-A A +A

Құрметті Қабиболла Қабенұлы! Құрметті депутаттар!

Әділет министрі Б.М. Имашевтың «Қазақстан Республикасындағы
бағалау қызметі туралы» (жаңа редакциясы) Заңының жобасы
бойынша баяндамасы

 

Құрметті Қабиболла Қабенұлы!
Құрметті депутаттар!

 

«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» (жаңа редакциясы) Заңының жобасы «Қазақстан – 2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын,  «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жарлығын іске асыру мақсатында Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2014 жылға арналған жоспарына сәйкес әзірленді.

Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және Республикалық бағалаушылар палатасының, банк, сақтандыру және ғылыми-сарапшылық қоғамдастығының өкілдерімен бірлесіп Қазақстанда бағалау қызметтерінің тиімді нарығын дамытуға бағытталған тұжырымдамалық тәсілдерді жасады.

Заң жобасы өзін-өзі реттейтін ұйымдарды күшейтуге, дұрыс емес бағалауды беруге жол бермеу және жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі шаралар кешенін бекітуге бағытталады.

Заң жобасының ережелерімен бағалау сапасының төмендігімен, бағалау қызметін мемлекеттік реттеу және өзін-өзі реттеу жүйесінің жетілдірілмеуімен байланысты қолда бар проблемалық мәселелер шешіледі.

Бағалаушыларды сертификаттауды енгізе отырып, лицензиялық рәсімдерді оңайлату және қысқарту мақсатында жеке тұлғаларды лицензиялау жойылады. Аумақтық бағалаушылар палатасының бірінің құрамына кіретін заңды тұлғалар бағалау қызметінің субъектілері болып танылады.

Өз қызметін дара кәсіпкерлер нысанында жүзеге асыратын  жеке тұлғаларды лицензиялауды жою бағалау қызметі саласындағы қызметтерді жүзеге асыратын субъектілерді ірілендіру, бағалау жүргізу сапасын арттыру және мемлекет тарапынан бағалау қызметінің субъектілерін тиісінше есепке алуды және бақылауды жүзеге асыру қажеттігімен байланысты болып отыр.

Бұдан басқа, қолданыстағы заңнамаға сәйкес  бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензияны осы заңды тұлғалармен еңбек шартын жасасқан екі жеке тұлғаның лицензиясы негізінде жеке тұлғалар сияқты заңды тұлғалар да ала алады.

Қос лицензиялаудың қолданылып жүрген жүйесі практикада еңбек шарттары лицензиясы бар, бірақ  бағалау қызметімен айналыспайтын адамдармен жасалуына әкеп соқты. Бағалау қызметін жүзеге асыруға лицензиясы жоқ адамдар бағалаумен  жиі айналысады.

Қолданыстағы тәртіп уәкілетті органға аталған жағдайға толық көлемде әсер етуге мүмкіндік бермейді.

Бағалаушыны сертификаттауды уәкілетті орган аккредиттеген тәуелсіз ұйым – Республикалық бағалаушылар палатасы құрған Біліктілік комиссиясы жүзеге асырады.

Заң жобасында Біліктілік комиссиясының құрамына уәкілетті органның өкілі, әрбір аумақтық бағалаушылар палатасының бір өкілі, ғалымдар кіруі тиіс деп көзделген.

Осылайша, бағалаушыларды сертификаттауды енгізу бағалаушының біліктілігін, олардың стандарт талаптарына сәйкес келетін орындаған бағалауының сапасын көтеруге алып келеді.

Сертификаттауды өткізу тәжірибесі Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет саласындағы заңнамасында, бірқатар шет мемлекеттердің (АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Литва және т.б.) бағалау қызметі саласындағы заңнамаларында орын алғанын атап өту керек.

Заң жобасында бағалаушылар палатасының облыстарда, Астана және Алматы қалаларында тек бір палатаның болуын, оның Республикалық бағалаушылар палатасына міндетті түрде кіруін көздейтін айқын құрылымы құрылған.

Нормативтік-әдістемелік қамтамасыз етудің бірыңғай саясатын, сондай-ақ бағалау қызметін үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Республикалық бағалаушылар палатасы тиісті облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана аумақтарында құрылған аумақтық бағалаушылар палаталарын біріктіруі тиіс.

 

Бұл тәсіл адвокаттық және нотариаттық қоғамдастықтың өзін-өзі реттеуін ұйымдастырудың  оң  тәжірибесін ескере отырып қолданылды.

Қазіргі кезде Республикалық бағалаушылар палатасының құрамына аумақтық бағалаушылар палаталарының барлығы бірдей кірмейді (5), бұл ретте Алматы қаласында бірнеше бағалаушылар палатасы қызметін жүзеге асырған жағдайлар туындады (4), бұл бағалаушылар палатасының қызметі мен жұмыс істеуін ұйымдастыруға және бірыңғай саясат жүргізуге, сондай-ақ бағалау қызметі субъектілерінің құқығын қорғауға кедергі келтірді.

