлiм алатын сыныптарда - 369. Мұндай мектептерде биология, физика, химия, жағрафия, информатика сияқты пәндер ағылшын тiлiнде оқытылады. Орыс тiлiнде бiлiм алатын мектептерде Қазақстан тарихы және қазақ әдебиетi, музыкалық пәндер мемлекеттiк тiл негiзiнде жүргiзiледi, бұл тiлдi тереңiрек меңгеруге жәрдемдеседi.
      7-сынып үшiн қазақ, ағылшын, орыс тiлдерiндегi оқу бағдарламалары мен әдiстемелiк ұсыныстар БҒМ 2004 жылғы 22 сәуiрдегi "Республиканың жалпы бiлiм беретiн мектептерiнде 3 тiлде оқытуды енгiзу бойынша тәжiрибелiк жұмыстарды ұйымдастыру туралы" бұйрығымен бекiтiлген. 8-9 сыныптар үшiн БҒМ 2005 жылғы 31 тамыздағы бұйрығымен бекiтiлген.
      Осы тәжiрибенiң нәтижесiн байқау үшiн құрамына оқу орындарының жетекшiлерi, белгiлi педагог-зерттеушiлер кiретiн арнайы жұмыс тобы құрылған. Қазiргi уақытта 3 тiлде бiлiм берудi енгiзу бойынша тәжiрибе режимiнде жұмыс iстейтiн "Мұрагер" Қарағанды дарынды балалар үшiн арнайы мектебi қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде жағрафия, биология, физика және тарихтан терминологиялық сөздiк дайындалған.
15-бап
      1. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер әрбiр адамның:
      а) мәдени өмiрге қатысу;
      b) ғылыми прогресс пен оларды iс жүзiнде қолдану нәтижелерiн пайдалану;
      с) өзi авторы болып табылатын кез-келген ғылыми жұмыстарға, әдеби немесе көркем туындыларға байланысты туындаған моральдың және материалдық мүдделерiн қорғауды пайдалану құқығын таниды.
      2. Осы құқықты толық жүзеге асыру үшiн осы Пактiге қатысушы мемлекеттер қабылдануға тиiс шараларға ғылым мен мәдениет жетiстiктерiн қорғау, дамыту және тарату үшiн қажеттi шаралар да кiредi.
      3. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер ғылыми-зерттеу жұмыстары мен шығармашылық қызмет үшiн сөзсiз қажет бостандықты құрметтеуге мiндеттенедi.
      4. Осы Пактiге қатысушы мемлекеттер ғылым мен мәдениет салаларындағы халықаралық байланыстар мен ынтымақтастықты көтермелеуден және дамытудан келетiн пайданы таниды.
      30. "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңының 3-бабына сәйкес мемлекеттiң мәдениет саласындағы саясатының негiзгi принциптерiне:
      1) мәдениеттi қолдау, Қазақстан Республикасы азаматтарының мәдениет саласындағы қызметiн жүзеге асыру және мәдени өмiрге қатысу құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау;
      2) азаматтардың өз мүдделерi мен қабiлеттерiне сәйкес кәсiби де, кәсiби емес те (әуесқойлық) негiздегi шығармашылық қызметiнiң еркiндiгi;
      3) азаматтардың мәдени құндылықтарды жасаудағы, қайта түлетудегi, сақтаудағы, дамытудағы, таратудағы және пайдаланудағы құқықтары мен мүмкiндiктерiнiң теңдiгi;
      4) тарихи және мәдени мұраны қорғау және олардың дамуында сабақтастықты қамтамасыз ету;
      5) қазақтың ұлттық мәдениетiнiң тұтастығын сақтау және өзара байыту факторларының бiрi ретiнде шет елдерде тұратын отандастармен мәдени байланыстарды дамыту;
      6) қазақ халқының және этностық диаспоралардың тарихи мұрасын сақтау, қоғамның шығармашылық әлеуетiн дамыту және қоғамдық бiрлестiктерге бiрiгу еркiндiгi;
      7) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген тәртiппен шығармашылық одақтарға, өзге де қоғамдық бiрлестiктерге бiрiгу еркiндiгi;
      8) балаларды, оқушы жастарды ұлттық және әлемдiк мәдени құндылықтарға баулуға, эстетикалық және отаншылдыққа тәрбиелеуге ықпал ететiн тәрбие жүйесiн дамыту;
      9) нарық жағдайларында жұмыс iстеуi үшiн қолайлы орта қалыптастыруда мәдениет ұйымдарына жәрдемдесу болып табылады.
