-A A +A

«Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы мен оған ілеспе заң жобасы бойынша баяндама

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Құрметті Сенаторлар!
 
«Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы» Заңның жобасы және оған ілеспе заң жобасы – отандық сот сараптама жүйесін одан әрі жаңғыртуға бағытталған.
Заң жобалармен келесі тұжырымдамалық ережелер қарастырылған.
Біріншіден. Сот-медициналық, сот-наркологиялық және сот-психиатриялық сараптамаларды жүргізу функциялары бір мемлекеттік органда заң денгейінде орталықтандырылады.
Бұл сот-сараптамасы ұйымдары жұмысының тиімділігін түбегейлі арттыруға және сот-сараптамасы жүйесінің толық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы мақсатта, сот-сараптама қызметі саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және осы саладағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыруды Әділет министрлігі жүргізетін болады.
Бұған қоса, министрлік – уәкілетті орган ретінде осы саладағы барлық қажетті нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ сот-сараптама қызметіндегі әдістер мен әдістемелерді қабылдайды.
Екіншіден. Заң жобалармен жеке сот сарапшылары институтын дамыту арқылы бәсекелес ортаны кеңейту ұсынылады.
Осы мақсатта заң жобасында Сот сарапшыларының палатасын құружәне оның құзыретін белгілеу көзделіп отыр.
Сот сарапшыларының палатасын – палата мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың қызметін үйлестіру үшін құрылатын коммерциялық емес кәсіби өзін-өзі қаржыландыратын ұйым ретінде белгілеу ұсынылады.
Сот сарапшылары палатасына мүшелік міндетті болып табылады.
Сот сарапшылары палатасы:
бірінші, өз мүшелерінің, сондай-ақ аумақтық палаталардың қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
екінші, өз мүшелерін оқытуды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
үшінші, сот-сараптама қызметі мәселелері бойынша ғылыми-әдістемелік материалдарды әзірлейді;
төртінші, сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, тоқтату және одан айыру туралы ұсынысты Әділет министрлігіне енгізеді;
бесінші, өз мүшелерінің сот сарапшысының міндеттерін және сот сарапшысы әдебін бұзуына қатысты жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды.
Мүшелікті алу, тоқтата тұру және оны жою шарттары мен тәртібі, сондай-ақ басшы органдарды қалыптастыру тәртібі, функциялары мен өкілеттіктерінің мерзімдері сияқты мәселелер Сот сарапшылары палатасының жарғысында қарастырылатын болады.
Келесі. Заң жобалармен сот сараптамасы органдарын кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді нығайту, сондай-ақ сот сарапшыларының ғылыми әлеуетін қалыптастыру үшін құқықтық жағдайларды жасау көзделген.
Атап айтқанда, сот-сараптама қызметін жүзеге асыру үшін лицензия алуға үміткер тұлғалардың сот-сараптамалық оқыту және өзге де ұйымдарда арнайы кәсіби даярлықтан өтуі туралы ереже қарастырылған.
Сондай-ақ, заң жобасына сәйкес сот сараптамасы органдарын білікті мамандармен қамтамасыз ету сот сараптамасы органының кадр резервіне алынған адамдар қатарынан жүзеге асырылуы мүмкін.
Келесі. Негізгі заң жобасында бұрын қолданылмаған жаңа ұғымдар мен әдістерді енгізу ұсынылады.
Мысалы валидация, бұл нақты пайдалануға немесе қолдануға арналған талаптардың орындалуын зерттеу және объективті дәлелдемелерін ұсыну арқылы жүргізілетін құжаттамалық растау тәртібі.
Заң жобасына сәйкес стандартты емес және жаңадан әзірленген немесе жетілдірілген әдістер валидацияға жатады.
Келесі мәселе, негізгі заң жобасында сот сараптамасын жүргізу негіздері, сондай-ақ тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу ерекшеліктері қарастырылған.
Тұтастай алғанда, бұл ережелер қолданыстағы заңдағы ережелерменсәйкестендірілген.
Алайда, бірқатар мәселелер бөлек шығырылған. Мысалы, үлгілер, жеке дара сот сараптамасы сияқты жаңа баптар қарастырылған.
Құрметті Сенаторлар, заң жобаларды қабылдау:
сот-сараптамасы ұйымдарының құқық қорғау органдарымен және соттармен жұмысының тиімділігін арттыруға;
 
мемлекеттік емес сот сараптамасы институтын одан әрі дамытуды ынталандыруға;
 
сот төрелігі процесіне қатысатын азаматтар мен ұйымдардың құқықтық қорғалуын, сот сарапшысы лауазымының беделін арттыруға ықпал етеді.
 
Назарларыңызға рахмет!
Қолдауларыңызды сұраймын.