-A A +A

Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің міндеттері қандай нормативтік құқықтық актіде көрсетілген?

Жауап: 

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV Кодексінің 182-б. 6-т. сәйкес медицина және фармацевтика қызметкерлері:
1) өздерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындауға, пациенттерге құрметпен және ізгілікпен қарауға, медициналық этика және деонтология принциптерін басшылыққа алуға;
2) аурулардың профилактикасына және азаматтардың денсаулығын нығайтуға жәрдемдесуге, медициналық көмек көрсетуге;
3) шұғыл жағдайларда халыққа кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуге;
4) халық арасында медициналық білімді және салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі жұмысты жүргізуге;
5) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексін сақтауға, дәрігерлік құпияны сақтауға, азаматтардың аурулары, ішкі және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария етпеуге;
6) өзінің кәсіптік деңгейін үздіксіз дамытуға және арттыруға;
7) қажет болған жағдайларда консультация алу үшін басқа бейіндегі немесе біліктілігі неғұрлым жоғары мамандарды тартуға міндетті.
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың, сондай-ақ азаматтардың тарапынан медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуға тыйым салынады.
Кәсіптік міндеттерін орындау кезінде медицина және фармацевтика қызметкерлерiнің өз діни нанымдары бойынша қандай да бір іс-әрекеттер (әрекетсіздік) жасауына, сол сияқты олардың жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге әкеп соғуы мүмкін діни жоралар мен рәсімдерді өткізуіне (жасауына) жол берілмейді.