-A A +A

Құрметті Қабибұлла Қабенұлы! Құрметті депутаттар!

Әділет министрі Б.М. Имашевтың
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында
«Жеке детективтік қызмет туралы»
Заң жобасы бойынша сөйлейтін сөзі
2015 жылғы 13 мамырда сағат 10-00-де өтеді
 
 
Құрметті Қабибұлла Қабенұлы!
Құрметті депутаттар!
 
Мемлекет басшысы - ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында сот және құқық қорғау жүйелерін жаңғыртудың басым бағыттарының бірі ретінде Қазақстан Республикасында жеке детективтік қызмет институтын енгізу қажеттігін атап өтті.
«Жеке детективтік қызмет туралы» Заң жобасын әзірлеу Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген
2012 жылғы 30 қаңтардағы Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында көзделген.
Жеке детективтік қызметті енгізу жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен еркіндігін, мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғауға бағытталған.
Осыған байланысты Әділет министрлігі мүдделі мемлекттік органдармен бірлесіп, «Жеке детективтік қызмет туралы» Заң жобасын әзірледі.
Заң жобасын қабылдаудың мақсаты Қазақстан Республикасында жеке детективтік қызметті реттеу болып табылады.
Осылайша, заң жобасында мынадай негізгі ережелер көзделген.
Жеке және заңды тұлғаларға детективтік қызметтер көрсетуден, сондай-ақ детективтік қызметке тапсырыс берушінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудан тұратын жеке детективтік қызметтің негізгі міндеттері айқындалады. Заңдылық; адамның және азаматтың, сондай-ақ заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, конституциялық құрылысты, қоғамдық имандылықты бұзуға жол бермеушілік; құпиялылық; лауазымды адамдардың жеке детективтік қызметке араласпауы қағидаттары бекітіледі.
Жеке детективтік қызмет деп тапсырыс берушінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаумен байланысты, өтеулі шарт негізінде детективтік қызметтер көрсету бойынша лицензияланатын қызмет түрі түсініледі.
Заң жобасында жеке детективтің құқықтары мен міндеттері, лицензияны беру, тоқтата тұру, одан айыру және оның қолданысын тоқтату тәртібі көзделген.
Бұл ретте заң жобасында лицензияны алатын адамдар үшін мынадай біліктілік талаптары белгіленеді: Қазақстан Республикасы азаматтығының, жоғары заң білімінің және құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдардың жедел немесе тергеу бөлімшелерінде кемінде он бес жыл еңбек өтілінің болуы; отыз бес жасқа толуы; алып тасталмаған немесе өтелмеген соттылығының болмауы және өзге де талаптар.
Заң жобасының тұжырымдамалық ережелерінің бірі жеке детективтік қызметті жүзеге асырған кездегі шектеулерді бекіту, оның ішінде қылмыстық іс-әрекеттер мен әкімшілік құқық бұзушылықтарға байланысты істер бойынша детективтік қызметтер көрсетуге тыйым салу болып табылады.
Детективтік қызмет пен құқық қорғау органдарының жедел-іздестіру қызметінің аражігін айыру мақсатында детективтік іс-шаралардың толық тізбесі: дара әңгімелесу; жеке және заңды тұлғалардан анықтамаларға, сипаттамаларға, құжаттарға сұрау салу көзделеді.
Бұдан басқа заң жобасында Қазақстан Республикасы Үкіметінің және уәкілетті органның жеке детективтік қызмет саласындағы құзыреті айқындалады, жеке детективтік қызметті мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың негіздері бекітіледі.
Жоғарыда аталған ережелер, бір жағынан, детективтік қызметтер көрсету нарығын дамытуға, екінші жағынан – жеке және заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын қажет етпейді.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде заң жобасын қолдауларыңызды сұраймын.
 
Назарларыңызға рақмет!