-A A +A

Құрметті Сергей Александрович! Құрметті депутаттар!

Құрметті Сергей Александрович!

Құрметті депутаттар!

 

Соңғы он жылда әлемдік экономикада зияткерлік меншік құқықтарының өзектілігі мен рөлі айтарлықтай өсті.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша зияткерлік меншік әлемдік тауар айналымының құрамдас бөлігі ретінде шамамен 1 пайызды құрайды (Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайты). Өз кезегінде, зияткерлік меншікті қорғалу деңгейінің жеткіліксіз болуына байланысты шығындар жылына миллиард долларды құрайды және зияткерлік әлеуеті бар кез келген ел осы мәселені айқын құқықтық реттеуге мүдделі болып табылады.

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында 2050 жылы әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру мақсатын қойған.

Осы мақсаттарға қол жеткізудің бірден бір шарты Қазақстанның индустриалдық-инновациялық дамуы, жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу болып табылады. Экономиканың осы бағыттарын дамыту еліміздің инвестициялық тартымдылығының бірден бір көрсеткіші болып табылатын  зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мен сақтауға тікелей байланысты.

Зияткерлік меншік саласы тыныс-тіршіліктің барлық жақтарын қозғайды. Экономика, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым, мәдениет және ауыл шаруашылығының кез келген саласында зияткерлік еңбек нәтижелері жасалады және пайдаланылады. Бұл ғылыми-зерттеу және тәжірибелі-конструкторлық әзірлемелер, технологиялық шешімдер, ғылым, әдебиет және өнер туындылары, тауар белгілері, бағдарламалық өнімдер және т.б. Осылардың барлығы зияткерлік меншік объектілері болып табылады.

Осыған байланысты, зияткерлік меншікті қорғау мәселелері тиісті салада әрбір тиісті уәкілетті мемлекеттік органның міндеті болып табылады.

Бүгінгі «Үкімет сағатының» Қазақстандағы индустрияландыру күнімен тұспа-тұс келгені есте қаларлық жайт. ЕЛБАСЫНЫҢ қатысуымен өтетін осы іс-шара аясында Қазақстандағы Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының бес жыл ішіндегі жұмысының қорытындысы шығарылады. «Парыз» және «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанаты, сондай-ақ экономиканың нақты салаларында серпіліс байқалған Индустрияландыру картасының анағұрлым ірі жобаларын іске қосу. Бұл шаралар Мемлекет басшысының Жолдауларында қойылған міндеттерді шешу бойынша Үкімет жүргізетін ауқымды жұмыстың бір бөлігі болып табылады.

Өнеркәсіптің, медицинаның, мұнай-химиясының, құрылыстың және экономиканың көптеген басқа да салаларының ғылыми-техникалық прогрессіз дамуы мүмкін емес және соның салдарынан патенттелуге жататын жаңа зияткерлік меншік объектілері жоқ.

Берілетін қорғау құжаттары санының артуы Әділет министрлігі атынан тіркеуші органға емес, салалық мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының және өндірістік кәсіпорындардың ғылыми-техникалық және инновациялық қызметінің белсенділігіне байланысты екені осыдан көрінеді.

Құрметті депутаттар!

Әділет органдары туралы Заңға сәйкес Әділет министрлігіне зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша міндет жүктелген (Әділет органдары туралы Заңның 3-бабының 7) тармақшасы).

Бұл міндет заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды дайындау, зияткерлік меншік объектілеріне қорғау құжаттарын беру, халықаралық ынтымақтастық, уәкілетті органдар мен мүдделі ұйымдардың өзара іс-қимылын үйлестіру, сондай-ақ олардың заңнаманы сақтау бойынша қызметін мониторингілеу арқылы іске асырылады.

Біздің министрліктің құзыретіне патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкiлдердің, ұжымдық ұйымдардың және патент ісі саласында сараптаманы жүзеге асыратын ұйымдардың қызметін бақылау жатады.

