-A A +A

Федерацияны қалай тіркеуге болады? Ол үшін не қажет?

Жауап: 

Федерация қоғамдық бірлестік нысанында құрылуы мүмкін. Қоғамдық бірлестіктердің қызметтері және оларды тіркеу тәртібі ҚР Азаматтық кодексімен, «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі N 2198 заңымен, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» ҚР 1996ж. 31 мамырдағы № 3 заңымен (бұдан әрі -Заң), «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы N 142 заңымен реттеледі. Сонымен Заңның 7-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында республикалық, аймақтық және жергiлiктi қоғамдық бiрлестiктер құрылып, жұмыс iстеуi мүмкiн.Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан астамының аумағында өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) бар бiрлестiктер республикалық қоғамдық бiрлестiктерге жатады. Қазақстан Республикасы облыстарының жартысынан азының аумағында өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) бар бiрлестiктер аймақтық қоғамдық бiрлестiктерге жатады. Заңның 10-бабына сәйкес қоғамдық бірлестік Қазақстан Республикасы азаматтарының кемiнде он адамнан тұратын тобының бастамасы бойынша құрылады, олар жарғыны қабылдайтын және басшы органдарды қалыптастыратын құрылтай съезін (конференцияны, жиналысты) шақырады. Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2007 жылғы 12 сәуірдегі N 112 бұйрығымен бекітілген Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөніндегі нұсқаулықтың 1-қосымшасының 10-тармағына сәйкес жергілікті мәртебесі бар қоғамдық бірлестік құрылатын орны бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына (аймақтық және республикалық мәртебесі болса құжаттар Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитетіне ұсынылады) мынадай құжаттар ұсынылады:
- белгіленген нысандағы тіркеу туралы өтініш;
- құрылтай съезінде (конференцияда, жиналыста) қабылданған жарғы мемлекеттік және орыс тілдерінде үш данада;
- съезд төрағасы мен хатшысының қолы қойылған жарғыны қабылдаған құрылтай съезінің (конференцияның, жиналыстың) хаттамасы;
- қоғамдық бірлестікті құруға бастамашыл болған азаматтардың тегі, аты, әкесінің аты; туған күні, айы, жылы; тұрғылықты жері, үй және қызметтік телефондарының нөмірлері және өзінің қолы;
- қоғамдық бірлестіктің тұрақты органының тұрғылықты жерін растайтын құжат;
- тіркеу үшін алымды төлегенін растайтын төлем тапсырмасының көшірмесі немесе түбіртек. Бұл ретте қоғамдық бірлестік жарғысының ережелері «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы N 142 заңының 22-б. талаптарына сәйкес болуға тиіс.