-A A +A

Орнына басқа тұрғын үй беру жағдайымен бұзылуға тиiстi тұрғын үйдi босату туралы шарт жасалады ма?

Жауап: 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi № 94 Заңының 116-б. сәйкес Жер учаскесiнiң мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылуына байланысты тұрғын үйлердi бұзған жағдайда тұрғын үйдi бұзушы құрылыс салушылар мен меншiк иелерiнiң (жалдаушылардың) арасында бұзылған тұрғын үй-жайлардың орнына бұрынғы меншiк иелерiне (жалдаушыларға) нақ сол немесе басқа жер учаскесiндегi жаңадан салынған тұрғын үйлерден меншiгiне (жалға) тұрғын үй беру туралы шарт жасалуы мүмкiн. Бұл жағдайда құрылыс салушы меншiк иесiне (жалдаушыға) сол Заңның 75-бабы 1-тармағының талаптарына сай келетiн тұрмысқа жайлы тұрғын үй беруге мiндеттi, ал бұзылуға тиiстi тұрғын үй иелерi (жалдаушылар) өздерi орналасқан үй-жайларды шартта көрсетiлген мерзiмде босатуға мiндеттi. Тараптардың келiсiмi бойынша шартта тұрмысқа жайлы тұрғын үй берудiң өзге де жағдайлары мен мерзiмдерi, мүмкiн болатын өтемақы сомасы, тұрғын үйдiң көлемi, қабаты, бөлмелер саны, отбасының құрамы және басқа тараптардың мүддесiн қозғайтын жағдайлар көрсетiледi. Тұрғын үй тиiсiнше меншiкке немесе пайдалануға берiлуi мүмкiн. Көшiрiлуге тиiстi азаматтар тұрмысқа жайлы тұрғын үй берiлгенге дейiн осы елдi мекенде орналасқан әрi техникалық және санитариялық нормаларға сәйкес келетiн уақытша тұрғын үйлерге (олардың келiсiмiмен) орналастырылады. Уақытша тұрғын жайға ақы төлеу жөнiндегi шығындар құрылыс салушыға жүктеледi. Егер тұрмысқа жайлы тұрғын үй шартта көрсетiлген мерзiмде берiлмесе, құрылыс салушы соттың шешiмi бойынша өз қаражаты есебiнен тұрған үйiнен айрылған меншiк иесiне (жалға алушыға) шарттың ережелерiнде көзделген талаптарға сәйкес басқа тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ шарттық мiндеттемелердiң бұзылуы салдарынан келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi болады.