-A A +A

Құрметті әріптестер! Құрметті отырысқа шақырылғандар!

2014 жылы әділет органдарының күш-жігері 2014 жылғы
17 қаңтардағы «Қазақстан жолы - 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауда айқындалған Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмаларын, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің, Үкімет басшылығының тапсырмаларын тиісінше орындауға бағытталды.

Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында Әділет министрлігіне «Бизнес-2020» жол картасын мемлекеттік басқаруды, өзектендіруді жетілдіру бойынша, шағын және орта бизнесті кешенді дамыту, жеке меншік институттарын нығайту бойынша және т.б. ұсыныстар енгізуге қатысты 16 іс-шараны орындау тапсырылды (барлық көрсетілген тармақтар бойынша Әділет министрлігі  қоса орындаушы болды)   

2014 жылға арналған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында көзделген барлық іс-шараларды Әділет министрлігі мерзімінде орындады.

2014 жылғы 6 тамызда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті әлемнің отыз дамыған елі қатарына ену үшін мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құру және мемлекеттік аппарат жұмысының жеделділігі мен тиімділігін арттыру, сондай-ақ төрешілдікті болдырмау мақсатында ықшамды басқару аппаратын қалыптастыру талап етіледі деп атап өтті.

Президенттің 2014 жылғы 6 тамыздағы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару жүйесінің реформасы туралы» Жарлығын іске асыру шеңберінде Әділет министрлігі 3 комитетті –сот актілерін орындау, зияткерлік меншік құқығы және тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеттерін министрліктің департаменттері ретінде қайта ұйымдастырды («Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының ведомстволары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 14 тамыздағы № 933 қаулысы).

Осыған байланысты атқарушылық іс жүргізу органдарының аумақтық бөлімшелерін жергілікті жерлердегі Әділет департаменттеріне қоса отырып олар қайта ұйымдастырылды («Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қыркүйектегі № 1009 қаулысы).

Сонымен қатар әкімшілік басқарудың бірыңғай орталықтандырылған жүйесін қалыптастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылауды күшейту және бизнес-процестерді автоматтандыру мақсатында «Облыстардың, Алматы және Астана қалаларының Жылжымайтын мүлік орталықтарын» 16 республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорындарды бір заңды тұлғаға қосу арқылы олардың қызметі оңтайландырылды (Әділет министрлігінің «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК).

Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының ережелерін іске асыру үшін (2014 жылғы 25 тамыздағы) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды (2014 жылғы 29 қыркүйек).

Аталған Заң шеңберінде кейбір заңнамалық актілерге Әділет министрлігінің жекелеген функцияларын беруге, нақтылауға және толықтыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Үкімет пен Әділет министрлігі арасындағы сот сарапшыларының мемлекеттік тізілімін жүргізу тәртібін, сондай-ақ Министр бұйрығы деңгейінде бағалау қызметі саласындағы нысандар мен стандарттарды бекіту бойынша өкілеттіктердің аражігі ажыратылды.

Норма шығармашылығы саласында мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша заңмен (2014 жылғы 29 қыркүйек) ғылыми сараптаманың дербес түрі ретінде нормативтік құқықтық актілері жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама алып тасталды.

Бұл сыбайлас жемқорлық нормалардың нормативтік құқықтық актілерге заң сараптамасын және заң жобаларына ғылыми құқықтық сараптама жүргізу кезінде анықталғанымен байланысты болады.

Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес нормативтік құқықтық актілердің барлық жобалары Интернет-ресурстарда орналастырылады. Бұған қоса, әзірлеуші органның үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамның басқа да институттарының ұсыныстарынан бас тартуды жариялы түрде дәлелдеу міндеті көзделген.

Бұдан басқа, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық акт жобалары бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері сараптамалық қорытынды береді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуына байланысты аталған жұмыс жаңа импульсқа ие болды. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын ешбір нормативтік құқықтық акт жобасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен аккредиттелген ұйымдардың назарынсыз қалмайды.

