-A A +A

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Құрметті Үкімет мүшелері!

Ұсынылып отырған Заң жобасының мақсаты – заңнамалық актілерді Конституциядағы түзетулерге сәйкес келтіру (конституциялық заңдарымен регламенттелген нормаларды қоспағанда). Жоба Президенттің Жарлығын орындау мақсатында әзірленді.
Конституцияға сәйкес келтіру үшін жеті кодекс пен қырық алты заңға өзгерістер енгізу қажет.
Қылмыстық кодекстің жиырма бір бабында азаматтықтан айыру түріндегі қосымша қылмыстық жаза көзделеді.
Осылайша, Қылмыстық Кодекстің он бабында көзделген он төрт аса ауыр террористік қылмыстар құрамдары бойынша азаматтықтан айыру түріндегі қосымша жаза ретінде ұсынылып отыр.
Мысалы, терроризм актісі үшін (ҚК 255-бабы 3-бөлігі), террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысқаны үшін (ҚК 257-бабы 3-бөлігі).
«Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңына сәйкес негізгі ұлттық мүдделерге конституциялық құрылыстың тұтастығы жатады. Бұл ұғымға елдің тәуелсіздігі, бiртұтастығы және президенттiк басқару нысаны кіреді.
Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық және өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян тигізетін қылмыстарға он бір баптакөзделген он алты қылмыс құрамдары кірді.
Мысалы, геноцид (ҚК 168-бап), сепаратистік әрекет (ҚК 180-бабы 3-бөлігі), экстремистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу (ҚК 182-бабы 3-бөлігі).
Бұл жазаны сот ерекше жағдайларда, жасалған іс-әрекеттердің және әкеп соққан зардаптың ауырлығын, істің нақты мән-жайын негізге ала отырып тағайындайды.
Азаматтықтан айыру соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде уәкілетті органда тіркеуге жатады (Ішкі Істер және Сыртқы Істер).
Жеті заңның нормаларында «ұлтаралық» деген сөз, «конфессияаралық» деген сөзбен толықтырылады. (азаматтық туралы, шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы, халықтың көші-қоны туралы, ұлттық қауіпсіздік туралы, волонтерлік қызмет туралы).
Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту бойынша, Ұлттық Банк, дипқызмет, әділет органдары туралы ережелер қайта қарастырылады.
«Құқықтық актілер туралы» Заңында Президенттің заңдарды және заң күші бар жарлықтарды қабылдауы туралы ереже алып тасталады.
Өзге әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдерін тағайындау және босату тәртібі енді заңмен анықталатындықтан, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңына түзетулер енгізіледі.
Президент Әкімшілігі заң жобасын прокуратура жүйесі мен сот қызметіне қатысты түзетулермен толықтыруды ұсынды.
Бірінші топтағы түзетулер Президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін жаңа редакциядағы «Прокуратура туралы» заң жобасымен байланысты.
Екінші топтағы түзетулер кассациялық сатымен қарастырылатын істердің нысанымен және судьяға кандидаттарға қойылатын талаптармен байланысты.
Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді.