-A A +A

«Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы» Заң жобасы бойынша Әділет министрі Б.М. Имашевтың 2014 жылғы 24 қыркүйектегі Парламент Мәжілісі отырысында сөйлейтін сөзі

Құрметті Қабиболла Қабенұлы!

Құрметті депутаттар!

Азаматтық іс жүргізу мәселелері жөніндегі конвенция 1954 жылғы 1 наурызда Халықаралық жеке құқық жөніндегі Гаага конференциясы шеңберінде қабылданды.

Конвенция мемлекеттердің азаматтық іс жүргізу мәселелері бойынша өзара іс-қимылы үшін әмбебап халықаралық-құқықтық негіздер құруға бағытталған.

Конвенцияда сот құжаттарын және соттан тыс құжаттарды тапсыру, азаматтық хал актілерінен үзінді көшірмелерді беру, сот тапсырмаларын орындау, сондай-ақ тегін құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының және дипломатиялық өкілдіктердің өзара іс-қимылының жеңілдетілген тәртібі айқындайды. Соңғы мәселе бойынша тегін құқықтық көмек көрсету саласындағы заңнамада барлық адамдарға, азаматтығына қарамастан, бекітілген рәсімдерді сақтау шартымен, мемлекет кепілдік берген білікті заң көмегін алу құқығының көзделгенін атап өтемін.

Сонымен қатар, Конвенцияда құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау мемлекеттің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне нұқсан келтіруі мүмкін жағдайларда не сұрау салынатын көмек құзыретті органдарының уәкілеттіктеріне жатпағанда, құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды орындаудан бас тарту мүмкіндігі көзделеді.

Конвенция мүше мемлекеттерге екіжақты ынтымақтастық туралы келісуге кедергі келтірмейді.

Конвенцияға 48 мемлекет мүше болып табылады (Австрия Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Бельгия Корольдігі, Босния және Герцеговина, Германия Федеративтік Республикасы, Дания Корольдігі, Египет Араб Республикасы,  Израиль Мемлекеті, Испания Корольдігі, Италия Республикасы, Қырғызстан, Қытай Халық Республикасы, Латвия Республикасы, Литва Республикасы, Нидерланды Корольдігі, Норвегия Корольдігі, Польша Республикасы, Түрік Республикасы, Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Украина, Француз Республикасы, Чех Республикасы, Швейцария Конфедерациясы, Швеция Корольдігі, Жапония және басқалары).

Конвенцияға қатысу Қазақстанға азаматтық іс жүргізу саласында екіжақты халықаралық келісімдері жоқ Конвенцияның мүше мемлекеттерімен ынтымақтасуға мүмкіндік береді.

Конвенцияны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын қажет етпейді.

Жалпы алғанда, Қазақстан бүгінгі күні азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелері жөнінде 13 ратификацияланған халықаралық екіжақты келісімдерге қатысушы болып табылатынын атап өтемін (мына елдермен: Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Корей Халық-Демократиялық Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Грузия, Индия, Біріккен Араб Әмірліктері, Түрікменстан, Моңғолия, Әзербайжан, Литва және Түркия; мына елдермен қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндердің түпнұсқалы болмауына байланысты ратификацияланбаған:  Иран Ислам Республикасы, Сауд Арабиясы).

Бұдан басқа, ТМД шеңберінде Қазақстан Республикасы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Минск және Кишинев көпжақты конвенцияларының қатысушысы болып табылады.

Конвенция ұлттық заңнаманы оған сәйкес келтіруді талап етпейді.

Конвенция «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылға 30 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1) және 9) тармақшаларына сәйкес ратификациялауға жатады.

 

Қолдауларыңызды сұраймын!
Назарлары
ңызға рақмет!