      Бүгiнгi таңда Қазақстанда 48 театр, 62 концерттiк мекеме, 3539 кiтапхана, 154 мемлекеттiк мұражай, 8 тарихи-мәдени қорық-мұражайлар, 2259 клуб үлгiсiндегi мекеме, 42 лунапарк пен демалыс парктерi, 4 хайуанаттар паркi жұмыс iстейдi. Театрлардың саны 4-ке ұлғайған. Театрлардың жалпы саны iшiндегi 47-сi (97,9%) мемлекеттiк меншiк нысанында болса, 1 - жеке меншiк нысандағы театр. Түрлi бейiнде жұмыс iстейтiн 2 - опера және балет театры, 33 - драма театры, 4 - музыкалы комедия, 4 - жас көрермен театры, 5 - қуыршақ театрларының ұжымдары өнер көрсетедi. Қазақстанда сондай-ақ мемлекеттiк емес театрлар да жұмыс iстейдi, алайда ұйымдық-құқықтық нысандары әртүрлi болғандықтан олардың саны белгiсiз. Мысалы, "Театр "Артишок" қоғамдық қоры, Қ. Сұлтанбаевтың театры, "Б. Ибрагимов атындағы сатира және юмор театры" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi және т.б.
      Қазақстанда 73 тұрақты жұмыс iстейтiн кинотеатр мен 266 жылжымалы және стационарлы кино қондырғылар бар. Балаларға арналған киносеанстардың көлемi ұдайы ұлғайып келедi.
      Соңғы жылдары концерт залдарының инфрақұрылымы өзгерiп, 2005 жылдың басына 18477 орынды құраған олардың сыйымдылығы өстi. Ол болса 2003 жылмен салыстырғанда 21,9 % артық. Қазақстанның концерттiк ұйымдары мемлекеттiк (79 %) және жеке меншiк (21 %) нысандарына ие. Орташа алғанда филармониялық концерттердiң саны жыл сайын 56 % өссе, олардың тыңдармандарының саны орташа есептегенде 10 % ұлғаяды.
      2001 жылдан бастап жұмыс iстеп жатқан мұражайлардың саны орташа есептегенде жылына 17,3 % өстi. Елдегi мұражайлардың басым бөлiгi (89,8 %) мемлекеттiк меншiк нысанында болса, қалғандары - жеке меншiктi. Ауылды жерлерде 67 мұражай жұмыс iстейдi (40,4 %). Соңғы екi жыл iшiнде мұражайлардың қорлары үштен бiр бөлiгiне құнды экспонаттармен толықтырылды.
      Халықтың бiлiм деңгейiнiң артуымен қоса библиографиялық ақпаратқа деген сұраныс та ұлғая түстi. Бұл жағдай кiтапханаларды пайдаланушылар санының тұрақты өсуiне (2002 жылдан бастап орташа алғанда жыл сайын 2,3 %), сондай-ақ олардың техникалық жабдықталуына (46,4 жеке компьютерлер қолданады) септiгiн тигiздi. Кiтапханалардың жалпы санынан 2900 (81,9 %) ауылды жерлерде орналасқан. Елдiң кiтапханалық қоры 115,4 млн. бiрлiктi құрайды.
