-A A +A

Пәтер меншік иелерінің жазбаша сауалнамасы қалай жүргізіледі?

Жауап: 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi № 94 Заңының 42-2-бабына сәйкес үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің жалпы жиналысын өткізу
кезінде кворумды қамтамасыз ету мүмкін болмаған жағдайда, жазбаша
сауалнама жүргізіледі.
Үй-жайдың (пәтердің) әрбір меншік иесі жазбаша сауалнама жүргізу кезінде бір дауысқа ие болады. Егер үй-жайдың (пәтердің) меншік иесіне бірнеше үй-жай (пәтер) тиесілі болса, ол тиісінше дауыс санына ие болады.
Жазбаша сауалнама жүргізуді ұйымдастыру үшін үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері арасынан жауапты адамдар тағайындалады.
Әрбір дауыс беру парағында реттік нөмірі, талқылауға енгізілген мәселелер, үй-жайлар (пәтерлер) меншік иесінің мекенжайы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), қол қойылатын орын, кондоминиум объектісін басқару органы басшысының қолтаңбасы болуға тиіс.
Жазбаша сауалнама жүргізуге шығарылған мәселелер бойынша дауыс беру парағы үй-жайдың (пәтердің) әрбір меншік иесінің назарына жеткізіледі.
Егер дауыс беруге үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің кемінде үштен екісі қатысса, жазбаша сауалнама жүргізілген болып есептеледі.
Дауыс берудің қорытындылары үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің жиналысында шығарылады. Егер үй-жайлар (пәтерлер) меншік иелерінің жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, шешім қабылданған болып есептеледі.
Жазбаша сауалнаманың қорытындылары бойынша хаттамада дауыс беру парақтары жөніндегі жиынтық деректер беріледі. Дауыс беру парақтары хаттамаға міндетті қосымша болып табылады және бірге сақталады. Жазбаша сауалнама арқылы қабылданған шешім үй-жайлардың (пәтерлердің) барлық меншік иелері үшін міндетті болып табылады.