Жүргізілетін әкімшілік реформа аясында әділет министрлігінің құзыреті нақтыланғанын атап өту керек. Жаңа Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерді қабылдаумен өнертабысқа, пайдалы модельге құқықты бұзу бойынша іс жүргізуді қозғау және оны қарау бөлігіндегі құқық қорғау органдарының қызметіне жататын мәселелер, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу оларды қылмыстық теріс қылықтар санатына ауыстыруға байланысты әділет органдарының құзыретінен алып тасталды. Тиісінше, әділет органдары авторлық және сабақтас құқық, өнеркәсіптік меншік объектілерін пайдалану үшін бақылау функцияларын жүзеге асырмайды.

Сонымен қатар ағымдағы жылғы 29 қыркүйектегі  мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері жөніндегі Заңның қабылдануына байланысты Министрліктің құзыретінен туындыларды пайдалану құқығы импорты мен экспортын ұйымдастыруға жәрдемдесу жөніндегі функция алып тасталды. Бұл айрықша құқықтар иесі ретіндегі автордың туындылармен кез келген әрекеттерді дербес жүзеге асыруға құқылы екендігімен байланысты.

Тәуелсіздік алғалы Қазақстан зияткерлік меншік құқықтарын қорғау саласындағы негізгі нормативтік құқықтық актілерді қабылдады. Олар Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заң (1996 жыл), Патент туралы заңы (1999 жыл), Тауар таңбалары туралы заң (1999 жыл) және көптеген басқа да заңдар.

Қылмыстық және әкімшілік кодекстерде зияткерлік меншік объектілерін заңсыз пайдаланғаны үшін жауаптылық белгіленген. Сонымен қатар материалдық залал және моральдық зиянды өтеу түріндегі азаматтық-құқықтық жауаптылық көзделген.

Авторлық құқық және өнеркәсіптік меншік құқық негіздерінің нақты құқықтық реттелуі олардың жұмыс жасауы үшін қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік берді.

Бүгінгі күнде Америка Құрама Штаттарының Сауда палатасы Қазақстанды әлемдегі зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуы туралы «301-ші тізімнен» (Special 301 Report) алып тастады, онда зияткерлік меншік құқықтарын барабар құқықтық қорғауды қамтамасыз етпейтін елдер енгізіледі.

Бүгінгі күні бұл тізімге Аргентинаны, Үндістанды, Қытайды, Канаданы, Мексиканы, Финляндияны, Бразилияны, Грецияны, Түркияны, Ресейді, Беларусьты және Өзбекстанды қоса алғанда, 39 ел енгізілген.

Анықтама үшін:

2014 жылғы 30 сәуірде Америка Құрама Штаттарының Сауда палатасы «Special 301 Report» әлемдегі зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуы туралы арнайы баяндаманы жариялады.

Қазақстан бұл тізімнен 2006 жылғы 28 сәуірде алып тасталды.

Аталған тізімге енгізу біржақты тәртіппен айыппұл баждары не Қазақстан өндірушілері тауарларының (мәселен, болат, мұнай, алтын және т.б.) американдық нарыққа экспортын шектеу немесе тыйым салу түріндегі экономикалық санкцияларды қолдануға әкеп соғуы мүмкін.

Анықтама үшін:

2013 жылы Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тауар айналымы 2,75 млрд. АҚШ долларын құрады. Америка Құрама Штаттарына экспортталатын негізгі тауарларға шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдері, химиялық радиоактивті элементтер және изотоптар, күміс, ферро қорытпалар, титан және одан жасалған бұйымдар және тағы басқалар жатады.

Үкіметтің тіркеу рәсімдерін оңайлату және белсенді құқық түсіндіру жұмысын жүргізу бойынша қабылдаған келесі қадамдары практикада оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Зияткерлік меншік объектілерін тіркеу рәсімін әрі қарай оңайлату Парламентке енгізілген, жуырда Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымда мақұлданған (ағымдағы жылғы 15 қазан) «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласындағы құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң  жобасында көзделген.

