-A A +A

Атқарушылық іс жүргізудегі хабарлама және шақырту қалай жүргізіледі?

Жауап: 

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261 заңының 27-бабына сәйкес атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар атқарушылық әрекеттер туралы және мәжбүрлеп орындату шаралары туралы хабарламамен хабарланады немесе сот орындаушысына не атқарушылық әрекеттер жүргізілетін жерге шақыру қағазымен шақырылады. Хабарлама немесе шақыру қағазы қолына тапсырылғаны туралы хабарландыруы бар тапсырыс хатпен не жеделхатпен жіберіледі. Осы туралы мәлімделген өтініші болған жағдайда атқарушылық іс жүргізуге қатысушылар телефонограммамен, ұялы байланыс немесе электрондық почта арналары бойынша қысқа мәтінді хабарламалар арқылы, сондай-ақ хабарламаны немесе шақыртуды тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланылып хабардар етіледі.
Атқарушылық құжат дереу орындалуға тиісті жағдайларда, сондай-ақ мүлікке тыйым салу және өзге де қамтамасыз ету шараларын қабылдау кезінде сот орындаушысы атқарушылық әрекеттерді жасауға және атқарушылық iсжүргiзуге қатысушыларға бұл туралы алдын ала хабарландырусыз мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқылы.
Атқарушылық iсжүргiзуге қатысушыға арналған хабарлама, егер атқарушылық iсжүргiзуге қатысушы немесе оның өкілі өзге мекенжайды көрсетпесе, атқарушылық құжатта көрсетілген мекенжайға жіберіледі. Хабарлама атқарушылық iсжүргiзуге қатысушының жұмыс орны бойынша жіберілуі мүмкін.
Егер почта арқылы жіберілген хабарлама көрсетілген мекенжай бойынша адресаттың болмауына байланысты қайтарылса, заңды мекенжайы немесе орналасқан жері мен атқарушылық құжатта көрсетілген мекенжайы бірдей болатын жағдайларды қоспағанда, сот орындаушысы хабарламаны азаматтың заңды мекенжайы бойынша немесе заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша жібереді.
Ұйымға жолданған хабарлама оның заңды мекенжайы бойынша немесе оның өкілінің немесе филиалының заңды мекенжайы бойынша жіберіледі. Хабарлама ұйымның сот орындаушысына көрсеткен мекенжайы бойынша жазбаша нысанда жіберілуі мүмкін.
Сот орындаушысына келуден жалтарған адамдар сот орындаушысының қаулысы негізінде күштеп келтірілуі мүмкін. Жеке сот орындаушысының келуден жалтарып жүрген адамды күштеп келтіру туралы қаулысын сот санкциялауға тиіс.