-A A +A

Кімнің сотта тегін заң көмегіне құқығы бар?

Жауап: 

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V ҚРЗ 112-б. сәйкес судья істі сот талқылауына дайындаған кезде немесе сот істі қараған кезде мына адамдарды:
1) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды;
2) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды;
3) Ұлы Отан соғысының қатысушылары, соларға теңестірілген адамдар, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І және ІІ топтардағы мүгедектер, жасына байланысты зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметке байланысты емес даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлерді;
4) заңға сәйкес ақталған адамдарға олардың зиянын өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық босатуға және оларды бюджет қаражаты есебіне жатқызуға міндетті.
Адвокат көрсеткен заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Адвокат көрсеткен заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу тәртібі Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекіткен заң көмегіне ақы төлеу қағидаларында белгіленеді.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, тұлғаның заң көмегіне ақы төлеуден босату және оның атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу туралы өтінішхатына осы тұлғаның республикалық бюджет қаражатынан заң көмегін алу құқығын растайтын құжаттар мен басқа да дәлелдемелер қоса тіркелуге тиіс.
Сот тұлғаны заң көмегіне ақы төлеуден және оның атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы немесе өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым шығарады, ол шағым жасалуға, наразылық білдірілуге жатпайды. Шығарылған ұйғарыммен келіспеу туралы дәлелдер апелляциялық шағымға енгізілуі мүмкін.
Тұлғаны заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы соттың ұйғарымы азаматтық істі қарайтын сот орналасқан жері бойынша аумақтық адвокаттар алқасына немесе оның құрылымдық бөлімшесіне дереу жіберіледі, олар сот белгілеген мерзімде адвокаттың сотқа қатысуын қамтамасыз етуге міндетті.