-A A +A

«Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2017 жылға арналған жоспарының жобасы» бойынша БАЯНДАМА

 
 
 
 
 
 
 
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Құрметті Үкімет мүшелері!
 
Әділет министрлігі «Құқықтық актілер туралы» Заңға және Үкімет Регламентінің талаптарына сәйкес Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының екі мың он жетінші жылға арналған жоспар жобасын әзірледі.
 
Жоспар жобасы екі мың он жетінші жылы 33 заң жобасын әзірлеу және Парламентке енгізу көзделеді.
 
Бірінші тоқсанда Үкіметке – 10 заң жобасы, екінші тоқсанда – 9, үшінші – 10, ал төртінші тоқсанда – 4 заң жобасын енгізу көзделуде.
 
Парламент Мәжілісінің қарауына заң жобаларды екінші тоқсаннан бастап енгізу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, келесі жылдың бірінші жартыжылдығында Мәжіліске 15 заң жобасы енгізілетін болады. Қалған 18 заң жобасы тиісінше үшінші және төртінші тоқсанда енгізіледі.
 
Жоспар жобасын дайындау кезінде Мемлекет басшысы мен Үкімет басшылығының тапсырмалары және Заң шығару жұмысының екі мың он алты – екі мың жиырма бірінші жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспардың ережелері ескерілді.
 
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында – 12 заң жобасы, ал Үкімет басшылығының тапсырмалары негізінде – 4 заң жобасы әзірленетін болады.
 
Мысалы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мақсатында: жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейтуді; жанбасылық қаржыландыруды енгізуді; мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беруді қарастыратын заң жобалар бар.
 
Жоспар жобасымен 8 өзіндік заңды әзірлеу көзделеді.
 
Атап айтқанда Табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламаларының шығындарын, тарифтерін бекіту, келісу мен бақылау рәсімдерін көздейтін «Табиғи монополиялар туралы» Заң әзірленетін болады. Оған жауапты болып Ұлттық экономика министрлігі белгіленді (Үкіметке енгізу мерзімі – наурыз, Мәжіліске - мамыр).
 
Мәдениет және спорт министрлігі кинематографияны заңнамалық деңгейде регламенттеуді көздейтін «Кинематография туралы» жаңа Заң әзірлеуді ұсынды (Үкіметке енгізу мерзімі – наурыз, Мәжіліске - мамыр).
 
Әділет министрлігімен бірінші тоқсанда «Әкімшілік рәсімдер туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу жоспарлануда (Үкіметке енгізу мерзімі – сәуір, Мәжіліске - маусым).
 
Жоғарғы Сотпен бірінші тоқсанда қылмыстық және азаматтық іс жүргізумен қатар, сот төрелігін жүзеге асырудың толыққанды нысаны ретінде, әкімшілік әділетті қалыптастыратын Әкімшілік іс жүргізу кодексін әзірлеу жоспарлануда(Үкіметке енгізу мерзімі – сәуір, Мәжіліске - маусым).
 
Жоспар жобасымен тамыз айында Парламент Мәжілісіне «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер және кеден ісі туралы»жаңа кодексті енгізу көзделуде.
Аталған кодекс салық жүйесі мен кедендік әкімшілендіруді түбегейлі реформалауға, салық режімдерін оңтайландыруға, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендірудің ашықтығын жоғарлатуға мүмкіндік береді (әзірлеуші –Ұлттық экономика министрлігі, Үкіметке енгізу мерзімі - маусым).
 
Жер қойнауын пайдалану саласын сапалы жаңа деңгейге шығару және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекс әзірленетін болады.
Оны Парламент Мәжілісіне енгізу мерзімі ретінде – қыркүйек айы белгіленді(әзірлеуші – Инвестициялар және даму министрлігі, Үкіметке енгізу мерзімі - шілде).
 
Қаржы министрлігімен жеке тұлғалардың борыштық жүктемесін жеңілдету үшін жағдайлар жасау мақсатында «Азаматтардың төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру туралы» жаңа Заңды әзірлеу жоспарлануда.
Бұл заң жобасы Парламент Мәжілісіне қараша айында енгізілетін болады(Үкіметке енгізу мерзімі - қыркүйек).
 
Жоспармен, алдағы жылдың аяғында Парламент Мәжілісіне валюталық реттеу мен валюталық бақылау тетіктерін, оның ішінде валюталық реттеу режимдерінің негізгі рәсімдерін оңтайландыруға бағытталған жаңа заң жобасын енгізу көзделеді (әзірлеуші – Ұлттық Банк, Үкіметке енгізу мерзімі - қазан).
 
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамалық актілерге де өзгерістер енгізу көзделген. Мысалы, агроөнеркәсіптік кешенді реттеу, ақпарат және коммуникация, әкімшілік құқық бұзушылықтар және басқа да салалар.
Тұтастай алғанда, алдағы жылы мемлекеттік органдар 23 саладағы заңнаманы жетілдіруді жоспарлап отыр.
 
Жоспар жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген.
 
Қолдауларыңызды сұраймын.
Назарларыңызға рахмет.