Жақында жаңа институт – заңнамалық актілерді қолдану мен іске асыруға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін бағалауға мүмкіндік беретін кәсіпкерлік қызметті реттейтін актілерге қатысты реттеушілік ықпал етуге талдау енгізілді. 

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік үшін жағдайды түбегейлі жақсарту мәселелері бойынша (2014 жылғы 29 желтоқсандағы) заңда аталған институттың негізгі ережелері нормативтік түрде айқындалған.    

Бұған қоса, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өз құзыреті мен өкілеттіктері шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге және Заңның талаптарын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың, сондай-ақ мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық, саяси-құқықтық, ұйымдастырушылық-басқарушылық жүйелерiн қорғаудың басымдығы қағидаты негізінде орындауға міндетті.

Министрліктерге тиісті саладағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыру жөніндегі міндет жүктелген, сондықтан да әрбір мемлекеттік орган өзі әзірлейтін актілерде сыбайлас жемқорлық тудыратын нормаларға жол бермеуге міндетті. Бұдан басқа, құқықтық мониторинг шеңберінде әрбір мемлекеттік орган өз құзыреті шеңберінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тудыратын нормаларды анықтауға және оларды жою жөніндегі шаралар қабылдауға міндетті.

Мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру саласында Әділет министрлігінің азаматтық хал актілерін тіркеу және туу туралы куәліктерді беру кезінде жеке сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыру бөлігіндегі функциялары жергілікті атқарушы органдарға берілді (Әділет департаментінің штат санын және бюджетін бере отырып).

Актілерді тіркеу әкімдіктер басшылық ететін әлеуметтік мәселелермен байланысты. Функцияларды беру көші-қон, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша жалпы мемлекеттік саясатты жүргізу бойынша жұмысты кешенді үйлестіруге мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуды ұтымды жоспарлауға ықпал ететін болады.

Әділет органдары өз тарапынан азаматтық хал актілерін тіркеуді бақылау, қызметті нормативтік-әдіснамалық қамтамасыз ету бойынша функцияларды, сондай-ақ деректер қорын сүйемелдеуді жүзеге асыратын болады. Қазірдің өзінде біз жұмысты ұйымдастыру мәселелері бойынша әдістемелік хаттар жіберудеміз, жергілікті жерлерде ауыртпалықсыз жеңіл ауысуды және азаматтық хал актілерін тіркеу саласында уақтылы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында белсенді көмек көрсетілуде.

Атқарушылық құжаттарды орындау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру мақсатында Әділет министрлігінің республикалық меншікке айналдырылған (келіп түскен) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру бойынша функциясы Қаржы министрлігіне берілді.

Қазіргі кезде мүлікті беру бойынша жұмыс жүргізілуде және бұл жұмысты облыстардың, Астана және Алматы қалаларының Әділет департаменттері ең қысқа мерзімдерде аяқтауға тиіс.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен сот-медициналық сараптаманы жүргізу бойынша функцияларды әділет органдарына беру әкімшілік-құқықтық реформаларды жүргізудің басқа маңызды аспектісі болды.

Осыған байланысты сот-медицина органдарының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін біз құқықтық сипаттағы барлық қажетті шараларды қолдануға тиіспіз.

ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР, АЛҚА ҚАТЫСУШЫЛАРЫ!

Мемлекет басшысы 2014 жылғы 2 қыркүйектегі Парламенттің бесінші шақырылымының төртінші сессиясында сөйлеген сөзінде бизнесті жүргізу, инвестициялар ағынын үйлестіру, кәсіпкерлікті қорғауға барынша қолайлы жағдайлар жасау мақсатында жаңа Кәсіпкерлік кодексті қабылдау процесін аяқтауды тапсырды.

2014 жылғы 31 желтоқсанда Үкімет қаулыларымен (№ 1425, 1426) Кәсіпкерлік кодекс жобасы және оған ілеспе заң жобасы Парламент Мәжілісіне енгізілді.

Кәсіпкерлік кодекс жобасында кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу туралы заңнамалық актілердің нормаларын Кодекс жобасында шоғырландыруды есепке ала отырып, біз Кәсіпкерлік кодекс жобасын әзірлеу жөніндегі кең ауқымды және тынымсыз жұмыс атқарғанымызды атап өткен жөн. 

Кодекс жобасында кәсіпкерлік қызмет үшін маңызы бар, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылы, мемлекеттік реттеу тәсілдері мен нысандарын жүйелендіру және кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау мәселелерінің үлкен топтамасы реттелген.

Жалпы алғанда, Кәсіпкерлік кодекс жобасы шеңберінде толықтай және ішінара 12 заң шоғырландырылған.

ҚҰРМЕТТІ АЛҚА ҚАТЫСУШЫЛАРЫ!

Есептік кезеңде Әділет министрлігі 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспар қабылдады, оның шеңберінде Әділет министрлігі дамуының 5 стратегиялық бағыты анықталды (заңнаманы, сот актілерін орындау институттарын, сот-сараптама қызметін, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, мемлекеттік қызмет көрсету және білікті заң көмегі сапасын арттыруды жетілдіру).

2014 жылы Дүниежүзілік банктің «Doing Business» индикаторлары бойынша:

- келісімшарттарды орындау 5 позицияға (35-тен 30 орынға) жақсартылды;

- меншікті тіркеу бойынша Министрліктің позициясы 4 позицияға (18 орыннан 14 орынға) жақсартылды,

ҚҰРМЕТТІ ДЕПУТАТТАР, ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!

Өздеріңізге мәлім болғандай, заң шығармашылық жұмысы Әділет министрлігі қызметінің стратегиялық бағыты болып табылады.

Бұл жұмыстың басты нәтижесі 2014 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарын 100 пайызға орындау болды, онда 41 заң жобасын әзірлеу көзделді. Олардың ішінен - 30 заң жобасы Мемлекет басшысының және Президент Әкімшілігінің, 7-уі - Үкіметтің тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленді.

Министрлік 6 заң жобасын әзірледі – мен атап өткендей, бұл Кәсіпкерлік кодекс жобасы, сондай-ақ құқықтық актілер және бағалау қызметі туралы жобалар.

2014 жылы 31 желтоқсанда Үкімет 2015 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарын бекітті, онда 35 заң жобасын әзірлеу көзделген, оның ішінде 5 заң жобасын Әділет министрлігі әзірлейтін болады.

Осыған байланысты, заң жобалау жұмыстары саласындағы негізгі міндет - 2015 жылға арналған жоспарды әзірлеуші мемлекеттік органдар тарапынан орындау мақсатында оны айқын үйлестіру.

Әділет министрлігі 4 заң жобасын - төрелік туралы, сот-сараптама қызметі туралы және оларға ілеспе заң жобаларын әзірледі, олар қазіргі уақытта Ұкіметке енгізілген. Парламент қарауына аталған заң жобалары ағымдағы жылғы наурызда жолданады.  

Азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасы 2015 жылғы маусымда Парламенттің қарауына енгізілетін болады.

Осылайша, Министрліктің Заң жобаларын әзірлеу жөніндегі барлық шараларын ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдыққа жасауға тура келеді.

Осыған байланысты, Министрдің орынбасарлары Баймолдина Зәуреш Хамитқызы және Абдырайым Бақытжан Жарылқасынұлы Парламенттегі Үкімет өкілдерімен бірлесе отырып, Министрлік өкілдерінің Парламент Палаталары бас Комитеттерінің жұмыс топтары отырыстарына жоғары деңгейде қатысуын қамтамасыз етсін.

ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!

