-A A +A

Құрметті Қабиболла Қабенұлы! Құрметті депутаттар!

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Үкіметтің 2013 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарына сәйкес әзірленді.

Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және бизнес-қоғамдастығымен бірлесіп, зияткерлік меншік құқықтарының адекватты қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған ұсыныстарды әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізді.

Жоба мақсаты – тіркеу рәсімін оңайлату және құқықтық олқылықтарды жою, сондай-ақ зияткерлік меншік саласында әкімшілік кедергі келтіретін нормаларды алып тастау. Жобамен енгізілетін түзетулер «2012 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыру бойынша міндеттер туралы» кеңес (2013 жылғы 23 қаңтарда өтті) қорытындылары бойынша Мемлекет Басшысының тапсырмасын іске асыруға да бағытталған.

Бірінші. Авторлық құқық саласында енгізілетін түзетулер ұжымдық ұйымдардың қызметін нақтылауға бағытталған.

Осылайша, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» Заңда ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдардың (ұжымдық ұйымдар) авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланғаны үшін авторлық сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша міндеті белгіленген.

Өкінішке орай, практикада осындай ұйымдар жиналған сыйақының көп бөлігін өзінің жеке шығыстарын өтеуге қалдыратын фактілер бар.

Ұжымдық ұйымдар тарапынан асыра пайдалануды жою мақсатында ұйымның сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша өзінің нақты шығыстарын өтеуге жиналған сыйақыдан ұсталатын соманың шекті пайызын белгілеу ұсынылады (қолданыстағы заңнама бойынша мұндай шектеу жоқ). Халықаралық практиканы ескере отырып, оны жиналған сыйақы сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшерінде белгілеу ұсынылады.

Екінші. Заң жобасында ұйымдардың Интернет-ресурстарында және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында ұжымдық ұйымдардың уәкілетті органға беретін жылдық есептерін, сондай-ақ есеп беру нысандарын бекітуге уәкілетті органдардың құзіретін міндетті орналастыруға қатысты түзетулер көзделген.

Ұйымдардың пайдаланушыларға беретін рұқсаттарының қатарынан сабақтас құқықтар объектілерін және туындыларды алып тастау рәсімдерін нақтылайтын  түзетулер көзделген.

Үшінші. Аккредитация алуға үміткер ұжымдық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын, сондай-ақ аккредитациялау туралы куәлікті қайтарып алу негіздерін нақтылауға қатысты түзетулер. 

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқарушы ұйымдардың аккредитациялау бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімінің рәсімдерін оңтайландыру мақсатында комиссияның отырысын өткізу күні туралы ақпаратты жариялау мерзімін 65 күннен күнтізбелік 30 күнге дейін қысқартуға бағытталған нормалар көзделген.

Автордың және құқық иеленушілердің  пайдасына олармен шарт жасаспай сыйақы жинау құқығын алуға аккредитациялаудан өтуге үміткер ұжымдық ұйымдарға қойылатын талаптар нақтыланады.

Осындай аккредитациялауды қайтарып алу жөнінде негіздер кеңейтілді.

Жалпы, енгізілген түзетулер ұжымдық ұйымдар қызметінің айқындығын және тиімділігін қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.

Төртінші. Заңның тапсырыстың авторлық шартын жасасу тәртібін регламенттейтін нормасына өзгерістер енгізу көзделеді және оның міндетті талаптарының бірі ретінде туынды тапсырыс берушіге тапсырылуға тиіс болатын мерзім қосылған және мүліктік құқықтарды беру рәсімі реттелген.

Туындыларды еркін пайдалану жағдайлары толықтырылды, атап айтқанда, туындының жойылған және бүлінген даналарын ауыстыру мақсатында цифрлық форматқа көшіру арқылы кітапханалардың және мұрағаттардың туынды даналарын қайта шығаруы көзделді.

Бесінші. Заң жобасында өнертабысқа және пайдалы модельге арналған патентке ұқсастығы бойынша селекциялық жетістікке арналған патентті күшінде қалдыру үшін төлем жасау мерзімін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін норма көзделген («Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» ҚР Заңында селекциялық жетістіктерге арналған патентті күшінде қалдыру бойынша норма болған жоқ).

Алтыншы. Тауар таңбаларының пайдаланылғанын дәлелдейтін іс-әрекеттер тізбесінен осындай «пайдаланудың» дәлелі ретінде кейде құқықтарды беру туралы жалған шарттар ұсынылатындықтан (мәселен, пайдаланылмайтын этикеткалар және т.с.с.), тауар таңбасына құқықтарды басқаға беруді алып тастау ұсынылады. Ұсыныс кәсіпкерлердің істі адал жүргізбеуін болдырмау мақсатында енгізіліп отыр.

Жетінші. Ұлттық заңнаманың нормаларын тауар таңбаларын халықаралық тіркеу кезінде кез келген жеке және заңды тұлғалардан өтінімдердің қабылдануы көзделетін Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкестікке келтіру мақсатында «кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын» жеке тұлғаға деген сілтемені алып тастау ұсынылады. 

Сегізінші. Заңнама нормаларын бірізді түсіндіру мақсатында «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» ҚР Заңының ұғымдық аппараты «ұқсас тауарлар», «араласып кеткен дәрежеге дейiн бiрдей немесе ұқсас тауарлар», «біртектес тауарлар/көрсетілетін қызметтер» сияқты анықтамалармен толықтырылады.

