-A A +A

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтарулар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша баяндама

Құрметті Нұрлан Зайроллаұлы!
Құрметті депутаттар!
 
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтарулар енгізу туралы» Заң жобасы Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын, сондай-ақ Үкіметтің заң жобалау жұмыстары жоспарын орындау мақсатында әзірленген.
Заң жобасы азаматтық заңнаманы дамытуға және Азаматтық кодекстің рөлін нығайтуға бағытталған.
Заң жобасында тауар-ақша қатынастары үшін зор маңызы бар бірқатар мәселелерді реттеу ұсынылады. Атап айтқанда, мынадай көзқарастар көрініс табады.
 
Біріншіден. Азаматтық құқық қатынастары процесіне қатысушылардың диспозитивтік және адалдық қағидаттарының қолданысын күшейту қарастырылады.
Мысалы, мүлік иесі иемдену мерзімінің өтіп кетуіне қарай құқыққа сыйымды әрекеттер нәтижесінде мүлікті иеленгенін дәлелдесе, ол адал иесі болып саналатыны қарастырылған.
 
Келесі мәселе. Азаматтық заңнаманың заңды тұлғалар туралы нормаларын жетілдіру ұсынылады.
Осы мақсатта заңды тұлғаларға өзге оқшауланған құрылымдық бөлімшелер құруға мүмкіндік беріліп отыр. Бұл бизнесті жүргізу үшін артық әкімшілік тосқауылдарды жоюға қосымша шара болады.
Бұған қоса, шаруашылық серіктестіктегі үлесті иеліктен шығару жөніндегі мәміленің нотариаттық нысаны белгіленеді және еншілес ұйымның ұғымы нақтыланады.
 
Үшіншіден. Мәмілелердің жарамсыздығы институтын қайта қарау ұсынылады.
Қазіргі таңда қазақстандық заңнамада мәмілелердің жарамсыздығы институты көзделеді. Бұл ретте жарамсыз мәмілелер – мәніссіз және даулы мәмілелерге бөлінбеген. Бұл сот практикасында қиындықтарға әкеп соғады.
Сондай-ақ, аталған жағдай Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуалға қауіп төндіре отырып, шарттық қатынастардың тұрақсыздығын туғызады.
Осыған орай, мәмілелерді классикалық түрде – мәніссізге және даулыға бөлу, сондай-ақ мәмілелердің даулы болу презумпциясын белгілеу ұсынылады.
Бұл шарттық қатынастар қатысушыларын ықтимал сот төрешілдігінен қорғауға, сондай-ақ айқын құқық бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік береді.
 
Құрметті депутаттар, ендігі төртінші мәселе. Заң жобасымензаттық құқықтар және олардың туындау негіздері туралы ережелерді кеңейту қарастырылған.
Атап айтқанда, меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар туралы жалпы және арнайы ережелер жүйеленді және Азаматтық кодекске «Өзге де заттық құқықтар» атты жаңа тарау енгізілді.
Бұған қоса, мүлікті бөлу мүмкін болмаған кезде, сот оны жария сауда-саттықта сату туралы шешім қабылдау арқылы және алынған соманы кейіннен ортақ меншіктің қатысушылары арасында бөлуді көздейтін норма ұсынылады. Бұл түзету Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысын орындау мақсатында енгізіледі.
 
Бесіншіден. Міндеттемелер туралы жалпы және арнайы нормаларды жетілдіру ұсынылады.
Азаматтық кодексте қамтылған міндеттемелер туралы нормалардың едәуір көлемі жалпы және арнайы нормалардың арақатынасын айқындауды талап етеді.
Осыған орай, заң жобасында шарттық және шарттан тыс міндеттемелерге жалпы ережелерді қолдану мүмкіндігі көзделеді.
Сонымен қатар, Заң жобасы шеңберінде Азаматтық кодекстің шарттық міндеттемелеріне, атап айтқанда, сатып алу, сыйға тарту, рента шарттары, комиссия туралы ережелеріне өзгерістер енгізіледі.
Жалпы алғанда, заң жобасын қабылдау отандық азаматтық заңнаманың кешенді түрде дамуын және оның мемлекеттің құқықтық саясатының белгіленген негізгі бағыттарына сәйкес тиімді қолданылуын қамтамасыз етеді.
Құрметті депутаттар, заң жобасын бірінші оқылымда қолдауларыңызды сұраймын.
Назарларыңызға рахмет!