-A A +A

ҚР азаматтарының некеге отыру рәсімі қандай?

Жауап: 

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексінің 226-бабына сәйкес неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізеді. Егер некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдар (адамдардың біреуі) ауыр науқастануы салдарынан немесе басқа да дәлелді себеп бойынша тіркеуші органға келе алмайтын жағдайда, неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу оның үйінде, медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен жүргізіледі.
Тіркеуші органның лауазымды адамы:
1) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдіргені туралы берілген өтініштерді жария етеді;
2) некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдарға болашақ жұбайлардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
3) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) келісімді және жұбайлардың таңдаған тегі туралы шешімді анықтайды;
4) неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) кедергінің жоқ екендігін анықтайды;
5) мемлекет атынан неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы белгіленген үлгідегі куәлікті тапсырады.
Неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) кедергі болмаған кезде азаматтық хал актілерін жазу кітабына некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қолы қойылған және тіркеуші орган бастығының қолтаңбасымен және елтаңбалы мөрімен бекітілген неке (ерлі-зайыптылық) туралы жазба енгізіледі.
Егер неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) кедергі келтіретін мән-жайлардың бар екенін растайтын айғақтары болса, тіркеуші орган неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуден бас тартады.
Тіркеуші органның неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуден бас тартуына сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.