-A A +A

Әділет медалі

   Қазақстан Республикасы Үкіметінің

                                                                                             2011 жылғы 15 желтоқсандағы

       № 1539 қаулысымен    

                  бекітілген       

 

 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің

құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларымен марапаттау

(ведомстволық наградаларынан айыру)

ҚАҒИДАЛАРЫ

 

1. Жалпы ережелер

1. Осы Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларымен марапаттау (ведомстволық наградаларынан айыру) қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларымен марапаттаудың (ведомстволық наградаларынан айырудың), қызметкерлерді көтермелеу мен ынталандырудың бірыңғай тәртібі мен қағидаттарын айқындайды.

2. Ведомстволық наградалар қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, шығармашылық белсенділігі, мінсіз қызметі, еңбек қызметінде басқа да жетістіктері мен өзге де сіңірген еңбегі үшін қызметкерлердің, жұмыскерлердің және өзге де тұлғалардың еңбектерін көтермелеу және ынталандыру нысандарының бірі болып табылады.

3. Мыналар: медальдар, төсбелгілер ведомстволық наградалар болып табылады.

4. Мемлекеттік рәміздердің (Мемлекеттік Ту және Мемлекеттік Елтаңба) бейнесі ведомстволық наградалардың элементі немесе геральдикалық негізі ретінде пайдаланылмайды.

Бұл талап Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік рәміздер бейнесі пайдаланылатын объектілер бейнесі ведомстволық наградалардың геральдикалық негізінің құрамдас бөлігі болып табылатын жағдайға қолданылмайды.

 

2. Ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) тәртібі

5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдардың қызметкерлерін, жұмыскерлерін және өзге де адамдарын ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы ұсынысқа (бұдан әрі – ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы ұсыныс) олардың басшылары бастамашылық етіп, орталық мемлекеттік органның кадр қызметіне тиісті ұсыныстар жібереді.

Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктерді және азаматтығы жоқ адамдарды ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы ұсыныстарға орталық мемлекеттік органның кадр қызметіне тиісті ұсыныстарды жіберетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық мемлекеттік органдардың, олардың құрылымдық, ведомстволық және аумақтық бөлімшелерінің басшылары бастамашылық етеді.

6. Ведомстволық наградалармен марапаттау туралы ұсыныстар мемлекеттік, кәсіби, өзге де мерекелер мен мерейтой күндерін мерекелеу жағдайы, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген еңбек сіңірген жылдарға жетуі бойынша қаралады.

Ведомстволық наградалармен марапаттау туралы ұсыныстар сіңірген өзге де еңбегі үшін ерекше жағдайларда да енгізіледі.

7. Ведомстволық наградалармен марапаттау туралы мәселені шешу үшін кадр қызметіне мынадай құжаттар ұсынылады:

1) ведомстволық наградалармен марапаттау туралы ұсыныс;

2) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша белгіленген үлгідегі награда қағазы.

8. Ведомстволық наградалар жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауына ведомстволық наградалардан айыру туралы мәселені енгізу үшін:

1) мемлекеттік органның беделін түсіретін теріс қылық жасағаны, қызметтік борышын өрескел бұзғаны үшін жұмыстан босату;

2) соттың заңды күшіне енген айыптау үкімінің болуы негіз болып табылады.

9. Ведомстволық наградалармен марапатталған адамдар тиісті ведомстволық наградалардан осы Қағидаларда көзделген тәртіппен айырылады.

10. Ведомстволық наградалардан айыру туралы мәселені шешу үшін кадр қызметіне мынадай құжаттар ұсынылады:

1) айыру туралы ұсыныс;

2) мемлекеттік органдардың беделін түсіретін теріс қылық жасағаны, қызметтік борышын өрескел бұзғаны үшін жұмыстан шығарылғаны туралы бұйрықтың көшірмесі немесе соттың заңды күшіне енген айыптау үкімінің көшірмесі.

11. Кадр қызметі қажетті құжаттарды дайындайды және ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы мәселені Комиссияның қарауына енгізеді.

Комиссия ведомстволық наградалармен марапаттауға (ведомстволық наградалардан айыруға) объективтi көзқарасты қамтамасыз ету үшiн осы қаулымен бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құрылымына кiретiн кейбiр мемлекеттiк органдардың ведомстволық наградаларының тiзбесiнде айқындалған орталық мемлекеттiк органдарда жауапты хатшының бұйрығымен тұрақты негiзде құрылады.

