Толық нұсқауға көшу
Ресми интернет-ресурс
-A A +A

Қай жағдайларда іс бір соттан басқа соттың қарауына беріледі?

Жауап: 

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі 2015 жылғы 31 қазандағы № 377-V ҚРЗ 34-б. сәйкес соттылық қағидалары сақтала отырып, соттың іс жүргізуіне қабылданған іс кейіннен ол басқа соттың соттылығына жатқызылса да, сот оны мәні бойынша шешуге тиіс.
Егер:
1) тұрғылықты жері бұрын белгісіз болған жауапкер істі өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беру туралы өтінішхат берсе;
2) бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдірілгеннен кейін істі осы сотта қарау мүмкін болмаса;
3) істі осы сотта қарау кезінде оның іс жүргізуге соттылық қағидалары бұзыла отырып қабылданғаны анықталса;
4) осы Кодекстің 27-бабының үшінші бөлігінде көзделген негіздер туындаса;
5) осы Кодекстің 32-бабында көзделген негіздер туындаса сот істі басқа соттың қарауына береді.
Тараптардың істің осы соттың соттылығына жатпайтыны туралы арыздарын осы сот шешеді. Істі басқа сотқа беру туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарылады. Ұйғарымға апелляциялық сатыдағы сотқа шағым жасалуы мүмкін, оның шешімі түпкілікті болып табылады және шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
Осы баптың екінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайларда істі оның соттылығын анықтау үшін жоғары тұрған сотқа беру туралы ұйғарым шығарылады. Істі басқа сотқа беру туралы мәселені жоғары тұрған соттың судьясы іске қатысатын адамдарға хабарламастан және сот отырысын өткізбестен жеке-дара қарайды. Қарау нәтижелері бойынша ұйғарым шығарылады, ол түпкілікті болып табылады және оған шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.
Істі бір соттан екінші сотқа беру – осы ұйғарымға шағым жасау мерзімі өткеннен кейін, ал шағым берілген жағдайда – шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін жүргізіледі.
Соттар арасындағы соттылық туралы дауларды жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және ол шағым жасауға, наразылық білдіруге жатпайды.