Соңғы бес жылда (2009 жылдан 2014 жылға дейін) зияткерлік меншік объектілеріне берілген қорғау құжаттарының жалпы өсімі 61 пайызды құрайды. Бұл ретте, тіркелген объектілердің негізгі бөлігін тауар таңбалары құрайды (71 пайыз). Олардың ішінен тауар таңбаларына ұлттық өтініш берушілердің өсімі 48 пайызды құрайды.

Бұл жерде шетелдік өтініш берушілердің соңғы бес жылдағы белсенділігін ерекше атап өткім келеді. Шетелдік өтініш берушілердің тауар таңбаларын тіркеуі барлық берілген қорғау құжаттарының жалпы санының 52 пайызын құрайды.

Анықтама үшін:

Қазақстан бойынша тауар таңбаларына берілген өтінімдердің саны 2013 жылы – 9831, олардың ішінде резиденттерден – 2158, резидент еместерден – 1897, Мадрид жүйесі бойынша – 5776. 2012 жылы соған ұқсас өлшемшарттар бойынша барлығы – 9104, олардың ішінде резиденттерден – 2176, резидент еместерден –1820, Мадрид жүйесі бойынша – 5108 құрады.

Тауар таңбаларын тіркеуге берілген өтінімдердің саны 2014 жылы (9 айда) – 9931, олардың ішінде резиденттерден – 1778, резидент еместерден – 1333, Мадрид жүйесі бойынша – 6820.

Тауар таңбаларына берілген куәліктердің саны 2013 жылы– 2809, олардың ішінде ұлттық өтініш берушілерге – 1248, шетелдік өтініш берушілерге – 1561; 2014 жылы тауар таңбаларына берілген куәліктердің саны (9 айда) – 3139 , олардың ішінде ұлттық өтініш берушілерге – 1526, шетелдің өтініш берушілерге – 1613.

Ресей бойынша

Тауар таңбаларын тіркеуге берілген өтінімдердің саны 2013 жылы – 64928, олардың ішінде резиденттерден – 34621, резидент еместерден – 11164, Мадрид жүйесі бойынша – 19143.

Тауар таңбаларына берілген куәліктердің саны 2013 жылы –37813, олардың ішінде ұлттық өтініш берушілерге -18095, шетел өтініш берушілеріне – 7265, Мадрид жүйесі рәсімі бойынша –12453.

Беларусь Республикасы бойынша

Тауар таңбаларын тіркеуге берілген өтінімдердің саны 2013 жылы – 11680, олардың ішінде резиденттерден – 3988, резидент еместерден – 1380, Мадрид жүйесі бойынша – 6312.

Тауар таңбаларына берілген куәліктердің саны 2013 жылы – 6090.

Бұл шетелдік құқық иеленушілер үшін қазақстандық нарықтың тартымдылығын тағы да растап отыр.

Оның үстіне, Қазақстан «Зияткерлік меншік құқығын қорғау» индикаторы бойынша бәсекеге қабілеттіліктің Жаhандық индексінде 2011 жылдан бастап Испания, Бразилия, Ресей және Грузия сияқты елдерден басып озып, өзінің көрсеткішін 42 пунктке (116-орыннан 74-орынға дейін) жақсартты.

Бұл индикатордың контрафактіні анықтау және оның жолын кесу жөніндегі шараларды қолдану есебінен қалыптасатынын атап айтқан жөн. Тиісінше, жаңа интеграциялық жағдайда жүргізіліп жатқан әкімшілік-құқықтық реформаға орай бұл индикаторды жақсарту контрафактіге қарсы күрес жөніндегі құқық қорғау органдары тарапынан пәрменді іс-қимылға тікелей байланысты болады.