12. Комиссия шешімді ашық дауыс беру арқылы алқалы түрде ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы ұсыныс енгізілген сәттен бастап бір айдың ішінде қабылдайды. Егер Комиссия мүшелері дауысының жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда, шешім қабылданды деп есептеледі. Комиссия шешімдері хаттамамен ресімделеді. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

13. Комиссия хаттамамен ресімделетін мына шешімдердің бірін қабылдайды:

1) ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы ұсынысты қанағаттандыру;

2) ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы ұсынысты қабылдамау;

3) ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы ұсынысты материалдарды қосымша ресімдеу үшін кері қайтару.

14. Орталық мемлекеттiк органның жауапты хатшысы Комиссия шешiм шығарған сәттен бастап күнтiзбелiк 10 күн iшiнде:

1) Комиссия шешімінің негізінде;

2) осы мәселе Мемлекет басшысының актілерінен туындаған жағдайда – оны Комиссия қарауына шығармай ведомстволық наградалармен марапаттау (ведомстволық наградалардан айыру) туралы бұйрық шығарады.

15. Ведомстволық наградадан айырылған адам оны мемлекеттiк органның жауапты хатшысының тиiстi бұйрығы қабылданған күннен бастап бiр ай iшiнде мемлекеттiк органға қайтарады.

16. Ведомстволық наградаларды тапсыру салтанатты жағдайда жүргізіледі және марапатталушының өзіне табыс етіледі.

17. Ведомстволық наградаларды тапсыруды орталық мемлекеттiк органның жауапты хатшысы немесе оның тапсырмасы бойынша басқа да лауазымды адамдар жүргiзедi.

18. Әрбiр марапатталушыға ведомстволық наградаларды тапсырумен бiр мезгiлде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттiк органның жауапты хатшысы қол қойған тиiстi куәлiк берiледi.

19. Дәрежелерi бар наградаларды қоспағанда, бiр наградамен қайта марапаттауға жол берілмейді.

20. Дәрежелері бар ведомстволық наградалармен марапаттау төменгi дәрежеден жоғарыға қарай сатыланып жүргiзiледi. Алдыңғы дәрежелi ведомстволық награданы алмаса, одан жоғары дәрежелi ведомстволық наградамен марапаттауға жол берiлмейдi.

21. Ведомстволық наградалардың жоғары дәрежелiсі I дәрежелі болып табылады.

22. Медальдар кеуденің сол жағына тағылады, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары болған кезде олар солардан кейiн орналасады.

Төсбелгілер кеуденің оң жағына тағылады. Нысаны және өлшемі бойынша медальдарға арналған тағандарға сәйкес келетін тағандар болған жағдайда төсбелгілер кеуденің сол жағына тағылады.

 

Ведомстволық наградалармен марапаттау негіздемелері

 

  1. «Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі -  қызметтік мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны, орындаған тапсырмаларының жоғары сапасы, бастамашылдығы, шығармашылық белсендiлiгi, ұзақ әрi мiнсiз қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн әділет органдарын дамытуда елеулі үлес қосқан әділет органдарының қызметкерлері және өзге де адамдар марапатталады;
  2. «Әділет органдары жүйесінің құрметті қызметкері» төсбелгісі - қызметі бойынша оң мінездемесі бар, өздеріне жүктелген міндеттерін адал және жауапкершілікпен орындайтын, бұл ретте бастамашылық және кәсібилік танытқан, жас мамандарға тәлімгер болып табылатын, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес күнтізбелік есеппен жалпы 15 және одан да көп жыл сіңірген еңбегі бар әділет органдарының қызметкерлері марапатталады;
  3. «Заңгер» төсбелгісімен жоғары заң білімі, қызметі бойынша оң мінездемесі бар, өзіне жүктелген міндеттерді адал және кәсіптік шеберлікпен орындайтын әділет органдарының қызметкерлері марапатталады.

«Заңгер» төсбелгісі үш дәрежеден тұрады:

1) әділет органдары жүйесінде 12 жыл сіңірген еңбегі үшін марапаттауға – І дәрежелi «Заңгер»;

2) әділет органдары жүйесінде 10 жыл сіңірген еңбегі үшін марапаттауға – ІІ дәрежелi «Заңгер»;

3) әділет органдары жүйесінде 7 жыл сіңірген еңбегі үшін марапаттауға – ІІІ дәрежелi «Заңгер».

4. «Әділет органдарының үздігі» төсбелгісімен қызметі бойынша оң мінездемесі бар, лауазымдық міндеттерін адал және кәсіби шеберлікпен орындағаны үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес күнтізбелік есеппен әділет органдары жүйесінде 5 және одан да көп жыл сіңірген еңбегі бар әділет органдарының қызметкерлері және өзге де адамдар марапатталады.