-A A +A

Ақпараттық хабарландыру

2013 жылғы 19 желтоқсанда Стокгольм сауда палатасының жанындағы төрелік трибунал А.Стати және онымен байланысты тұлғалардың («Стати») талаптарын ішінара қанағаттандырып, оларға шамамен 500 млн. АҚШ долларын беруді ұйғарды. Қуыным талаптың жалпы сомасы 4 миллиард АҚШ долларынан астам соманы құрған болатын.
2014 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Стокгольмдағы Апелляциялық сотта бұл шешімге шағым білдіріп, оның күшін жоюды талап етті.
Төрелік шешімнің күшін жою жөніндегі аталған сот процесі Швецияда жалғасып жатқан кезде Қазақстан Республикасы АҚШ-тағы ақпаратты ашу жөніндегі процесс арқылы Статидің ұзақ жылдар бойы кең ауқымды алаяқтық тәсіміне қатысқандығын көрсеткен ақпарат пен құжаттарды алды.
Алаяқтық тәсімінің мәнісі - Стати ашылмаған аффилиирленген тұлғалармен жасалған бірқатар мәмілелер және бұрмаланған қаржы есептері арқылы, жалған келісімшарттарға отырып, Қазақстандағы газ өңдеу зауытын салу құнын алаяқтық жолмен көтеріп жібергендігінде. Бұдан басқа, олар халықаралық төрелік трибуналдың алдында жалған куә берді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы халықаралық тергеу тапсырмасы арқылы Латвияның құқық қорғау органдарынан Статидің қылмыстық тәсімін дәлелдейтін қосымша мәліметті сұратып, ала білді.
Қазақстан Республикасы Швецияның Апелляциялық сотында қарастырылып жатқан төрелік шешімнің күшін жою жөніндегі сот процесі шеңберінде Төрелік шешім алаяқтық жолымен алынды және қоғамдық тәртіпке қайшы келеді дегеннің негізінде талап-арызына өзгертулер енгізу туралы өтінішхат берді. 2016 жылғы 9 желтоқсанда Швецияның Апелляциялық соты өзгертілген өтінішхат бойынша шешім шығарып, оны қабылдамай тастады. Алайда швециялық соттар алаяқтық фактісін мәні бойынша қараудан бас тартты.
Англияда жалғасып жатқан төрелік шешімді орындау жөніндегі сот процесі шеңберінде Қазақстан Республикасы алаяқтық фактісі жөніндегі дәлелдерді және қоғамдық тәртіпті бұзғандығы туралы талаптарды ұсынуға өтінішхат берді. 2017 жылғы 6 маусымда Англияның Жоғары соты төрелік шешім алаяқтық жолымен алынды деуге айтарлықтай жеткілікті дәлелдер бар деген шешімге келді. Жоғары сот алаяқтық фактісін қарастыру жөніндегі сот талқылауын өткізуді ұйғарды, ол 2018 жылғы қазан айында басталмақ және қазіргі уақытта оған дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Бұл шешім шыққаннан кейін Стати ағылшындық соттың алаяқтық жөніндегі қорытындыларын ашпай, тез арада Нидерландыда, Бельгияда және Люксембургте активтерге тыйым салуды талап ете отырып сот процестеріне бастама жасады. Ұлыбританиялық сот Статидің төрелік шешімді орындау жөніндегі талпыныстарын шын мәнісінде тоқтата тұрғанына қарамастан, Стати бұл шешімді айналып өту мақсатында және Ұлыбританиядағы активтерге, атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкімен жасалған келісімге сәйкес Bank of New York Mellon кастодиалдық сақтауындағы активтерге назарын бұрып, Бельгияда және Нидерландыда орындау әрекеттеріне бастама жасады.
2017 жылғы 8 қыркүйекте Амстердам қ. округтік соты Қазақстан Республикасының немесе Ұлттық қордың Нидерландыда Bank of New York Mellon банкіне қарсы барлық талаптарына уақытша тыйым салуға рұқсат беру жөніндегі Статидің өтінішін қанағаттандырды. 2017 жылғы 13 қыркүйекте Брюссельдегі Бірінші сатыдағы сот Қазақстан Республикасының немесе Ұлттық қордың Бельгияда Bank of New York Mellon банкіне қарсы барлық талаптарына уақытша тыйым салуға рұқсат беру жөніндегі Статидің ұқсас өтінішін қанағаттандырды. Бастапқыда Bank of New York Mellon тыйым салу жөніндегі екі бұйрыққа да олардың күші жоқ, мәселен не Қазақстан Республикасының не Ұлттық қордың Bank of New York Mellon банкімен арада коммерциялық ара-қатынасы жоқ, сәйкесінше тыйым салуға жататын талаптары да жоқ деп жауап қайтарды.
2017 жылғы 30 қазанда Bank of New York Mellon кенеттен өзінің позициясын өзгертіп, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің пайдасына Bank of New York Mellon кастодиалдық сақтауында жатқан қаражатқа тыйым салуға өз еркімен келісті. Қазақстан Республикасы және Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі нәтижесінде Bank of New York Mellon Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің алдында келісімшарттық міндеттемелерін орындамады деген пікірде қалды. Жеделдетілген процесс арқылы Қазақстан Республикасы және Ұлттық банк Bank of New York Mellon кастодиалдық сақтауында жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің қаражатына тыйым салуға құқығы жоқ деген Жоғары соттың мәлімдемесін алуға талпынды. Ағылшындық сот аталған мәлімдемені беруден бас тартқанымен, 2017 жылғы 21 желтоқсандағы шешім Bank of New York Mellon мен Қазақстанның Ұлттық банкінің арасындағы келісімшарттық уағдаластықтары бойынша маңызды мәселелерді көтереді. Ұлттық банк та Қазақстан Республикасы да қазіргі уақытта соттың бұл шешіміне шағым білдіру мүмкіндігін қарастыруда. Сонымен бірге, бұл шешім Ұлттық банктің және Қазақстан Республикасының басқа шетелдік юрисдикциялардағы позициясына да, Стати орындауға талпыныс жасап отырған төрелік шешім алаяқтық жолымен алынды деген Қазақстан Республикасының дәлеліне де еш әсер етпейді.
Төрелік трибуналдың шешімін тану және орындау жөніндегі сот процестері айтарлықтай ұзақ уақытқа созылады.
Кез-келген жағдайда Қазақстан Республикасының тәуекелдері төрелік шешімнің сомасы - 497 658 101 АҚШ долларымен және 2009 жылғы 30 сәуірден бастап толық өтеу мерзіміне дейін АҚШ-тың қазынашылық қағаздары бойынша алты айлық проценттер деп анықталған проценттермен, сонымен қатар 8 975 496,40 АҚШ доллары сомасындағы Статидің сот шығындарының 50%-мен шектеледі.
Республика мәжбүрлеп орындауға қарсылық білдіру мақсатында Ұлыбританияда іспеттес қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдаланатын болады.
Бұдан басқа, 2017 жылғы қазанда Республика Колумбия округі бойынша Вашингтон округтік сотында Стати және оның басқа да сыбайластарын алаяқтық әрекеттері үшін жауапқа тарту мақсатында АҚШ-тың Ұйымдасқан Қылмыс және Сыбайлас Жемқорлықпен Күресу туралы заңы негізінде RICO талап-арызын берді.
Статидің алаяқтық фактілерін қарастыру жөніндегі аталған процестер шеңберінде Республика барлық залалды, соның ішінде активтерге тыйым салумен қатысты залалдарды өтеуге талпынатын болады.