-A A +A

Аттестаттауды өткізу тәртібі және шарттары қандай?

Жауап: 

«Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шiлдедегі N 155 заңының (бұдан әрі - Заң) 7-2-бабына сәйкес Тағылымдамадан өткен және нотариаттық қызметпен айналысуға үміткер адамдарды аттестаттаудан өткізу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидалармен айқындалады. Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адам тағылымдамадан өткеннен кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құжаттарын қоса тіркей отырып, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумақтық әділет органдары арқылы оны аттестаттауға жіберу туралы өтінішін тұрғылықты жері бойынша тиісті нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясына жолдайды. Құжаттар тиісінше ресімделмеген не олардың толық топтамасы табыс етілмеген жағдайда, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумақтық әділет органдары қайтару себебі туралы жазбаша хабарламамен ол түскен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде үміткерге өзі ұсынған құжаттарымен бірге өтінішті қарамастан қайтарады. Егер үміткер осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, оны аттестаттауға жіберуден бас тартылады. Аттестаттауға жіберуден бас тартылған жағдайда, облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумақтық әділет органдары өтініш түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей дәлелді шешімді үміткерге жібереді. Аттестаттауға жіберуден бас тартуға заңда белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін. Аттестаттауға жіберілген үміткерді аттестаттаудың өтетін орны, күні, уақыты, тәртібі туралы оны өткізгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумақтық әділет органдары жазбаша хабардар етеді.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы аттестаттауды қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізеді.
Аттестаттау мынадай екі кезеңнен тұрады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын білуден компьютерлік тест тапсыру;
2) емтихан билеттері бойынша ауызша тапсырманы орындау.
Үміткер өз таңдауы бойынша тестілеуден қазақ немесе орыс тілінде өтуге құқылы. Тестілеу компьютер техникасын пайдалана отырып өткізіледі.
Аттестаттау нәтижесі бойынша нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы аттестатталғаны туралы не аттестатталмағаны туралы дәлелді шешімді аттестаттау өткен күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей шығарады.
Аттестатталғаны туралы комиссия шешімі ол шығарылған кезден бастап үш жыл бойы жарамды болып табылады.
Әдiлет аттестаттау комиссиясының шешіміне заңда белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Аттестаттаудан өту кезінде үміткердің анықтамалық, арнаулы және басқа да әдебиетті, байланыс құралдарын, сондай-ақ қандай да бір жазбаларды пайдалануына жол берілмейді.
Аталған талаптар бұзылған жағдайда нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы үміткерді аттестаттаудан шеттетеді.
Аттестаттаудан шеттетілген үміткер нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясы шешім шығарған күннен бастап үш ай өткен соң осы Заңда көзделген тәртіппен аттестаттауға жіберу туралы қайта өтініш беруге құқылы.
Дәлелді себеппен аттестаттауға келмеген үміткер осы баптың 5-тармағында көзделген тәртіппен нотариаттық қызметпен айналысу құқығына әділет аттестаттау комиссиясының келесі отырысына шақырылады.
Үміткер тағы да келмей қалған жағдайда оның өтініші қараусыз қалдырылады және оның тапсырған құжаттарымен қоса қайтарылады.