-A A +A

Тұрғын үйді сату үшін бұрынғы меншік иесінің атына ресімделген техникалық паспортты айырбастау қажет пе?

Жауап: 

«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310 Заңының (бұдан әрі - Заң) 21-бабына сәйкес мемлекеттік тіркеу үшін өтініш берушіжылжымайтын мүлікке техникалық паспортты және (немесе) жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын қоса бере отырып, құқық белгілейтін және тіркеу объектісін растайтын өзге де құжаттарды ұсынуға тиіс. Техникалық паспорт - жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексерудің нәтижелері бойынша жасалған, құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті, бастапқы немесе кейінгі объектінің техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын белгіленген нысандағы құжат. Бұл ретте техникалық паспорттың негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтар туындамайды, өзгермейді және тоқтатылмайды, сәйкесінше техникалық паспорт құқық белгілейтін құжат болып табылмайды. Осыған орай, жылжымайтын мүлікке құқықтар ауысқан кезде техникалық паспорт сатып алушыға, не өзге құқық иеленушіге табысталады. Заңның 18-бабының 3-тармағына сәйкес кейінгі тексеру ғимараттарды, құрылыстарды немесе оның құрамдастарын реконструкциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау нәтижесінде олардың техникалық және (немесе) сәйкестендіру сипаттамалары өзгерген кезде, осындай сипаттамалардың өзгеруі техникалық паспортта кейінгі тексеру жүргізбестен көрсетілуі мүмкін болатын жағдайларды қоспағанда, оның ішінде кадастрлық нөмірі, мекенжайы, мекенжайдың тіркеу коды (ол бар болған кезде) өзгерген кезде жүргізіледі. Осылайша, жылжымайтын мүліктің сәйкестендіру сипаттамаларында өзгерістер болмаған жағдайда, жаңа техникалық паспортты әзірлеу талап етілмейді.