Есептік кезең ішінде Заңнама институты 81 заң жобасы бойынша, 95 заң жобасының тұжырымдамасы бойынша және 37 халықаралық шарттар жобалары бойынша консультациялық қызметтер көрсетті.

Лингвистика орталығы 360 сараптамалық қорытынды, олардың ішінде заң жобаларына – 161, халықаралық шарттар жобаларына – 199 дайындады.

Заң жобалары мәтіндерінің теңтүпнұсқалылығын қамтамасыз ету мақсатында біз Премьер-Министр Кеңсесімен бірлесе отырып, егер заң жобасы алғашқы сараптамадан кейін өзгерістерге ұшыраса, қайта лингвистикалық сараптама жүргізудің міндеттілігі бөлігінде Үкімет Регламентіне (2014 жылғы 27 наурыздағы Үкімет қаулысымен) түзетулер енгіздік.

Басқа да маңызды бағыттардың бірі – мемлекетіміздің сыртқы саясат қызметін заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету болып табылады. 

2014 жылы Әділет министрлігі халықаралық шарттарды ратификациялау туралы 5 (2013 жылы – 4) заң жобасын әзірледі (1) азаматтық немесе сауда істері бойынша шетелде сот құжаттарын және соттан тыс құжаттарды тапсыру туралы, 2) балаларға алимент өндіріп алудың халықаралық тәртібі және отбасын ұстаудың басқа да нысандары туралы, 3) қарыз туралы (Сот төрелігі секторын институционалдық нығайту жобасы), 3) азаматтық және сауда істері бойынша шетелде дәлеледемелер алу, 5) азаматтық және коммерциялық істер бойынша сот шешімдерінің юрисдикциясы мен олардың орындалуы туралы).

Қазіргі таңда Әділет министрлігінде халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясына қосылу жөніндегі жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар Әділет министрлігі Бірыңғай экономикалық кеңістік және Кеден одағының құқықтық базасының қалыптастырылуына қатысуда.

Олардың қызметін қамтамасыз ету бойынша 2014 жылы Евразиялық экономикалық комиссия 465 шешім (2013 жылы –  438 шешім, ал 2012 жылы – 443 шешім) қабылдады.

Бұдан басқа Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт шеңберінде 2014-2015 жылдар ішінде зияткерлік меншік саласындағы 3 халықаралық шартты қоса алғанда, 37 халықаралық шартты да әзірлеу және бекіту жоспарланып отыр (ұжымдық негізде авторлық және сабақтас құқықтарды басқарудың бірыңғай тәртібі туралы, тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы, зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың қорғалуы бойынша іс-қимылдарды үйлестіру туралы).

ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!

2013 жылы Ұлттық алдын алу тетігін құру туралы заң қабылданды.

2014 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің үйлестіруші рөлі жағдайында 277 мекемеге (уақытша ұстау изоляторлары, тергеу изоляторлары, колониялар, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлер, балалар үйлері, психоневрологиялық мекемелер) бару ұйымдастырылып үйлестірілді.

Осы тәуелсіз институттың қалыптасуына Әділет министрлігі ерекше үлес қосқанын атап өту керек. Біз Ұлттық алдын алу тетігі туралы Заңды әзірлеп, кейіннен оны Парламентте сүйемелдеп, таныстырдық. Әділет министрлігіне тиісті бюджеттік бағдарламаны басқару жүктелді (106-кіші бағдарлама). 2014 жылы 46 млн.-ға жуық теңге игерілді.

Адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етудегі мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың жұмысында заңдылық режимін қолдау жөніндегі құқықтық насихаттау ретінде қарастырылатын бұл жұмыста азаматтық қоғамның қатысушылары да жоғары белсенділік көрсетті.

Авторлық құқық пен сабақтас құқықтардың және өнеркәсіптік меншік нормаларының сақталуына байланысты қатынастарды мемлекеттік реттеу әділет органдарының қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Үкімет осы мәселеге ерекше көңіл бөлуде.

