-A A +A

«Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобасы бойынша Әділет министрі Б.М. Имашевтың Парламент Мәжілісі отырысында сөйлейтін сөзі

 

Құрметті Қабиболла Қабенұлы !

 

Құрметті депутаттар!

 

Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында шетелде біздің азаматтарымыздың, олардың жеке басының, отбасылық іскерлік мүдделерін құқықтық қорғауды жетілдіру және қамтамасыз ету тапсырылған болатын.

Аталған тапсырманы орындау үшін Сіздердің қарауларыңызға Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы Заң жобасын енгіземіз.

Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенциясы 1980 жылы халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференция   шеңберінде қабылданды.

Конвенцияға қосылудағы негізгі мақсат шетелдік немесе азаматтығы жоқ адамға сот төрелігіне қол жетімділікке кепілдік беру болып табылады.

Конвенцияға сәйкес Уағдаласушы мемлекеттердің әрқайсысының азаматтары, әрбір Уағдаласушы мемлекеттегі соттарда азаматтық және сауда істері бойынша құқықтық көмекке әдетте осы мемлекетте тұратын азаматтар, сондай-ақ адамдар сияқты құқығы болуға тиіс.

Бұл: сот және соттан тыс құжаттарды ұсыну, сот шешімдерін тану және орындау, азаматтық хал актілерінен үзінділердің көшірмелерін беру, соттың куәгерлер мен сарапшыларға тергеу жүргізуі, азамататтарға заң көмегін көрсету.

Құқықтық көмек көрсету туралы сұрауды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін жағдайларда, мемлекеттің көмек көрсетуден бас тартуға құқығы бар.

Бұл Конвенция 1954 жылғы Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі Гаага конвенциясымен байланысты.

Анықтамалық: Азаматтық іс жүргізу мәселелері бойынша конвенцияға 48 қатысушы мемлекеттердің қатарынан Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы Конвенцияға 26 мемлекет қана қатысушы болып табылады, 22 мемлекет Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы Конвенцияға мүше болып табылмайды.

Азаматтық іс жүргізу мәселелері бойынша конвенцияға қатысушы  мына мемлекеттер  Аргентина, Австрия, Бельгия, Қытай Халық Республикасы, Дания, Мысыр, Мажарстан,  Исландия, Израиль, Жапония, Норвегия, Португалия, Ресей Федерациясы, Суринам, Украина, Армения, Қасиет Тақ, Қырғызстан, Ливан, Моңғолия, Молдова Республикасы Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы Конвенцияға мүше болып табылмайды.

Сонымен қатар, Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер қатарында Азаматтық іс жүргізу мәселелері бойынша конвенцияға қатысушы емес Бразилия, Болгария, Эстония, Греция, Мальта елдері бар.

Егер Азаматтық іс жүргізулер жөніндегі конвенция құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуларды консулдар арқылы, Сыртқы істер министрлігінсіз, тапсыру мүмкіндігін қарастырса, Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенция азаматтық және сауда істері бойынша құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуларды  тікелей мемлекеттердің өздері тағайындайтын орталық органдар арасында жолдауды қарастырады.

Анықтамалық: Көп жағдайда, Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің орталық органдары Әділет министрлігі болып табылады (Эстония, Беларусь Республикасы, Хорватия, Латвия, Литва, Словения, Швеция, Франция, Румыния, Кипр және т.б. ).

Бұл ретте  Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенция әрбір мемлекеттің дипломатиялық каналдарды қолдану құқығын жоймайды.  

Сот төрелігіне халықаралық қол жеткізу туралы конвенция Азаматтық іс жүргізулер мәселелері бойынша конвенцияда қарастырылған сұрау салудың нысанын және оған қоса берілген құжаттар тізімін анықтау арқылы 9 норманы нақтылай ашады.

Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салулар және оған қоса тіркелген құжаттар, сондай-ақ қажетті хат-хабар сұрау салынатын Мемлекеттің мемлекеттік тілінде жасалуы немесе мемлекеттік тілге немесе ағылшын немесе француз тілдеріне аудармамен (Конвенция тілдері) қамтамасыз етілуі тиіс.

Конвенция шеңберінде құжаттардың бәрі заңдастырудан және басқа да осыған ұқсас формальдылықтардан босатылады (10-бап).

Шетелдік азаматтығына сілтеме жасау арқылы ешқандай қамтамасыз етулер мен кепілақылар талап етіле алмайды.

Конвенцияға қатысу 31 мемлекетпен, оның ішінде  26-сы сондай-ақ Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенцияға мүше болып табылатын және 5 жаңа мемлекетпен, ынтымақтастықты орнатуға мүмкіндік береді.

Конвенцияны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын және ұлттық заңнаманы оның ережелеріне сәйкес келтіруді талап етпейді.

Конвенцияға қатысу Конвенцияны жасасқан басқа мемлекеттерде сот қорғауына және заң көмегін алуға құқықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Баяндалғанның негізінде шетелде сот төрелігі саласындағы адам құқықтарын қорғауға бағытталған Конвенцияны ратификациялау туралы Заңның қабылдануын қолдауды сұраймын.

 

Назарларыңызға рақмет!