-A A +A

Әділет министрі Конституцияға түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасын таныстырды

Бүгін Заңнама және сот-құқықтық реформасы комитетінің отырысында Әділет министрі Марат Бекетаев Президент Жарлығын орындау мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.
Барлық ұсынылып отырған өзгерістер Конституцияға енгізілген түзетулер аясында енгізіледі.
Өзгертулер сегіз Конституциялық заңдарға енгізіледі («Сайлау туралы», «Парламент және оның депутаттарының мәртебесi туралы», «Республикалық референдум туралы», «Үкімет туралы», «Президент туралы», «Конституциялық Кеңес туралы», «Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы», «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы»).
Өз сөзінде Марат Бекетаев «Президент туралы» Конституциялық Заңда Президенттің өкілеттіктері конституциялық түзетулерге сәйкес келтірілетінін атап өтті.
«Президент Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды. Сонымен қатар, Парламент депутаттары Конституцияда бекітілген тәртіппен (57-бап 6-тармақша) Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы өтініш жасаған жағдайда, Президент оны қызметінен босатады» - деп атап көрсеттті Марат Бекетаев.
Бұған қоса, «Президент туралы» Конституциялық заңнан Президенттің келесі заң шығару функциялары алып тасталатынын айтып өткен жөн:
  • заң күші бар жарлықтарды шығару,
  • заң жобасын шұғыл деп жариялау,
  • Үкiметке заң жобасын Мәжiлiске енгiзудi тапсыру, және
  • Үкімет актілерінің күшін жою.
Президенттікке кандидатқа қойылатын қосымша талаптар енгізілетіні журналистер тарапынан үлкен қызығушылық туғызды. Олар:
 
  • мемлекеттік қызметте немесе сайланатын мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесінің болуы,
  • міндеттерін орындауға кедергі болатын аурулардың жоқтығын растау. (Ол үшін медициналық куәландыру өтеді).
Отырыс барысында депутаттар, саяси партиялардың өкілдері мен заңгерлер министрге өз сұрақтарын қойды. Заң жобасын талқылау жалғасуда.
Баяндаманың толық мәтінімен мына жерден танысуға болады: http://www.adilet.gov.kz/ru/news/doklad-ministra-yusticii-beketaeva-mb-po-proektu-konstitucionnogo-zakona-o-vnesenii-izmeneniy-i