-A A +A

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауапкершілікті ауырлататын мән-жайларға не жатады?

Жауап: 

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ Кодексінің 57-б. сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар мыналар:
1) прокурордың заңды түсiндiргенiне және (немесе) осыған уәкiлеттi тұлғалардың оны тоқтату талабына қарамастан құқыққа қарсы
мiнез-құлықты жалғастыру;
2) бұрын бiртектi әкiмшiлiк құқық бұзушылығы үшiн әкiмшiлiк жазаға тартылған, ол бойынша осы Кодекстiң 61-бабында көзделген мерзiмi өтпеген адамның оны бiр жыл iшiнде қайталап жасауы;
3) кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылыққа тарту;
4) кiнәлi адамға психикасының ауыр түрде бұзылуынан зардап шегетіні көрінеу белгілі адамдарды не әкiмшiлiк жауаптылық туындайтын жасқа толмаған адамдарды әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауға тарту;
5) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша, басқа адамдардың заңды әрекеттерi үшiн кек алу, сондай-ақ басқа құқық бұзушылықты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы;
6) адамға немесе оның жақындарына қатысты осы адамның өзiнiң қызметтiк, кәсiптiк немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы;
7) кiнәлi адамға жүктiлік жағдайда екені көрінеу белгілі әйелге қатысты, сондай-ақ жас балаға, басқа да қорғансыз немесе дәрменсiз адамға не кiнәлi тұлғаға тәуелдi адамға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау;
8) адамдар тобының әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауы;
9) дүлей зілзала жағдайларында немесе басқа да төтенше жағдайлар кезiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау;
10) алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар деп танылады. Әкiмшiлiк жаза қолданатын сот (судья), орган (лауазымды адам) әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипатына қарай осы мән-жайды ауырлататын мән-жай деп танымауы мүмкiн.