-A A +A

«Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2016 жылдың қорытындысы және 2017 жылға арналған басым міндеттері бойынша кеңейтілген алқа отырысы өткізілді»

Бүгін «Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаевтың төрағалығымен Әділет министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы онлайн тарату режимінде өткізілді.
Алқа отырысында Парламент депутаттары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Алқа барысында ведомства өкілдері 2016 жылғы жұмысты қорытындылап, 2017 жылдың басым міндеттерін анықтады.
Әділет министрі М.Бекетаев «ҚР Президентінің ағымдағы жылғы 31 қаңтардағы Жолдауында айтылған негізгі міндеттер туралы» баяндамамен сөз сөйледі.
Өз сөзінде Министр Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы стратегиялық сипатқа ие және Қазақстанның жаңа тарихи деңгейде дамуындағы мемлекет құрылымының мәселелерін шешу үшін жағдай жасайды деп атап өтті.
Жолдауда қойылған міндеттерге байланысты Үкімет пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы меншік құқығын қорғауды күшейту үшін барлық заңнамаға тексеріс жүргізеді.
Отырыс барысында Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттік индексіндегі (ДЭФ ЖБИ) Қазақстанның «Меншік құқығы» индекаторы бойынша көрсеткіші жыл сайын артып келе жатқаны айтылды.
Сонымен қатар, Жолдауда әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру қажеттілігі айтылған.
Қазіргі уақытта, Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі.
Аталған заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылықтың 150-ден аса құрамы бойынша айыппұл санкциясының мөлшерін азайту; санкциясы ескерту түріндегі әкімшілік жазаны көздейтін баптарды көбейту; жеңілдететін мән-жағдай анықталған жағдайда, сотқа, органға (лауазымды тұлғаға) лауазымды және заңды тұлғаларға қатысты әкімшілік айыппұлдың соммасын 30% дейін қысқартуға рұқсат беретін нормаларды қолдану; тоқтата тұруға негіз болып табылған бұзушылықтарды жойған кезде рұқсат беру іс-әрекетін мерзімінен бұрын қайта жаңғырту тәртібін регламенттеу ұсынылған.
Сонымен қатар, Әділет министрлігі Мемлекет басшысының мемлекеттік қызмет көрсету процестерін оңтайландыру жөніндегі тапсырмасын жоспарлы түрде орындап жатқаны айтылды. Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметті оңтайландыру мақсатында оларды Министрліктен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беру жоспарлануда.
Бұл шара мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру процесін тездетіп, жылжымайтын мүлікке құқық бойынша электронды мұрағат жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Министрлік жылжымайтын мүлікке құқықтар бойынша деректер базасы оның құрамдас бөлігі болып табылатын «Бірыңғай кадастр» ақпараттық базасын жасау мәселесін қарауда.
Әділет министрлігі алғашқылардың бірі болып көп сұранысқа ие бизнес пен меншік құқығын тіркеу саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімін оңтайландырғанын атап өткен жөн. Мәселен, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу мерзімі 1 жұмыс күніне дейін, ал хабарлама жасау тәртібіндегі қызметтер – бір сағатта дейін қысқартылды.
Жалпы, Әділет министрлігі барлық мемлекеттік органдардың арасында көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны бойынша алдыңғы орында тұр. Есептік кезең қорытындысы бойынша халыққа 12 млн. астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Осыған қарамастан, «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша тиімділікті бағалау қорытындысына сәйкес Әділет министрлігі 12 бағаланушы мемлекеттік органның арасынан 1 орын алды.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалаудың (қызметтің барлық 5 бағыты) қорытындысы бойынша барлық орталық мемлекеттік орган арасындағы рейтингте Әділет министрлігі 2 орын алды.
Заң жобалау жұмысындағы негізгі жетістік – 2016 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының 100%-ға орындалуы.
Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) жұмыс органы болып табылады.
Бүгінгі күні ВАК мүшелерінің саны 37 адамды құрайды, бұл ретте үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің мемлекеттік органдардың өкілдеріне арақатынасы 35 %-дан 39%-ға дейін артты.
Министрлік ВАК отырыстарының ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету мақсатында БАҚ-тың қатысуымен өткізіледі. Отырыстан кейін тұрақты негізде брифинг өткізіледі, онда баяндамашылар БАҚ өкілдеріне сұхбат береді.
5 институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 27 қадамын іске асыру мақсатында өткен жылы мемлекеттік сот орындаушыларының саны 30% (374 бірл.) қысқартылды, 2017 және 2018 жылы тиісінше 30%-ға және 15%-ға қысқартылады. Нәтижиесінде республика бойынша 309 мемлекеттік сот орындаушысы қалады.
2016 жылы 2015 жылмен салыстырғанда жеке сот орындаушыларының жалпы саны 40%-ға артып, 1 347-ні құрады.
Бүгінгі күні республиканың барлық аумағы жеке орындаушылар қызметімен қамтылған.
Қазіргі уақытта сараптамалық ұйымға («Ұлттық зияткерлік меншік ұйымы» республикалық мемлекеттік мекемесі) зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу өкілеттіктерін беру арқылы мұндай объектілерді тіркеудің бірдеңгейлі жүйесін жасауды көздейтін заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында.
Бұл ұсыныс көп жылғы жеке тәжірибені және ЭЫДҰ құрамына кіретін елдердің (АҚШ, Португалия, Жапония, Швейцария, Германия, Қытай, Корея) заңнамаларын талдауды ескере отырып жасалған. Аталған елдерде зияткерлік меншік объектілеріне сараптама жасау және тіркеу рәсімдері бір ведомствада «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады.
Осы жаңа бастаманы іске асыру үшін Ұлттық зияткерлік меншік институты өтініш білдірген зияткерлік меншік объектілеріне сараптама жасап қана қоймайды, оларды тіркеуді жүзеге асырады.
Өз кезегінде, Әділет министрлігі бұл салада мемлекеттік бақылау және дауларды аппелляциялық кеңесте қарау функцияларын сақтап қалады.
Министрлік сот-сараптамасы қызметін одан әрі жетілдіру мақсатында «Сот сараптамасы қызметі туралы» заң жобасын әзірледі, ол ағымдағы жылғы 26 қаңтарда Парламент Сенатының жалпы отырысында мақұлданып, қазір Мемлекет басшысының қол қоюында жатыр.
Заң жобасында Сот сарапшылары палатасын құру және оның өкілеттіктерін бөлу көзделген.
Сот сарапшылары палатасын палата мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін, сондай-ақ олардың қызметін үйлестіру үшін құрылған, коммерциялық емес, кәсіби, өзін-өзі қаржыландыратын ұйым етіп құру ұсынылады.
 
ҚР Әділет министрлігінің
баспасөз қызметі