-A A +A

«Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобасы бойынша Әділет министрі Б.М. Имашевтың Парламент Сенатының отырысында сөйлейтін сөзі

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 

Құрметті депутаттар!

 

Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенция мемлекеттердің азаматтық іс жүргізу мәселелері бойынша өзара іс-қимылына арналған әмбебап халықаралық-құқықтық негіздер құруға бағытталған.

Конвенцияда сот және соттан тыс құжаттарды тапсыру, сот тапсырмаларын орындау үшін мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының және дипломатиялық өкілдіктердің (консулдардың) өзара іс-қимылының жеңілдетілген тәртібі айқындалған.

Конвенцияға мүше мемлекеттің бірінің табысы аз азаматтары Конвенцияға мүше басқа мемлекеттің аумағында, егер оларды сол мемлекет дәрменсіз деп таныса, азаматтық хал актілерінен үзінді көшірмелерді немесе құқықтық көмекті тегін алуы мүмкін.

Мемлекет оның есебінен басқа мемлекеттің құжаттарын тапсыруға басқа мемлекеттің лауазымды адамының қатысуына немесе тапсырудың өзі ерекше тәртіпте жүзеге асырылуына келісім білдірген жағдайларды қоспағанда, сот құжаттарын тапсыру қандай да бір алымдарды немесе шығындарды өндіріп алуға негіз бола алмайды.

Сондай-ақ, Конвенцияда басқа мемлекеттің соттарында талап қоюшы немесе үшінші тараптар ретінде қатысатын басқа мемлекеттердің азаматтарынан қандай да бір кепілді немесе өзге де қамтамасыз етуді талап етуге тыйым салынады (“judicatum solvi” қағидаты). 

Құқықтық көмек көрсетудің барлық аталған түрлері сұрау салуды алған мемлекеттің заңнамасына сәйкес көрсетіледі.

Құқықтық көмек көрсету туралы сұрауды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін жағдайларда, мемлекеттің көмек көрсетуден бас тартуға құқығы бар.

Конвенция мүше мемлекеттерге құзыретті органдардың тікелей өзара іс-қимылы туралы екіжақты халықаралық шарттар жасасуға кедергі келтірмейді.

Конвенцияға 48 мемлекет мүше болып табылады, оның 11 мемлекетімен ғана Қазақстанның құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық шарттары бар.

Сондықтан Конвенцияның күшіне енуі Қазақстан үшін басқа қалған мемлекеттермен (37) ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.

Конвенцияны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын және ұлттық заңнаманы оның ережелеріне сәйкес келтіруді талап етпейді.

Конвенцияға қатысу Конвенцияны жасасқан басқа мемлекеттерде сот қорғауына және заң көмегін алуға құқықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Баяндалғанның негізінде шетелде сот төрелігі саласындағы адам құқықтарын қорғауға бағытталған Конвенцияны ратификациялау туралы Заңның қабылдануын қолдауды сұраймын.

 

Назарларыңызға рақмет!