-A A +A

Патент негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкердің салық есептілігін табыс етуін тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) тәртібі қандай?

Жауап: 

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы № 99-IV Кодексінің 74-б. сәйкес Салық төлеушінің (салық агентінің) салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініш негізінде, осы бапта белгіленген тәртіппен:
1) салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұруға;
2) салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру мерзімін ұзартуға құқығы бар.
Патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкер қызметін тоқтата тұрған жағдайда, орналасқан жері бойынша салық органына патенттің қолданылу мерзімі біткенге дейінгі алдағы кезеңге салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініш береді. Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру мерзімі, оны ұзарту ескеріле отырып, осы Кодекстің 46-бабында белгіленген мерзімнен аспауға тиіс.
Салық органының салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру туралы шешімі салықтық өтініш берілген күнге уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша шығарылады.
Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру туралы шешім салық төлеушіге немесе оның өкіліне жеке өзіне қолын қойдыра отырып немесе жөнелту және алу фактісін растайтын өзге тәсілмен тапсырылады.
Салық есептiлiгiн табыс етудi тоқтата тұрудан бас тарту туралы шешiм өтініш берілген күні салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегі, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болған немесе салық төлеуші (салық агенті) осы баптың 1-тармағында көрсетілген салық есептілігін табыс етпеген жағдайда қабылданады.
Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру туралы шешім салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру туралы салықтық өтініште көрсетілген күннен бастап қызметін қайта бастау күніне дейінгі кезеңде патент алу үшін есеп-қисап табыс етпеуге негіз болып табылады.
Салық төлеуші, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қызметін тоқтата тұру мерзімі аяқталғаннан кейін қызметін қайта бастаған болып танылады.
Салық төлеуші салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұрудың ағымдағы кезеңі аяқталған күннен кешіктірмей салық органына салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта қалпына келтіру) туралы салықтық өтініш беруге құқылы. Мұндай өтініш онда көрсетілген қызметті қайта бастау күніне дейін патент құнының есеп-қисабын табыс етпеуге негіз болып табылады.
Салық төлеуші қызметін қайта бастаған күннен бастап алдағы кезеңге патент құнының есеп-қисабын салық органдарына беру арқылы қызметін тоқтата тұру мерзімі аяқталғанға дейін қызметін қайта бастауға құқылы.
Салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру кезеңінде патент құнының есеп-қисабы табыс етілген кезде салық төлеуші осы есеп-қисапта көрсетілген қызметтің басталған күнінен қызметін қайта бастаған болып танылады.
Салық төлеуші салықтық өтінішті немесе осы баптың 6 және 7-тармақтарында көрсетілген патент құнының есеп-қисабын табыс етпеген кезде, салық төлеушінің қызметі салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініште көрсетілген қызметін тоқтата тұру мерзімі аяқталған күннен бастап қайта басталған болып танылады.
Салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) өз қызметін тоқтата тұру кезеңінде қызметін қайта бастағаны фактілерін анықтаған жағдайда, салық органдары мұндай салық төлеушіні (салық агентін) жазбаша хабардар ете отырып, салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру мерзімі қызметті қайта бастаған күннен бастап тоқтатылды деп таниды.
Осы тармақтың мақсатында осы бапқа сәйкес қызметін тоқтата тұрған салық төлеушінің (салық агентінің) осы Кодекстің ерекше бөліміне сәйкес салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу мен төлеу жөніндегі міндеттемелердің туындауына әкеп соғатын қызметті жүзеге асыра бастауы қызметті қайта бастау болып танылады.
Осы баптың ережелері мүлік, көлік құралы салықтары мен жер салығы бойынша, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлемақы бойынша салық есептілігін табыс ету тәртібі мен мерзімдеріне қолданылмайды.