-A A +A

Аудиторлық ұйымдардың міндеттері қандай?

Жауап: 

«Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы 1998 жылғы 20 қарашадағы № 304-I Заңының 21-б. 2-т. сәйкес аудиторлық ұйымдар:
1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, аудит стандарттарын сақтауға;
2) сапаны сыртқы бақылаудың жүргізілуіне, уәкілетті орган жүргізетін тексерулерге кедергі жасамауға;
3) аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензия алған немесе кәсіби ұйымнан ерікті түрде шыққан немесе одан шығарылған күннен бастап бір ай ішінде кәсіби ұйымға кіруге;
4) өздері мүшелері болып табылатын кәсіби ұйымды аккредиттеуден айырған кезде үш ай ішінде басқа кәсіби ұйымға кіруге;
5) коммерциялық құпияны жария етпеуге;
6) аудиттелетін субъектіге бухгалтерлік есеп жүргізуде, қаржылық есептілікте және қаржылық есептілікке байланысты басқа да ақпаратта анықталған бұзушылықтар туралы ақпаратты беруге міндетті.
Аудиторлық ұйымдар мемлекеттік мекемелерде, мемлекеттік кәсіпорындарда, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларда аудит жүргізген жағдайда аудиттелетін субъектіге бюджет қаражатын, кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекет активтерін, мемлекет кепілдік берген қарыздарды пайдалану кезінде анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы ақпаратты да беруге міндетті;
7) өздері үшін аудит жүргізу міндетті болып табылатын қаржы ұйымдарына, банктік конгломерат құрамына кіретін ұйымдарға, сақтандыру тобына кіретін ұйымдарға аудит жүргізу нәтижесінде анықталған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы аудиттелетін субъектілерді хабардар ете отырып, Ұлттық Банкке хабарлауға;
8) уәкілетті органға лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес есептілікті, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен нысан бойынша өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі ақпаратты табыс етуге;
9) Ұлттық Банкке қаржылық ұйымдардың, банктік конгломерат құрамына кіретін ұйымдардың, сақтандыру тобына кіретін ұйымдардың аудиторлық есебін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде табыс етуге;
10) қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға «Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмдi қаржыландыруға қарсы iс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мәліметтерді хабарлауға міндетті.