-A A +A

Қатысушылар құрамы өзгерген жағдайда қоғамдық қор мемлекеттік қайта тіркеуден өтуге тиіс пе?

Жауап: 

«Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы N 142 Заңының 12-бабына сәйкес азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерiктi мүлiктiк жарналар негiзiнде құрған, әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтiн, мүшелiгi жоқ коммерциялық емес ұйым қор деп танылады. Коммерциялық емес ұйым, соның ішінде қоғамдық қор қатысушыларының құрамының өзгеруі оның қайта ұйымдастырылуы үшін негіз бола алмайды. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі N 2198 Заңының 14-1-бабына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге мемлекеттік (есептік) қайта тіркеуге әкеп соқпайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда заңды тұлға, филиал (өкілдік) тіркеуші органға бұл жөнінде жарғыға (ережеге) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде хабарлайды.
Хабарламаға заңды тұлға мөрімен бекемделген, құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды тұлғаның уәкiлеттi органының шешімі не шешімінен үзінді көшірме, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік субъектісіне жатпайтын заңды тұлғаның, сондай-ақ акционерлік қоғамның құрылтай құжаттарына, олардың филиалдары (өкілдіктері) туралы ережелерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мәтіні қоса беріледі. Аталған құжаттарды нотариалды куәландыру талап етілмейді. Тіркеуші орган үш жұмыс күні ішінде Бизнес сәйкестендіру нөмірлерінің Ұлттық тізіліміне тиісті өзгерістерді енгізеді.