-A A +A

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 16 қарашадағы № 405-V Заңымен (бұдан әрі - Заң) реттелетін Қазақстан Республикасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі - МӘМС) жүйесі жүргізіледі. Осы Заң Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасының басқа нормативтік құқықтық актілерінің нормаларын басшылыққа алады.
Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңда қамтылған басқа қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Қазақстан Республикасы заңнамасымен реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметі туралы заңнамасының әрекеті таралмайды.
1. МӘМС төлеушісі кім болып табылады?
Заңның 14-бабы 1, 2)т. сәйкес Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме, сондай-ақ шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары, өкілдіктері арқылы жүзеге асыратын шетелдік заңды тұлғаларды қоса алғанда, белгіленген тәртіппен аударымдар мен жарналарды есептейтін (ұстап қалатын) және қорға аударатын жұмыс берушілер аударымдарды төлеушілер болып табылады.
2. Жарналарды төлеушілер:
1) мемлекет;
2) жұмыскерлер;
3) дара кәсіпкерлер;
4) жекеше нотариустар;
5) жеке сот орындаушылары;
6) адвокаттар;
7) кәсіби медиаторлар;
8) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар болып табылады.
 
2. МӘМС төлеушісінің құқықтары мен міндеттері қандай?
Заңның 14-бабы 5,6,7)т. сәйкес төлеушілердің:
1) аударымдардың және (немесе) жарналардың қате төленген сомаларын және (немесе) аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды қайтарып алуға;
2) аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы қажетті ақпаратты қордан сұратуға және тегін алуға;
3) осы Заңда көзделген өзге де құқықтарды іске асыруға құқығы бар.
Төлеушілер (жұмыскерлерді және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғаларды қоспағанда):
1) аударымдарды және (немесе) жарналарды, сондай-ақ аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды уақтылы және толық көлемде есептеуге (ұстап қалуға) және аударуға;
2) қорға төленетін аударымдардың және (немесе) жарналардың мөлшерлерін есептеу мен қайта есептеуді дербес жүзеге асыруға міндетті.
Жұмыс берушілер, салық агенттері жұмыскерлерді және азаматтық-құқықтық шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғаларды жұмыскерлердің және азаматтық-құқықтық шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың ай сайынғы жүргізілген аударымдары, сондай-ақ ұстап қалған және аударылған жарналары туралы хабардар етуге міндетті.
3. МӘМС жүйесінде денсаулық сақтау ұйымын таңдауға болады ма?
Қызмет алушы Заңның 6-бабында реттелген МӘМС жүйесінде денсаулық сақтау ұйымын таңдауға құқығы бар.
Азаматтардың МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымын таңдауға құқығы бар.
Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымына бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Азаматтардың жоспарлы медициналық көмек алу жағдайларында МӘМС жүйесінде стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымды таңдауға құқығы бар.
МӘМС жүйесінде медициналық ұйымды таңдау құқығы азаматтарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқық алған кезден бастап туындайды.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 34-бабы 4)т. сәйкес Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету жөніндегі қызметтер берушіні таңдауды және оның шығындарын өтеуді тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
«Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қағидаларын және Азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 281 бұйрығына сәйкес алғашқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрі - АМСК) көрсету ұйымдарына азаматтарды бекітуді өзгерту:
1) тұрақты немесе уақытша тұрғылықты, жұмыс істейтін және оқитын жері әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге өзгерген кезде;
2) АМСК ұйымы қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайларда;
3) азамат дәрігер мен медициналық ұйымды жылына бір реттен жиі емес еркін таңдаған кезде;
4) жыл сайын 15 қыркүйектен бастап 15 қараша аралығында халықты АМСК ұйымдарына бекіту науқаны кезеңінде жүзеге асырылады.
 