Өз кезегінде, құзыретіне авторлық және аралас құқықтар саласындағы құқық бұзушылықты ашу және тергеп-тексеру кірмейтін Әділет министрлігі құқық қолдану практикасын ескере отырып, заңнаманы жетілдіруде құқық қорғау ұйымдарына жәрдемдесуге дайын.

Зияткерлік құқық саласында халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа келетін болсақ, Қазақстан 1993 жылдан бастап Дүние жүзілік зияткерлік меншік ұйымының қатысушысы болып табылады.

Осы ұйымға мүше болу және Дүние жүзілік зияткерлік меншік ұйымының 19 базалық халықаралық шартын ратификациялау ұлттық заңнаманы қабылданған міндеттемелерге, оның ішінде қазақстандық авторлардың және шет елдердегі құқық иеленушілердің құқықтарын қорғау бөлігіндегі міндеттемелерге сәйкес үйлестіруге мүмкіндік берді.

Қазақстан Авторлық құқық жөніндегі дүниежүзілік конвенцияға, Өнеркәсіптік меншікті қорғау жөніндегі Париж конвенциясына, Әдеби және көркем шығармаларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясына, Тауар таңбаларын халықаралық тіркеу туралы Мадрид келісміне, Тауар таңбалары жөніндегі заңдар туралы Сингапур шартына және басқаларға қатысушы болып табылады.

Мадрид шартын ратификациялау біздің азаматтарға өзінің тауар таңбасын ұлттық патенттік ведомство арқылы бірнеше мемлекеттің аумағында бір мезгілде (әрбір қатысушы мемлекеттің ведомствосына өтініш жасамай) бір өтінім беру арқылы тіркеуіне мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Дүние жүзілік сауда ұйымына кіруі жөнінде

 «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Жолдауында Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы дүниежүзілік экономикалық жүйеге интеграциялауды тереңдету мақсатында Дүние жүзілік сауда ұйымына кірудің маңыздылығын атап көрсетті.

Дүние жүзілік сауда ұйымына қатысу Дүние жүзілік сауда ұйымына қатысушы елдер нарығына тауарларды өзара жеткізуді едәуір оңайлатады.

Дүние жүзілік сауда ұйымына кіруге қойылатын басты талаптардың бірі кандидат мемлекеттің ұлттық заңнамасын осы Ұйымның Келісімдерімен сәйкес келтіру болып табылады.

Дүние жүзілік сауда ұйымы шеңберінде зияткерлік меншік саласындағы базалық шарт ТРИПС Келісімі деп аталатын (1994 жылғы 15 сәуірде Уругвай раундының көпжақты келіссөздері шеңберінде қабылданды) зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектісі жөніндегі Келісім болып табылады.

Әділет министрлігі өз құзыреті шеңберінде Ұлттық экономика министрлігімен және басқа да органдармен бірлесіп, 1996 жылдан бері заңнаманы ТРИПС Келісімімен сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізіп келеді.

Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде кез келген нысандағы туындыға авторлық құқық қолданыла бастады (ТРИПС Келісімінің 9-бабына сәйкестендіру «Авторлық құқық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында көрініс тапқан).

Компьютерлік бағдарламаларды қорғау ісі әдеби шығармаларды қорғаумен теңестірілген (ТРИПС Келісімінің 10-бабы «Авторлық құқық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабында көрініс тапқан).

Авторлық құқық объектілерін ретроактивті қорғау енгізілді, ол 1973 жылға дейін құрылған (ТРИПС Келісімі 1973 жылдан бастап - КСРО, кейіннен Қазақстан Республикасы қатысушысы болған, ретроактивті қорғауды көздейтін Әдеби және көркем шығармаларды қорғау туралы Вена конвенциясын сақтауды талап етеді).

Қазақстан да Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше елдердің ұсыныстарын ескере отырып, интернет желісінде авторлар мен орындаушылардың авторлық құқықтарын қорғауды енгізді.