Әділет министрлігінің бастамасымен үш жыл қатарынан Астана экономикалық форумының шеңберінде зияткерлік меншік саласындағы өзекті мәселелер бойынша сессиялар өткізілуде.

Ағымдағы жылы Үкімет пен Кеңестің отырыстарында зияткерлік меншік саласындағы бірқатар проблемалық мәселелер қаралды.

Бұл мәселелер – интернет желісіндегі қарақшылық, бағдарламалық қамтамасыз ету құқығының бұзылуы, жалған фармацевтикалық препараттар мен тамақ өнімдерінің таратылуы, кедендік бақылау мен контрафактіге қарсы күрес мәселелері.

2014 жылы желтоқсан айында Парламент Мәжілісінде Үкімет сағаты өткізілді.

Барлық отырыстардың қорытындылары бойынша Үкімет зияткерлік меншік құқығын қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қабылдады, олардың ішінде мемлекеттік органдардың өз стратегиялық жоспарларына зияткерлік меншік құқығын сақтау мен қорғау көрсеткіштері бойынша мақсатты индикаторларды қосуы да бар.

2014 жылдың қорытындылары авторлық құқықтарды тіркеудің өсуін де көрсетті.

Электронды есептеу машинасы үшін бағдарламалар жиірек тіркелетінін атап өткен жөн, оларды тіркеу 35 пайызға артты, әдеби туындыға тіркелген құқықтардың саны 18 пайызға өсті, сондай-ақ ғылыми және оқу әдебиеттерін тіркеу 32 пайызға өсті.

Ғылыми шығармаларға авторлық құқықты тіркеу де 25 пайызға өсті (монографиялар, зерттеу нәтижелеріндегі ғылыми еңбектер, теориялық түйіндеулер).

Соңғы үш жыл ішінде патент беруге өтінім саны да өсті. Егер 2011 және 2012 жылдары бұл көрсеткіш 1600 өтінімнен аспаса, 2013 жылдан бастап оның деңгейі жылына 2000-нан кем емес.

Зияткерлік меншік құқығын қорғау саласындағы жұмыстардың нәтижелерін қорытындылай келе, оны қорғау мәселесі әрбір тиісті уәкілетті мемлекеттік органның міндеті болып табылатынын атап өткім келеді, себебі зияткерлік меншік саласы экономиканы, денсаулық сақтауды, білім беруді, ауыл шаруашылығын және басқаларын қоса алғанда, тыныс-тіршіліктің барлық аспектілерін қозғайды.

Әділет министрлігі өзінің құзыретіне және оған жүктелген міндеттерге сәйкес тек зияткерлік меншік объектілерін тіркеуді жүзеге асырады, сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын сақтау мен қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады.

Құрметті әріптестер!

Жалпы алғанда, өткен жыл жемісті әрі қарқынды жұмыс жылы болды.

Департаменттер мен аумақтық органдарда тиімді жұмысты ұйымдастыру «Қазақстан Жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауда көзделген ауқымды мақсаттар мен міндеттерді сапалы әрі уақтылы орындауға, сондай-ақ Президент Әкімшілігі мен Үкімет басшылығының нақты тапсырмаларын орындауға мүмкіндік берді.

Әділет органдары үшін 2015 жыл да жауапты әрі қауырт жыл болады. Әділет органдары алдында өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру және «Нұрлы Жол» Қазақстанның Жаңа Экономикалық саясаты туралы тапсырмаларын іске асыру жөніндегі маңызды және жауапты міндеттер тұр.

2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспар шеңберінде Әділет министрлігі өз құзыреті шегінде мемлекет қызметін одан әрі құқықтық қамтамасыз ету, заңдылық режимін қолдау және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді іске асыратын болады.

«Мыңдаған адамды қамтитын» біздің ұжымымыздың осы міндеттерді орындауға шамасы жететініне сенемін. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін.

Назарларыңызға рақмет!