      Клуб үлгiсiндегi мекемелер желiсi кеңейiп келедi (орташа есептегенде 9,1 %). 2002 жылмен салыстырғанда клуб үлгiсiндегi мекемелердiң саны 20% өсiп, 2004 жылы 2 259 бiрлiкке жеттi және олардың басым бөлiгi ауылды жерлерде орналасқан. 2001 жылдан бастап клубтардың белсендiлiгi ұдайы өсiп келедi, 2003 жылмен салыстырғанда клубтар ұжымдары өткiзген iс-шаралардың саны 5,3% өстi, iс-шаралардың үштен бiр бөлiгi балаларға арналып өткiзiледi.
      2004 жылы Қазақстанда 9 420 көркем өнерпаз ұжымдары жұмыс iстедi, олардың 7 053 (74,9 %) - ауылды жерлерде. Көркем өнерпаз ұжымдары негiзiнен хорлардан, вокалды (26,6 %) және хореографиялық (23,5 %) ұжымдардан тұрады. ұжымдық өнерпаздық шығармашылыққа 125,2 мың адам қатысты.
      2004-2006 жылдарға арналған "Мәдени мұра" мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру барысында мемлекеттiң ұлттық тарихы үшiн маңызы ерекше тарихи-мәдени ескерткiштер қалпына келтiрiлдi. Облыстар әкiмдiктерi тарихи-мәдени мұраны сақтап қалу жөнiндегi өңiрлiк бағдарламаларды жүзеге асырып келедi. Қазақстан тарихының есте қалааралық оқиғаларына арналған тарихи және этнографиялық бейiндегi мемлекеттiк мұражайлар желiсi құрылды.
      Өткен уақыт iшiнде қол жеткiзiлген ғылыми-зерттеу және реставрациялық базаны, тарихи-мәдени қорық-мұражайларды сақтап қалу және мәдени мұра ескерткiштерiн насихаттау, оларды туризмнiң инфрақұрылымына енгiзу бойынша нақты шаралар қабылданды.
      Көне қолжазбалардың, кiтаптардың және өзге де көздердiң бүтiндiгiн сақтауды қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық кiтапханасы жанында кiтап раритеттерiн айқындау және сатып алу, сондай-ақ кiтаптар мен көне қолжазбаларды реставрациялау жөнiндегi орталық құрылды.
      Саланың нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру жөнiндегi жұмыстар жүргiзiлiп жатыр. Қазақстан Республикасының " Мәдениет туралы ", " Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы", "Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы" Қазақстан Республикасының заңдары қолданылып келедi. Қазiргi уақытта мұражай экспонаттарының есепке алынуы мен сақталуы мәселелерiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлену үстiнде.
      Қазақстан Республикасының Конституциясы сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк бередi. Цензураға тыйым салады. Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар (20 баптың 1 және 2 тармақтары).
      "Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 22 желтоқсандағы заңының 15, 16-баптары жеке және заңды тұлғаларға, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттiк және ведомстволық мұрағаттар мен олардың филиалдарында сақталатын, пайдалану үшiн ашылған Ұлттық мұрағат қорының құжаттарын тегiн пайдалануға құқық бередi.
      "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шiлдедегi заңының 20-бабына сәйкес журналист ақпаратты iздестiрудi жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға; мемлекеттiк органдарға, барлық меншiк нысанындағы ұйымдарға баруына және өзiнiң қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты олардың лауазымды адамдарының қабылдауында болуға; жабық шара өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан басқа жағдайда өзiн тiркеген орган өткiзетiн барлық шараларға қатысуға; заң актiлерiнде тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, жазбалар, сондай-ақ оларды дыбыс-бейне техникасын, кино- фото түсiру құралдарын пайдалана отырып жасауға; құжаттар мен материалдардың мемлекеттiк құпия болып табылатын мәлiметтерi бар үзiндiлерiн қоспағанда, олармен танысуға рұқсат алуға құқылы.
      Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейдi.
      Аталған заңның 25-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтардың немесе ұйымдардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн, шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтердi тарату, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сотқа ықпал жасау Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнiң 129-бабы жала жабу; 130-бабы қорлау).
      Бұқаралық ақпарат құралының меншiк иесi, бас редакторы (редакторы) Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығына бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-таптық және рулық артықшылықты, қатыгездiктi, зорлық пен порнографияны насихаттап үгiттейтiн хабарлар мен материалдарды таратқаны үшiн, олардың алынған көздерiне қарамастан, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жауаптылықта болады (Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнiң 164-бабы Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыру; 170-бабы Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру; 233-1-бабы терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру; 273-бабы порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату).
      Ұлттық кинематографияны дамытуға назар аударылуда, қазақ халқының тарихын бейнелейтiн iрi киножобалар iске асырылып жатыр. Ш. Айманов атындағы "Қазақфильм" Ұлттық компаниясы киностудиясында киноөндiрiсiнiң әлемдiк стандарттарына сай келетiн жаңа цехтары мен бөлiмдер ашылып, жаңа кино құрал-жабдықтары сатып алынды. 420 жұмыс орны ұйымдастырылып, жаңа кәсiптер игерiлдi.
      Астана қаласы мәдениетiнiң инфрақұрылымы кеңейiп келедi. Бұрын ашылған театрлармен қоса К. Байсейiтова атындағы Ұлттық опера және балет театры жұмыс iстейдi, Президенттiң мәдениет орталығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кiтапханасы салынып, iске қосылды. Сондай-ақ Мемлекеттiк цирк ашылып, Бейбiтшiлiк және келiсiм сарайы салынды.
      Халықаралық мәдени байланыстар орнатылып ойдағыдай жұмыс iстеуде. Жақын және алыс шетелдiң 49 елiмен және халықаралық ұйымдармен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келiсiм-шарттарға қол қойылды.
      Сонымен қатар, бұл салада тиiстi проблемалар да орын алып отыр. Мәдениет ұйымдарының жеткiлiксiз қаржыландырылуы және олардың материалдық-техникалық базасының осалдығы салдарынан халықтың мәдени мұқтаждықтары мен оларды қанағаттандыру мүмкiндiктерi арасындағы арақашықтық ұдайы өсiп келедi. Оңтайландыру жылдары мәдениет объектiлерiнiң көбiсi не жекешелендiрiлдi не жабылып қалды. Кiтапханалардың кейбiрi кiтап қорынан айырылды, олар ең жақсы дегенде мектептерге тапсырылды. Жаңадан ашылған ауылдық кiтапханалардың қорында 500-ден 1000-ға дейiн баратын кiтаптар данасы бар.
      Екi он жылдықтан астам уақыт бойы республикада мәдениет мекемелерi үшiн ғимараттар салынған жоқ. Бүгiнгi таңда өңiрлердiң көбiсiнде олар жабдықталған жайларда - мектептерде, ауыл әкiмдiктерiнде орналастырылған. Мәдениеттiң клуб мекемелерiнiң ғимараттары едәуiр тозған. Мәселен, ғимараттардың жалпы саны iшiнен 671 күрделi жөндеудi талап етсе, 39 - авариялық күйде. Күрделi жөндеудi және қайта жабдықтауды 100 жуық мұражай ғимараттары талап етедi. Ауылды жерлердегi мәдениеттiң мұқтаждықтарына арнап көлiк, құрал-жабдық және техникалық құралдар сатып алу мүлдем тоқтатылды деп айтуға болады.
      Шетел мемлекеттерiнiң тәжiрибесiн зерттеу мемлекеттiк тапсырыстың енгiзiлуiн, мәдениеттi патронаждаудың нақты және ұтымды құрылымын қалыптастыру, гранттар алуға конкурстар өткiзу, мәдениет мекемелерiнде келiсiм-шарттық жүйенiң енгiзiлуiн, мәдени саясатқа жоспарлы мониторинг жүргiзу қажеттiлiгiне жетелейдi. Сондай-ақ, мемлекет өнердi бүгiнгi таңда көптеген елдердiң мәдени саясатын iске асыруда қолданылатын буферлiк үкiметтiк емес ұйымдар - өнер бойынша кеңестер арқылы қаржыландыратын халықаралық практиканы қолдануға болады. Бұл жағдайда мемлекет қаражаттың үлестiрiлуiне қатыспайды, Кеңес саясаткерлер мен функционерлердiң қаражатты тiкелей бөлуден алыстатылуына, дарынды жеке тұлғалардың саяси қысым жасаудан немесе цензурасын араласудан қорғалуы үшiн жауапты болады.
      Әзiрше жергiлiктi iс-шараларды өткiзуге мүмкiндiк беретiн немесе жеке дарынды өнер өкiлдерiн, оның iшiнде дарынды жастарды қолдаумен айналысатын, Қазақстанда ендi-ендi қалыптасып келе жатқан жеке және корпоративтiк жебеушiлiкке мемлекет тарапынан назар аудару қажет.
      2006 жылдың ағымында Қазақстанда бiрнеше бiрлескен жобалар iске асырылды, сондай-ақ Қазақстанда тiркелген халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулер ұйымдастырылды.
      Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлiгi (бұдан әрi - МАМ) Қазақстандағы БҰҰ жүйесiн үйлестiрушiмен, ПРООН-ның Қазақстандағы тұрақты өкiлi Юрико Шоджимен бiрлесiп ПРООН-мен ынтымақтастық стратегиясын әзiрледi.
      ПРООН-ның қолдауымен»"Ұлттық ақпараттық ресурстар орталығы" сайты, "Қазақстан Республикасының үкiметтiк емес ұйымдары" электрондық анықтамалығы, Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң жанындағы Қоғамдық сарапшылар палатасы құрылды.
      Бұған қоса, 2006 жылы ПРООН-ның өкiлi ҮЕҰ әлеуметтiк маңызды жобаларын орындау жөнiндегi мемлекеттiк сатып алулар бойынша ашық конкурстың сараптау комиссиясының құрамына енгiзiлдi.
      Қазақстандағы БҰҰ жүйесiн Үйлестiрушi, ПРООН-ның Қазақстандағы тұрақты өкiлi Юрико Шоджи және Елшi, Алматы қаласындағы ЕҚЫҰ Орталығының Басшысы Ивар Вики үкiметтiк емес ұйымдарды дамыту жөнiндегi Ұлттық баяндамаға оң қорытынды берiп, Қазақстанның азаматтық қоғамды дамытудағы үлесiн жоғары бағалады.
      Мәдениет және ақпарат министрлiгi 2006 жылғы наурызда "Еуразия" қорының өкiлдерiмен бiрлесiп, Қазақстандағы қолөнершiлiктi дамыту жөнiнде дөңгелек үстел ұйымдастырды, осы бағыттағы ынтымақтастық саласы анықталды.
      Мәдениет және ақпарат вице-министрiнiң Қазақстандағы БҰҰ Ерiктiлер бағдарламасының Бағдарламалық офицерi Батсурен Ээнжинмен маусымдағы кездесуi барысында БҰҰ-ның ерiктiлер корпусымен жұмыс iстеудiң перспективалары талқыланды. Министрлiк мемлекеттiк органдарда жұмыс iстегiсi келетiн волонтерлерге критерийлер әзiрлеп, ДООН-ға жiбердi.
      2006 жылғы сәуiрде Қазақстандағы Бейбiтшiлiк Корпусымен ынтымақтастық туралы бұрын жасалған келiсiмшарт шеңберiнде Мәдениет және ақпарат министрлiгi үкiметтiк емес ұйымдардың (бұдан әрi - ҮЕҰ) әлеуметтiк жобаларының тұсаукесерiне қатысты.
