-A A +A

Кондоминиум объектiсiн тіркеу қалай жүзеге асырылады?

Жауап: 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi № 94 Заңының 32-бабына сәйкес кондоминиум объектiсi жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бiртұтас кешен ретiнде тiркелуге тиiс.
Кондоминиум объектісін тіркеу кондоминиум қатысушысының не меншік иеленушілердің уәкілетті өкілінің өтініші бойынша жүзеге асырылады. Кондоминиум объектісін тіркеу кезінде ортақ мүлік құрамы мен әрбір үй-жайдың құқық иелерінің ортақ мүліктегі үлесінің мөлшері айқындалады. Осылай тіркелгенге дейін, ортақ меншіктегі үлесі бар мәміле дара (бөлек) меншіктегі (өзге заттай құқықтағы) мүлікпен мәмілелерді жасау кезінде жасалған деп саналатын жағдайларды қоспағанда, ортақ мүлікпен жасалатын мәмілелер заңдық күшке ие болмайды.
Кондоминиумды бастапқы тіркеген кезде кондоминиум объектісіне техникалық паспорт дайындау бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Көп пәтерлi тұрғын үйдi не мемлекеттік тұрғын үй қоры жатақханаларындағы бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайларды жекешелендiру кезiнде кондоминиум объектiсiн бастапқы тiркеу iсiн жекешелендiрудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган жүргiзуге тиiс.
Үй-жайлардың алаңын қатысушылардың келісімі немесе өзге де негіздер бойынша өзгерту нәтижесінде кондоминиум қатысушыларының ортақ мүлкінің құрамы және (немесе) олардың ортақ мүліктегі үлестерінің мөлшері өзгерген кезде тиісті өзгерістер мемлекеттік тіркелуге тиіс.