-A A +A

Нотариус лицензиясының күшін тоқтата тұру қалай жүргізіледі?

Жауап: 

«Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шiлдедегі N 155 заңының 10-б. сәйкес нотариус лицензиясының күшiн азаматтардың арыздары, аумақтық әдiлет органдарының, нотариаттық палаталардың, прокуратура, тергеу, анықтау органдарының ұсыныстары негiзiнде Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң шешiмiмен тоқтатыла тұрады. Нотариус лицензиясының күшi алты айға дейiнгi мерзiмге мынадай жағдайларда:
- нотариаттық қызметпен айналысу құқығына лицензиясынан айыру жөнiндегi талап-арыз iсiн қозғағанда;
- нотариус қылмыстық iс бойынша айыпталушы ретiнде тартылған жағдайда;
- нотариус өзiнiң тегiн, атын, әкесiнiң атын өзгерткенi туралы мәлiметтердi аумақтық әдiлет органына бiр ай iшiнде хабарламағанда;
- Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасында көзделген талаптарды жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан да көп рет) бұзғанда;
нотариус осы Заңға сәйкес өзiне белгiленген қызмет аумағын бұзғанда;
- нотариус мемлекеттің, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққан нотариаттық iс-әрекеттер жасаған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзғанда;
әділет органдарында есептік тіркеу кезінде көрсетілген мекенжай бойынша нотариустың нақты үй-жайы болмағанда;
- нотариус осы Заңның 15-бабы 4-тармағының талаптарын сақтамағанда;
- осы Заңның 19-бабында көзделген шектеулер сақталмағанда;
- егер нотариусты есептік тіркеуге қойған күннен бастап үш ай өткен соң нотариус практикалық нотариаттық қызметіне кіріспегенде тоқтатыла тұрады.
Нотариус лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың себептерi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Лицензияның қолданылуы мұндай шешiм нотариустың назарына жеткiзiлген күннен бастап тоқтатыла тұрады. Тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлар жойылған кезде нотариус тоқтата тұруға себеп болған мән-жайларды жойғаны туралы мәліметтерді назарға жеткізген күннен бастап күнтізбелік үш күн мерзімде лицензиар лицензияның қолданылуын қалпына келтiру туралы шешiм шығарады.
Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру тоқтатылған кезеңде нотариаттық iс-әрекеттер жасалуына тыйым салуға және нотариустың мөрiн аумақтық әдiлет органына тапсыруына әкеп соғады.
Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру немесе қалпына келтiру туралы шешiм Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң ведомстволық баспасөз органында жарияланады.
Нотариус лицензиясының күшiн тоқтата тұру туралы шешiм жөнiнде сотқа шағымдануға болады.
Аумақтық әділет органы мен нотариаттық палата лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған нотариустың іс жүргізуінде жатқан құжаттарын Нотариаттық іс жүргізу жөніндегі қағидада көзделген тәртіппен басқа нотариусқа беру жөнінде шаралар қолдануға міндетті.