-A A +A

Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар қандай?

Жауап: 

Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шiлдедегі № 226-V Қылмыстық кодексінің 53-б сәйкес мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылады:
1) мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет қылмыстық теріс қылық не алғаш рет онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасау;
2) кінәлі адамның кәмелетке толмауы;
3) жүктілік;

4) кінәлі адамның жас балаларының болуы;
5) медициналық немесе өзге де көмекті көрсету салдарына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн жәбірленушіге тiкелей осындай көмек көрсету;
6) қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген моральдық және өзге де зиянның орнын толтыру;
7) жеке басындағы, отбасылық немесе өзге де ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан не жаны ашығандық уәжімен қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
8) күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтiк немесе өзге де тәуелдiлiгiне қарай қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
9) қажеттi қорғаныстың, аса қажеттiлiктің, құқық бұзушылық жасаған адамды ұстап алудың, негізді тәуекелдің, бұйрықты немесе өкiмдi орындаудың, жедел-іздестіру іс-шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыру кезінде құқыққа сыйымдылық шарттарын бұзу жағдайында қылмыстық құқық бұзушылық жасау;
10) жәбiрленушiнiң қылмыстық құқық бұзушылыққа түрткi болған заңға қайшы немесе бейморальдық мінез-құлқы;
11) шын ниетпен өкiну, айыбын мойындап келу, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да сыбайлас қатысушыларын әшкерелеуге және қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесiнде алынған мүлiктi іздестіруге белсенді түрде ықпал ету.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделмеген мән-жайлар да жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететін мән-жайлар ретiнде ескерiлуi мүмкiн.
Егер жеңiлдететiн мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол өзiнен-өзi жаза тағайындау кезiнде қайтадан ескерiлмеуі мүмкін.