-A A +A

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша баяндама

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
 
Құрметті депутаттар!
 
Ұсынылып отырған Заң жобасы 2016 жылға арналған заң жобалау жоспарын орындау мақсатында әзірленді.
Заң жобасының негізгі мақсаты – зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ зияткерлік меншік саласындағы әкімшілік кедергілертудыратын нормаларды алып тастау.
Заң жобасымен 12 заңнамалық актілерге түзетулер енгізу көзделеді. Оның ішінде, Азаматтық, Салық және Кәсіпкерлік кодекстері.
Заң жобасының негізгі жаңалықтары мыналар:
Біріншіден, зияткерлік меншік объектілерін тіркеудің бір деңгейлі жүйесін құру.
Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу бойынша өкілеттіктер сараптама ұйымына беріледі («Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК).
Аталған ұсыныс Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесін ескере отырып әзірленді.
Мысалы, көптеген Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерінде зияткерлік меншік объектілеріне сараптама жасау мен тіркеу рәсімібір ведомствода «бір терезе» қағидасы бойынша жүзеге асырылады (АҚШ, Португалия, Жапония, Швейцария, Германия, Қытай, Корея).
Қазақстанда өтiнiмдi қабылдау және сараптама өткізу сараптама ұйымында жүзеге асырылады, ал зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу Әділет министрлігімен жүргізіледі.
Аталған өкілеттіктерді сараптама ұйымына беру бюджеттік түсімдердің азаюынболжайды. Атап айтқанда, сараптама ұйымы көрсетілген қызметтер үшін тіркеу менмемлекеттiк баждың орнына төлем алатын болады. Бұндай төлем қолданыстағы мөлшерлемеден аспайтын болады.
Бұл мәселе бойынша Республикалық бюджет комиссиясының оң қорытындысы бар. Бюджет түсімдері жыл сайын шамамен елу сегіз миллион теңгеге азаюы күтілуде.
Екіншіден, тіркеуге қатысты дауларды сотқа дейінгі қарау мүмкіндігін кеңейту.
Азаматтық кодекске сәйкес өнеркәсіптік объектілерді тіркеуге қатысты дауларміндетті түрде сотқа дейінгі қарауға жатады.
Статистикаға сәйкес, Әділет министрлігі жанындағы Апелляциялық кеңесдауларды сотқа дейінгі реттеудің тиімді құралы болып табылады.
Мысалы, осы кеңеспен сотқа дейін даулардың шамамен 97 пайызы шешіледі.
(2014 жылы - 119 / 93% шешілді;
2015 жылы – 121 / 99% шешілді;
2016 жылы – 75 / 100% шешілді).
Осы мақсатта Әділет министрлігі жанындағы Апелляциялық кеңеске фирмалық атаулардың және тауар таңбаларының ұқсастығы бойынша дауларды қарау бөлігінде өкілеттіктерді беруі ұсынылады.
Үшіншіден, заң жобасымен құқық иелерінің тауар таңбасын заңсыз пайдаланғаны үшін өтемақы алу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған ережелер көзделеді.
Авторлық құқық туралы заңда авторлық туындыны заңсыз пайдаланғаны үшін автордың құқық бұзушыдан өтемақы алу құқығы қарастырылған. Алайда, тауар таңбасының иесі осындай құқыққа ие емес.
Осыған орай, Азаматтық кодекске тауар таңбасы иесінің тиісті құқығын орнататын толықтырулар енгізілуде. Бұл толықтыруларға сәйкес құқық бұзушы нақты белгіленген мөлшерде өтемақы төлеуге міндетті болады.
Төртіншіден, заң жобасымен тауар таңбаларына өтінімдерді сараптама ұйымына түскен сәттен бастап жариялау ұсынылады.
Нәтижесінде кез-келген заңды тұлға тауар таңбаларына өтінімдермен сараптама ұйымына түскен сәттен бастап таныса алады және тіркелгенге дейін шағымдарын білдіре алады.
Осындай тәжірибе Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерінде бар.
Қазіргі таңда осындай жариялау тіркеу туралы шешім қабылданғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Бұл субъектілер арасындағы даулардың санының ұлғаюына әкеліп отыр.
Сонымен қатар, заң жобасымен өнеркәсіптік меншік объектілеріне лицензиялық шарттарды тіркеуді жеңілдетуге бағытталған түзетулер қарастырылады.
Яғни тіркеуге шарттың түпнұсқасын ұсыну талап етілмейтін болады.
Бұл түзетулер әкімшілік кедергілерді алып тастауға мүмкіндік береді.
ҚҰРМЕТТІ ДЕПУТАТТАР!
Баяндаманы аяқтай келе, сіздердің белсенді жұмыстарыңыз үшін алғыс айтамын. Біз контрафактідегі және түпнұсқадағы тауар белгісі үшін жауапкершілікті бөлу туралы, сондай-ақ, апеллияциялық кеңестің мәртебесі бойынша сіздердің ұсыныстарыңызды заң жобасына негіз етіп алдық.
Заң жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығындарын қажет етпейді. Қолдауларыңызды сұраймын. Назарларыңызға рахмет!