      Мәдениет және ақпарат вице-министрi Е. Бабақұмаров Каунтерпарт Интернешнл бағдарламасының үйлестiрушiсi М. Гранниуспен болған қарашадағы кездесуi барысында азаматтық қоғам мәселелерi жөнiнде қоғамдық диалогты күшейтуге және халықты ақпараттандыруға бағытталған "Қоғамдық сұхбат" жоспарлы бағдарлама шеңберiнде Каунтерпарт Интернешнлмен ынтымақтасуға әзiр екендiгiн айтты.
      Халықаралық ұйымдардың өкiлдерi (ПРООН,»"Еуразия" қоры, Қазақстандағы Бейбiтшiлiк корпусы, Каунтерпарт Интернешнл) МАМ 2006 жылғы қазанда ұйымдастырған "Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс: идеялардан iске асыруға" тақырыбындағы республикалық конференцияға белсендi қатысып, ҮЕҰ жобаларын қаржыландыруда тәжiрибе алмасты.
      Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң 2007 жылғы наурызда»Белсендi азаматтық қоғам - қуатты Қазақстан Әлеуметтiк идеялар және жобалар жәрмеңкесiн ұйымдастырды, оған мынадай ҮЕҰ белсендi қатысты: Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығы, "Еуразия" қоры және т.б.
      Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң шетелдiк және халықаралық ҮЕҰ-мен ынтымақтастығы жөнiндегi көзқарасы өзгерiссiз қала бередi. Ынтымақтастық азаматтық бастамаларды, адам және азаматтың құқық бостандығын дамытуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтық қоғамының 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес азаматтың қоғам институттарының дамуына бағытталған сындарлы сұхбатты сипаттайды.
      Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң 2007 жылы ПРООН-мен бiрлесiп халықтың азаматтық бастамаларын дамыту жөнiнде республикалық дөңгелек үстел өткiзудi жоспарлап отыр.
      31.»"Ғылым туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабына сәйкес:
      1) ғылымдар, ғылыми-техникалық әзiрлемелер жасау және бiлiм беру ықпалдастығы;
      2) халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту;
      3) ғылыми-техникалық ақпаратты тарату және ғылыми-техникалық жетiстiктердi насихаттау еркiндiгi ғылым саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi принциптерi болып табылады.
      Қазақстан Республикасы ВОИС мүшесi бола тұра, конституциялық тәртiппен қазақстандық азаматтардың, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың зияткерлiк меншiкке деген құқығын мойындайды және кепiлдiк бередi. Оны сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiледi делiнген Конституцияның 20-бабы дәлелдейдi.
      Республикада зияткерлiк меншiк құқықтарын қорғау мәселелерiн реттейтiн заңдар қабылданды, бұл саладағы құқықтарды бұзу үшiн қылмыстық, әкiмшiлiк және азаматтық жауапкершiлiк көзделген. "Пираттық" деңгейiн қысқарту және құқық қолдану практикасын жетiлдiру мақсатында 2005 жылы зияткерлiк меншiк құқығымен байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтар үшiн жауапкершiлiк күшейтiлдi ("Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне зияткерлiк меншiк құқықтары мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 22 қарашадағы Заңы ).
      Авторлық құқықтар саласында Қазақстан әдеби және көркем шығармаларды қорғау жөнiндегi Берндiк Конвенцияға, фонограммалар өндiрушiлер мүдделерiн олардың фонограммаларын заңсыз көшiрiп алудан қорғау туралы Конвенцияға қосылды. Дүниежүзiлiк Интернет желiсiнде авторлардың, орындаушылардың және фонограммалар өндiрушiлердiң құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында - ВОИС орындаулар мен фонограммалар бойынша авторлық құқықтары бойынша келiсiмдерiне.
      1993 жылғы 5 ақпандағы "Өнеркәсiптiк меншiктi қорғау саласындағы халықаралық келiсiм-шарттар туралы Қазақстан Республикасының декларациясына" сәйкес Қазақстан ВОИС-тың қамқорлығымен қолданылатын бiрқатар негiзгi шарттардың, келiсiмдердiң және конвенциялардың, оның iшiнде:
      1883 жылғы 20 наурыздағы Өнеркәсiптiк меншiктi қорғау жөнiндегi Париждiк конвенцияның
      1891 жылғы 14 сәуiрдегi Тауарлық белгiлердi халықаралық тiркеу туралы Мадридтiк келiсiмнiң
      1970 жылғы 19 маусымдағы Патенттiк кооперация туралы шарттың (Вашингтон) толыққанды мүшесi болып табылады.
      Қазақстанда зияткерлiк меншiктi қорғау, басқару және енгiзу саласында iс-әрекеттердiң нақты бағдарламасын қалыптастыру мақсатында 2006 жылдың 23 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң "2007-2011 жылдарға арналған Патенттiк жүйенi дамыту бағдарламасын бекiту туралы" N 1243 қаулысы қабылданды. қараңыз.P101324
      Патенттiк стратегия ұлттық патенттiк жүйенiң тиiмдiлiгiн патенттiк тапсырыстардың дер кездiлiгiн және берiлетiн қорғау құжаттарының сенiмдiлiгiн қамтамасыз ету жолымен жаңғырту, Қазақстанның патенттiк-лицензиялық жүйесiн активациялау жөнiндегi негiзгi бағыттардан, сондай-ақ оны iске асыру жөнiндегi тиiстi iс-шаралар жоспарынан тұрады.
      Iс-шаралар жоспарында ұлттық патенттiк жүйенiң халықаралық патенттiк жүйелерге кiрiгуi арқылы дамуы үшiн жағдай жасау, сондай-ақ инновациялық кәсiпкерлiкке мемлекет тарапынан қолдау жасау көзделген.
      Экономиканы жаңғырту және диверсификациялау, елдегi инновациялық құбылыстарды әрi қарай нығайту, бiздiң тауарларды халықаралық рынокқа шығару бойынша мiндеттер Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 2 наурыздағы "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне зияткерлiк меншiк мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" заңының қабылдануына себеп болды. Заңның қабылдануымен қорғау құжатының мүлдем жаңа түрi - инновациялық патент енгiзiлдi, яғни тексеру жүйесi бойынша берiлетiн құжатты - Қазақстан Республикасының патентiн алу келiп тiркелу жүйесiмен қандай-да бiр алдын ала қорғау құжатын алумен шартталмаған бiрсатылы болды, қорғау объектiсiнен нәтижелер алу мерзiмi қысқартылды. Қазiргi уақытта жаңа әзiрлемелердi жылдам әрi тиiмдi түрде өндiрiске енгiзу мүмкiн болды. Үстiмiздегi жылы заңнаманы одан әрi жетiлдiру жөнiндегi жұмыс жалғасын табады. Атап айтқанда, ДСҰ мүше елдерiнiң Қазақстанның заңнамасын Зияткерлiк меншiк құқықтарының сауда аспектiлерi жөнiндегi келiсiмнiң (ТРИПС) нормаларына сәйкестiкке келтiру жөнiндегi ұсыныстарын iске асыру көзделiп отыр.
      32. Қазақстан Республикасы Экономикалық, әлеуметтiк және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактiнiң ережелерiн сақтау жөнiндегi мiндеттемелерiн растайды.

 

Егер сіз мәтінде қате тапсаңыз - Емле қатесін белгілеп Ctrl+Enter батырмаларын басыңыз
Шрифт өлшемі
Қалыпты өлшем
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қарамен
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Қалыпты нұсқа
Қалыпты нұсқа