-A A +A

Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер беру шарттары қандай және оған кімнің құқығы бар?

Жауап: 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi № 94 Заңының 67-бабына сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлер тұрғын үйге мұқтаж, осы елді мекенде (тұру мерзіміне қарамастан) тұрақты тұратын және:
1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына;
1-1) жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;
2) осы Заңның 68-бабының 1-1)–5), 7)–11) тармақшаларында аталған, тұрғын үй беру туралы өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде жиынтық орташа айлық табысы отбасының әрбір мүшесіне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болатын, халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі.
Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшеріндегі коэффициент мүгедек балаларға қолданылмайды
3) мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға;
4) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына беріледі.
Жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйлердi қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдарға берiлетiн тұрғын үйлер қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiледi.
Мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер осы кәсіпорынның тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерінің пайдалануына беріледі. Оларға берілетін тұрғын үйлер қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiледi.
Мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер осы елді мекенде осы мекеменің тұрғын үйге мұқтаж қызметкерлерінің пайдалануына беріледі.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құрылған мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер осы елді мекенде тұру-тұрмауына қарамастан, Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына да беріледі.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру мақсатында құрылған мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысатын Қазақстан Республикасының азаматтарына тұрғын үй берудің міндетті шарты жаңа тұрғылықты жері бойынша, оның отбасы мүшелерін қоса алғанда, меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы болып табылады.
Мемлекеттік мекемелер беретін тұрғын үйлер қызметтік болып табылады.
Жалғыз тұрғын үйi ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша ипотека нысанасы болған және оны Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес жергiлiктi атқарушы орган сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй берiледi.