Анықтама үшін: «Дүниежүзілік авторлық құқық жөніндегі зияткерлік меншік ұйымы шартына Қазақстан Республикасының қосылуы туралы» 2004 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы; «Дүниежүзілік орындаушылар және фонограммалар жөніндегі зияткерлік меншік ұйымы шартына Қазақстан Республикасының қосылуы туралы» 2004 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы.

ТРИПС Келісімі талаптарының бірі - Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше басқа елдердің азаматтарына қолайлылығы оның өз азаматтарына ұсынатын режимінен кем болмайтын режимді ұсынуы болып табылады (3-бап).

Осыған байланысты Дүниежүзілік Сауда Ұйымының ТРИПС Келісімінің талаптарына сәйкестендіру жөнінде шаралар қабылданып, Грузия және Өзбекстан Республикасымен екіжақты үкіметаралық келісімдер жасалды, Қырғыз Республикасымен үкіметаралық Келісімнің қолданысы тоқтатылды. Әзербайжан Республикасымен Өнеркәсіптік меншікті қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы қолданыстағы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қою жоспарланып отыр.

Анықтама ретінде: Барлығы екіжақты 5 Келісімге қол қойылды. Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының үкіметтері арасындағы келісім ТРИПС Келісіміне қайшы келмейді. Қалғандары: Грузия бойынша – өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға 2014 жылғы 21 мамырда VІІ Астана экономикалық форумы аясында қол қойылды (оны ратификациялау туралы заң жобасы бұрыштама қою үшін мүдделі мемлекеттік органдарда жатыр); Өзбекстан бойынша - өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға ағымдағы жылғы 25 қарашада Өзбекстан Республикасының Президенті И.К.Каримовтың  Қазақстан Республикасына ресми сапары барысында қол қойылды (ол қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді); Қырғыз Тарапының өзгерістер енгізуден бас тартуына байланысты Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының үкіметтері арасындағы Келісім тоқтатылды (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 ақпандағы қаулысы).

Бүгінгі таңда Дүниежүзілік Сауда Ұйымы шеңберінде зияткерлік меншік мәселелері бойынша келіссөздер аяқталды және келіссөз барысында туындаған проблемалық мәселелер шешімін тапты.

Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі интеграциялық процестер бойынша

Бүгінгі таңда зияткерлік меншік саласындағы мәселелер 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылатын Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі экономикалық интеграцияның маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Анықтама үшін: зияткерлік меншік мәселелері Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың ХХІІІ бөлігінде және № 26 қосымшасында реттеледі.

Кеден одағының аумағында авторлық құқық және өнеркәсіптік меншік құқығы объектілерін бірыңғай қорғауды қамтамасыз ету, бірыңғай тауар белгісін енгізу, ұжымдық негізде құқықтарды бірыңғай басқару тәртібін енгізу, уәкілетті органдар мен Еуразиялық экономикалық комиссияның ынтымақтастығын белгілеу зияткерлік меншік саласындағы экономикалық интеграцияның негізгі мақсаты ретінде айқындалды.

Шартты іске асыру үшін 2015 жылдың ішінде үш халықаралық шартқа қол қою жоспарланып отыр.

Бірінші - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтарындағы Тауар белгілері, қызмет көрсету белгісі және тауардың шығарылған жерінің атауы туралы шарт. Тауар белгілерін тіркеуге берілген өтінімдерді көбейтуге бағытталады.

Екінші - Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі әрекеттерді үйлестіру туралы шарт. Зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды пысықтау, бұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу мәселелері бойынша ақпарат алмасу мақсатында ведомствоаралық ынтымақтастықты көздейді.

Үшінші - Ұжымдық негізде авторлық және сабақтас құқықтарды басқару тәртібі туралы келісім. Авторлық сыйақыны жинаудың, бөлудің және төлеудің бірыңғай тәртібін белгілеуді көздейді. Келісім жобасында жиналған сыйақыны бөлу тәртібі мен мерзімі жазылады, ол жылына кем дегенде 1 рет жүзеге асырылуға тиіс.

