-A A +A

Уважаемый Нурлан Зайруллаевич! Уважаемые депутаты!

Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың аталған елге 2011 жылғы қазандағы ресми сапары кезінде Әділет министрі Рашид Төлеутайұлы Түсіпбеков Ханойда 2011 жылғы 31 қазанда қол қойды.

Өзара түсіністік және егемендікті құрметтеу қағидаттары негізінде екі мемлекеттің азаматтарына азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету келісімге қол қоюдың мақсаты болып табылады.

Тараптардың  азаматтары мен заңды тұлғалары Келісімге қатысушы екінші Тараптың аумағында  сол Тараптың азаматтары сияқты  өздерінің жеке және мүліктік құқықтарын  пайдаланатын болады.

Екі мемлекеттің құзыретті органдары:

- өзара құқықтық көмекке қатысты құжаттарды тапсыру;

- дәлелдемелерді жинау және беру; куәні және сарапшыны шақырту;

- сот қаулыларын, шешімдерін және төрелік шешімдерді мойындау және орындау;

- өзара құқықтық көмекке қатысты құқықтық ақпаратпен және материалдармен алмасу;

- Келісімге сәйкес өзара құқықтық көмек көрсету туралы басқа да өтініштерді орындау арқылы бір-біріне құқықтық көмек көрсетеді.

Бұдан басқа, Келісім құқықтық көмек көрсетудің шарттары мен тәртібін, сондай-ақ оны ұсыну мүмкіндігін болдырмайтын мән-жайларды реттейді.

Өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтініш оны алған күннен бастап тоқсан (90) күн ішінде орындалады.

Келісімде, егер Тарап өтінішті дереу орындау ағымдағы тергеуді немесе қылмыстық қудалауды қиындатуы мүмкін деп есептесе, өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындауды кейінге қалдыру көзделген.

Бұл ретте, бір Тарап өтінішті алған күннен бастап отыз (30) күн ішінде кейінге қалдыру себептері туралы басқа Тарапты хабардар етуге тиіс.

Сонымен қатар, егер Тарап өзара құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау оның егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне немесе ұлттық заңнамасының негізгі қағидаттарына нұқсан келтіруі мүмкін деп есептесе, не сұрау салынған көмек оның құзыретті органдарының өкілеттіктеріне жатпайтын болса, өзара құқықтық көмек көрсетуден бас тарта алады.

Тараптар өтінішті алған күннен бастап отыз (30) күн ішінде бас тарту себептері туралы бір-бірін хабардар етеді.

Келісімнің 14-бабына сәйкес құзыретті органдар дайындаған немесе растаған және Келісім шеңберінде байланыс арналары арқылы жіберілген құжаттардың заңдастыру жөніндегі талаптардан босатылатындығын атап өткен жөн.

Осылайша, Келісім бір мемлекеттің азаматтарына екінші мемлекеттің аумағында құқықтық көмек көрсету рәсімін айтарлықтай жеңілдетеді.

Келісім шеңберіндегі өзара іс-қимыл Тараптардың Әділет министрліктері арқылы жүзеге асырылады.

Келісім кейіннен ұлттық заңнаманы оған сәйкес келтіруді қажет етпейді.

Келісім Қазақстанның әділет органдарының, прокуратура органдары мен соттарының құзыретіне жататын мәселелерді  реттейді.

Келісім адам құқықтарын қорғауға бағытталған, сондықтан «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Заңның 11-бабына сәйкес ратификациялауға жатады.

Қазіргі таңда осындай Келісімдер  Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Корей Халық-Демократиялық Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Грузия, Индия, Біріккен Араб Әмірліктері, Түрікменстан, Моңғолия, Әзербайжан, Литва және Түркия сияқты 13 мемлекетпен жасалған.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы, ратификацияланған көпжақты халықаралық шарттардың - азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Минск және Кишинев Конвенцияларының қатысушылары болып табылады.

Заң жобасын қабылдау қосымша қаржы шығындарын қажет етпейді.

 

ҚОЛДАУДЫ  ӨТІНЕМІН!
НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА  РАХМЕТ!