-A A +A

Қандай өсиеттер нотариатта куәландырылғандарға теңестiрiледі?

Жауап: 

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі N 409 Азаматтық кодексінің (ерекше бөлім) 1052-б. сәйкес нотариатта куәландырылған өсиеттерге:
1) ауруханаларда, санаторийлерде, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнде емделiп жатқан, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлерде тұратын азаматтардың осы ауруханалардың, санаторийлердiң, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнiң бас дәрiгерлерi және кезекшi дәрiгерлерi, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлердiң директорлары, бас дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;
2) госпитальдарда, санаторийлерде және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлер мен басқа адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлердiң және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, олардың медицина бөлiмi жөнiндегi орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;
3) жүзу кезiнде Қазақстан Республикасының жалауымен теңiз кемелерiнде немесе iшкi жүзу кемелерiнде жүрген азаматтардың осы кемелердiң капитандары куәландырған өсиеттерi;
4) барлау және басқа да экспедицияда жүрген азаматтардың осы экспедициялардың бастықтары куәландырған өсиеттерi;
5) нотариустары және нотариат әрекеттерiн жасауға уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдары жоқ әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, әскери-оқу орындарының орналасқан мекендерiндегi әскери қызметшiлердiң өсиеттерi, сондай-ақ осы бөлiмдерде жұмыс iстейтiн жай адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерiнiң де әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелер мен оқу орындарының командирлерi (бастықтары) куәландырған өсиеттерi;
6) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған өсиеттерi теңестiрiледi.
Өсиет қалдырушы, осы баптың 1-тармағында көзделген өсиеттерге, өсиетке өзi де қол қоятын куәның қатысуымен қол қоюға тиiс.
Осы баптың 1-тармағында келтiрiлген лауазымды адамдар куәландырылған өсиеттiң бiр данасын нотариат туралы заңдарға сәйкес нотариустың сақтауына беруге мiндеттi.
Өсиеттiң нотариатта куәландырылуы туралы талаптарды қоспағанда, мұндай өсиеттердiң өзгелерiне тиiсiнше осы Кодекстiң 1051-бабының ережелерi қолданылады.