Осы халықаралық шарттарды қабылдау тиісті деңгейде зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз етуге және шығармашылық қызметті ынталандыруға ықпал ететін болады.

Алайда, жалғыз Әділет министрлігінің берілетін қорғау құжаттарының санын көбейту жөніндегі күш-жігері жеткіліксіз. Өз өндірісін дамыту және ғылыми-техникалық әлеуетін, өнертапқыштық белсенділігін ұлғайту, отандық ғылыми жобалар мен технологияларды қолдау жөнінде білім және ғылым, инновация және даму, ұлттық экономика, ауыл шаруашылығы министрліктері, ұлттық компаниялар мен ғылыми-зерттеу ұйымдары тарапынан шаралар қолдану қажет.

Бүгін зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша заң жобасын қарау жөнінде Парламент Мәжілісіндегі 15 жұмыс тобының қорытындысы бойынша Әділет министрлігі Сіздермен бірлесіп, құрметті депутаттар, ЭКСПО-2017 шеңберінде жасыл технологиялар, энергия үнемдеу және басқа да инновациялық жобалар саласында өнеркәсіптік меншік объектілерін жеделдетілген тіркеу жөнінде ұсыныстар жасады.

Тұтастай алғанда, осы ұсыныстарды Үкімет қолдады (Үкіметтің 2014 жылғы 30 шілдедегі қорытындысы).

Бүгінгі күні Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде серіктестер және бизнес қоғамдастық талқылайтын тағы бір мәселе – қатарлас немесе «орташа» импорт мәселесі.

Қатарлас импорт тауар белгілеріне айрықша құқықты тоқтату институтымен байланысты. Оның мәні тауар белгісі иесінің (құқық иеленушісі) келісіміне байланысты үшінші елдерден түпкі (табиғи) тауарлардың импорты жүзеге асырылады.

Мұндай келісімді айқындаудың үш қағидаты – ұлттық, өңірлік және халықаралық қағидаттар ажыратылады. Тауарды импорттаудың шарты ретіндегі тауар белгісі иесінің келісімінің болуы не болмауы ұлттық аумақ (ұлттық қағидат), белгілі бір өңір (өңірлік қағидат) шеңберінде тексеріледі не аумақтық шектеусіз (халықаралық қағидат) алынған болып есептеледі.

Қазақстан Республикасының тауар белгілері туралы заңында және Ресей Федерациясының Азаматтық кодексінде құқықтарды тоқтатудың ұлттық қағидаты көзделеді.

Сонымен бірге, ұлттық заңдар алдында басымдығы бар ратификацияланған халықаралық шарт негізінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде құқықтарды тоқтатудың өңірлік қағидаты қолданылады.

Басқаша айтқанда, кез келген Одаққа мүше мемлекеттердің аумағына тікелей құқық иеленушінің өзі немесе құқық иеленушінің келісімі бойынша басқа да адамдар заңды түрде азаматтық айналымға енгізген тауарларға қатысты тауар белгілеріне айрықша құқықты бұзу болып табылмайтындығы мойындалады.

Қазіргі уақытта шағын және орта бизнес өкілдері өңірлік қағидатты тауар белгісі иесінің (құқық иеленушісінің) келісімі талап етілмейтін құқықтарды тоқтатудың халықаралық қағидатына ауыстыруды ұсынады.

Бұл мәселе әлі де болса талқылануда. Аталған мәселені сарапшылар мен бизнес қоғамдастық, Қазақстан, Беларусь және Ресейдің патенттік сенім білдірілген тұлғалары ғана емес, сонымен қатар Парламент депутаттары (Н.Н. Логутов) және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері де қызу талқылауда.

Бүгінгі үкімет сағатында Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі – Министр Алдабергенов Нұрлан Шәдібекұлының қатысып отырғандығын ескере отырып, ол осы мәселе бойынша өз түсіндірмесін бере алады.

