-A A +A

Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есептен шығару үшін негіздер қандай?

Жауап: 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi № 94 Заңының 73-бабына сәйкес азаматтар:
1) егер мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуi үшiн негiздер жойылған;
2) басқа елдi мекенге тұрақты тұру үшiн кеткен немесе мемлекеттік кәсіпорындағы немесе мемлекеттік мекемедегі еңбек қатынастарын тоқтатқан;
3) азамат мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуiне мұқтаждығы туралы шындыққа сай келмейтiн мәлiметтер берген;
4) жер учаскесiн алған және өзiнiң тұрғын үйiн салуды аяқтаған немесе тұрғын үй сатып алған жағдайларда, оларды мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй берiлуіне мұқтаждар есебiнен шығару жүзеге асырылады.
Осы Заңда белгіленген тәртіппен тұрғын үйге мұқтаж деп танылған және есепке қойылған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ толық емес отбасылар тұрғын үй алғанға дейін есептен шығарып тастауға жатпайды. Есепте тұрған азамат тұрақты тұруға басқа жаққа қоныс аударған не ол қайтыс болған жағдайда, егер бұл орайда мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж деп тану үшiн негiздер жойылмаса, отбасының онымен бiрге есепке тұрған өзге мүшелерiнiң кезегi сақталады. Мүдделi адамдарға есептен шығару туралы шешiм қабылданғаннан кейiн он күн мерзiм iшiнде есептен шығарудың негiздерi көрсетiлiп жазбаша түрде хабарланады. Азамат мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаждар есебiне ол үшiн негiздер болмаса да қойылып, тәртiп бұзушылық байқалған, бiрақ кейiннен мұндай негiздер пайда болған (отбасы мүшелерi санының көбеюi, отбасының жиынтық табысының кемуi және сол сияқтылар) жағдайларда ол негiздер пайда болған күннен бастап мұқтаж деп танылады және оның кезегi соған сәйкес ауыстырылады.