Оның үстіне, қазіргі кезде лицензия алған үш мыңға жуық бағалаушы бағалаушылар палатасының мүшелігіне кірмеген.

Заң жобасында бағалау қызметімен айналысуға үміткерлерге біліктілік емтихандарын өздерінің өткізуі арқылы бағалаушылар палатасының өзін-өзі реттеуі, бағалаушылар палатасының бақылауды жүзеге асыруы және есептеріне сараптама жүргізу рәсімін енгізу күшейтіледі. 

Бұл бизнестің ұсынылатын тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау мәселелерін өзі реттейтін жағдайларды жасауына мүмкіндік береді.

Яғни, біліктілік емтихандарын өткізудің тәртібі мен рәсімін бағалаушылар палатасы айқындайтын болады, басқа сөзбен айтқанда, өзін-өзі реттейтін ұйымдар бағалау қызметімен айналысуға үміткерлерді іріктеуді  жүзеге асыратын болады.

Қолданыстағы заңнамада бағалау қызметін жүзеге асыру кезінде бағалаушы мен тапсырыс беруші арасында туындайтын барлық даулар сот тәртібімен шешіледі және сот дәйексіз бағалау фактісін анықтаған кезде ғана уәкілетті орган – Әділет министрлігі бағалаушыларға қатысты шаралар қолдануға құқылы деп көзделген.

Сот процестеріне, әдетте, ұзақ уақыт кетеді және шығынды процесс болып табылады, ол көрсетілетін қызметті тұтынушылар тарапынан негізді ескерту алуға әкеледі.

Заң жобасында аумақтық палатада бағалау қызметінің субъектілері арасында даулар туындаған жағдайда және Республикалық бағалаушылар палатасында келіспеушілік жағдайында бағалау туралы есептің  дәйектілігіне сараптама жүргізу мүмкіндігі көзделген.

Бұл ретте бағалау қызметінің субъектілерінің бағалау нәтижелеріне кез келген кезеңде сот тәртібімен шағымдануға құқығы бар.

Аталған шара өзін-өзі реттейтін ұйымдар – бағалаушылар палаталарының рөлін күшейтуге, бағалау сапасын және бағалау ұйымдары мен бағалаушылардың жауапкершілігін арттыруға және өздері көрсететін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Заң жобасында бағалаушылар палатасында 50 мың теңге мөлшерінде  өтемақы қорын құру көзделеді.  Бұл жарна біржолғы түрде  болады. Жалпы алғанда, аталған институт тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және сапасыз бағалауға байланысты келтірілген нұқсанды өтеуге бағытталған.

Бағалау жүргізуге шарт жасасқан тапсырыс берушіге келтірілген залал немесе үшінші тұлғаларға келтірілген мүліктік зиян аумақтық бағалушылар палатасының өтемақы қорының қаражаты есебінен өтелуге жатады.

Өтемақы қорының қаражаты оларды сақтау және ұлғайту мақсатында аумақтық бағалаушылар палатасының арнайы шотында орналастырылатын болады.

Өтемақы қорының есебінен нұқсанды өтеу туралы талап нұқсан келтіру уақытында мүшесі болып табылған немесе табылатын аумақтық бағалаушылар палатасына қойылады.

Өтемақы қорына аумақтық бағалаушылар палатасының міндеттемелері бойынша, сондай-ақ палата мүшелерінің міндеттемелері бойынша, егер мұндай міндеттемелердің туындауы өзі реттейтін қызмет түрін жүзеге асырумен байланысты болмаса,  қолданылмайды.

Біздің ойымызша, өтемақы қорын құру заң жобасының маңызды новелласы, бағалау қызметі саласындағы өзін-өзі реттеудің қамтамасыз ету функциясын іске асыруға мүмкіндік беретін, тұтынушылар алдында қаржылық жауапкершіліктің тиімді тетіктерінің бірі болып табылады.

Заң жобасында бағалаушы жеке тұлғаның бір ғана бағалау  ұйымының құрамына кіруі көзделген.

Бұл норма жұмыс сапасын арттыру, сондай-ақ бағалаушының өз қызметін жүзеге асыруы кезіндегі жауапкершілігін күшейту, мемлекет  тарапынан тиісті есепке алу мен бақылаудың жасалуы мақсатында әзірленді.

Бағалау қызметіне енгізілген новеллаларда бағалау ұйымдарының өзін-өзі реттеуін күшейту саласындағы озық тәжірибе ескерілген (Рессей Федерациясы, АҚШ, Ұлыбритания).

Заң жобасын іске асыру құқықтық және әлеуметтік-экономикалық теріс салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.

Заң жобасын 1-оқылымда мақұлдауларыңызды сұраймын.

Назарларыңызға рахмет, қолдауларыңызды сұраймын!