4. МӘМС қорына жарналар төлеуден қандай тұлғалар босатылады?
Заңның 28-б. 4)т. сәйкес мына азаматтар қорға жарналар төлеуден босатылады:
1) балалар;
2) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар;
3) Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оның мүгедектері;
4) мүгедектер;
5) жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар;
6) интернат ұйымдарында білім алып және тәрбиеленіп жатқан адамдар;
7) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ резидентура нысанындағы жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алып жатқан адамдар;
8) бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты, бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыста жүрген адамдар;
9) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, сондай-ақ бала (балалар) үш жасқа толғанға дейін оны (оларды) іс жүзінде тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
10) зейнеткерлер;
11) әскери қызметшілер;
12) арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
13) құқық қорғау органдарының қызметкерлері;
14) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда) сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;
15) уақытша ұстау изоляторларындағы және тергеу изоляторларындағы адамдар.
 
5. МӘМС бойынша жарналарды есептеу үшін қандай кірістер қолданады?
Заңның 29-бабына сәйкес жарналарды есептеу үшін қабылданатын кірістер:
  • Уәкілетті орган айқындайтын, аударымдар мен жарналар төленбейтін кірістерді қоспағанда, жұмыс берушілер есепке жазған кірістер жұмыскерлердің аударымдар мен жарналарды есептеу үшін қабылданатын кірістері болып табылады.
  • Салық салудың жалпыға бірдей белгіленген режимін қолданатын дара кәсіпкерлердің Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген шегерімдер ескеріле отырып, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алған кірістері олардың кірістері болып табылады.
  • Республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен бір жалақы мөлшері шағын бизнес субъектісіне арналған арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің, шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалығы басшысының және (немесе) мүшесінің кірісі болып табылады.
  • Заң көмегін көрсеткені, нотариаттық әрекеттер жасағаны үшін тиісінше төлемақыны, сондай-ақ қорғауға және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеудің алынған сомаларын қоса алғанда, атқару құжаттарын орындау жөніндегі қызметті, нотариаттық, адвокаттық қызметті, кәсіби медиатордың қызметін жүзеге асырудан алынған барлық кіріс түрлері жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың кірістері болып табылады.
  • Аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы кіріс республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының он бес еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
Егер күнтізбелік ай үшін аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу объектісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын жалақының ең төмен мөлшерінен аз болса, аударымдар және (немесе) жарналар жалақының ең төмен мөлшері негізге алына отырып есептеледі және аударылады.
6. Аударымдардың немесе жарналардың уақтылы аударылмағаны үшін жауаптылық қарастырылған ба?
Заңның 31-бабы 1,2)т. сәйкес аударымдардың және (немесе) жарналардың уақтылы аударылмаған сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады және оларды төлеуші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 2,5 еселенген ресми мөлшерлемесі мөлшерінде мерзімі өткен әр күн үшін (қорға төлеген күнді қоса алғанда) есептелген өсімпұлмен бірге қордың шотына аударуға тиіс.
Аударымдар және (немесе) жарналар толық және (немесе) уақтылы аударылмаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары жиналып қалған берешек шегіндегі ақшаны төлеушінің банктік шоттарынан өндіріп алуға құқылы.
Аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті өндіріп алу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен төлеушіге хабарлама жіберіле отырып, мемлекеттік кіріс органының инкассолық өкімі негізінде жүргізіледі.
Егер аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешек республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сомадан аспаса, мұндай хабарлама жіберілмейді.
Төлеуші аударымдар және (немесе) жарналар жүргізілетін жұмыскерлердің тізімін уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде мемлекеттік кіріс органына ұсынуға міндетті.
Төлеушіге қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін банктік шоттарда ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайларда, банк төлеушінің ақшасын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген кезектілік тәртібімен алып қоюды жүргізеді.
Төлеушінің банктік шоттарында ұлттық валютада ақша болмаған жағдайда, аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті өндіріп алу мемлекеттік кіріс органдары ұлттық валютада қойған инкассолық өкімдер негізінде төлеушінің банктік шоттарынан шетел валютасында жүргізіледі.