Бұған қоса, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің ағымдағы жылғы 23 маусымдағы № 45 шешімімен зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқықты тоқтату қағидатын одан әрі қолдануға қатысты ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Қазақстан тарапынан әділет, ұлттық экономика, қаржы, инновациялар және даму министрліктерінің, ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Сауда саясатын дамыту орталығының, Тауар таңбалары иелерінің қазақстандық қауымдастығының, Қазақстан тәуелсіз автобизнесі одағының, «Бэйкер және Макензи» компаниясының өкілдері кірді.

Анықтама үшін:

Жұмыс тобының қызметін Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі – министр  Т.М. Сүлейменов үйлестіреді. Жұмыс тобының бірінші отырысы ағымдағы жылғы 15 желтоқсанда өтті.

Құқықтарды тоқтату қағидатын өзгерту туралы шешім Одаққа мүше мемлекеттердің адал бәсекелестігін қамтамасыз етумен және индустриялық-инновациялық саясатпен тығыз байланысты.

Халықаралық тәжірибе мемлекеттердің қатарлас импортқа қатысты саясаты зияткерлік меншік мәселелеріне қарағанда, негізінен саудаға, бәсекелестік пен экономикаға қатысты алғышарттармен айқындалатынын куәландырады.

Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы шеңберінде құқықтарды тоқтатудың мейлінше басым қағидаты бөлігінде үміткер мемлекеттер үшін қатаң талаптар көзделмеген. Әрбір мемлекет мейлінше қолайлы режим мен ұлттық режимнің ұсынылуына жол бермеу шартымен үш қағидаттың бірінің пайдасына шешімді дербес қабылдайды (ТРИПС келісіміне қатысты Дохада Министрлер конференциясында 2001 жылғы 14 қарашада қабылданған Декларация).

Құрметті депутаттар!

Өзімнің баяндамамда мен Дүниежүзілік сауда ұйымының негізгі талаптарына және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі шарттар жобаларына тоқталып өттім.

Бұл ретте, зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың маңызды шарты құқық иеленушілердің өздерінің құқықтарын қорғауға мүдделі болуын күшейту, халықтың білімін арттыру және өзінің зияткерлік еңбегі нәтижелерін басқаруы болып табылады.

Үкімет алдына зияткерлік меншік саласындағы құқық қолдану практикасын жақсарту бойынша міндет қойылған.

Осыған орай, мүдделі мемлекеттік органдарға өз кадрларының біліктілігін қайта даярлау және арттыру тапсырылған.

Сондай-ақ келесі жылдан бастап мемлекеттік органдар өз стратегиялық жоспарына зияткерлік меншік құқықтарын сақтау мен қорғау деңгейінің нысаналы көрсеткішін енгізеді (ағымдағы жылғы 7 қазандағы Үкімет отырысының № 44 хаттамасы).

Құрметті депутаттар,

Бүгінгі «үкімет сағатының» тақырыбын және сіздердің тарапыңыздан халықаралық сарапшылардың пікіріне мүмкін болатын қызуғышылықты есепке ала отырып, біз Дүниежүзiлiк зияткерлiк меншiк ұйымы бөлімінің басшысы Тілеулесова Сәуле Январбекқызын, Дүниежүзілік сауда ұйымы Орталығының, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдардың және Патенттік сенім білдірілген өкілдер қауымдастығының өкілдерін, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың (ІІМ, Қаржымині, БҒМ, ИДМ, МСМ) өкілдерін шақырдық.

Шақырылған мемлекеттік органдардың және ұйымдардың сарапшылары мен өкілдері біздің талқылауымызға белсенді қатысуға дайын.

Өз тарапымнан, Үкімет пен Әділет министрлігі өз құзыреті шегінде және қойылған міндеттерге сәйкес Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына және әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге жәрдемдесетін болады деп сендіргім келеді.

Назарларыңызға рақмет!