-A A +A

Салық қызметі органдарының құрылымы мен міндеттері қандай?

Жауап: 

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы № 99-IV Кодексінің 18-б. сәйкес салық қызметі органдарының міндеттері:
1) салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсу толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ету;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан әрі – міндетті зейнетақы жарналары) есептеудің, ұстап қалудың және аударудың, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды (бұдан әрі – әлеуметтік аударымдар) есептеудің және төлеудің толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету;
2-1) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (бұдан әрі – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары) есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыруға қатысу;
4) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
5) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.
Салық қызметі органдары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен кодтары бар уәкілетті орган мен салық органдарынан тұрады.
Салық органдарына уәкілетті органның облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша, аудандар, қалалар және қалалардағы аудандар бойынша аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ уәкілетті органның ауданаралық аумақтық бөлімшелері жатады. Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда осы аймақтардың аумағында салық органдары құрылуы мүмкін.
Салық органдары тиісті жоғары тұрған салық қызметі органына сатылы тұрғыда тікелей бағынады және жергілікті атқарушы органдарға жатпайды.
Уәкілетті орган салық органдарына басшылықты жүзеге асырады.
Салық қызметі органдарының рәмізі болады. Салық қызметі органдары рәмізінің сипаттамасы мен оны пайдалану тәртібін уәкілетті орган бекітеді.