-A A +A

Адам құқықтары – жоғары құндылық

Сайрам аудандық әділет басқармасында әділет басқармасының қызметкерлерінің, Сайрам аудандық әділет басқармасының жанындағы мемлекеттік органдардың заң қызметтерін Үйлестіру кеңесі мүшелерінің, «Нұр Отан» партиясының, Жастар ресурстық орталығының өкілдерінің қатысуымен семинар-тренинг өткізілді.
Іс-шараны аудандық әділет басқармасының басшысы З.Тюмебаев ашып, адамның және азаматтың негізгі құқықтары мен бостандықтары Қазақстан Республикасының Конституциясында қарастырылғанын, адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылғанын және республиканың азаматы өзінің азаматтығына орай құқықтарға ие болып, міндеттер атқаратынын атады.
«Нұр Отан» партиясының қызметкері Б. Биназаров адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қолдану принциптеріне, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасында көзделген азаматтардың мемлекет және қоғам алдындағы міндеттеріне тоқталды.
Сөз кезегін алған аудандық ішкі саясат бөлімінің қызметкері М.Аймаханов еңбек заңнамасына енгізілген жаңа нормаларға тоқталып өтті. Оның ішінде, еңбек шартын жасау, еңбек шарты тараптарының құқықтары мен міндеттір, тәртіптік және материалдық жауапкершілік, жұмыскерді басқа жұмысқа ауыстыру, іссапарға жіберу, нормалау және еңбекке ақы төлеу, еңбек шартын бұзу, еңбек даулары және оларды шешу тәртібі жөнінде жан-жақты айтты.  
Жастар ресурстық орталығының директоры Ж. Хамраев Қазақстандағы әйелдердің және балалардың құқықтары,  балалардың құқықтарын қорғаудың проблемалары және оларды шешудің жолдарына, отбасын зорлық-зомбылықтан қорғау проблемаларына, Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасымен күрес саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) рөліне қатысты түсіндірме жұмыстарын жасады.
Шара соңында қатысушылардың барлық сұрақтарына жауаптар берілді.
 
Оңтүстік Қазақстан облысы
Әділет департаментінің баспасөз қызметі