-A A +A

Заңгерлерлік кәсіпті реттеудің өзекті мәселелері талқыланды

Бүгін «Rixsos» қонақ үйінде «Қазақстан Республикасындағы заңгерлік кәсіпті реттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шараны Әділет министрлігі мен Жоғарғы Сот «Kazakhstan Bar Association» Қазақстандағы коммерциялық заңгерлер алқасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Форум жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов, Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ҮЕҰ, құқық қорғау институттарының өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар мен құқықтанушы-ғалымдар қатысты.
Конференцияның мақсаты – Әділет министрлігі әзірлеген «Адвокаттық қызмет және заңгерлік көмек туралы», «Адвокаттық қызмет және заңгерлік көмек мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын талқылау.
Іс-шараны Әділет министрі Марат Бекетаев жүргізді. Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми мен Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов кіріспе сөз сөйледі.
Қ.Мәми өз сөзінде тәуелсіздік алған уақыттан бері республикамыздың құқық саласында ауқымды реформалардың жүргізілгенін атап өтті. Соттар жұмысы түбегейлі жақсарды. Сот төрелігі тұрғындар үшін неғұрлым жедел әрі қолжетімді бола түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жарыспалылық қағидатын күшейтуді және адвокаттардың құқықтарын кеңейтуді көздейтін қылмыстық процестік заңнаманы жаңғырту жұмыстары басталды. «Осының барлығы халықаралық үздік стандарттарға сәйкес заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша құқықтық мемлекеттің жұмысын жақсартуға бағытталған», - деді Жоғарғы Сот Төрағасы.
Бұдан әрі Қ.Мәми жүргізіліп жатқан реформалар тұрғысынан соттарда өкілдік ету және адвокатура институтын реформалау туралы мәселенің өте өзекті болып тұрғанын айтты. «Адвокаттар мен заңгерлер тұрғындардың талаптарына шын мәнінде сәйкес келуі тиіс және құқықтық кеңістікте азаматтардың заңды мүдделері мен құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етуі қажет», - деді ол.
Өз шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер айқындалды. Атап айтқанда, заңгерлік қызметтер мен көмек саласы әлі де болса ашық емес, тұрғындардың ауқымды бөлігіне түсініксіздеу және адвокаттар маманданбаған. Жоғары төлемақы төленетіндігіне қарамастан, бұл салада жүргізілген жұмыстың сапасына берілетін қандай да бір заңнамалық кепілдіктер жоқ. Әсіресе өңірлерде адвокаттарды кәсіби даярлаудағы алшақтықтар айқын байқалады.
Өз сөзін аяқтай келе, Жоғарғы Сот Төрағасы осы конференция қоғамда басталғалы отырған реформаның мәніне қатысты туындаған түсініспеушіліктерді шешуге көмектесетіндігіне сенім білдірді.
Конференция барысында Англия мен Уэльстің Заңгерлер қауымдастығы мен Солиситор мүшесі Анна Буч, Еуропалық кеңестің адвокаттық қауымдастық және құқықтық қоғам кеңесі төрағасының орынбасары, Еуропалық одақ пен Еуропалық кеңестің бірлескен бағдарламасының сарапшысы Ритис Йокубаускас сөз сөйледі. Бұған қоса, қатысушылар алдында Құқықтық ынтымақтастық жөніндегі комитеттің аға кеңесшісі, Еуропалық одақ пен Еуропалық кеңестің бірлескен бағдарламасының сарапшысы Олександра Сытник баяндама жасады. Аталған спикерлер шетелдегі адвокатура жұмысын ұйымдастыру, соның ішінде Ұлыбританиядағы адвокаттық қызметті реттеу, сондай-ақ тегін заңгерлік көмек көрсету мәселесі бойынша еуропалық тәжірибе туралы пікірлерімен бөлісті.
Бұдан әрі бағдарлама бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтерді ұйымдастыру департаментінің директоры Бақтыгүл Атағазиева, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгел, «Қазақстандық заңгерлер одағы» РҚБ төрағасының м.а. Серік Ақылбай, Мұнай-газ саласындағы заңгерлердің қазақстандық қауымдастығының президенті Жұмагелді Елубаев, «Қазбар» коммерциялық заңгерлер алқасы Басқарушы кеңесінің төрағасы Айгүл Кенжебаева және т.б. сөз сөйледі.
Іс-шара барысында бағдарламада көзделген барлық мәселелер бойынша қызу әрі сындарлы пікірталас орын алды. Конференция қорытындысы бойынша заң жобаларының алдағы жұмысында ескеру үшін тиісті ұсынымдар әзірленді.
 
 
Әділет министрлігі мен
Жоғарғы Соттың баспасөз қызметі