Сондай-ақ, «тауар таңбаларының мемлекеттiк тiзiлiмiнен үзінді көшiрменің» тауар таңбасына құқықты куәландыратын құжат болып табылатындығын  белгілеу ұсынылады. Осылайша тауар таңбаларына арналған куәлік алып тасталады. Аталған түзету уақыт шығындарын қысқартуға және тауар таңбаларын тіркеу рәсімдерін оңайлатуға бағытталған. Өтінім берушінің өтініші бойынша Тауар таңбалары және Тауар шығарылған жерлердің атаулары мемлекеттiк тiзiлiмдерiнен үзінді көшiрмелер берілетін болады.

Тоғызыншы. Жоба өнертабысқа арналған қорғау құжатының түрі ретінде  инновациялық патентті алып тастауды көздейтін Патент заңына түзетулер енгізуді ұсынады.

Бұл әлемде белгілі болған өнертабыстарды патенттеуді болдырмауға мүмкіндік береді, өйткені инновациялық патент жергілікті жаңалыққа арналған (ҚР аумағындағы жаңалық) тексеру нәтижелері бойынша беріледі.

Осындай жағдайда пайдалы модель ретінде құрылғыларды ғана емес, тәсілдер мен заттарды тани отырып, пайдалы модель ұғымын кеңейту шешімнің балама нұсқасы болып табылады. Пайдалы модельді патенттеудің ұқсас практикасы  Бельгия, Венгрия, Ирландия және Испания сияқты Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде қолданылады.

Осы нұсқаны Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ)  елдерінің тәжірибесін зерделеу жөніндегі шарт шеңберінде талдау жүргізу кезінде «Ұлттық талдау орталығы» акционерлік қоғамы да ұсынды.

Оныншы. Қолданыстағы Патент заңы құқықтық режимді белгілеуге және қызметтiк өнертабыстарды пайдалануға байланысты қатынастарды реттейді. Қызметтiк пайдалы модельдер мен қызметтiк өнеркәсiптiк үлгiлер құқықтық реттеусіз қалдырылды.

Осы олқылықтың болуы қызметтiк міндеттерді немесе жұмыс берушінің нақты тапсырмасын орындау барысында пайдалы модельдер мен өнеркәсiптiк үлгiлерді  жасау, қорғау және коммерцияландыру кезінде даулардың туындауына себеп болып табылуы мүмкін.

Осыған байланысты, қызметтiк пайдалы модель мен қызметтiк өнеркәсiптiк үлгiні пайдаланудың құқықтық режимін белгілейтін түзетулер дайындалды.

Он бірінші. Патент заңында өнертабыстарға қатысты норма жоқ, ол бойынша патенттердің қолданыс мерзімі жиырма жылдан астам уақытқа ұзартылуы мүмкін. Мысалы, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының заңнамасында дәрілік құралға, пестицидке немесе агрохимикатқа қатысты өнертабысқа, яғни қолданылуына заңда белгіленген тәртіппен тиісті рұқсат (Денсаулық және Ауыл шаруашылық министрліктері) алу қажет болатын объектілерге патенттің қолданыс мерзімін жиырма жылдан астам уақытқа ұзарту мүмкіндігі көзделеді.

Осыған байланысты, оң халықаралық тәжірибені ескере отырып, Патент заңына түзетулер енгізіледі, оған сәйкес дәрілік құралдар, пестицидтер және агрохимикаттар сияқты өнертабыстарға қатысты айрықша құқықты қолдану мерзімі патентиеленушiнiң өтінішхаты бойынша, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.  

Он екінші. Патенттеудің халықаралық практикасында  өнеркәсіптік меншік бойынша құжаттама мен ақпарат мәселелері Дүниежүзілік Зияткерлік Меншік Ұйымының стандарттарымен (ДЖЗМҰС) реттеледі. 15.7. ST Дүниежүзілік Зияткерлік Меншік Ұйымының (ДЖЗМҰС) стандарттарына сәйкес өнертабыстың атауында «патент» деген сөздер, жеке  есімдер, тектік атаулар, жарнамалық немесе сауда-саттық атаулар, сауда таңбалары немесе аббревиатуралар мен терминдер, «және т.б.» деген сөздер пайдаланылмауға тиіс, өйткені олар өнертабысты сәйкестендірудің мақсаттарына сай келмейді.

Патенттеудің халықаралық практикасына сәйкес және Дүниежүзілік Зияткерлік Меншік Ұйымының (ДЖЗМҰС) стандарттарына сәйкес келтіру мақсатында Патент заңында 9-баптың 4-тармағының нормасын алып тастау ұсынылады, оған сәйкес автор өнеркәсіптік меншік объектісіне өз атын немесе арнайы атауды беруге құқығы бар.

Он үшінші. Патент заңының қолданыстағы редакциясына сәйкес өнеркәсіптік үлгіге патент беруге ресми сараптама кезеңінде өтініш беруші жіберіп алған мерзім қалпына келтірілмейді және өтінім түбегейлі кері қайтарылған болып саналады. Осыған байланысты Патент заңының туындылар бойынша өтініш беруші өткізіп алған мерзімдерді қалпына келтіруге қатысты 22-бабының 13-тармағына ұқсастығы бойынша, патенттерді ресімдеу рәсімін оңайлату мақсатында өнеркәсіптік үлгіге өтінімдер бойынша формальды сараптама сатысында өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру мүмкіндігін көздейтін норма  ұсынылады.

Заң жобасында сондай-ақ Азаматтық және Салық кодекстеріне, Патент заңына, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы», «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердiң атаулары туралы» және «Селекциялық жетістіктер туралы»  заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын қажет етпейді.

Заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, кәсіпкерлер мен патенттік сенім білдірушілердің қоғамдық бірлестіктерінің қатысуымен әзірленді.

 

Заң жобасын 1-ші оқылымда мақұлдауларыңызды сұраймын.

 

 

Назарларыңызға рақмет!