-A A +A

Өсиет бойынша үйдің мұрагерлігін қабылдау үшін қандай құжаттар қажет және мұрагерден қандай салық алынады?

Жауап: 

Мұра бойынша мұрагерлікті қабылдау үшін мұраны қалдырушы нақты қайтыс болған күннен бастап алты айдың ішінде мұрагерлер өтінішпен нотариусқа жүгінулері қажет. «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шiлдедегі N 155 заңының (бұдан әрі - Заң) 72-б. 1,2-т. сәйкес нотариус өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәлiк берген кезде тиiстi айғақтарды талап ету арқылы мұра қалдырушының қайтыс болу фактiсiн, өсиеттiң бар-жоғын, мұраның ашылған уақыты мен орнын, мұралық мүлiктiң құрамын және тұрған орнын тексередi. Нотариус сонымен бiрге мұрадағы мiндеттi үлеске құқығы бар адамдар тобын анықтайды. Осылайша, өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәлікті алу үшін мұраны ашу орны бойынша нотариусқа жүгініп, мынадай құжаттар ұсыну қажет: мұрагердің жеке куәлігі, мұра қалдырушының қайтыс болу фактісін, мұраны ашу жерін (мұра қалдырушының тұратын жері туралы құзыретті органдар берген анықтама) растайтын, белгіленген тәртіппен тіркелген мұраға қалған мүлікке құқық белгілейтін құжаттар. Нотариаттық іс-әрекеттер үшін ақы төлеу екі құрамды бөліктен тұрады: Заңның 30-1-б. сәйкес құқықтық және техникалық сипаттағы қызметтер үшін төлемақы және ҚР Салық кодексімен көзделген мемлекеттік баж мөлшері. Жоғарыдағы нормаларға сәйкес мұраға құқық туралы куәлiкті бергені үшін – 4 АЕК (Салық кодексі бойынша -1 АЕК, «Нотариат туралы» ҚР 1997 жылғы 14 шiлдедегі N 155 заңы бойынша- 3 АЕК), әрбір берілген куәлік үшін. Сонымен қатар, ҚР қолданыстағы заңнамасы нотариаттық қызметтер үшін төлемдерге жеңілдіктері бар азаматтар санаттары айқындалған. Заңның 30-1-б.2-т. сәйкес жекеше нотариустың нотариаттық іс-әрекеттер жасаған кезде құқықтық және техникалық сипаттағы қызметтер көрсеткеніне ақы төлеуден мыналар:
1) нотариаттық куәландыруға жататын құжаттың жобасын өздері дайындаған жеке және заңды тұлғалар;
2) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 542-бабының 4), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген адамдар;
3) қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар мен мүгедектер;
4) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалар;
5) 1 және 2-топтағы мүгедектер;
6) жасына байланысты зейнеткерлер босатылады.
Нотариаттық қызметтер жасаған кезде мемлекеттік баждан төлеуден босату Салық кодексінің 542-б. көзделген.