-A A +A

Кондоминиумды тіркеу тәртібі қандай және қандай құжаттар қажет? Өтінішті толтыру үлгісін және дұрыс есептеу үшін үлестерді бөлу үлгісін қайдан алуға болады?

Жауап: 

«Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі N 310 Заңының (бұдан әрі - Заң) 39-бабына сәйкес кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу үшін кондоминиум қатысушылары немесе олардың уәкілетті өкілі мынадай құжаттарды:1) белгіленген нысандағы жазбаша өтінішті;2) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеруді жүзеге асыратын республикалық мемлекеттік кәсіпорын растаған әрбір кейінгі объектінің ауданы көрсетілген бастапқы объектінің техникалық паспортын; 3) егер кондоминиум объектісі тіркелген кезге дейін жер учаскесіне құқық тіркелмеген болса, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын;4) Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актісінде көзделген тәртіппен айқындалған ортақ мүліктегі үлестердің мөлшерін;5) кондоминиум қатысушыларының уәкілетті өкілінің жеке басын және өкілеттіктерін растайтын құжаттарды ұсынады. Осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес кондоминиум объектісін тіркеу туралы өтінішті кондоминиум қатысушысы берген жағдайларда, оның кондоминиум объектісін тіркеуге өкілеттіктері өзіне меншік құқығында (өзге де заттай құқықта) тиесілі кейінгі жылжымайтын мүлік объектісіне құқық белгілейтін құжаттың нотариат куәландырған көшірмесімен айқындалады. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу кезінде кондоминиум қатысушыларының уәкілетті өкілдері болып:1) кондоминиум қатысушыларының жалпы жиналысында сайланған адам; 2) егер ортақ мүліктегі үлестердің мөлшері тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актіде көзделген тәртіппен айқындалатын болса, кез келген кондоминиум қатысушысы танылады. Егер кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті кондоминиум қатысушыларының жалпы жиналысында сайланған адам берген жағдайда, тіркеу үшін үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері жиналысының хаттамасын ұсыну қажет.
Кондоминиумның жалпы меншігіндегі үлестерді бөлу мәселесіне қатысты «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi N 94 Заңының 31-б. 3-т. сәйкес үй-жайдың әрбір меншік иесінің (өзге құқық иеленушінің) ортақ мүліктегі үлесі оған тиесілі үй-жайға дара (бөлек) меншіктен (өзге заттай құқықтан) бөлінбейді. Үлестің мөлшері дара (бөлек) меншіктегі (өзге заттай құқықтағы) тұрғын үй-жайлардың және (немесе) тұрғын емес үй-жайлардың пайдалы алаңының кондоминиумның осы объектісіндегі бүкіл тұрғын үй-жайлардың және бүкіл тұрғын емес үй-жайлардың пайдалы алаңының сомасына қатынасымен анықталады. Мұндай үлесті заттай бөліп беруге болмайды. Осындай үлестерді есептеу туралы құжатты, Заңның 39-бабымен көзделген құжаттармен бірге, кондоминиум қатысушылары ұсынады.